КӨЗБОЯУЫ ЖОҚ КӨРІНІСТЕР

%d0%bc%d0%b8%d0%bc%d0%b8%d0%bd%d0%be

Қуандық ТҮМЕНБАЙ

 

Бұны Бейімбет біліп кетті

Айтсаң айтты дейді, айтпасаң мылқаудың күйін кешеміз. Бірақ қара сөз қашан да өзіндігін сақтап қалады. Бейімбетті, Сайынды оқып өстік. Прозаны бір адамдай бойға сіңірдік десек, асы­лық сөз емес. Біздің қазақта бойға сөз сіңіру дәстүрі бар, қашан да сөз мәдениетін сақтауға тырысамыз. Жалпы, фольклордан етек алған сөз айта білу үрдісі біздің прозамызда мейлін­ше сақталған. Оның ішінде Батыс пен Шығыс, Еуропа проза дәстүрі осыған көне ме? Біз бол­сақ, «ұят қой» деп, әлі күнге әдебиеттегі жаңа­ша көріністерді қолмен түзеп келе жатырмыз.

Тағы да Маркес. Тағы да Харуки Мурака­мидің «Охота на овец» романы. Кейіпкер «Затем пошел в туалет и освободился от такого огром­ного количества жидкости, что сам себе не поверил» (өзі жапоншадан орысша ауда­рылған сөзді қазақшаға аудармай-ақ қояйық дедік). Қараңызшы, әжетханаға кіріп-шық­қан­мен қазақ бетін басып тыжырынып тұрған сияқ­ты. Осыны Бейімбет Майлин «Оспан Олжабаев» пен «Күлегеш жеңгейінде» жазды. Бірақ ол 1938 жылы 26 ақпанда атылып кетті. «Ел-жұрт­тан ұят қой» дәстүрі біздің ұлттық менталите­тімізбен қатар прозамызда да сақталды. «Дос­келді Құлтабанов –  ауылдағы әйгілі қыдыр­маның бірі боп атаққа ілікті. Доскелдінің түсіне алмайтыны өзінің қалпы, мінезі, осы өміріне шейін бұл жарытып кәсіп істеген емес, кісіге жалданып олжа табайын деген де ойы жоқ. Екі қолын артқа ұстап ауылды кезеді де жүреді. Еш­кімге қиянаты да жоқ. Сотқарлық мінездерден де аулақ. Бірақ сонда да жақпайды ауылға замандастары мұны ылғи тәлкек қылумен болады; кемпір-шал Доскелдіні көрсе «құдай­дан безген» деп кірпідей жиырылады. Онша­лықты Доскелді не істепті?

Доскелдінің бір түсіне алмайтыны осы?»

Өткен ғасырдағы осындай кейіпкерлерді Бейім­бет қалай дәл бейнелеген. Бізге де Мура­ками секілді әжетхананың бүге-шігесін сурет­тейтін кез келді-ау деймін. Оның еш сөкеттігі жоқ, ол – өнер. Әдебиеттің құдіретін жоғалтып алмайық!

Оның ішінде – прозаның.

Проза – төрт дөңгелегі түгел тартатын арба сияқты көрінеді. Оның бір дөңгелегі жүрмей қалса не болғаны.

Ол – қаламның әлсіздігі.

Бұны Бейімбет біліп кетті.

Мураками болса майын ішкен…

 

Анықтамалықты ауыстыру керек-ау деймін…

Бір газетті ашып қалсам: «Көрнекті қалам­гер, жазушы, публицист» деп бір азаматты әбден басына көтеріпті. Шын мәнінде ол орта деңгейдегі газет қызметкері,  ғалымдығы бар, тиіп-қашып сабақ береді. Журналистер және Жазушылар одағының мүшелігіне жанұшырып жүріп өтіп алған. Жиналыс десе, алдына жан салмайтын аяғы жеңіл азамат.

Ер-азаматқа болса дейміз. Бірақ әркім кәсі­біне адал боп, қаламға адал қараса дейміз ғой. Әсіресе, Кеңес ыдырағалы Жазушылар одағы­ның анықтамалығын ашып қалсаң, аты белгісіз жазушылар арам шөптей қаптап кетіпті. Кеңес кезінде өлгенде әрең Одаққа өтіп, куәлігіміз  Мәс­кеуде жылдар бойына сарғайып жатып, бә­рі­нен бекіп келгенде, құжатты көргенше төзімі­міз таусылушы еді. Ол кездегі талап күшті әрі әділ болатын. Қазір бәрі оңай, тек көркем шығарма жазу қиын.

