«ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫН» ЖАҢҒЫРТУДАҒЫ ЖАЗУШЫЛАР ҮНІ

Еркін  НҰРАЗХАН

Кыркүйек айының ортасында  көршіміз Қытай елінің Шэньси провин­ция­сының орталығы  Сиань қаласында «Жібек жолы  ІV  халықаралық мәдени Чанань фору­мының» аясында «Қытай – Қазақстан жазушыларының тұңғыш симпозиумы» болып өтті. Бұл алқалы жиынға ҚР Ұлттық кітап палатасының директоры, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әлібек Асқар бастаған бір топ қаламгерлер мен мәдениет өкілдері барып қайтқан едік. Сапарымыз сәтті, айналасы бес-алты күнде көргеніміз де көп, көңілге түйгеніміз де мол болды. Жергілікті басшы­лар бұл жиынға өте тыңғылықты  дайын­далған екен. 130-дан астам адам қатысқан симпозиумның негізгі ұйымдастырушысы Қытайдың ең көне оқу орнының бірі — Солтүстік-Батыс университеті. Жиыны­мыздың салтанатты ашылуы Орталық кітап­ханада өтсе, кейінгі отырыстар уни­вер­ситет ғимараттарында жалғасып жатты.

Симпозиум жұмысына қытай тарапы­нан Жазушылар одағының вице-прези­денті, Шэньси жазушылар қоғамының төрағасы Хан Кэ, Жазушылар одағына қарасты «Әлем әдебиеті» журналының бас редак­торы Му Дао, Солтүстік-Батыс универси­тетінің басшылығы, профессор­лары мен сту­денттері, Қытайдың Қазақ­стандағы бұрынғы елшісі Яо Пэйшэн және Ван Сяоюй, Ван Фэньлин, Ду Вэньцзю­ань, Хун Кэ, Ма Юйчэнь, Ян Чанцзюнь, Сянь Лэмоу сияқты елдің көрнекті жазу­шылары, Литен Шау секілді танымал тарихшылары қатысты. Университет рек­торы Го Лихун мен «Жібек жолы» инсти­тутының дирек­торы Лу Шаньбин біздерді жылы қабылдап, симпозиумның табысты өтуіне барынша қолдау көрсетті.

«Жібек жолы» экономикалық белдеуі – бірнеше мемлекетті ортақ экономикалық даму жүйесіне біріктіретін жоба.  Бұл стра­тегиялық жоба 2013 жылы  ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің Астана қаласына жаса­ған жұмыс сапары кезінде ұсынылған бо­ла­тын. Си Цзиньпин Назарбаев универ­ситетінде жасаған баяндамасында, Жібек жолы экономикалық белдеуін құру инициативасын ұсынды. Бұл стратегиялық бастама Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев­тың қолдауына ие болды. Қытай басшысы Си Цзиньпин мен Н. Ә. Назарбаевтың бас­тамасымен жүзеге асып жатқан бұл жоба­лар екі ел арасындағы қарым-қаты­нас­ты тек экономикалық жағынан дамы­тып қоймай, гуманитарлық салада да ты­ғыз бай­ланыс орнауына,  рухани, әдеби бай­ла­ныстардың да арта түсуіне ықпал ететіндігі симпозиум барысында анықтала түсті.

Симпозиум өткен Сиань қаласы бұдан 3100 жыл бұрын іргесі қаланып, 13 династия алмасқанша Қытайдың астана­сы, «Ұлы Жібек жолының» межелі жері болған, мәдениеті мен тарихы бай қала. Атақты Цинь Шихуанди мавзолейі мен оған қоса жерленген Терракота әскері осы қаланың іргесінде екен. Ал  Қазақстан мен Қытайды ғана емес, Еуропа мен Азияны байланыстырған «Ұлы Жібек жолының» қарқынды дамуына Цинь дәуірінің ықпалы ерекше болғаны тарихтан мәлім. Осы мавзолейге барып, ғасырлар қойнауына сан түрлі аңыз қалдырған, бүгінде әлемдік ЮНЕСКО Мәдени мұрасының тізіміне енген, әлемнің сегізінші кереметін аралап көрдік.

