Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БІЗ ҮШІН ӘРБІР АДАМНЫҢ ПІКІРІН БІЛУ МАҢЫЗДЫ

Мемлекет басшысы латын қарпіне көшу жөніндегі жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобының мүшелерімен кездесті

%d0%b5%d0%bb%d0%b1%d0%b0%d1%81%d1%8b

Серік ЖҰМАБАЕВ

Бүгінгі күнгі ең өзекті, тағдыршешті мәселенің бірі – қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру. Тарихи тамыры терең тұғырлы тілімізді түлетіп, санамызды сілкінткен, заманның өзі талап еткен бұл бастама көпшіліктің қызу талқысына түсті. Жақында ғана осы жобаны іске асыру үшін құрылған жұмыс тобы Елбасымен кездесіп, латын әрпіне қатысты көкейтесті мәселелерді талқылап, пікір алмасты. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.

Жиында Мемлекет басшысына қоғам­дық талқылаулар барысында келіп түскен ұсыныстарды ескере отырып әзірленген қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасы ұсынылды.

Қазақстан Президенті мемлекеттік тілді реформалау рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы маңызды мәселелердің бірі екенін атап өтті.

– Бұл күндері қазақ тілінің жаңа әліп­биіне байланысты мәселе қоғамда қызу талқылануда. Оған көптеген адам қатысты. Латын қарпіне көшу туралы идея біз тәуелсіздік алған кезден туындаған болатын. Қазақ жазуының латын қарпіне көшуі әрдайым менің айрықша бақы­лауым­да болды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Осы ретте, Елбасы латын қарпіне көшу үдерісінің тарихи мәні бар екеніне тоқталып, бұл мәселені бірлесе шешу қажеттігін айтты.

– Әлемде ешбір ел өзінің жаңа әліпбиін бүкіл халық болып осылайша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды. Латын қарпіне көшуге байла­нысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түсті. Жастардың бұл үдерісті қолдағаны қуантады, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ тілінің жаңа әліпбиінің жобасын талқылауға жетекші қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми орта мен жұртшылықтың белсенді түрде атсалысқанына назар аударды.

Кездесу барысында Қазақстан Прези­дентіне атқарылған жұмыстардың нәтиже­лері жөнінде А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры Е.Қажы­бек және Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының директоры Е.Тілешов баяндады.

Елбасы жиынға қатысушылардың есебі мен пікірлерін тыңдап, айрықша мән беруді қажет ететін жекелеген мәселелерге тоқталды.

– Жалпы, атқарылып жатқан жұмыс­тардың негізгі бағыттарын қолдаймын. Жобаны іске асыру барысында әлемдік тәжірибе ескерілді. Бұл өте маңызды. Сонымен бірге, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру үдерісіне қатысты ақпарат­тық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті бұл реформа басқа тілдердің дамуына нұқсан келтірмей, азаматтардың құқықтарын бұзбауға тиіс екеніне ерекше тоқталды.

– Қазақ тілінің латын қарпіне көшуі орыс тілді азаматтардың құқықтарын, орыс тілі мен басқа да тілдердің мүмкіндіктерін шектемейді. Орыс тілінің кирилл қарпінде қолданылуы өзгеріссіз қалады. Ол бұрынғыдай қызмет атқара беретін болады. Жаңа әліпбиге көшу қазақ тілін меңгеруді жеңілдетеді, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасы латын қарпіне көшу күрделі үдеріс екенін, сондай-ақ оның мақсаты тілімізді дамыту және оны әлемдік ақпараттық кеңістікке шығару үшін жағдай жасау болып табылатынын атап өтті.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін айтып, Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеуді тапсырды.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев қазақ әліпбиін реформалауға қолдау білдіріп, оны іске асыруға белсенді атсалысқан барша қазақстандықтарға, ғалымдар мен тілтанушыларға алғыс айтты.

%d0%bb%d0%b0%d1%82%d1%8b%d0%bd-%d2%9b%d0%b0%d1%80%d0%bf%d1%96

Керек дерек

Латын қарпіне көшуге байланысты Президент Әкімшілігіне 300-ден астам өтініш келіп түскен.

Латын графикасын қазіргі таңда әлем халқының 80 пайызы меңгерген.

Әлемдік ақпараттың 70 пайызы қазір осы таңбамен таратылады.

