АЛДАҒЫ ҚЫС ҚАНДАЙ БОЛМАҚ?

Бұрынғылар ит балағынан түлесе, ойдың қысы,

жонынан түлесе, таудың қысы болады деп болжаған

%d1%82%d0%be%d1%80%d0%b3%d0%b0%d0%b9

Сәрсенбек БЕКМҰРАТҰЛЫ

Ауа райын зерттейтін меке­мелер нақты мәлімет жасамаса да, болжамдар жоқ емес. Ресей­ліктер қыс қатты болады деп отыр. Қазақы пайымның жорама­лы бойынша, қыс кеш түсетін әрі ызғарлы болатын сыңайлы…

Өкенде қазан айы өзіне жайсыз, шаруаға жайлы болып алшысынан туды.  Айдың тұры­сына қарағанда, күз шуағы әлі созылатын сияқты. Алматы­лықтар үшін суықтың ауылы әлі алыс көрінеді.

Қазан айында «кіші қазан» және «үлкен қазан» деген екі амал бар. Олар туралы бұрын да, өткен жолы да айттық. Қазір «кіші қазан» жүріп жатыр.

Үлкен қазан амалының келу мерзімі  айдың 15-не. Амал кездерінде: күн суытып, жел тұрып, жаңбыр жауады. Осы айда бақша өнімдері, дала шөптері дер кезінде жиналып алынбаса, қазан ұрып, қарайып, жарамсыз болып қалу қаупі бар. Көнекөздердің айтуынша, амал кезінде қар аралас жаңбыр жауып, қатты жел, кей жылдары дауыл тұратын болған.

Осы айдың 10-ынан 15-іне дейін жалғасатын «Ақ шық» амалы бүгіннен басталды. Күз айының алғашқы амалы. Мұны қазекең негізінен «Қазанның қара желі» деп атаған. Қазақы пайымның болжауынша, алдағы аптада жауын-шашын бұрынғыдан сирекситін, күн суытпайтын секілді.

Амал кезінде жоғарыдағыдай өзгеріс болатынына қарамастан, Алматыда алдағы аптада жылы күндер жалғасын таба беретіндей. Синоптиктер түннің өзінде ауаның қызуы 7-9 градусқа дейін жетуі мүмкін деп отыр. «Қаз­гидромет» РМК-сының инженер-синоптигі Лаура Сайлыбаева «Алдағы үш күнде Қазақстан еліміздің оңтүстік-батысындағы шалғай аймақтарда тосын  жел-дауылға қарсы тұратын амалдың ықпалында болады. Соның әсерінен республикада  құрғақ ауа райы сақ­талады», – деп мәлімдеді.

Десе дегендей, амал бойынша, күн салқындап, жауын-шашын молайып, тал-ағаштардың жапырақтары түсіп, бақша өнімдері «қазанның қағуына» ұшырап, суық шалып дегендей өзгерістер орын алуы тиіс еді, әзірге бой көрсеткен жоқ. Алматыда шөптер де, көкөністер де қазанның қағуынан әзір аман. Қалай болғанда да алдымыз қыс  емес пе? Қыс қымтанғанды, қамданғанды, қарекет жасағанды қалайды…