ТАҢНАН ТҰРЫП ТАЛ ЕГЕТІН ЕЛ

%d1%81%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d1%80%d0%ba%d0%b0%d0%bd%d0%b4

Бүгінде шет елге сапар шегу  көрші ауылға барып келгенмен бірдей болып қалды. Таң қылаң бере  жолға шығып, кешқұрым қай­тып келуге болады. Көршіміз  Қырғызстанда өтетін сайлау барысымен танысып келгенім сол еді, Қытай  елінің  «Синхуа»  агенттігінің  Өзбек­стандағы  тілшісі Саадат  бауырымыз телефон шалып,  өзі  қызмет  атқарып  жатқан елге қонаққа шақырды. Адамзат  өркениетінің  ежелгі көне еліне сапар шегудің реті осылайша аяқ астынан туын­дады. Білмеген жердің ой-шұңқыры көп екендігі мәлім. Көршіміз ғой дестік. Оның үстіне соңғы кездері екі елдің арасындағы қарым-қаты­нас жақсара түскен. Наурыз айында  екі елдің  қарым-қатынасын жақ­сарту мақсатында «Алматы – Ташкент»  және «Самарқан – Ташкент – Астана»  бағытындағы  алғашқы пойыз жолға шықты.  Қазақ пен өзбек халқының тамыры ортақ.  Қазақ «Өзбек – өз ағам» деп құрмет тұтады.  Өзбекстанда ресми емес  дерек бойынша  бір миллионнан астам  этностық қазақтар тұрады   деп айтылады.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Алматы — Ташкент — Алматы

Өзбекстан Республикасының прези­денті  Шавкат Мирзиеёвтің  үстіміздегі жылғы наурыз айында Қазақстанға жа­са­ған  ресми сапарынан кейін екіжақты қарым-қатынас арта түскен көрінеді. Келес бақылау кеденінен 1 сағаттай тексерілуден өттік. Бұрын бұдан да көп ұстайды екен. Келесі күні Ташкент қала­сындағы  тарихи-мәдени орындарын араладық.  Сапар басын Ташкент қала­сының қақ ортасындағы Төле би баба­мыздың кесенесіне  зиярат етуден баста­дық. Ташкенттің бұрынғысын білмедім, бірақ тап-таза қала екендігі  байқалды. Көшелерде дүңгіршіктер жоқ, тіпті ақша алмастыру орындары банктерде ғана жүзеге асырылады. Халқы қара­пайым киінеді екен. Айналасындағы көр­шілермен ұзақ уақыттар бойы қаты­настың болмағандығынан сырттан тауар әкелінбейтін көрінеді. Қолы жеткендер киім-кешекті Алматыдан алдыратын көрінеді. Кездескен адамдарымыздың да сұрайтыны осы болды. Біздің 20 мың теңгемізге өзбектің жарты миллионын алмастырасың. Қазақстандағыдай зәулім супермаркеттер жоқ.

%d1%82%d0%b0%d1%88%d0%ba%d0%b5%d0%bd%d1%82

Бір елдегі екі көрініс

Өзбекстан – алып жатқан аумағы бойынша  аса үлкен ел емес. Қашағанды қалпақпен ұрып қайырарлықтай, ашсаң алақаныңа «сыйып кетерліктей»  сиыр­дың  бүйрегіндей ғана бір етек ел. Сөйте тұра, сырын да, шынын да ішіне бүккен бұл мемлекеттің бір қызығы қай қыры­нан қарасаң да, бояуы да, болмысы да сан қырлы. Қасқа тісі қызыл иегін жарған жас бала сияқты, қара жердің миы шығып жатса да, жанкешті жұрт жапырағын жайқалтып, жап-жасыл желегін жайқалтып  өсіріп отыр  екен.  Жасыл желектің бәрі қарапайым еңбек адамының алақанымен тамыр жайыпты. Қысы менен жазы тең, ұлы менен қызы тең  бұл елде бала туса да, келін келіп, күйеу түссе де, түйенің мойын терісін­дей көн болып қатқан жерді күреп-аударып,  жаппай көшет еккендігі  көрген жанды сүйсінтеді. Ташкенттен шығып, жолай  Сырдария, Жизақ облыстарын басып өткенде  жолдың екі қапталын­дағы жайқалып өсіп тұрған  мақтаны көріп, мұны  өзбек  ағайындар  қашан  жинап  үлгіреді деп ойландық.  Кей тұс­тарда көргеніміз  нағыз еңбек  адамы­ның қан майданына  саяды.

