ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖАСАУҒА МАМАНДЫҒЫМ ҮЙРЕТТІ

ЖҮЗ ЖАҢА есім 

 

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Ұжымда үлкен жиын  болды.    Жүз есімге лайық адам  таңдау керек.     Алма­ты қалалық Қан орталығының қызметкерлері «арамызда оған лайық кім бар?» – деп бір-біріне қарап үлгер­генше,   Күләш  Насрединова:  «Гүлнар Советбайқызын ұсынайық, оның қызметте ғана емес, елге көр­сетіп жүрген қайырымдылық істері қаншама жастарға  өнеге болар  тәжірибесі де көп» дегені.   До­нор жинақтау бөлімінің бас мейір­бикесі Күләштің бұл ұсынысы ұжым­дағы барлық қызметкерлердің  ойынан дөп түскендей, барлығы да бірауыздан  Гүлнар Ноғайбаеваның есімін  Алма­тының жүз есімі қатарына ұсынуға лайық екендігін айта жөнелді.  Гүлнар болса, ақ-сары жүзі  алаулап, не деп жауап берерін білмей  «мен, мен дей бергені сол еді,  Орталық директоры жүз есімге  ілігу үшін міндетті түрде   танымал болудың шарт еместігін,  оған  қарапайым еңбегімен ел құрметіне бөленіп, қолдан келгенше жақсылық жасап, төңірегіне мейірім  мен қайы­рымдылықтың шуағын төге білген қарапайым адамдардың да лайықты екендігін айтып, ұжым мүшелерінің ұсынысына өз  қолдауын білдірді. Өзі­нен бұрын өзгенің еңбегінің бағалан­ғанын, жанында жүрген әріптестерінің мерейінің үстем болуын көбірек ойлай­тын  директордың мейірбике ісі жөнін­дегі орынбасары  Гүлнар Советбайқызы Ноғайбаева  жиыннан еңсесі биік­теп, көңілі көтеріңкі шықты.   Мына өмірде адамның адамға жасаған жақсылығы елеусіз қалмайтындығына көзі жеткендей болды. Өйткені, ол ешқа­шан біреуге жасаған жақсылығын біреуге айтқан емес.   Анасы «адамның адам­ға жасаған жақсылығын Жаратқан Ие қайтарымсыз қалдырмайды» дейтін. Шындығында, ол қаншама адамның өмірін сақтап қалуға көмек қолын соз­ды. Тіпті, оның   Алматы Қан орта­лығының    тұрақты  донорларының бірі екендігін донор жинақтау бөлімінің    қызметкерлерінен басқа ешкім білмейді де. Оның Орталықтың қызметкері ғана емес, тұрақты донорларының бірі екендігін естігенде, ұжым басшысы Жандос Қуанышбекұлы да аң-таң қалғаны бар. Қызметкерінің өз қыз­метімен бірге қайырымды да сауапты істі бір қанаты етіп алып жүрген қыз­меткері үшін Орталық директоры «жа­ның­да жүр жақсы адам» деген осы ғой», деп марқайып қалды.  Өзі біреуден қан алып, өзі біреуге қанын беріп жүрген қайсар қыздың бұл ерлік ісі  тек ұжым­ға ғана емес, халыққа үлгі екені даусыз. Қан тапсыру екінің бірінің қолынан келе бермейді.  Ол ең алғаш   жедел жәрдем стансасында фельдшер болып жұмыс істеп жүргенде  қан тапсырған болатын. Олар тол­ғағы қысқан бір жас келіншекті пер­зентханаға  босануға әкелген-ді.  Келін­шекті  тексеруге алған гинеколог-дәрі­гер­лер  ана мен бала  өміріне қауіп төніп тұрғандығын айтып, оған  шұғыл ота жа­сайтындықтарын,   ол үшін  қан  қажет екендігін айтқан кезде  Гүлнар   қатты қобалжыған еді. «Апырай,  перзентха­наға әкелген аяғым жеңіл болып, келіншек аман-есен босанса екен» деп тілеген. Ал қанды түн жарымда қайдан алуға болады деген ой мазалаған ол еш ойлан­бастан,  өз еркімен қан беруге келісімін берген болатын.  Оның үстіне ауыраяқ келіншектің қан тобы   өте сирек кездесетін төртінші топ екен. Сағат түнгі үш шамасы. Ота жасалып жатқан кезде  дәрігерлер қанды ашық түрде екеуін қатар жатқызып қойып,   тұңғышын өмірге әкелуге жанталасып жатқан  келіншекке тікелей тамырдан тамырға құйған еді.  Қаламыздағы пере­наталды орталық дәрігерлерінің   кәсіби біліктілігі  және Гүлнардың бер­ген қанының көмегінің арқасында  келін­шек өмірге алтын асықтай ұл әкелді. Гүлнар өзінің дәрігерлік қызме­тінде бірінші рет өз қаны арқылы бір емес, екі адамның өмірін құтқарып қалған­дығына көзі жетіп,     сол күннен бастап ерікті донор болуды қалады.   Қазір сол ұл жиырма үш жаста.  Гүлнар апайын туған әпкесіндей жақсы көреді.  Гүлнар да сол отбасының бір мүше­сіндей болып кеткен. Күні бүгінге дейін араласып тұрады.   Содан кейін де Гүл­нар Совет­байқызы қанша адамның өмірін құт­қарып қалды десеңізші! Тіпті, арақ ішіп алып өзіне-өзі пышақ жұмсаған  маскүнемнің де өміріне араша түскені бар. Ал  жиырма үш жылдан бері Гүлнардың берген қаны себеп болып өмірге  қайта оралып, денсау­лығы жақсарған   адамдар саны қаншама десеңізші! Бірақ Гүлнар оларды  білмейді.   Адамнан адамға берілген қан­ның өзгеге өмір сыйлайтындығын сезін­ген сайын Гүлнар Советбайқызы Но­ғай­баеваның жүрегін мақтаныш сезімі  билейді.   Жедел жәрдемдегі фельдшер­лік  қызметін Қан орталығының мейір­бикесі қызметіне ауыстыруының да түп тамырында адамдарға көмек қолын жақыннан созсам деген ниеті жатты.  Ерлік, адамгершілік, патриоттық сезім, өз ұлтыңды сүю деген сезімдер  адам бойына осындай қарапайым ғана  қағидалар  арқылы қалыптасатын шығар. Бірақ Гүлнар Советбайқызының бұл еңбегі қарапайым деуге келе қоймас.  Өз қанын өзгелерге беру, сол арқылы  адамға жаңа өмір сыйлау деген сияқты ерлік іс тек батыл, батыр адамдардың қолы­нан ғана  келсе керек.

