«ХАЛЫҚҚА 2-3 ӘЛІПБИ НҰСҚАСЫ ҰСЫНЫЛУЫ ТИІС»

ҚР Ұлттық кітапханасында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы жанындағы мәдениет пен өнер мәселелері жөніндегі «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшелері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері, қоғамдық бірлестіктер Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы латын әліпбиіне көшу мәселесінің негізгі аспектілерін талқылады. 

Әсел ДАҒЖАН

Жиынды ашқан «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова  мемлекеттік тілдің латын әліпбиіне ауыс­тырылуы – Қазақстанның халықаралық қау­ымдастыққа қосылуын тездететін фак­тор екенін атап өтті.

–       Ең алдымен мұндай маңызды шешім қабылдау үшін жүйелілік пен дәйектілік қа­жет. Латын графикасын экономикалық жа­ғынан  дамыған  алдыңғы қатардағы 30 мем­­лекет қолданып отыр. Қазақстан әлем­дік қоғамдастыққа қосылуы қажет, – деді.

Ал қоғам қайраткері, «Қазақстанның Еңбек Ері»  Аягүл Миразова латын әліп­биіне көшу барысында ғалым оқытушы­лар­дың және мамандандырылған ұстаздардың тікелей қатысулары аса маңызды екенін айтты.

–       Қазіргі уақытта оқу орындарында қазақ тілінің латын әліпбиіне ауысуы жай­ын­да кеңінен талқыланып, алфавиттегі әріп­тердің айтылуы жөнінде сұрақтар туын­дап жатыр. Атап айтсақ, әлем бойынша халық­тың 80 пайызы латын әліпбиін пайдаланады және азаматтардың басым көпшілігі осы шешімді қолдап отыр. Бүгінгі күні жастар латын әліпбиінде ұсынылатын заманауи технологияларды пайдаланады, – деді Аягүл Миразова.

Өз кезегінде сөз алған профессор Хан­гелді Әбжанов латын әліпбиіне көшу біздің ішкі тұтастығымызға нұқсан келтірмеуі керек дейді.

–       Қазір латынға біз көшпейміз, бірақ ораламыз деп жатыр ғой. 10 жыл пайдалан­ғанымыз рас, бірақ ол ата-бабамыздан қалған мұра емес.

Елбасымыз өз мақала­сында бүгінгі сана қандай болу керек де­генге екі ерекше қасиетті алға тартты. Бірін­шісі – прагматизм, екіншісі – сананың ашықтығы. Осы екеуі латынға көшеміз деген іс жоспарымызға дөп келіп тұр. Өйт­кені, ақпараттың

90 пайызы осы латынмен қағазға басылып жатыр. Болашақ осы латын әрпінде.

Біз латынға көшкен беттегі қиын­дықтарды ескеруіміз керек. Яғни ла­тынға көшкен кезде бәріміз сауатсыз бола­мыз. Сауат­сыздықты жою деген науқан ұмы­тылмау керек. Өйткені, өмір бойы кирил­лицамен оқып келе жатқан біздер бірден латынша оқып, жазып кетеміз деп айта алмаймыз. Сондықтан бізге сауат ашуға уақыт керек. Екінші қиындық, біз латынға көшкен кезде мек­тептер қақ айырылып кете ме? Орыс тілді мектептер кириллицамен оқып, қазақ тілді мектептер латынмен оқи ма? Бұл тұтастығымызға сызат түсіруі мүмкін. Бір мемлекетте бір әліпби болғаны жөн. Осы мәселелерге мән берсек деймін. Латын әліп­биінің таңба­ланылуы, дыбыс­талуы – ма­мандардың шешетін шаруасы. Біз тарих­шылар мұның қоғамдық, саяси, рухани жағын ескертуді жөн санап отырмыз. Мектептерде жазудың тұтастығын барлық халыққа міндетті қылғанын қалаймын. Әйтпегенде, жазудың өзі халықты іштей жікке бөліп жібере ме деген қауіп бар, – деген профессор Х.Әбжанов халықтың көкейінде жүрген ойды жеткізді.