Әбділда Тәжібаевты «көрнекті ақын» деген сөз анда-санда ғана айтылып қалатын.

Қазір қаптап кеткен «көрнекті қалам­герлер».

Сөз зергерлеріне марапат сирек айтылатын.

 

«Миминоны» көріп отырып жаным рахаттанады

«Миминоны» көрген сайын жаным рахатта­нады. «Мосфильм» киностудиясының осы туындысы керемет, ұлттар достығының ұлы бірлігі, оның ішінде грузин мен армянның бір-бірінен асып түскен абзал достығы фильмнің өнбойына арқау болған.

Жатып алып ойланамыз, қазақ пен қырғыз­дың, «өз ағам – өзбектің» одақтастығы осындай көрініс тапса ғой, шіркін. Тау халықтарының жұ­мылған жұдырықтай биік рухын актер Мкртчян мен Кикабидзе қалай дәл көрсете білген. Ортасында орыс жүр. Бірақ  олар әдет­тегідей үлкендігін көрсетіп, мәскеулік мәмілені шешкен. Оларға биіктік жарасады. Әйтсе де, тау­дың аты тау, тәкаппарлық екі ұлттың еңсе­сін биіктетіп тұр.

Мкртчян сотта кейіпкер боп тұрып «Мен орыс тілін нашар білемін» деп,  Мәскеудің өзінде өз ойын ашып айтады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін осы киноны көріп отырып ойға батам. Олар кеңестік кезеңнің өзінде-ақ өз ойын ашып айтып, өз пікірлерін ашық білдіріпті. Біз болсақ, өз тілімізде жөндеп сөйлемей, ағылшыншаны алға жібердік.

«Миминоны» көріп отырып жаным рахаттанады.

Ұялы телефон деген жақсы болды.

Әдебиет институтында бірге оқыған, Ереван­да тұратын Валикоға бірден телефон шалдым. Олар бір сағат алда жүреді.  Көріп отыр екен. Тау халықтары ғой. Алда жүретіні анық.

 

Сайын актер болса да жаман актер болмас еді

Сайын Мұратбек көшеде тоқтай қалып жағдайыңды сұрайтын. Ол тоқтамаса да болады ғой. Ешкімнің көңілін қалдырмайды. Оның кейіпкерлері де осындай. Кейіпкер адамның жан-дүниесінен, бітімінен жаралатын сияқты. Жек көрген адамын да қыжыртып, жаман жағы­нан көрсетпейді, неміс болса да (бізге фашист деп үйретті ғой) ол да Адам ғой деген бір бас әріппен жазылған сөз тұрады.

«Райгүл» деген әңгімесі бар. Райгүл – бұл кісінің тағдыры. Осы Райгүл өмірден озғасын Сайын аға да күрт төмен түсіп кетті. Адам жаны сезімтал деген осы.

 

***

Сайын актер болса да жаман актер болмас еді. Бұны Асанәлі Әшімов айтты. Шынында,  Сайын тек нәзік жандарды сомдар еді, Төлеген боп ойнар еді. Бұл кісі Бекежан боп ойнай алмайды.

Қараңызшы, «Таңғы шық», «Райгүл», «Ба­сын­да Үшқараның», «Жусан иісі» барша оқыр­ман қауымды елең еткізді. Алматы жоғары оқу орындарында осы шығармалар қолдан-қолға тимей қызу талқыға түсті. Студенттер «ақ езу, көк езу» боп салғыласып жатты. Әлі де солай. Өйт­кені, автордың адамды баурайтын бір құдіреті бар. Ол – лиризм. Сайын ЦК-да істесе де, өзен жағалап жүріп келе жатса да Адамды бөлек тастап кете алмайды. Ол – өзіне тән қол­таңбасы бар қаламгер. Ол – Сайын Мұратбекке тән нәзіктік.

***

Сол заманның өзіне тән бір жылы сезімі бар еді. Сол заман деп отырғаным – 70-жылдар. Сағыну мен табыну кезеңі. Бәріміздің оқуға тү­сіп, ел қатарлы білім алып, жоғары оқуға тал­пы­нып, биікке құлшынған шақ. Социализм – бір үйдің балаларындай биікке талпынған құлшыныс кезеңі еді. Ешкім қатардан қалғысы келмейтін. Қатардан қалу – заманның ыңғайсыз көрінісі болатын. Жоғары білімді игеру – парыз, оқу – арман болатын. Отан қорғау да қа­тар­дан қалмаудың көрінісі еді. Қазір шет елде оқып кеп, өз елінде жұмыс іздеп жүрген біреу.

