«ҰЛТТЫҚ ӘЛІПБИ БОЛУ КЕРЕК»

Латын — келешек кілті

Қазір қоғамда «латынға ауыс­қан жөн бе?» деген сауал қойыл­майды. Латынға көшу процесі қалай жүзеге асы­рылуы тиіс дегенге пікір­талас көп. Өйткені, латын қарпі келешек буын үшін керек. Бастысы, әр әріп, әр таңба, қазақтың әр төл дыбы­сына деген жанталас, жанашыр­лық болуы тиіс. Ал қоғамда үлкен пікірталас тудырған Парла­менттегі жоба – ғаламторлық жоба. Бізге керегі – латын қарпіне негізделген ұлттық әліпби, ол солай аталуы керек.

Әсел ДАҒЖАН

Бейсенбі күні Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде өткен «Рухани жаңғырудың кепілі – латын әліпбиіне көшу» атты «Дөңгелек үстелде» осындай пікірлер айтылды.

Жиынның кіріспе сөзін ашқан университет ректоры Такир Балықбаев латын әліпбиіне көшудің артықшылық­тарына тоқталды.

–       Әлемдегі елдердің 80 пайызы латын графикасын қолданады. Сондық­тан латын графикасына көшу қазақ тілінің халықаралық деңгейде таны­луына жол ашады. Түркі дүниесіндегі ортақ құндылықтарымызды  оқуға, тануға мүмкіндік береді. Елбасының  «2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандарды және орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуіміз қажет» деген міндеті бізге, педагог жұртшылыққа үлкен жауапкершілік  жүктейді. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ұжымы республи­ка­мыздағы жетекші білім ордасы ретінде аталған міндетті шешуде басымдық танытуымыз қажет деп санаймын. Жа­һандану заманында бәсекеге қабілетті, кәсіби білімі жоғары маман дайындау үшін берілетін білім де сапалы болуы тиіс. Бұл бізге жүктелген үлкен әрі маңызды жауапкершілік, – дей келе, алғашқы сөзді Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетовке берді.

–       Елбасымыз мәлімдеме жасаған сәттен бері насихат жұмыстары жаса­лып жатыр. Бір байқағанымыз, қазір «Латынға ауысқан жөн бе?» деген сауал қойылмайды. Оған алдағы уақытта көше­ріміз анық. Енді осы процесті қалай жүзеге асыратынымыз жөнінде талқы көп. Соңғы күндері Алматы қала­сында латынға көшуге байланысты талқы­лауларға 170 мыңнан астам адам қатысқан. Мұндай шаралар тек Алма­тыда емес, еліміздің түкпір-түкпірінде жүргізіліп жатыр. Бізден бұрын латынға көшкен көршілес мемлекеттердің қате­ліктері мен кемшіліктерін ескеруді басты назарда ұстаймыз. Сондай-ақ, көшкеннен соң жұртшылықтың қабыл­дауын жеңілдетуді де мақсат етіп отыр­мыз. Айталық, көрнекі ақпараттар көпші­ліктің көзіне оңай оқылуы керек. Олардың бір парасы жарнама, маңдай­ша­лардағы жазулар, ақпараттық жол көрсеткіштер деп тізе берсек болады. Осы мәселені мамандар жан-жақты ойластырып, ой елегінен өткізуі шарт. Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының мамандары бұл іске белсене кірісіп те кетті, – деді басқарма басшысы Мамай Ахетов.