«Қонақ аз отырып, көп сынайды» демекші, ескі де жаңа сәулет өнерінің небір көз тартар ғимараттарымен көмкерілген Сиань қаласын аз ғана аралағанымыздан көп әсер алдық. Бірден байқағанымыз, қаланың мұнтаздай тазалығы, ағаштары мен гүлзарларының ерекше күтім мен қамқорлыққа алынғандығы. Ауасы таза, түтіндетіп жүрген бір машинаны көрмедік. Шарылдаған сигнал, дарылдаған мотор үні мүлдем естілмейді.  Саябақтар мен шағын алаңдарда көпшіліктің серуендеп дем­алуына бар жағдай жасалынған. Орындық­тардың молдығы және отыруға ыңғайлығы, барлығының сүртіліп таза тұрғандығы. Қала­дағы үлкенді-кішілі ескерткіштерге шаң қонбайтындай, айналасы да жап-жасыл шалғынға бөленген. Халқы да сабыр­лы, жылы жүзді, ұқыпты көрінді. Таң атқаннан қала жұртының өз аулаларында кәрі-жас демей «У-шу» дене жатты­ғуларын жасайды екен.

Бас қосуларда қытай жазушылары мен біздің делегация мүшелері кезегімен әде­биет, тарих, рухани байланыс жөнінде пікір алысты. Көрнекті жазушымыз, ҚР Мемле­кеттік сыйлығының лауреаты Бексұлтан Нұржекеев ағамыз қазақ пен қытай қаты­на­сының тамыры тым көнеден бастау ала­ты­нын, қазақ елінің көшпенділік тұрмы­сымен қатар Тараз, Отырар, Сығанақ, Сарайшық, т.б. әйгілі қалаларымыз осы Ұлы Жібек жолында болғандығын, бұл қалалар туралы қытай жылнамалары мен шежірелерінде баяндалғанын кеңінен тарқатып айтты. Филология ғылымдары­ның докторы, Л.Гумилев атындағы университеттің профессоры, ақын Жанат Әскербекқызы «Бүгінгі қазақ әдебиетіндегі интеграциялық үрдістер» деген тақырыпта баяндама жасады.  Белгілі жазушы Қуа­ныш Жиенбай өз кітаптарына арқау бол­ған Арал теңізінің трагедиясы тек Қазақ­станның ғана проблемасы емес, оның әлем экологиясына әсері бар екендігін қозғады. «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп жазушының қоғам алдындағы жауап­кершілігін айта келе, аударма мәсе­лесінде түпнұсқадан аудару мүмкіндігін қарас­тыруды сөз етті. Сондай-ақ, өз басы  журналистиканың мойын бұрғызбас қауырт шаруасынан қолы қалт еткенде көркем дүниелер жазып жүргенін жеткізді. Нұртөренің сөзінің дәлеліндей осы жиынға қатысқан қытай-қазақ қаламгерлерінің альманах-кітабында  орыс-қазақ тілдерін­дегі  оның тамаша әңгімелері жарық көріпті. Республикамыздағы татар ақын-жазушысы Тамендаров Фархат «Терракот жауынгерге» атты жалынды өлеңін оқып, қытай елінен алған әсерлері болашақ шығармаларынан көрініс табатынына сендірді.

Марқұм досымыз, көрнекті жазушы, коғам қайраткері Дидахмет Әшімханұлы Қытай Ұлттар баспасымен орнатқан дос­тық байланысты  бүгінде баласы, «Орхон» баспа үйінің директоры Дәулет Әшімханов бауырымыз жақсы жалғастырып келе жат­қандығы көңіл қуантады. Дидекең барда жарық көрген Дэн Сяо Пин туралы кітап, «Қытайдың жаңа заман тарихы»-ның үш томдығы жарық көрсе, қазір қазақ жазу­шы­ларын қытай тіліне, қытай жазушыла­рын қазақ тіліне аудару ісі қолға алынып жатқанынан хабардар етті. Бұл симпозиум қытай, ағылшын, орыс тілдерінде жүргізілді. Университетте БАҚ өкілдерімен өткен кеңейтілген «Дөңгелек үстелде» Дәулет: қазақ жазушылары қазақша ойлап, қазақша жазғандықтан көп ойларын орыс тілінде жатық жеткізе алмауы да мүмкін. Неге келесі басқосуларымызда жиыны­мызды қытай-қазақ тілдерінде жүргізбеске, деген ұсынысын қытайлық әріптестер түсіністік­пен қарап қабыл алды. Ол үшін аударма­шы мамандардың осы қытай елінде де жеткілікті екендігі айтылды. Ал қытай жазу­шыларының сөздерінен тарих қойна­уынан сыр тартумен бірге, заманауи деректі жазбалардың жақсы оқылатынын, сондай-ақ психологиялық планда қарапайым пен­делер өмірінің, жан-дүниесінің қалтарыс­тарына үңілу басымдылығын аңғардық.