Дәл осы кезде «Шалқар» радиосын қосып едім, ақындар айтыс-жұмбақ жасырып жатты. Әдет­тегідей айтыс ақындарын тізбелеу бас­талды.

… Сағындырған комсомол,

Табындырған комсомол.

Жылы жаңбыр секілді,

Еспей қойды сол самал.

Жоқ боп кетті коммунист,

Қаптап кетті вахаббист…

Айтыс ақындарын жасыру жалғасып жатты…

Қайран социалистік идеология-ай!

Он екі мүшеміздің шымырлап кеткенін қарашы!

%d0%ba%d1%83%d0%b0%d0%bd%d0%b4%d1%8b%d0%ba

Осы бір ән оның өзі секілді

«Әлемнің кілті – ағылшын тілінде», – дейді Ғабит Кенжебаев. Бұл жігіт Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық институтының про­ректоры, тарих ғылымдарының докторы екен. Айтары бар, тіл мен тарихты таразы­лайтын азамат.

Жөн. Әлеммен тіл табысу үшін ағылшын тілін игеріп, алға шыққан абзал сияқты. Бұл – халықаралық дәрежедегі судьяның ысқырығы секілді бәрін үйіріп әкетеді. Қазіргі заманға керегі де осы. Оның ар жағында экономика деген есеп тұр. Оған әбден етіміз үйренді. Осы­ған өзімізді бейімдеуіміз керек. Бәріміз бір үйдің баласындай ағылшын тілімен ағайын болуымыз керек.

Осы жерде айтар бір нәзік нәрсе – ағайын­ды үш баланың ішінде өз тілін тез ұмытып, өзге тілге қарай емекси жөнелетін қасиет біздің бойымызда бар. Бұған біз көндіккенбіз.

42 әріпті қатарға қойып, ь мен ъ-ты өлгенде әрең мемлекеттік тіл деңгейіне жеткізген ұлт – оңай ұлт емес. Өз тілімізді енді өзекке тебе алмаймыз.

Ағылшын тілін алға қоямыз, бірақ қазақ тілі әкеміз бен шешеміз сияқты жарқ-жұрқ етіп қол­ға ұстап тұрған қылышымыз. Қылышы­мыздан айрылғымыз келмейді.

Өзге десе өзегімізді суырып беретін кең­пейілміз. Шаңыраққа қарайық та…

***

Достық пен Қабанбай көшелері. Атына заты сай.  Бұл – осы көшенің бойындағы «Дауыс» дүңгіршегі. Күшіне еніп-ақ тұр.  Қазақша білген адам бұған қарап ештеңе түсіне алмайды. Төрт құбыласы сай. 1935 жылы құрылған деп, меке­менің тарихынан да сыр шертіпті. Бірақ бір ауыз қазақша сөз жоқ. Оның үстіне: «Бұл жерде бәрі сатылады. Кофе де сатылады. Бұл жерде бәрі бар» дейді де, «Кара­ваннан» бастап бәрі тізбектеліп қатарға қойы­лыпты. Қазақшадан тек ғана «Алматы ақшамы».

Оу, біз Қазақстанның көне астанасы емеспіз бе? Неге біз дүңгіршектен ең болмаса «Егемен Қазақстанды» көрмейміз?

Айта-айта аузымыз жауыр болды?

Қабанбай мен Достықтың атынан ұят емес пе?

Енді кешегі шыққан Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы бәрін тәубесіне келтіріп, Дос Көшімнің сөзімен айт­сақ, «Тақы­рыпқа табына бергенше, талдап, таразылауы­мыз керек».

Әзірге бұл жерде 1935 жылы негізі қаланған «Дауыс» біздің үйдің баласы боп орысша сөйлеп тұр.

Өз даусымызды өзіміз ести алмай емексіп жүрміз.

Мемлекеттік тіл меншігімізде.

***

Оңаша отырып Мәдинаны (Ералиева) тың­даймын. «Тағдырдың салған ісіне, Не істерсің, жаным, не істерсің» дейді мұң шағып.  Осы ән оның бүкіл өмірі боп тамылжып тұрғандай. Оның ғұмыры осы әнмен басталып, осы әнмен аяқталғандай.

Ол талант еді. Талантын дәлелдеп кетті. Тағды­рын да дәлелдеп, талантты адамдар қандай болатындығын көрсетіп кетті. Ол жол апатынан көз жұмды. Асығып кетті. Жол апаты, тағдыр, әйтеуір асығыс адамдарға тән бір нәрсе оның өнбойынан көрініп тұрғандай.