Гүлнар  Ноғай­баеваны Алматының танымал жүз есімінің қатарына ұсынған Қалалық қан орталығының  көпұлтты ұжымы өз таң­дауларынан жаңылма­ғандарын жақсы біледі.  Өмір осындай қарапайым ерлі­гімен танылып жүрген қарапайым жан­дарымен де мәнді,  көрікті болса керек.  Сондықтан  жиыр­ма үш жылдан бері адамдарға денсаулық сыйлаумен қатар, қан тапсырып, өмір де сыйлап жүрген Гүлнар сияқты тұлғасы мейірім мен жылулықтан жаралған жандары­мыз көп болғай.  Гүлнар сынды  қоңыр тірлігі­мен де көпке пайдасы тиер жандар ара­мызда қаншама десеңізіші, тек олардың еңбегін бағалайтын, халық­қа таныта біле­тін ортасы әділ болып, жүз есімге лайық азаматта­рымыз көп бол­ғай дей­міз. Өйткені, Гүлнардай азамат­тары­мыздың  іздегені орден, медаль,  мара­пат, атақ, даңқ  емес, мейі­рім  мен адам­гершілік қана . Сондық­тан болар,  ондай адамдардың  жұрт аузына көп іліне бер­мейтіндері. Ал Елбасымыз Н.Назар­баев өзінің  «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру»  атты мақаласында: «Біз жаның­да жүр жақсы адам деген сөздің байы­бына бара бермейміз, шын мәнінде Тәуел­сіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білі­мімен, өнерімен озып шыққан қан­ша­­ма замандастарымыз бар…», —   деген еді. Елбасы атап кеткен осы  жанымызда жүр­ген, бірақ еңбегі елене бермейтін  жақсы адамдардың бірі – біздің кейіп­керіміз Гүлнар Совет­байқызы екенді­гінде  талас жоқ. Олай болса, жаны­мыз­да жүрген жақсыларды қадірлей білейік!