«ASTANA MEDІA WEEK» МЕДИА-АПТАЛЫҒЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

84d25cc0db47015daeb1476da5f04b40_xl

Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Ақпарат және коммуникациялар вице-министрі Алан Әжібаев пен «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы Бас директорының стратегиялық даму және xалықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Ерлік Қаражан, «Қазмедиа орталығы» басқарушы компаниясы PR және маркетинг бөлімінің басшысы Айбол Арғынғазиновтың қатысуымен «Astana Medіa week:  Қазақстанның медиа саласын қайта жүктеу» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.

Өткен аптада 4-6 қазан күндері Астанада «Astana Medіa Week» қазақ­стандық медиа-апталығы өткен еді. Оған  екі мыңнан астам қатысушылар мен 103 спикер жиналды. Медиа-апта­ның ашылу салтанатында сөз сөй­леген Қазақстан Республикасы Ақпа­рат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Біздің апта дәстүрлі оқиғаға айналатынына, жыл сайын тек қана Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар барлық өңіріміздің журналистері, медиа холдингтері, БАҚ және салалық министрліктері арасын­да тығыз серіктестік байланыстар құруда маңызды рөл атқаратынына сенеміз. Стратегиялық тұрғыдан біз керемет «Қазмедиа орталығы» ғимара­тының негізінде орташа мерзімді перспективада өңірлік медиа-хаб құруды мақсат тұтамыз» деген еді.  Медиа-апта аясында медиа сала­сы­ның қатысушылары үшін «Кон­тент-маркет» көрмесі өтті. Іс-шараға 25 респуб­ликалық және аймақтық теле­арна, сондай-ақ еліміздің барлық өңірі­нен жүзден аса продакшн-компа­ниялар қатысты. Жаңа телебағ­дар­ламаларды, реалити-шоуларды, мультфильмдерді, көркем және дерек­ті фильмдерді ұсыну үшін пит­чинг ұйымдастырылды. Онда про­дакшн-студиялар инвесторлар мен сатып алушыларды табу мақсатында өздері­нің эксклюзивті бейне контент­тері ұсы­нылды. Қазақстандық БАҚ, кино және продакшн-студиялардан басқа «Кон­тент-маркетке» құрметті қонақ­тары ретінде 7 шетелдік делега­ция келді.

Сонымен бірге, медиа-аптаның бірін­ші күнінде «Medіa Talks» талқы­лау алаңының жұмысы өтті. Онда 7 спикер бейресми қалыпта өздерінің жетістіктерінің хикаясы туралы айтып, кәсіби құпияларымен саланың қа­лып­тасқан және жаңа бастап жүрген жұмыскерлерімен бөлісті.

«ASTANA DІGІTAL FORUM»  тақырыбындағы халықаралық конфе­ренцияға 23 спикер және әр саланың 300-дей өкілі жиналды. «Бас редак­торлар клубы» ҚҚ, «Ел-шежіре» ҚҚ аймақтық БАҚ өкілдері үшін 8 семи­нар және тренинг өткізді. Сондай-ақ, «Аймақтық БАҚ форумы» өтті. Мұнда медиа саласының беделді сарапшы­лары медиа-контент сапасын көтеру мәселелерін, сонымен қатар БАҚ саласындағы заңнаманы талқылады. «Аймақтық БАҚ форумының» жұмысына барлығы жиырмадан астам белгілі спикерлер мен еліміздің түкпір-түкпірінен 400 журналист қатысты.

Ал медиа-апталықтың соңғы күнінде еліміздегі ең үздік баспасөз қызметін марапаттау рәсімі өтті.

 

«АҚШАМ-АҚПАРАТ».