Ал Орыс мәдени орталығының төраға­сы Всеволод Лукашевтің Пушкин өлеңінен үзінді келтіріп, латын әліпбиіне қатысты айтқан пікірі жиналған қауымға майдай жақты.

–       Пушкин заманында екі кеңістік болды. Жұрт орыс тілінде сөйлегенмен, жазу тілі латынша болды. Бүгін Қазақ­станда өте орынды эволюциялық процесс жүруде. Қыз­мет бабына орай алыс, жақын шет елдерде жиі боламын. Әзірбайжан мен Өзбекстан латын әліпбиіне көшіп жатқан кезде, сол елдерде болдым. Онда нағыз төңкерістік қа­дамдар жасалған еді. Яғни халықты мәж­бүрлі түрде латынға көшірді. Соның салда­рынан қоғам қолдайтындар мен қолдамай­тындар болып екіге бөлінді. Біз сіздермен бірге 25 жылдан бері Тәуелсіз елде өмір сүріп келеміз. Осы уақыт аралы­ғында жаңа ұрпақ та өсті. Қазір бәрімізде телефон бар. Ондағы байланыс нөмірле­рінің жартысы кириллица­мен, жартысы латынмен жазылған. Ватсап қолданатын­дар кириллицамен жазса, телеграмм латын әріптерін қолданады. Жасы 50-ден асса да, 50-ге жетпегендер болса да, бүгін латынша жазылған мәтінді еш қиындықсыз оқиды. Бәріміз орыс және қазақ тілінде ауа-райы туралы хат аламыз. Сонда қай тілде болса да, хат латынмен жазылуда. Әлі күнге бір адам «хаттарыңды түсінбедік» деген емес. Рас қой. Факт бойынша біз латынға көшіп қойдық. Жастар біз айтпай-ақ латын әліпбиін қолданып жүр. Егер латынмен хат жазар болсаңыз, онда 160 таңба қолдана­сыз, ал қазақ не орыс тілінде жазып, кирилл әрпін таңдасаңыз, 100 таңба ғана пайдалана аласыз. Ал жастар үнемшіл, олар әрбір әріп тиын тұратынын біледі. Олар өзіне ыңғайлысын таңдайды. Сондықтан жастар бүгін латын әрпін қолдануда. Сол үшін бізге латынға көшу жайын талқылай бергенше, мұны заңдастыру керек. Болды, – деген В.Лукашевтің пікіріне зал ду қол соғып, ризашылық білдірді.

Елбасының латын әрпіне көшу жайлы бастамасын саясаттанушы, «Ұлт тағдыры» республикалық қозғалысының жетекшісі Дос Көшім  «өте батыл бастама» деп баға­лады. Дегенмен, мәселелер де жоқ емес.

–       Шәкәрім атамыздың «Үш анық» дегені бар ғой. Мен қазір латынға байланысты 3 анық емес нәрсені айтайын деп отырмын. Жаздың басында латын графикасы негі­зіндегі қазақ әліпбиіне байланысты жұмысшы тобы құрылған болатын. Мен сол жұмысшы тобының мүшесімін. Бірінші анық емес нәрсе, ол Парламентке ұсыныл­ған латын әрпінің жобасы. Өз басым таңғалдым, бұл біздің жұмысшы тобының жасаған нұсқасы емес. Мүмкін, соңғы кез­дері жасаған шығар. Себебі, мен 5 қыр­күйекте іссапарда жүрдім. Бұл ұсынылған нұсқаның авторын жақсы білемін. Менің студентім. Бірақ ол негізінен әдебиетші азамат. Ол институтта менің білуімше, фоне­тиктер жоқ. Бұлар негізінен әдіс­теме­лік бағытта жұмыс істейді. Біздің алдымыз­дан бірнеше нұсқа өтті, бірақ соңғы нұсқаны өз басым көрген жоқпын. Бұл таңғаларлық жағдай мен үшін бірінші анық емес нәрсе.