–       Латын әліпбиіне көшу туралы мәселе алғаш рет 1993 жылы көтерілген болатын, – деген «Айқын» газетінің Бас редакторы Нұртөре Жүсіп. – Одан кейін 2005 жылы, 2006-2007 жылдары да қозғалған. 2010 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының отырысында сөз сөйлегенде өзім де осы мәселені айтқан едім. Латынға ауысу кезең-кезеңімен, толқын-толқынымен сөз болып келеді. Дегенмен, бұл жолғы беталыс түбегейлі сипат алғанын байқауға болады. Өйт­кені, осыған дейінгі кезеңдерде мем­лекетіміз дәл мұндай ұйымшылдықпен кіріскенін көрген жоқпыз. Оған түрлі ахуалдар мен жағдайлар себеп болған еді. Енді бүгінде латынға көшу жедел­детілген түрде қолға алынып отыр. Әлеу­меттік желілерде «сәбіз» сөзінің жазылуына қатысты түрлі сын-пікірлер жазылғанын білеміз. Егер осы мәселені келемежге айналдыруды жалғастыра берер болсақ, жұмыс тоқтап қалуы да мүмкін. Мемлекеттің болашағы үшін, соның ішінде жастар үшін маңызды қадам екендігін түсінуіміз керек. Ахмет Байтұрсынұлы әліпбиге қатысты рефор­малар алғаш жасаған кезде «Тіл комитеті» құрылған екен. Яғни тек қаріпті зерделеу, жүйелеу, сарапқа салумен айналысатын арнайы ұйым жұмыс істеген. Осы мәселеге баса мән берілуі керек. Жалпы алғанда, тіл мәселесі – әр қазақтың жанына жақын тақырып. Әр әріп, әр таңба, қазақтың әр төл дыбысына деген жанталас, жана­шырлық болуы тиіс. Қазақ тілін орыс тілінің ережесіне басыбайлы енгізу 1954 жылдан басталған екен. Содан бері өткен 60 жылдай уақыт ішінде біз көп дыбысты қатаң түрде айтып-жазуға құлағымыз бен көзіміз үйреніп кеткен. Айталық, «Әйгерім» дегенді бүгінде «Айке­рім» деп жүрміз. Тіпті, кей сөздерді жіңішкелік белгісімен де айтатынымыз бар. Оған бойымыз әбден үйренген. Латынға ауысқан соң өзіміз­дің бұрынғы табиғатымызға жақындай түсеріміз анық. Мысал үшін «конфе­ренция» деп емес, әуездірек «конферен­сия» дейтін боламыз. Сол секілді, біраз сөздерді мысалға келтіре беруге болады. Латынша жазу біз үшін емес, келешек үшін, жаңа буын үшін керек. Қырықтан асқандар, алпысқа жақындағандар, бәлкім, осы кириллицамен өтер. Бірақ жас толқын латын қарпімен заман көшіне ілесіп кетеді. Шоқан Уәлиханов: «Қазақ халқы өте әуесқой, еліктегіш әрі бейімделгіш. Табиғаты жаңа нәрсені қабылдауға бейім келеді» деп айтып кеткен. Бұл сөздің растығына көзіміз жетіп келеді. Латынға көшуде қаріп стандартын жасау маңызды. Себебі, осыған дейін әркім түрлі қаріптерді қол­данып, кейін құжаттары бір компью­терлерде ашылмай қалатын мәселелерге тап болып жүрміз. Жаңа қаріптің бір жақсы тұсы – әлемнің қай түкпірінде жүрсеңіз де, еш мәселеге кезікпейтін боласыз, – деді Нұртөре Жүсіп.

Өз кезегінде сөз алған профессор Фаузия Оразбаева қоғам арасында үлкен пікірталас тудырған Парламент­тегі жобаның артықшылығы мен кемші­лігін саралап, түсіндіріп берді. Сөз соңын­да ғалым «болашақтағы әліпби – латын қарпіне негізделген ұлттық әліпби деп аталуы керек» деді.