Осы симпозиумның өтуіне біздің жақтан атсалысып, ұйымдастыру жұмыста­рына белсене қатысқан інілеріміз Мейрам Бектімбаев, Әнуар Балтабаев, қарындасы­мыз Аида Шайкова екі ел арасындағы мәдени, рухани байланыс жөнінде сөз қоз­ға­ды. Ал осы жолдардың авторы шығар­машылық мүмкіндіктер туралы ойлары­мызды ортаға салдық. Бірнеше отырысты біздің  делегацияның басшысы Әлібек Асқар басқарып жүргізіп отырды. Әлекең­нің маңызды да түйінді мәселелерді тарқатып айтудағы шеберлігімен қоса әдемі әзілдерімен көмкере сабақтаған сөздері екі жаққа да жылы шырай, риясыз көңіл сыйлады.

Симпозиум  барысында   жазушылар өз туындыларымен бөлісіп, қазіргі кезеңдегі әдебиеттің рөлі, оның халықтар арасындағы байланысқа әсері жайында сөз қозғап, ой-пікірлерін ортаға салды.  Жазушылардың негізгі тақырыптар бойынша жасаған баян­дамалары, әдебиетшілер арасында түрлі тақырыптарды талқылау, жастармен, студент­термен кездесу, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен сұхбаттар, т.б. шара­лар симпозиумның   нәтижелі болуы­на мүмкіндік берді.  Жиналған жазушылар әрі қарай қоян-қолтық әріптестікте жұмыс істейміз деп шешті. Екіжақты тығыз шығармашылық байланыста болуы үшін, шығармаларын бір-біріне қолжетімді ету керектігі баса айтылды.  Ол үшін, әрине, қытай тілінде жарық көрген шығармаларды қазақшаға, қазақ жазушыларының шығар­ма­ларын қытай тіліне аудару қажеттігі айқын еді. Сондықтан екі  жақты күш салу арқылы аударма мәселесін қолға алу да маңызды болмақ.

Осы уақытқа дейін қазақ жазушыла­рының арасынан қытай тіліне аударылғаны  аз. Абайдың қара сөздері,  М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы, С.Мұқановтың «Ботагөз» романы ертеректе қытай тіліне аударылған. Кейінгі кезде М.Мақатаевтың өлеңдері, Р.Отарбаевтың әңгімелер мен повестер жинағы, Н.Келімбетовтің «Үміт үзгім келмейді» атты шығармасы, Мұхтар Шаханов пен Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» атты сұхбаты аударылыпты. Ал қытай жазушыларынан қазақ тіліне Конфуций, Лу Синь, Ба Цзинь сынды үлкен жазушылардың туындылары тәржімаланған. Алайда, бұл кітаптардың барлығы орыс тілі арқылы аударылғаны белгілі.  Түпнұсқадан аударылғаны тек Нобель лауреаты Мо Янның шығармалары ғана екен.

Бүгінде қытай жазушыларының шығар­ма­ларын қазақ тіліне түпнұсқадан тікелей аударуға мүмкіндік туды. Сол сияқты, қазақ жазушыларының шығармалары да қалың оқырманы бар қытай тіліне ауда­рылып жатса, әдебиеттегі жаңа көкжиектер ашылар еді. Екі елдің жазушылары осы сияқты мәселелер төңірегінде кеңінен пікір алысты.

Аударылған шығармалардың таралымы да басты мәселелер қатарында қарасты­рылды. «Жібек Жолы әдебиеті» тақыры­бында жаңа, кесек туындыларды шығару мақсатында, екі елдің де жазушыларын «Нұрлы жол» экономикалық саясатын «Бір белдеу – Бір жол» ұранымен ұштастырып жаза білген жазушыларды ынталандыру туралы шешім қабылданды.

Қытай-қазақ жазушылары шығарма­ларының жыл сайынғы жинағын шығарып отыруды қолға алу келісілді.

Симпозиум нәтижесінде — ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы мен Солтүстік-Батыс университеті өзара меморандумға қол қойды. Меморандумда екі жақтың жазушылары үшін де маңызды әрі пайдалы болған симпозиумды тұрақты өткізіп отыру туралы шешім қабылданды. Аталған шара­ны алдағы жылда да жалғастыру туралы ұсыныстар қызу қолдау тапты. Екі елдің жазушыларының әдеби шығармалары жарық көріп отыратын веб-сайт ашу қолға алынатын  болды.

Меморандумға қол қойған тараптар шараны өткізуге қолдау көрсеткен Шэньси провинциясының Мәдениет департамен­тіне, Солтүстік-Батыс университетіне алғыстарын білдірді.

Қытай – Қазақстан  жазушылары арасын­да өткен бұл тұңғыш ауқымды сим­позиумы «Ұлы Жібек жолының»  жаңаша  жаңғыруына өзіндік үлес болып  қосыла­рына, екі ел арасындағы рухани байланыс­тың болашақта нығая беретініне деген  сеніммен, дос көңілмен өз елімізге оралдық.