ӘЛЕМДІК БІЛІМ КЕҢІСТІГІНЕН ОРЫН АЛҒАН ОҚУ ОРДАСЫ

Қазақ білімінің қарашаңырағы әл-Фараби атындағы Ұлттық университеті қанатын кеңге жайып, әлемдік білім кеңістігінен орын алған оқу ордасы. Бұл күні айтулы оқу ордасы Мәскеу мемлекеттік университетімен қатарласып, ТМД мемлекеттері арасында білім көшін бастап тұрса, әлемдегі ең үздік университеттердің бірі деген мәртебеге де ие болды. Ертегідегі алып бала сынды ҚазҰУ бұл күні жыл санап емес, сағат сайын алға ұмтылып, өсіп, өркенін жайып келеді. ҚазҰУ-ге әр барған сайын жаңалықты, көңілге қуаныш ұялатар жылылықты көріп, көңіл қуанып қайтады.

Рая ЕСКЕНДІР

Тау етегіндегі әсем қалашықтағы қызу еңбек майданы бір сәтке де тоқтаған емес. Кезінде Ө.Жолдасбеков түрен салған қызу еңбек көрігін бұл күні жаңашыл ғалым Ғалымқайыр Мұтанұлы жалғастырып отыр. Елбасымыз әркез үлкен сенім білдіріп, мем­лекеттің тағдырын сеніп тапсыратын бәсе­кеге қабілетті жастар осынау қазақ білі­мі­нің қарашаңырағынан өсіп, елімізге қызмет етіп жатса, жан-жақты, қабілетті ұрпақтар ізденіс үстінде. Дәл қазір жастар қала­шығында екі бірдей субұрқақ құры­лысы, жасанды көл жұмыстары аяқталуға жақын.

Университет ректоры Ғалым Мұтанов қала тұрғындары мен университет ұжымы алдында кезекті өзінің есебін берді. Ө.Жол­дасбеков атындағы Студенттер сарайында ине шаншар орын болмай, келешегі кемел оқу ордасының атқарған және алдағы жос­парын білуге асыққан жұрттың қарасы қалың болды.

Кездесу барысында университеттің ат­қа­рып отырған барлық міндеттеріне талдау жасалып, бәсекеге қабілетті әрі ұлттық жә­не әлемдік деңгейде сұранысқа ие ма­ман­­дар дайындау жолындағы универ­ситеттің негізгі миссиясын жүзеге асыру жолындағы атқарылып жатқан жұмыстары айқын­далды. Өз сөзін университет ректоры:

– Біздің университеттің негізгі мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған «2020 жылға дейін… кем дегенде 2 университет әлемнің үздік университет­терінің рейтингіне кіруі тиіс», – деген міндетін жүзеге асыру.

Аталған міндетті жүзеге асыру үшін біз озық технологиялық және рухани-адамгершілік платформаға негізделген «al-Farabі Unіversіty Smart lіty» инновациялық жобасы негізінде ҚазҰУ-ды заманауи зерттеу жоғары оқу орнына айналдырудың (әлемдік деңгейдегі университет) өзіндік бағдарламасын жүзеге асырудамыз.

Бүгінгі таңда біздің университет әлемдік университеттердің рейтингінде жоғарылау бойынша дайындалған Жол картасын басшылыққа ала отырып, еңбек етудеміз, – деді. Үлкен экраннан ҚазҰУ-дың страте­гиялық дамуының негізгі бағыттары слайд арқылы көрсетіліп, ректор олардың әр­қайсысына жеке-жеке тоқталды.

Бүгінде кез-келген жастың ҚазҰУ сту­денті атану ең асыл арманы екені анық.

Осы орайда биылғы жылғы мектеп бі­тіруші түлектердің дені ҚазҰУ-ды таңдаған мысал болса керек.

Биылғы ҚазҰУ-ға түскен әрбір төртінші түлек «Алтын белгі» иегері екені осы сөзімізге дәлел болса керек. Әрбір жастың арманы дегенге келсек, университетте дәстүрге айналған «әл-Фараби» деп аталатын олимпиада тұрақты түрде өтіп келеді. Биылғы жылы еліміз бойынша 9 мыңнан астам оқушы осы білім бәйгесіне қатысып, бағын сынаған еді.

Көмбеге озып жеткендердің бағы жанып студент атанды. Сонымен қатар, ҚазҰУ маман даярлауда да өзіндік мектебін қалыптастырған. Жыл сайын магистрант­тар мен докторанттар қатары көбейіп, білімнің көкжиегінің кеңге жайылғаны байқалады. Сарапшылардың көрсеткіштері бойынша ең үздік оқытушылар қатарынан ҚазҰУ-дың 53 қызметкерінің орын алуы да білім кілтінің қайда екенін көрсетсе керек.

Бұл күні ҚазҰУ әлемдік ғылым мен бі­лімнің орталығына айналды. НР, Сам­сунг, Майкрософ, Autodesh, Konіca Mіn­notta басқа да әлемдік деңгейдегі компа­ниялар университет базасында бірлесе еңбек етуге ықпалды болып отыр. Универ­ситет ректоры ҚазҰУ-дың тыныс-тіршілігін түгел қам­тып, атқарылып жатқан әрбір жұмысты қаз-қалпында баяндап берді.

Шығар биігі мен алар асуы мол оқу ордасында тек білім алумен шектеліп қана қалмай, спортпен, өнермен басқа пайдалы істермен айналысуға барлық мүмкіндік жасалған. Еліміздегі мақтаулы спортшы­лар­­дың дені де осы ҚазҰУ студенттері. Уни­верситет ректоры ҚазҰУ-дың жо­ба­ларымен де таныстырды. «Айналаңды нұр­ландыр» деп жастарды нұрға бастап, бі­лімнің шырағы бол деп үндеген ректор жастарға «100 кітап» жобасы туралы да кеңінен әңгімелеп берді.

ҚазҰУ-дың шығысы мен кірісі туралы да жиын барысында кеңінен сөз болды. Жиын соңында ҚазҰУ-дегі қос бірдей субұрқақтың жақын күндерде пайдалануға берілетіні айтылды. «Кереңқұлақ» өзенінің сағасы ерекше түлеп, ҚазҰУ ішінде кере­мет демалыс орталығының да пайдала­ны­лу­ға берер уақыты жақын. Білімнің биігіне ұмтылған ҚазҰУ-дың бүгінгі жүйріктігінің белгісіндей болған тұяғымен жер тарпыған тұлпарлар композициясы да көркем қала­шықтың келбетіне көрік қосатын болады.

Ең басты жаңалықтың бірі – Алматы қаласы әкімшілігімен «Алматы» ӘКК қолдауымен 1280 орынды жаңа жатақхана құрылысы бой көтеретін болады. Жиын соңында Ғалым Мұтанұлы қойылған барлық сауалдарға жауап берді.