Уағыз айту дұрысталады

%d1%83%d0%b0%d0%b3%d1%8b%d0%b7

Бүгінде ел ішінде кейбір уағыз айтушы имамдар жөніндегі жұрт пікірі ала-құла екеніне ешкімнің шүбәсі жоқ. Осыған орай, таяуда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы осы пікірді  ескере келе, уағыз айтудың бірыңғай әдебі мен тәртібін бекітуді қолға алуы құптарлық жағдай болып отыр. Оның үстіне, соңғы кездегі әлеуметтік желілердегі пікірлердің де ескерілгені деп білеміз.

Мұндай шешім Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы орталық аппаратының бас қосу жиынында қабылданғаны мәлім болды. Еліміз бойынша уағыз-насихат жұмыстарының бірыңғай тәртібі мен әдебі туралы арнайы ережені әзірлеу ҚМДБ уағыз-насихат бөліміне жүктеледі екен.

– Өздеріңіз жақсы білесіздер, әлеуметтік желілер мен электрондық ақпарат құралдарында кейбір тұлғалар уағыз айту барысында қоғамымызда қалыптасқан құндылықтарды, халқымыздың сан ғасырлық дәстүрі мен ғұрпын, жұртымыздың бай мұраларын ескермеуде. Сонымен қатар, мүфтият ғалымдары айтуы тиіс діни терең мәселелер төңірегінде үкім беріп, пәтуасын шығарып жіберуде. Соның салдарынан қоғамда азаматтар мен жамағат арасында түсінбеушіліктер көрініс тауып қалуда. Бұл мәселені дер кезінде қолға алып, уағыз айтудың бірыңғай әдебі, тәртібі туралы ереже қабылдауымыз керек, – деп атап өтті ҚМДБ төраға орынбасары, «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас имамы Серікбай қажы Ораз.