Мәншүк Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық училищесінде оқып жүргенде танысып едік. Жасымыз да қатар еді. Ол сол кез­дің өзінде-ақ ерекше қабілетімен көзге түсіп,  қыздар­дың арасында алаулап, айшықта­нып тұратын. Ән оны алға сүйреп, Мәдина басқа бір әлемге қол бұлғап, бойұсынды. Ән оны ерте танытты, музыка әлемі де оны өзінің тұңғиық әлеміне тартты.

Осы бір ән оның өзі секілді.

Осы әнді тыңдасам, Мәдина еркелеп жолға шығып, мұң шағып келе жатқандай көрінеді.

***

Қызылордада Мұстафа Шоқайға ескерткіш ашылды. Биіктігі 13 метр, ел-жұрт дән риза. Жат-жұртта қалған абзал азаматтың сұсынан жұрт сескенеді. «Әке көрген оқ жонар» деп, әкім Қырым­бек Көшербаевтың берекелі тірлігіне халқы теңеу таба алмай әуре.

Мұстафа туралы дұрыс сөз енді-енді айтыла бастады. Іс те атқарылып жатыр. Қиын кезеңде қаржы керек. Қырымбек қаржының көзін тапты.  Жат-жұртта жатқан  бабасының әруағы не тілеп жатқанын ол біледі.

Халқының көкейіндегі сөзді де айтқызбай сезеді.

«Әке көрген оқ жонар» деген осы.

Қырымбек жоқтан бар жасап жүрген жігіт. Ол тірліктің тәсілін табуға тырысады. Топырақ та одан көп нәрсе күтеді.

Жарты ғасырдан кейін бойұсынған ескерт­кіш Сырдария мен Берлиннің арасында алаулап жанған армандай.

Тас мүсіннің тұңғиығында көп нәрсе тығы­лып тұр.

Ол – Мұстафаның арманы.

Шиелі мен Берлиннің арасында жазылған шежіре.

Ендігі шежірені біз жазамыз.

 

«Темекі тартқанша, домбыра тартайық…»

Балаңдау кезімде жазған бір әңгіме есімде.

Эпизоды мынадай.

…Балабақшаның алдында Ильичтің мойны­на мініп ойнаймын. Шешем бас аспаз, ешкім қарсы сөз айта алмайды. Бір күні көсемнің бір құлағын жұлып ап, қайта желімдеп, парторгті әбден әбігерге түсірдім. Сол күні ауданнан тек­серу келген. Әрең тұрған жасанды құлақты біліп қойып, меңгеруші мен партком хатшысы ескерту алыпты.

Сол заманда осындай әрең тұрған нәрселер көп еді. Өмір мен әдебиет үндес.

Мынау да соның бір көрінісі.

***

«Ақиқаттағы» «Темекі тартқанша, домбыра тартайық…» (№4, 2017) деген мақала әдемі бір әуенмен жазылған. Тақырыбы да дәл табылған. Көтерген мәселесі күрделі. Бұл – Аманханға тән ізденіс, онан басқа редактор мұндай тақырыпты тауып қоя алмайды. Юморы да бар. Баспасөздің таралымын көтеріп, оқырманды өзіне тартатын осындай тақырыптар ғой. Енді біраз адам темекіні қойып кететін шығар. Домбыра қайда қашады дейсің…

***

Жамбыл облысының аумағында, пойыз үстінде сауда-саттық жасап жүрген келіншек әйгілі Кененнен бейхабар екен.  «Неге білмейсіз, жерлесіңіз ғой?» десем, «Е-е, аман болайықшы, жерлес қайда қашады дейсің», – дейді асығып. Осы біз неге бір-бірімізді білмейміз? Тереңіне түсінсек ғой.

Білдіруге барынша тырыссақ…

Жан-жақты болсақ…

Идеологиямыздың түрі осындай.

***

–       Бір қап кассетамды отқа лақтырдым, – дейді бір әйел өкінгендей сыңай танытып.

–       Неге лақтырдыңыз, ән емес пе, – дейміз біз де қосылып.

