ЕЛ ЕСІНДЕГІ ӘБДЕШ

img-20171010-wa0002

Ара-тұра үлкендер аузынан жай айтыла салған­дай көрінетін қарапайым тіркестерге бала жастан қанық боп өскенмен, олардың астары терең мән-мағынасын есейе келе ұғып, базбіріне пәлендей ден қоймаған шақтар да болғаны қа­шанда көкейде. Сонау ел басына сұрапыл ауырт­палық түскен соғыс жылдарында майданға кет­кен боздақтарының өлі-тірісін білмей, күдік-күмән шырмауында жүретін ата-әжелердің ертелі-кеш «е, құдай, көрсеткеніңе шүкір» неме­се екі сөздерінің бірі «тәуба» болатын сабыр-шыдамдылықтары неткен ірілік,  беріктік еді десейші. Ой, дүние-ай! Екі не үш ұлының бірі майданнан мүгедек боп оралғандағы қуаныш-қанағаттары өзінше. Екі-үш боздағы із-түзсіз кеткен кейуаналардың бертінге дейін тіршілік еткені жадымызда. Бұларды ауызға алу себебіміз, фәни жалған қашанда солай екенін көріп-біліп, куә боп келе жатқанымыздан. Қан­шама көз көрген, бір дәуірде ғұмыр кешіп, қатар жүрген замандас үлкен-кішілердің бірі ерте, бірі кеш мәңгілікке кетіп жататыны орны тол­мас өкініш, қасірет екенін ұғыну одан да өткен қасірет екені. Қолдан келер айла жоқ, өйдеп-бүйдеп жұбатасың өзіңді де, өзгені де. «Тірі адам тіршілігін жасайдыға» тән бересің. Бас­қадай қолдан келер не бар? Әйтсе де…

Бақиға аттанғандар ішінде кім-кім үшін де орны бөлек, санада сақталып, рухы жан-тәнің­мен бірге жүретін ерен жандар болатыны аян. Өз басым үшін сондайлардың бірі – өмірінің соңғы бес-алты жылында жақын жүріп, зәредей сыр бүкпей, етене  араласқан белгілі  қоғам және мемлекет қайраткері, философ-ғалым, ғылым докторы, профессор, кәсіби журналист, кісілігіне кішілігі сай, қарапайым, зипа, асқан білімпаз, еңбекқор, «Социалистік Қазақстанда» бөлім бастығы, Орталық Комитетте нұсқаушы, сектор меңгерушісі, бөлім меңгерушісінің орын­­­ба­сары, бірінші орынбасар, Көкшетау облыс­тық партия комитетінің хатшысы, Жоға­ры партия мектебінің ректоры, «Мысль» жур­на­лы­ның Бас редакторы секілді лауазымдар атқарған Әбдеш Қалмырзаев. Ол жөнінде көзі тірісінде де, бақиға озған соң да азын-аулақ жазған жайымыз болған-ды. Сондықтан  бірді-екілі болмаса, оларды қайталап жатудың реті де, жөні де жоқ. Көзі тірісінде (қайтыс бол­ғаннан соң да) айтылғандай, бізді табыстырған – ұлы әнші, марқұм Ермек Серкебаев. Әншінің өзі емес, ол жөнінде жазылған эссе-сұхбат кітап. Ермек Серкебаев өз қолымен сыйлаған сол кітапты (айтуынша) бір түнде оқып шыққан бойда маған жолыққан Әбекең адалынан ақта­рыла ағынан жарылып: «Мен бұлай жаза алмас ем» дегені, әрине, тектілік, қарапайымдық, кіші­пейілдік болатын. Біреулер көзге ілмеуі мүм­кін өзгенің еңбегін риясыз бағалау. Сирек құбылыс. Әбдештей тұлғаға сыйымды жай. Кітап­ты өз тарапымнан елпілдей ұсынғандар ішінде бетін ашпағандар болғанын да несіне жасырамыз. Бірақ ешкімге өкпе-реніш жоқ. Көпе-көрне білмегенсіп, естімегенсіп, көзге ілме­генсігендерге екібастан үзір. Үш рет басыл­ды, соған қанағат!