Жел мен құз жеген, су тапшылы­ғынан безерген бетпаққа айналған даласын аялап, тауды үңгіп, тасты үгіп, тарихын түгендеуден тынбайды  екен. Соның арқасында археологиялық сәулет-құрылыс ескерткіштері есте жоқ ескі замандікі дейтін емес, кеше ғана іргесі қаланған сияқты көрінді. Қазіргі дәуірдің жәдігерлері һәм көне заманның мұраларын шаң қондырмай үкілеп, әспеттеп отырған мұражайы көп. Қалада түрлі  ұлт өкілдері көп сияқты көрінді. Ұлыстар сапырылыс­қан  бұл  шаһарда  тәжік, өзбек  тілдері­мен қатар, орысша сөйлейтін  жандар да көп көрінді.

Жалпы, өзбек ағайындар Орта  Азиядағы  халықтар арасында қалалық, отырықшы елге ерте айналған ел. Ерте заманнан сауда-саттықпен, бау-бақша өсірумен айналысқан жұрт.

Мемлекет тарапынан тұрғын үй бағ­дарламасы мұнда ертерек қолға алы­ныпты. Қала айналасында соңғы үлгі­мен салынған бір қабатты, бау-бақша егетін жері бар  әдемі үйлерді көп кез­дес­тірдік. Төлем құны да жағымды көрінді.

Қайсы өркениетті  алмаңыз, оның дамып гүлденуіне ықпал ететін ерекше бір қалалары болады.  Сондай  көне  шаһарлардың бірі – Самарқан. Ташкент пен Самарқан  арасында сағатына 200 шақырым алатын  «Афрасиаб» жүрдек пойыз  күніне екі рет жүреді екен.  Өз­бек­станға келетін туристердің бәрі Са­марқан, Бұхараға баратындықтан оған билеттер 15 күн бұрын сатылып кетіп­ті.  Біз жолға жеңіл көлікпен шық­тық. Жол бойы Сырдария, Жизақ  облыс­та­рының үстін басып өттік.  Жол  жайқа­лып тұр,  екі қаптал бау-бақша, мақта­лық. Жүргізушіміз Самарқанға  қарай бұрылған жолайрығына тоқтап,  аяғы­ңызды  жерге тигізіңіз, деді.  Таяқ тас­там жер, бұл – Қазақстанның жері.   Менің­ше, бұл – «Сырдария»  өткізу бекеті  болуы тиіс. Әзірге жүріп жатқан көлік жоқ, өткізу  тәртібі енді рәсім­деліп жатса керек.  Ойланып келемін, бұл жол есте жоқ ескі заманда даңқты ата-бабамыз өткен жол емес пе екен… Бір ойым айтады, бұл жол – Сырдария мен Әмударияның  аралығындағы  ұлан-ғайыр жерді алып жатқан  Мәу­реннахр  әміршілерімен  шайқаста  жеңіске жетіп,  Түркістан мен Самар­қанға дейінгі аралықта билік орнатқан  Жалаңтөс баһадүр бабамыздың билік құрған байтағы емес пе екен? Не болса да, барар бағытымыз Самарқан ғой…

Жол бойында Жизақ  облысының бір елді-мекенінде түстенуімізге тура кел­ді. Алдымызға Жизақ самсасын тарт­­қан аспазшымыздың  есімі – Жұ­магүл екен. Түр-келбеті қазақ қызына келеді. Әңгімеге тарттық, себебі, Өзбекстандағы  қазақ ағайындардың басым көпшілігі  осы Жизақ облысында тұрады. Байқұс қыз өзінің қазақ емес­тігін айтып безіл­деп қоя берді. Қорық­паңыз, алып кетпейміз, деп әзер қой­дыр­дым.