–       Телевизор бар ғой, – деді де, – Что-то керек сияқты, – деді алыстағысын аңсағандай боп. Өкінген сыңайы өңінен білініп тұр. – Роза Бағланова мен ағайынды Абдуллиндер, Ғарифолла Құрманғалиев шырқайтын ән еді…

Әннің аты ән ғой. Оны қазақ шырқап тұр…

130506111626

Өмірдің өзі ғой…

Пойыздың үстінде бір қазақ жігіт арқаға мас­саж жасайтын аспапты көрсетіп, дыр еткізіп даусын шығарып, иыққа тигізіп тітіркендіріп, миығын тартып мәз болды. Оныкі –  насихат, затын өткізу. Әрі өтті, бері өтті, өзінің мылқау екенін ыммен көрсетіп мүсіркеу де тіледі,  сата­тын затының жаман дүние еместігін дәлелдеп, бағасын он саусақпен білдірді. Біз кезде біреу «Мен алайын» деп еді, әлгі жігіт сөйлеп қоя берді.

–       Аға, кім еріккеннен мылқау боп жүр дейсіз, өмірдің өзі ғой үйреткен. Арзан бағамен беремін, – деді.

–       Қарағым, өтірік мылқау болғаның не? Онсыз да өтетін нәрсе, өтеді. Бара бер.

Кері қайтқанда өтірік мылқау жігіт әлгі кісіге де, өмірге де өкпесін білдіргендей үн-түнсіз қасымыздан өтіп кете берді.

Өмірдің өзі ғой өтірік мылқау ғып қойған.

Сірә, басқа амал таппаса керек. Осындай амал­ға қол жеткізгенін қарашы. Бала-шағасы бар шығар.

Сонда да таза өмір сүргенге не жетсін.

Тіліміз таза халықпыз ғой.

Әйтеуір, қазақ тіліне қол жеткізе алмай-ақ қойдық.

Бұрынғы латынға қарай қайта бұрылдық.

Кириллица қиылып тұр.

Ағылшын – арманымыз.

42 әріпті де қия алмайтын шығармыз.

 

***

Отыздың о жақ, бұ жағындағы қазақ әйелі есік алдындағы баласын емізіп отыр. Қолында темекі. Қасында қос сәбиі тайраңдап жүр. Те­мекі шеккенде жаны рахаттанып ләззатқа бө­лен­се екен-ау, құр әшейін ерніне тигізіп, қай­тып алған алдамшы көрініс. Оны «Беломор» мен «Северден» әбден есесін алған біз білеміз ғой.

Жұрт осындай көрініске неге құмар?

Оны темекі шекпейтін құрдасым Әшірбек те біледі. Өмірге темекі шекпей-ақ баға беруге болады ғой.

Емізіп отырған сәбиді түтінге тұншықтырып обал болды. Қақалып қалса қайтеді.

Күйеуі бар ма екен?

Әзіл-шыны аралас болғанмен таза шындық.

Сәби бір жасқа толмапты. Оны да сұрап білдік. Орысша жауап берді. Жақтырмай отыр. Біздің қазақы болмыс белгілі ғой.

«Шегесің бе?» – деп сұрады. Оны да дәл бір құрдасы секілді «сен» деп айтты. Мен «сіз» деп қазақы көңілмен жауап бердім. Бізді құртатын осы кішіпейілділік қой.

Арманым – емшектегі сәбиді арашалап қалу.

Әшірбек болса, қолды бір сермеп кетер еді. Ол кімнің кім екенін біледі. Кісі таниды.

… Келіншек тағы бір темекі тұтатты. «Балаға обал емес пе?» – деп едім, «Не ваше дело, баран», – деді.

Маңыраған қой мен сидам сирақ қозы көз алдыма көлең етті.

Келіншектің тірлігі – мынау.

Сәби  мен  тілді құтқарып қаламын деп менің  жүрісім – мынау.

Біз қайда кетіп барамыз?

 

***

Сөз құдіретін көп айтамыз.

Әріп әлеміне табынамыз.

Латынға ораламыз деп жарты әлемге жар салдық. Осының бәрі қазақ үшін  бұрын көріп-білмеген жаңа дәуірдегі бір белес.

Әйтеке би мен Абылай ханның қиылысын­дағы темір жол кассасының төбесіне «TRAN­SAVІA» деп жазылыпты. Ағылшыншаға жол ашық. Ағылшындар ағайынымыз секілді етене. Қасында «Бахытты жол» деп, бір әріптен мүлт кетіп, сәт-сапар тілеген жазу тұр. Қате жазыл­ған тілекші сөздің астында темекі шеккен кассир қыз өмірге көзін шүйіре қарайды.

Латыншаға кірмей тұрып, 42 әріпті дұрыстап, түгендеп алғанда…

Бұрынғы әліпбидің көсегесін көгерткенде…

Әрі-сәрі боп қалдық.