Қайталап айтсақ, Ерекеңнің (Серкебаев) арқа­сында Әбекеңмен (Қалмырзаев) жік-жапарсыз табысып, достасқанымыз өзінше, оны қайдам, ал мен көп нәрсеге көзім ашылып, рухани байығанымды айтып келемін, ғұмыр жеткенше айта да беретін шығармыз. Сол бес-алты жыл ішіндегі Әбекеңнің басынан өткен ыстық-суықтар, маған арқа сүйеп, сеніммен қарағаны – бәрі есте, санада. Ендігі бір-екі ауыз лебізді оның көзі тірі кезіндегі және қаза болған соң баспасөзде жарияланған құснихатта айтылғандай әуенде баяндап байқайық.

Аруағыңнан айналайын Әбеке!

Осынау өзіңе деген шағын арнауды адамға өлшеп берілетін өмірдің алдамшы, жалған екені­нен бастағанның өзіндік себебі жоқ емес. Зымыраған уақыт сенің арамыздан кеткеніңе бес жыл болғанына белгі қоятын кез де келіп қапты. Бес жыл! Апырай, ә?! Ол жөнінде таяуда шаңырағыңның шамын сөндірмей, түтінін түтетіп, ұрпақтарыңа бас-көз боп, орныңды жоқтатпай, аруағыңды көз ілмей күзетіп отырған, өзім үзбей хабарласып тұратын құдай қосқан қосағың Үрзада айтты. Біз де шамалап жүретінбіз. Үрзаданың айтқаны да дұрыс болды. Басына барып қайтсам деуім мұң екен, Үрзада көлік дайын, апарып қайтады деді.

Ұзамай жүргізуші хабарласып, баратын уақыт­ты белгіледік те,  мешітке тарттым. Онда құран бағыштаған соң, көк базардан гүл алып, Кеңсайға жөнелдік. Асып та, тасып та тұрмаған ескерткіш-белгі басында дұға оқып, гүл қою рәсімінен соң, өзіңмен іштей тілдестік, сыр шертістік. Ескерткіштегі екі тармақ өлең жол­дары көзіме оттай басылды. Қайта-қайта оқы­дым. Кезінде оны (өзіңмен қатар мәңгі ұйқыда жатқан) Қадыр сынды дарынды, көрнекті ақынның өлеңінен алғаным еске түсті.

Кеңсайдан оралған бойда Үрзадаға хабар­ластым. Ол бұған дейін сан рет сөз боп жүретін жағдайды айтты: «Тұрған үйге ескерткіш-тақта қою үшін қайтыс болған соң бес жыл өту керек екен, міне, бес жылға бір айға жетер-жетпес уақыт қалды. Қалай болар екен, жоғары жаққа айту керек пе, не дейсіз? – деп. «Әбекеңді көзі тірісінде Елбасының өзі талай қабылдап, еңбегін бағалап, орден, медальмен марапаттап, құрметтеген белгілі тұлға емес пе! Қадірін білетін азаматтар бар ғой. Қам жемесеңіз де болады», – дедім оған Әбекеңнің атақ-абыройына сүйеніп, өзімше үлкен сеніммен.

Міне, Әбеке! Баяғыша құснихат арқылы сырласудағы қысқаша айтарым осы. Айтпақшы, көзің тіріде бірінші кітабы шыққан орысша үш томдығыңның екінші кітабы жарық көріпті. Үрзаданың айтуынша, қаржыны өздері тауып­ты. Қап-қап уәде бергендердің шамасы жетпе­ген сияқты. Оқасы жоқ. Ал енді, Әбеке…

Мұндағы ахуалға келсек, өткен жолғы аруа­ғыңмен сырласуда айтқандарға қосып-алар ештеңе жоқ. Соларды осы жолы тағы қайта­ласақ артық еместей.

«…Мұнда ма? Сол баяғы қалып. Қу тірлік. Фәнидің жалғандығын біле тұрып «боқ батпақ­тан» (Бельгердің сөзі) шықпайтындар да аман-сау, шапқылап жүр. Ауыздарында – Алла, тілде­рінде – ғайбат. Ақылға жүйрік. Көлгірлік көл­дей.  Солай… солай… іншалла… Тәуба!.. Тәуба!..».

Үрзада өзіңді жиі айтады. Күрсінеді. Қайтсін, сағынады да. Біз де…

Рухың шат болсын!

 

Зәкір АСАБАЕВ,

Жобалау академиясының

академигі.