–       Парламентке ұсынылған жоба – интернеттік жоба. Ұсынылған әліпбидің ұтымды тұстары қандай?  Экономи­калық шығыны аз, арнайы компью­терлік бағдарлама жасауды талап етпей­ді, әлемнің кез-келген жерінде ғалам­тор­мен қарым-қатынасқа түсу ыңғайлы, ағылшын тілін үйренуге жеңіл, оңтай­лы. Ал интернет-жобаның кемшілік­тері қандай? Фонетикалық заңдылық бойынша буынға бөлу қиындықтар келтіреді. Қазақ тілі жалғалмалы тіл, ешқашан түбірі өзгермейді, жұрнақ, жалғау жалғану арқылы буынға бөледі. Ал интернет жобада тасымалдау мүм­кін­дігі жоқ. Оқытушы баланы тасымал­дауға қалай үйретеді? Мәселен, «әзәзіл» сөзіндегі «ә», «і» әріптері диграфпен жазылса сөздердің барлығының қарпі артады немесе 30 пайызға көбейеді. Орфографиялық заңдылық бойынша «әдіс» сөзін алсақ, «ә» әрпін қандай бас әріппен жазамыз? «А» әрпімен бе, әлде бірігіп тұрған «е» диграфпен жазамыз ба? Әлде екеуін де бас әріппен жазамыз ба? Бастауыш мектеп баласына мұны қалай түсіндіреміз? Тағы бір мысал. Білім және ғылым министрлігі деген сөздің қысқартылған нұсқасы болса, оның таңбасы алты, жеті әріптен тұрады. Сонда ол қысқарған сөзді кім түсінеді? Лексика-грамматикалық заң­дылық бойынша қазақтың  сөздерінде бір дыбыс өте үлкен функция атқарады. «Отан» десе басқа сөз, «атан» дегенде мүлде басқа сөз. Егер интернет жобаны қолданар болсақ, жазылым 40 пайызға ұлғаяды, ал оқылым тежеледі. Өйткені, мұндағы сөздердегі әрбір таңбаны мұқият оқимыз ба, әлде тек сөздің түбірін оқимыз ба? Айтылымға келгенде ұ менен ү, і мен и дыбыстары бірігіп, мүлде басқа дыбыс береді. Көрші әзір­байжан, түріктер біздің ұқсас әріптерді оқи алмай, шатасады. Адамдардың түсінісуі мен пікірлесуі қиындайтын көрінеді. Бұл кемшіліктер білім сапасы­ның төмендеуіне себепші болады. Кітап оқуға, тілді меңгеруге құлшыныс азаяды. Рухани жаңғырудың ең негізгі параметрі – ұлттық тарихи тамырыңды сақтай отырып, әлемдік өркениетке жету. Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің ұлттық тарихи тамыры – Байтұрсынұлының әліпбиді түзуге қатысты белгілеген ұстанымдары. Осы ұстаным бойынша жақсы әліпби жазуға жеңіл, тілге шақ, әріп суреттері оңай, таңбалары аз болғаны ұтымды, оңай жазылатын, орынды аз алатын әліпби әрі түсінікті, әрі баспасөзді арзан­датады дейді. Сондықтан болашақтағы әліпби қазақтың графикасын негізге алатын, өзінің ұлттық мәнерін сақтайтын, ұлттық әліпби болуы керек, – деді Фаузия Оразбаева.

Ал «Алматы ақшамы» газетінің Бас редакторы Қали Сәрсенбай «латынға көшу біртіндеп отаршылдық жүйеден арылудың жолы деп есептеуге болады»,  деген ұстанымын айтты.

–       Әлеуметтану ғылымында ішкі отаршылдық, сыртқы отаршылдық деген ұғымдар бар. Қазақ халқы қанша ғасыр бодандықта келгенін білесіздер. Меніңше, латынға көшу біртіндеп отаршылдық жүйеден арылудың жолы деп есептеуге болады. Әліпби ауыстыру ұлттың өзінің үнінің дұрыс қалып­тасуы­на, сөйлеу мәнеріне де қатты әсер етеді. Қарап отырсаңыз, қазіргі мек­тептегі, балабақшадағы балалар «ң» деген әріпті айта алмайды. Оны «н» деп айтады. Осының барлығына кирилли­цаның әсері тиді. Кезінде Оспанхан Әубәкіров «ң» әрпін дұрыс айту үшін «Үмең» деген өлең жазған. «Үмең» деген не десе, ол қалжыңдап айсберг деген екен. Г.Бельгер «Абай жолы» мен Шекспирді салыстырғанда, М.Әуезов­тің бір ғана «айналайын» деген сөзінің өзінен 120 синоним тапқан. Әліпби өзгерген кезде ертең шығармалардың бәрі аударылады, егер дұрыс әліпби жасал­маған жағдайда, сол сөздерден айырылып қалмаймыз ба деген қауіптер  жоқ емес. Дегенмен, «асыққан жақсы, кешікпеген одан да жақсы», – деді Қали Сәрсенбай.

Жиын соңы еркін пікірталаспен, сұрақ-жауаппен  жалғасты.