42 әріппен жөндеп қоштасқанда болар еді…

 

***

Алматыда, Достық даңғылы мен Құрман­ғазы көшесінің бойында, өнбойыңды шіміркен­дірер сұмдық көрініске тап болдым. Ең төбесіне MAD деп ағылшынша, ортасына «Китайская кухня» деп орысша, ең астына «Қытай тағам­дары» деп қазақша жазылған дүкеннің алдында баданадай-баданадай боп Сыр маржаны – ақ күріш шашылып жатыр. Жаңбыр суы сіркіреп, бірді-екілі қара құс ақ күрішке сүйір тұмсығын тигізіп, үлкен қалада киелі дәмнен ауыз тиіп жүр. «Бұнысы несі?» деп, жүрегім атқақтап ішке кірдім.

–       Тротуарға әдейі шаштыңдар ма? – деп сұрап едім, қазақша-орысша шүлдірлеген қазақ келіншек:

–       Иә, әдейі, – деп жауап берді. – Адамдар көрсін, бізде күріш бар екенін білсін, – деп көздері күлімдеп тұр.

–       Күріш сатылатынын білсін деген жарнама ма?

–       Дәл солай.

–       Басқа жолы жоқ па? Ақ күрішке обал емес пе?!

— Жер бәрін көтереді… – Мені мәнзүр қыл­маған келіншек келесі бір алушымен тілдесіп кетті.

Ақ күріш сіркіреген жаңбырдың астында тарыдай шашылып, табанның астында рәсуа боп жатыр.

Мен Сыр перзентімін. Ыбырай әкемнің кетпен шауып, Сырдарияны ағызып, өмірге әкелген ақ күріші көне Алматыда осылайша саудаға түседі деп ойламаппын.

Үшінші боп жазылған мемлекеттік тіліміз – ана тілі де дүкеннің төбесінде алыстан жылт-жылт етіп әрең көрінеді.

Баданадай-баданадай боп жерде жатқан ақ күрішті неде болса тірнектеп жинай баста­дым.

Құстар ұшып кеп иығыма қонақтады.

–       Сен не істеп жатырсың, милитсиа шақы­рамын, – деп әлгі әйел дүкеннен жүгіріп шықты.

Мен кімді шақырсам екен?

Әруақтың алдындағы бар әрекетім осы. Көне астананың перзентімін, ар жағымда Ақмешіт тұр.

… Күрішті кие тұтқан менің сөзімді тыңдайтын біреу табылар.

Домалап екі-үш дән қалды.

Бір құс келіп, көзін алмай қарап тұр.

Әйтеуір біреу кеп көзімді шұқып, қызыл тілімді тартқыламаса болғаны.

Көне астанадағы көрініс осындай.

 

***

Алматыдағы 66-автобустың билет сатушы жігітіне сөз кезегінде сауал қойдым.

–       Осы, шопыр жігіттердің көбі өзіміздің қазақ ұлтынан ба?

Ол неге сұрап тұр дегендей күмәндана қара­ды да, «Өзбек пен қарақалпақтан көп. Әсіресе, қалпақтан. Біз оларды «қалпақбаз» деп атаймыз», — деді миығын тартып.

Байқап қарасақ, жүргізушілер өз ұлтымыз­дан көп емес. Ал  енді басқалар біздің жерімізге қалай өтіп кетеді. Жұмыс таппай жүрміз деп жалынып-жалбарынғанша, солар сияқты жұмыс істеуді неге үйренбейміз? Мәшине жүргізудің жолын неге таппаймыз?

Біздің алып шаһарда палау пісіріп күн көріп жүрген өзбек ұлтының өкілдері аз емес. Енді авто­транспорт жағын да солардың қолға алғаны ма? Шекарадан қалай өтіп кетеді? Өзімізге өзіміз неге кәсіп үйретіп, іске тартпаймыз? «Өзбек – өз ағам» мен қарақалпақ бауырлардың Алма­тыда жеке кәсіпкершілік ашып бізді тасы­ғанына, жеңіл жүрегі мен жеңіл мәшинесіне тәнті боламыз да, былай шыға бере күңкіл-күң­кіл әңгімеге басамыз.

Бәріміз бірігіп, құмбыл қимылға кірісетін кез жетті. Төрт дөңгелекті де өзіміз оң мен сол­ға қарай шыр айналдырсақ, ешкім «қой» демейді. Жер біздікі, көне астана көсіліп жатыр.

