«ALMATY CHALLENGER» ЖЕҢІМПАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Жұптық сайыста қазақстандық теннисшілер турнир жеңімпаздары атанды

Үлкен теннистен жүлде қоры 50 мың АҚШ доллары болған «Almaty Challenger» турнирі Алматыда қала әкімдігінің қолдауымен өтті. Жарыс бағдарламасы бойынша жеке және жұптық сайыстар өткізіліп, финалдық ойындар 6-7 қазан күндері болды.

Жекелей сында Сербия елінен келген теннисші Филип Крайинович финалда отандасы Ласло Дьертені ұтып, «Almaty Challenger» турнирінің жеңімпазы атанды.

Жұптасқан сайыста Қазақстан құрамасының мүшелері Александр Недовесов пен Тимур Хабибуллин финалда Нино Сердарушич (Хорватия) пен Иван Гахов (Ресей) жұбын жеңді. Қазақстандық жұп ширек финалда Бельгия, Монако теннисшілері жұбын жеңсе, жартылай финалда Д.Попко – С.Бетов (Беларусь) жұбынан басым түскен.

Бес күнге созылған «Almaty Challenger» теннис турни­рінің жекелей сайыстағы бас жүлдесі Сербия еліне кетсе, жұптық жарыстың бірінші жүлдесі Қазақстанда қалды.