Қарынға ел қондырып, алға басып келеміз. Кенет тоқ тіршілікті меңзейтін көрініс өзгеріп сала берді. Жұпыны, жүдеу, жырым-жырым шоқпыт. Сөйт­сек, бұл жерлерде  тұратын  халықтың  ба­сым көпшілігі өзіміздің қазақ  аға­йын­­дар екен. Олардың жол  бойына  іліп  қойған  жазуларындағы «Жизақ  құр­ты»  деуінің  мәнін  енді  түсінгендей  бол­дық. Түсіп,  бір-екеуінен құрт алған­дай  болып, саудаласа жүріп әңгімеге  тар­тып көрдік.  Аты-жөндерінің  өзі Гүл­нұр, Тазагүл деп айтып  тұрғанын­дай қазақ екенін айтқаным далаға кетті. Мойын­дамайды, «иоқ, өзмекпіз» деуден айнымады. Мұндай жандарды қонақ үйде де жолықтырдық. Ешназар, Жәнібек деген  бауырларымыз да өзде­рі­нің қазақ екенін  мойындамады. Бірі – бұхарлықпын, келесісі – жизақ­тық­пын деп шыққан жерлерін айтудан әріге бармады.

Самарқанға келген бетте кешкілік  әйгілі Регистан тарихи-сәулет кешені­мен танысып, Жалаңтөс бабамыз сал­дырған Шердор және Тіллә қари мед­ресесін тамашаладық.

Самарқан – ІХ ғасырларда (889–1004 ж.ж.) Әмудария мен Сырдарияның екі ортасын алып жатқан Мәуреннахр   мем­лекетінің астанасы болған. ХІV  ғасырдың соңы мен ХV ғасырдың ба­сын­да Әмір Темір мемлекетінің аста­насы болды. Сол кезден күні бүгінге дейін  жеткен сәулет өнерінің небір ғажа­йып­тары көздің жауын алады. 1924 жылдан 1930 жылға дейін Самарқан Өзбекстан­ның астанасы да болды. Халқының  басым көпшілігі тәжіктер мен өзбек­тер, бұхарлықтар. Келесі күні Гүр-Әмір мавзолейіне барып зиярат еттік. Жолай Әмір Темірдің немересі Ұлық­бек мыр­заның  обсерваториясына бар­дық.

%d0%be%d1%80%d1%82%d0%b0-2

Қаланы  42 жыл

билеген әміршінің атында көше жоқ

Өзбекстан Президенті  Ислам Кари­мов жерленген Шахи–Зинда тарихи кешені  күрделі құрылыс жүргізілуіне байланысты жабық екен.  Самарқанның Регистан алаңынан  жоғары көпшілік халық  жүретін жерге Ислам Каримов­тың  алып ескерткіші  тұрғызылыпты.

Самарқанды қырық жыл билеген  Жалаңтөс  бабамыздың  бұл  шаһарда  ұмытылмас  ізі  қалса да,  оның  атында  көше, алаңды  көре  алмадық.  Өзбек  ағайындармен қаншама жыл айтысып-тартысып жүріп оның түбі қазақ  екенін  дәлелдегенмен, ол біздің сол ұғымы­мыз­бен  ғана  қалып  қойған. Бабамыз­дың салған алып ескерткішін аралап жүріп, гидті әңгімеге тарта отырып, өзімнің Жалаңтөс баһадүрдің  ұрпағы екендігім­ді  айтуым да бекерге кетті. Бұл жердегі бар кінәрат бабамыз туралы тақтаға оның кім және қайдан шыққандығының  жазылмауында болып тұрған сияқты.

Самарқан мың-сан құпиясы бар қала. Туризмнің құдіретіне қараңыз, бұ­рын көшелері ирелеңдеп жатқан кент­ті енді мүлдем танымайсыз. Тар­тымды, әсерлі.

Регистан – «Шығыстың інжу-маржаны» деп аталады. Оның тарихы бай. Жергілікті атқару билігі соның шашауын шашпай, қайта қалпына кел­тіріп жатқаны байқалды. Өз тарихына қатысты дүниелерді былай қойып, осы жерді мекендеген басқа да көне халық­тардың жәдігерлерін жаңалап, әлем жұртының назарына ұсынуда.Көне тарихи орындарды көруге әлемнің түкпір-түкпірінен  туристер үзілмейтін көрінеді.  Қала  қысы-жазы  саяхатшы­лардан арылмайды екен. Қалада не көп,  қонақ үйлер көп. Жеке үйлердің аула­сында да баққа оранған қонақ үйлер көп болып шықты.