Екінші анық емес нәрсе — бұл жерде принципті екі-ақ мәселе бар. Бір дыбысты қос таңбамен береміз бе, жоқ әлде астын сызып, үстіне нүкте қоямыз ба деген мәселе. Менің ойымша, осы принципті екі мәселе шешілсе, басқа ешнәрсе жоқ. Біздің жұмысшы тобының алдына қойылған мәселе – бір дыбыс бір таңба болу керек, екіншісі, клавиатурадағы әріптерден шықпау қажет. Ақтөбеде де болдым. Қазір осы бірінші нұсқаны енгізу керек деген әкімшілік ресурс қосылған сияқты. Оны сол жердегі мамандар да растап отыр. Бірақ Президент «бұл бір ғана нұсқа, негізгі емес» деген болатын. Демек, екінші, үшінші нұсқа бар деген сөз. Бірақ Петропавл жастары Парламентке ұсынылған нұсқаны қолдап шықты дегенді көріп жатырмыз. Демократиялық елде әкімшілік ресурстың қолданылғаны өте бір ыңғайсыз жағдайға қалдырады. Ұсынылған нұсқаны қолдайық деген сияқты үгіт жұмыстары жүргізілген сияқты. Оны сол жердегі мамандар ашық айтты. Бұл – ұлттық мәселе.

Үшінші анық емес нәрсе, Президент «ұсынылған нұсқа жалғыз емес» дегенді айтты. Бірақ біз екінші, үшінші нұсқаны көре алмай отырмыз. Есіме Кеңес үкіметі кезіндегі сайлау түседі. Бір ғана канди­датура. Менің әке-шешем таңғы сағат 6-да дауыс беруге баратын. Кандидатура біреу-ақ, не үшін дауыс беретіндерін білмейді. Бізде де дәл осы сияқты. Егер Президен­тіміз бұл нақты ең соңғы нұсқа деп айтпаса, халықтың алдына екінші, үшінші нұсқа ұсынылуы керек еді.

Қазір бізге қазақ тілінде қанша дыбыс бар, соны анықтап алуымыз керек. Өйткені, әрбір адам ұсынған нұсқаларды қарасақ, дыбыс саны әр түрлі. Біз дыбысты аттап өтіп, таңба жөніндегі әңгімеге кетіп қалдық. Сондықтан біз дыбыстарымызды таңдап алмайынша, латынға көшу қиын болады.

Латынға көшу – отарсыздандырудың негізі деп айтар едім. Мемлекеттік әліпби керек сияқты деп айттыңыздар. Мемлекет­тік әліпби еш жерде жоқ. Әрбір ұлттың өз әліпбиі болады. Халық деген сөз бар, ұлт деген де сөз бар. Екеуінің айырмашылығы бар. Ең бірінші, халықты ұлт қылатын оның әліпбиі. Халықтың алдына 2-3 әліпбидің нұсқасы ұсынылуы тиіс. Солардың біреуін халық өзі таңдайды. 1939 жылдан бастап лексикамыздағы сөзжасам мүлде құрыды, ашығын айтсақ. Егер «самовар» сөзі 20–30 жыл бұрын кіргенде, оны біз сол күйінде қолданып, сол күйінде жазар едік. Бірақ ол сөз бізге самаурын болып кірді. Ал қазір біз орыстың сөздерін дәл бұлай кіргізе алмай­мыз. Өйткені, олардың әріптері қолданысқа кіріп кеткен. Сол 39-жылғы реформа Кеңестер Одағында жалғыз орыс тілі ғана үстем болуы тиіс деген мақсатпен жасал­ған болатын. Президенттің бұл латынға көшу бастамасы өте батыл бастама. Мен білсем, 90 пайыз халық қолдап отыр, – деді Дос Көшім.

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жұлдыз Омарбекова айтып өткендей, бұл жиынның көздеген мақсаты – латынға көшуге байланысты халықтың пікірін біліп, ұсынылған нұсқаға қатысты зиялы қауымның көзқарасын жинап, жұмысшы тобына ұсыну болатын.