Өзбек пен қарақалпақ айдаған мәшинені мен де айдаймын. Алматыда тілін түсінбеген №66 автобустың билет сатушыларына күле қараған­ша, тізгінді неге қолға алмаймыз?

Өз көлігімізді өзгеге беріп қойып, шіреніп отырғанға мәзбіз. Кісі болуға құмармыз. Аяқ астында қалған тілімізді алға шығармаймыз ба?

Қазақ тілден алдына жан салмайды. Ағыл­шын­шадан құр қалмаймыз, қазақшылығы­мыз­дың қамын ойлайық та.

Тиыннан теңге құралады.

Теңгені Тәшкен мен Нөкістен келіп біреу алып кеткенше, өзіміздің қалтамызда қалғаны несібе емес пе?

Бұл – ақыл емес, шарасыз  көңілдің ши­рығуы.

Шекараның арғы беті мен бергі беті бар емес пе?

…Шиеліде туып, сүйегі Берлинде қалған Мұс­тафа Шоқайды арлы-берлі өткендерге айтып отырамын.

 

***

Құрманғазы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысында көне Астананың көңілі көншімей­тін тағы бір көрініс ербең ете қалды. Асығып бара жатқан адамға кеудеңнен кері итергендей әсер етеді екен, әсіресе, көкірегі әсем әйел шіркін, біртүрлі сезімде болары сөзсіз. Ауылдан келген нәзік жүректілер аңтарылып қалады да, ал тілі сынып кеткен көңілдерге шыбын шаққан құрлы көрінбейді.

Бұл не сонда? Бұл «Кө…лек  көн…» – «Мир платьев» деген дүкен. Бос тұрған әріптердің орны әйел жанын, ұлттық ұлы сезімді сыйла­мау емес пе?

Дәл қарсыда әлеміштелген ағаш үй тұр. Қабырғадағы ою-өрнекпен жазылған жазу былай дейді: «Бұл бұрынғы көпес Гавриловтың үйі. ХХ ғасырдың басында өмір сүрген. Үй мемлекет қарауында».

ХХІ ғасырдың басында мемлекеттік мәртебе алған қазақтың тілі кімнің қарауында екен?

 

***

Қазір журналист-жазушы деп қосып жазылатын боп жүр. Не журналист, не жазушы боп жағалаудың бір жағына шықса ғой, шіркін. Сонда қара сөздің қадірі кетпес еді.

Жұрт теріс түсініп жүрмесе екен.

 

***

Ұландар күні қарсаңында Алматыдағы Горь­кий саябағына бала-шағамызбен қыдыруға бардық. Кіре берісте көкірегіне арбиған-арби­ған әріптермен «КҮЗЕТ» деп жазған қазақ жігітті көрдік. Одан әрі «По газонам не ходить» деген ескертпе жазу. Оны місе тұтар ешкім жоқ. Әркім өз бетінше көгалды таптап суретке түсіп жүр. Көк шөпті құмарын қандыра табанымен таптап, ортасында ойрандап жүргендер де бар. Бәрі өзге ұлттың өкілдері. Байқай­мын, бірде-бір тәртіп бұзған қазақ жоқ. Әлгі тәртіп поли­ция­сының өкілі жүгіріп барып: «Көгалды басу­ға болмайды. Неге оны білмейсіз», – деп жан­ұшыра­ды. Еңбегіне адал. Баланың шешесі поли­цияға шаптықты. «Бала емес пе. Бала заңға бағын­байды», – дейді долырып. «Балаңызға ие болыңыз. Бұл – заң. Мен шағым түсіремін» .

Онан да неге айыппұл төлеттірмейсің. Ескерту­ден ештеңе де шықпайды ғой, – дедім мен де біртүрлі болып.

–       Ол менің құзырымдағы нәрсе емес қой. Оған арнайы қаулы керек. Қажет болса, мен апарып қамап тастар едім, – деген кезде тағы бір бала көк шөпті таптап, суретке түсіп жатты.

Көне астанадағы көрініс осындай.

–       Осы, Горький саябағының атын ауыс­тырса болмай ма? – деді ішіне ымырасы сыймай кеткен күзетші жігіт.

–       Оны Макар Чудрадан сұрасайшы, – дедім әзіл-шыны аралас.

Күзетші жігіт түсінбей түтігіп кетті.

Өмір тағы бір тәртіп бұзушымен жалғасты. Ол соны байқап қап тұра жүгірді.

Көне астанада қазақ тілінде жазылған ескер­ту жоқ. Орыс тіліндегі ескертуді ешкім місе тұтар емес.