Мұнда ауа-райы Үнді  мұхитынан соға­тындықтан, қыста жылы әрі жұм­сақ келеді де, ал жазы ылғалды болады екен. Ең салқын дегеннің өзі қаңтар, ақпан айларында 10, ары кетсе 5 гра­дусқа ғана төмендейді. Ал шілде, тамыз айларында күн орташа есеппен 35–40 градусқа дейін көтеріледі. Сондықтан да болар, Самарқан көшелерінен жайқа­лып өсіп тұрған  ағаштардың қыстың қалың  ортасына дейін жап-жасыл болып тұрғанын  көруге болады. Сырты жалаңаш келетін терек пен емен ара­сындағы талдарды да жиі кездестіресіз.

Әуежай қаладан 20 шақырым жерге орын тепкен. Қалаға  аспалы трамвай желісі жаңадан  орналастырылыпты. Бұл – жолаушылар үшін өте ыңғайлы көлік түрі болып отырған көрінеді. Трамвайлар  Ташкент  қаласынан көші­ріліпті. Жалпы, халық арасында  бола­шақта Өзбекстан астанасын осы  Самар­қанға  көшіреді  деген  сыбыс бар. Оған  қаладағы  инфрақұрылымның  жедел  жүргі­зілуі  дәлел болады.

Қала түгелдей көгілдір отынға көші­рілген. Көшелерде сыпсыған жанармай сататын орындар атымен жоқ. Барлық көліктер көгілдір отынмен жүргізіледі. Кешкілік бақылаусыз қалдырылған көлігіміздің жанармайын әлдекімдер үптеп кетіп, әбден әуреге түстік. Жа­нар­майды жеке сектордағы алыпсатар­лардан сатып алуымызға тура келді.

Қалада тарихи, көне ғимараттар да өте көп. Солардың арасынан мыналарды атап өтуге болады:  Регистан  алаңы, Ақсақ  Темір мәңгілік  мекен  тапқан  кешен­ді комплекс, Ақсақ  Темірдің  әйелі  Бибі  анамызға  орнатылған алып мұражай   комплексі,  Ұлықбек  мырза­ның  обсерваториясы мен  ғимараты және басқалары.

Қалада  бос жатқан алаңқай көрмей­сің. Ойлы-қырлы, бірде биік, бірде төмен, бірде кең, бірде тар көшелерінде адамдар легі оңды-солды ағылуда. Мұндағы ерекше тәнті еткен нәрсенің бірі – қоғамдық көліктер мен үлкен автобус жүргізушілерінің шеберлігі. Қуықтай тар көшелерде суда жүзген балықтай еркін. Жүк артқан ауыр салмақтылары да шабақтай қалқиды. Боқтасып, жаға жыртысушылар жоқ. Шіркін-ай, қарапайым тірлік қылатын мына  жүргізушілерден үйренсек нетті дедік. Халқы  қарапайым,  мейірімді. Алысу-жұлысу  жоқ, бірақ  кембағалдар мен қайыршылар  жолыңды бөгеп жүргізбейді.

%d0%be%d1%80%d1%82%d0%b0-1

Парсылық, бұхарлық, хорезмдік мәдениеттер тоғысқан бұл қала нағыз өркениетті мәдениет орталығы болып қалыптасуында Жалаңтөс  бабамыздың ерлік істері мол болған деседі. Самар­қан­ның ғылым мен білім ордасына айналуына астрономиялық ілімнің классикалық үлгісін жасаған Ұлықбек мырзаның Шығыс мемлекетінің жұлды­зының жарқырай түсуіне  ықпал еткені анық.

Иә, тарих көші керуенін тоқтатпақ емес. Өзін тойдырса да, көзін тойдыра алмаған бұл жалған – жер бетін түгел жаулап, дүниені ашса – алақанында, жұмса жұдырығында ұстағысы келген, «Хандардың ханы, патшалардың пат­шасы» атанған Александр Македон­скийдің де бұл жерде  ізі қалыпты.