АГАФЬЯ ӘЛІ БАР

%d0%b0%d0%b3%d0%b0%d1%84%d0%b8%d1%8f

Кеңес басылымында жарияланған бестселлер – Василий Песковтың «Таеж­ный тупик» атты мақалалар шоғыры «Комсомольская правдада» жарияланғанына 35 жыл толды. Кітап емес, жалғыз мақаланың мерейлі жасын атап өту өте сирек кездесетін жағдай. Кемелденген социалистік қоғамды дүр сілкіндірген, газет киоскілеріне кепте­ліс жасаған осы мақалалар шоғыры және В.Песков жөнінде оның жақын досы, жазушы Николай Старченко былай деп әңгімелейді.

– Василий Михайловичтің өзі «Бреж­невтің әйелі «Комсомольская правданы» алу үшін киоскіге арнайы кісі жіберетін» деп еді. Біздің газетке деген киоскілердегі кезекті сол кезде өз көзімізбен көрдік қой.

Бұл шынында сол кезең үшін адам­дардан жасырынып, нансыз, тұзсыз, жарықсыз Сібірдің түпкірінде бір отба­сының 30 жылдан астам тұруы фантас­тикалық жағдай еді. Таяу арадағы үйдің өзінің қашықтығы 250 шақырым бола­тын. Ең алдымен, геологтардың көзіне түспегенде олардың тағдыры қалай шешіл­ген болар еді. Ал Василий Михай­ло­вичтің оларға деген көмегі зор болды. Агафьяға ешкі апарып берді. Кейде оған бір құрдасы бір мәселе жөнінде тарты­сып, дауласып қалғанда «егер келіспе­сең, «сені Агафьямен үйленіп алған» деген өсек таратып жіберемін» деп қалжыңдайды екен.

Қалжың демекші, белгілі жазушы Виктор Астафьевтің 1984 жылы «Новый мир» журналында «Аюдың қаны» атты әңгімесі жарияланады. Әрине, нақтылап айтпаса да жазушы Лыковтардың өліміне Песковты кінәлайды. Іле-шала бұл жазғырудың негізсіз екенін айтып, Песков Астафьевке хат жазады.

– Астафьевтің айыптауы әділетсіз. 1978 жылы геологтар оларға кездескенде бесеу еді. Әкесі – Карл Осипович, ұлда­ры – Савин, Дмитрий, қыздары – На­талья мен Агафья. 1982 жылдың ақпа­нында Мәскеуге келген красноярскілік өлкетанушы Н.Журавлев «Комсомоль­каның» журналистеріне бар шындықты баяндап берген. Оның өзі екі ағасы мен апасы 1981 жылы ауыр науқастан қайтыс болғанын білмейтін. Ал жазға салым барған Песков тек қана әкесі Карл Осипович пен Агафьяға ғана жолығады.

Василий Михайловичке бұл айыптау өте ауыр тиеді. Оның Агафьямен соңғы кездесуінің бірінде «Қалай ойлайсың, адамдардың сендерді тауып алғаны дұрыс болды ма, әлде бұрынғы өмірле­рің дұрыс па еді» деп сұрайды. Сонда Агафья: «Біз адамдарды бізге Құдай жіберді деп түсіндік. Өткен күнді еске алу өте қорқынышты. Егер бізді білме­генде бәріміз өліп қалар едік. Ал адам­дар болса бізге көп көмектесті. Ешкім өкпелеткен жоқ. Ал сен газетке жазған күннен бастап біз сыйлықтың астында қалдық» деп жауап беріпті.

Лыковтар деген кім еді? Сібірде Лы­ков атты ауыл бар. Сондағы мұражай­дың сақтаушысы Г.Колунина былай дейді: «Ертеде осындағы Боровой өзенінің жағасында ағайынды Лыковтар тұрыпты. Өте мықты әулет болған. Бес диірмен ұстаған. Бұл жер өте батпақты, сор болып келеді. Жауыннан соң жүру мүмкін емес. Жоғарыда тұрған диірмен­ге бидай жеткізу үшін аттың өзі жүре алмай қалады екен. Сонда Кузьма Феду­лович Лыков қап-қап бидай тиелген арбаны жабысқан батпаққа, сорға қарамастан әлгі биікке өзі сүйреп шыға­ратын алапат күш иесі болған екен. Сонда жарықтық атқа қарап, аяп маңдайынан сипайтын көрінеді.

Біраз уақыт өткен соң бұл жерге басқа адамдар келеді. Ал қуғында жүр­ген бұлар олардан бой тасалап үлгереді. Содан қашып отырып Енисейге, одан әрі ну орманға сіңіп кетеді. Сол тоқтаған жерінде 1901 жылы осы Агафьяның әкесі Карл Осипович өмірге келеді».

Г.Колунина сол мұражайда Н.Стар­ченко мен В.Песковқа бұрынғылар таққан тұмарды көрсетеді. Василий Михайлович «Шіркін, мынаны Агафьяға берсе қалай қуанар еді» дейді. Колунина Песковтың өтінішін орындайды. Содан Василий Михайлович Агафьяға тұмарды тапсырғанда ол айтқандай балаша қуаныпты. Бұл оның Агафьямен соңғы кездесуі еді. Қайран Песков 2009 жылдың 9 қыркүйегінде өмірден озды.

Сөйткен Агафья әкесі 1988 жылы қай­тыс болса да әлі күнге сонда өмір сүріп жатыр. 87 жасқа келді. Васи­лий Михайлович болса өмірден озып кетті. Ал адамдар болса Агафьяға әлі көмек­тесіп жатыр.

 

Қ.ИМАН.