Максим Горький саябағы сәндіктен кенде қалған жоқ.

Күзетші жігіт «Макар Чудраны» оқыды ма екен деп те аң-таң қалам.

Осы саябаққа Бейімбеттің атын беретін кез де жеткен жоқ па?

Күзетші жігіттен осыны сұрасам деймін. Ол өзі «Шұғаның белгісін» біле ме екен?

Горькийді кинодан көрсе көрген шығар.

Бейімбетті білуі керек.

 

***

«Алмас қылышты» көріп отырып аңшы нағашымды еске аламын.

Жолбарысты өлтірген ханием садақтың оғымен хайуанаттан өзін сақтап қалды.

Нағашым атқан оғы дәл тиетін мерген еді. Аудандық өрттен сақтандыру бөлімінде жұмыс істеді, лапылдап жанған өртті сөндірді, бір басына жетерлік беделі болды. Аудандық пар­тия ұйымының бірінші басшысы аңға шыққанда қасынан қалдыр­майтын. Нағашым қалықтап ұшқан қырғауылды, топыраққа тұяғы тиген ақбөкенді құр жібермейтін. Әсіресе, ақбөкенді аямайтын. Қайтарда бірінші хатшы үш ақбө­кенді мерт қылса біреуін бұған беріп, екеуін беліне байлайды екен. Бала көңілімде қалғаны – төрт аяқтыны тыпыр еткізбеген тақуа сезім жарым жолда бытырамен бірге ұшып, мылтық­тың дүмінде қалғандай көрінеді де тұрады.

Нағашымның тұңғышы әскерде оққа ұшты. Түрмедегілерді күзетіп жүріп, қашқындардың оғына кезікті. Жұрт оны киелі ақбөкеннің қарғысына ұшырады деп сан-саққа жүгіртті.

Өзі өлерінде: «Бір ақбөкенді үш атқанда оқ дарымады. Соның киесіне ұшырадым», – депті кемсеңдеп.

Сауатты еді. Сол сауатты күйінде өзі де, жұбайы да перзентінен кейін өздерін топыраққа тапсырды.

Тұңғыштың жолы ауыр.

Нағашым бәрін  біліп кетті.

…Бәрін де біліп жатқан сияқты.

 

***

Бұл өмір қоян қашқандай мезеттен тұрады. Көзіңді ашып-жұмғандай мезетте қайда тұрға­ныңды білмей қаласың. Сонан кейінгі азапты сұрама. Тістелген тілің жазылғанша бір өмірің бір қоянның қашқанындай ғана мезет пе деп ойлайсың. Гоголь мен Достоевский қалай шыдады екен осы өмірге?!

Бұл да пенденің басына салғаны, пешенесіне жазылғаны шығар?

Екеуін қайта-қайта оқимын.

Өзімнің «Қасқыр мен қояншығыма» да үңіліп қоямын.

«…Ұқсап бақ» деген осы.

 

***

Бағы тайған ел деуге аузым бармайды. Айт­пайын десем, көзім көріп тұр. Республика сарайы­ның алдындағы орындықтардың бәрі бірін-бірі құ­шып-сүйіп бүгілген жастар, орысынан қазағы көп.

–       Сіздер айтпайсыздар ма, – деймін ең кемі екі мүшел үлкен кісілерге еркелеп.

–       Сен айтпайсың ба! – дейді олар маған ежірейе қарап.

Абайдың алып тұлғасы сырт беріп тұр. Алдында итпен қыдырғандар.

Көрініс осы…

 

***

Біздің Республика сарайында өткен аптада Алла Пугачеваның соңғы күйеуі Максим Гал­киннің концерті өтіпті. Бағасы 30 мың теңгеден жоғары болыпты.

–       Бардың ба? – деді бір жер ортасынан асқан кісі.

–       Жоқ. Сіз бардыңыз ба?

–       Әйелім барды.

–       Күйшілер күй тартса барар ма едіңіз. Мәселен, Шәміл күйші…

–       Әй, жоқ, – деді де, әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді.

Тағы да Абай атам ежірейіп тұр.

Мен әңгімені рухани жаңғыру мен  латын тіліне аудардым.

Бірақ бұл жердегі әңгіменің көбі, әдеттегіше, орыс тілінде өрбіді.

Біз сияқты қазақшамен нан жеп жүргендерге оңай емес екен.

Неде болса латыншаға  ойысамыз.

Бұл да жетістік.

Енді осыдан айрылып қалмасақ екен.