 

Ерден ҚАЖЫБЕК,

А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры

Халық пікірі ескерілуі қажет

– Латын қарпіне көшу – тәуелсіздігіміздің жемісі. Бұл ретте бірегей жобаны іске асыру аясында Президент әкімшілігіне 300-ден астам үндеу мен ұсыныс келіп түскені белгілі. Әлеуметтік желілерде 1000-ға жуық тақырып­тық жазба жарияланды. Яғни халық арасында қызу талқыланып жатқанын аңғартса керек. Рефор­ма өзге тілдердің дамуына және азаматтардың құқығына ешбір залалын тигізбеуі шарт. Басқосу­лар мен кездесулер барысында түйге­німіз – тек мамандар ғана емес, барша қазақстандықтар реформа­ның айрықша маңызын терең түсінеді. Ғалымдар, халық қалаулы­лары, зейнеткерлер, жастар, отан­дастар және басқа да қоғам өкіл­дерінің бәрі бірауыздан қолдауда.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіруге байла­нысты жалпыхалықтық талқылау нәтижесін пысықтау барысын айтты. Елбасы латын графика­сындағы әліпбидің бірыңғай стандартын жасауда қыруар жұмыс істелгенін атап өтіп, мамандарға алғысын білдірді. Нұрсұлтан Назарбаев тек қасиетті тәуелсіз­дігіміздің арқасында тұңғыш рет өз еркімізбен төл жазуымызды өз­герту туралы шешім қабылдан­ғанын тілге тиек етті. Елбасы үнемі халық пікірін назардан тыс қалдырмайды. Ол қалың жұрт­шылықтың ұсыныс­тарын тыңдап, соның негізінде әліппе дайындасақ деген пікір айтқан болатын. Мұның жарқын көрінісін көрдік. «Біз латын әліпбиінің жаңа нұсқасын ұсынып отырмыз. Бірақ мұны бірден қабылдаймыз деген ойдан аулақпыз» деген Мемлекет басшы­сы жаңа әліпби де зиялы қауым өкілдері мен халық арасында талқылауға түсуі керектігіне мән берді. Елбасы өткен жолы ұсы­нылған әліпби төл дыбыстары­мызды қосарланған әріптермен белгілеу қолайсыздық туғызғанын ескеріп, тиімді жолды таңдауды ұсынды. Жаңа әліпбидегі дәйекше – бізде бұрыннан қолданылған қағидалардың бірі. Ахаңның өзі дәйекше пайдалануды назарға алған. Ахаң қолданған дәйекше сөздің басында қойылып, сөздегі бүкіл дыбыстар жіңішкереді дегенді білдірген. Қазір әліпби талқылауымыздың екінші маңызды кезеңі басталды. Сондықтан барлық пікірлер ескеріліп, сарапталуы қажет.

 

Бүркіт АЯҒАН,

Мемлекет тарихы институтының директоры,

тарих ғылымдарының докторы, профессор

 

Латын қарпіне көшу – елге сілкініс әкеледі

– Латын әліпбиіне көшу – заман талабы. Өйткені, әлемнің 100-ден астам мемлекетінде латын әліпбиі қолданылады. Елбасының алдағы жылдарда мықтап қолға алуды қажет деп санаған жобаларының бірі – қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастау. Осыдан бес жыл бұрын қабылданған «Қазақстан – 2050» Стратегиясында латын әліпбиіне көшу 2025 жылдан басталатыны туралы жарияланды. Латын әліпбиіне көшудің шетелдік форматқа, интернет жүйесіне кіруде маңызы зор деп білемін.

Күні кеше Елбасының алдына латын әліпбиінің жаңа үлгісі ұсынылды. 32 әріптен тұратын жаңа әліпби сәтті шыққан деп санаймын. Латын әліпбиіне қатысты жұмыс тобы қыруар жұмыстар атқарды. Жалпы, біздің тарихымызда қаріп, жазу ауыстыру қазақ жерінде жиі болған. Руникалық жазудан бөлек, бізде соғды хаты, Сириядан келген солдан оңға қарай жазылатын хорезмдік хат болған. Орта ғасыр кезінде көне ұйғыр және найман жазуы қолданылған. Қазақ әліпбиінің латын қарпімен берілуі елімізге үлкен сілкініс беретіні анық. Руханиятымызда орын алатын үлкен оқиға болмақ. Бүгінгі техника заманында жаңа әліпбиге үйрену де қиындық тудырмайды. Елбасы айтқандай, алдын-ала мұғалімдерді даярлау курстары ашылып, оқыту жұмыстары болады. Меніңше, бұл кезеңнен де тез өтеміз. Көшу жұмыстарын созудың да қажеті жоқ. Жаңа ұсынылған латын әліпбиінің үлгісі алдыңғысына қарағанда ыңғайлы әрі тиімді. Себебі, төл дыбыстарымызды қосарланған әріптермен беру тиімсіз екенін ұғындық. Сондықтан жаңа үлгіні қолдаймын.

Мамандар пікірі aіkyn.kz сайтынан алынды