ТАРИХИ ТАҢДАУ

%d1%81%d1%83%d1%80%d0%b5%d1%82-%d0%b0%d0%b3%d0%b0

Бауыр басу

«Әкетай, Астанада қала берейікші! Маған бұл жер қатты ұнады. Енді басқа қалаға бармайықшы, жарай ма?».

Бұл – Мәриям қызымның бірінші сыныпқа барған кезде айтқан өтініші, бала тілегі еді. Үлбіреген үмітін бірден үз­бейін деп: «Жарайды, қызым!», – дедім.

Қызмет бабымен бірнеше қалада тұрдық. Бірақ Астанаға бірден бауыр басып қаламыз деп ойламаппыз. Өйткені, әуелгіде «Астанада алты ай суық, алты ай қатты суық екен» деген сөздер біздің де санамызды билеп-төстеген. Сібірге бара жатқандай, қалың киімдерді ақшаның бетіне қарамай сатып ала беріппіз…

Осы үрейдің бәрі енді үмітке айнал­ды. Басқа қалаға барған бойда балала­рым: «Қашан Астанаға жетеміз», – деп мазалай бастайды. Өзіміз де үйден екі күнге кетсек, Астанаға аңсарымыз ауып тұрады. «Өз үйім – өлең төсегім»,  дегені осы болса керек.

Саф ауа, жайлы табиғат, тұрақты қызмет, діттеген жеріңе жылдам жету – еріксіз өзіне баурап алған негізгі фак­тор болды. Бұл – Елордаға тән магнит күші екен. Өйткені, Астана – Елбасы­ның «жеті рет өлшеп, бір рет кесіп», сөйтіп, 32 өлшемге (жан-жақты талап­тар бойынша) салып, таңдауы түскен ерекше қала. Президенттің осы жас қаланы Қазақ Елінің жаңа астанасы ету хикметін енді сезіне бастадық.

 

Ақиқатқа айналған арман

Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1997 жылғы тарихи таңдауы мен шешімі, сөз жоқ, кешегі боздақ бабалардың ұлы арманы еді. Алаштың ардақты ұлдарының бірі Әлихан Бөкейханов «Григорий Нико­лае­вич Потанин» атты мақаласында: «Қазақты автономия қылсақ, Қара­өткел – Алаштың ортасы, сонда уни­вер­ситет салып, қазақтың ұл-қызын оқыт­сақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шы­ғарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржа­қып­ты тапқан қазақтың кім екенін Еуро­па сонда білер еді-ау», – деп жазады.

Қараөткел, яғни қазіргі Астана – қазақтың жаңа Елордасы. Халық­аралық дәрежеде университет салынды. Қазақтың ұл-қызы әлемдік деңгейдегі іргелі жоғары оқу орындарында оқып жатыр. Қазақтың киелі топырағынан шық­қан Шоқан, Абай, Ахмет, Міржа­қыпты Еуропа тануда. Берісі Азия, арысы Еуропа елдерінің басын бірік­тірген Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына ТМД бойын­ша тұңғыш рет Қазақстан төрағалық етті. 2010 жылы ел кіндігі Елордада өткен әлемдік тарихи шара – ЕҚЫҰ саммиті күллі дүние жүзін өзіне қаратты. Әлемдік қауымдастық сан ғасырлық тарихы бар қазақтың іргелі ел, жоралы жұрт екендігін таныды.

Әлиханның арманы – бүгінгі – шындық, ертеңгі – тарих. Біз – ХХІ ғасыр­дың ұрпағымыз. Ал кешегі мен бүгінгі заманды көрген көнекөз қария­лар тәуелсіздіктің қадірін бізден гөрі жақсы біледі. Қазақтың өз алдына ел болуын тілеген текті бабалардың дұғасы қабыл болған екен. Қасиетті хадисте «Атаның ұрпағына жасаған тілегі қа­был» делінген. Тәуелсіздікке өздері жете алмаса да бүгінгі ұрпағы жетті. Аллаға шүкір! Алайда, кешегі арыстар мен боздақтардың қанымен келген егемендікті сақтап қалу – бүгінгі ұрпақ­қа сын, асыл міндет, үлкен аманат.

 

«Рухани дипломатияның» ордасы

Астана – тек саяси шешімдер мен тарихи шаралардың ордасы емес. Сонымен қатар, Елорда – халықаралық дінаралық келісімнің, бейнелеп айтқан­да, әлемдік «рухани дипломатияның» орталығы. Бүгінде бүкіл дүние жүзінде діни алауыздықтар өршіп, оның соңы шиеленістер мен күйзелістерге ұласуы Астанада өтетін Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің маңыздылығын күн өткен сайын арттыруда. Рухани дағ­дарыс шарпыған осынау өтпелі кезеңде әлем жұрты Астананың діни диалогқа бастаған игі қадамдарына мұқтаж екен­дігін саналы түрде сезініп келеді. Өйт­кені, рухани құндылықтарсыз дағдарыс­тан құтыламын деу – о бастан шикі шешім екендігі белгілі еді.

1998 жыл, 10 шілде. Қазақ халқының жаңа елордасы – Астананың тұсауы кесіл­ді. Осы жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астанаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары мәртебе беріліп, медальмен марапатталуы заңды құбы­лыс еді. Бас қалаға берілген айрықша құрмет пен марапат өзін ақтады. Бүгінде жас Астана бірлік пен бейбітшіліктің алтын бесігіне айналып үлгерді. Елорда – тұрақтылық пен татулықтың, рухани келісім мен ізгіліктің символы.

Сарыарқа төсінде дүние жүзіне жол­данған салиқалы сөздер, ұйымшыл­дыққа ұйытқан үндеулер, ымыраға бастаған игі жобалар халқымыздың діні мен ділін, салты мен шынайы қалпын әлем алдында асқақтатты. Осы жазда өткен EXPO-2017 халықаралық көрме­сі жас мемлекетіміздің білім мен ғылымға ұмтылысын бүкіл елге паш етті. Қа­зақстан әлемге қазіргі ғылыми жетістік­терді танытты, әлем қазақтың жан-жақты жетістіктерін таныды. Алма­тыны – Астанаға көшіру – тәуел­сіздік жылдарындағы тамаша жетістік­теріміздің бірі. Бұл – егеменді еліміздің тарихында алтын әріптермен жазылған ұлы оқиға. Оған шүбә жоқ.

 

Өмір сүрудің «астаналық мектебі»

Астана бізге әлемдік дамудың қалта­ры­сынан қалыс қалмауға үйретті. Қазіргі нарық жағдайына сай үйлесімді тіршілік етуге бейімдеуде. Байқағаным, өмір сүрудің «астаналық мектебі» көп адамды ширатуда. Қала жалқаулықты жақтырмайды екен. Мақсатсыз үмір сүруді де мүлде ұнатпайды. Ертең не істе­сем екен деп тұрасың. Жоспар құ­рып, жүйелі жұмыс жасауға дағдыла­насың. Өйткені, қаланың қарбалас тіршілігі бос жүруге дес бермейді. Бір күн бос жүрсең өзіңді өмірден қалып қойғандай сезінесің. Тіпті, баспаналы болуға деген ұмтылыс ертеңге үміт сыйлайды. Осы жолда ерінбей еңбек етуге тәрбиелейді. Қысқа қайырғанда, Елорда – үкілеген үміттер қаласы.

Астананың рухани келбеті өз алды­на бір әңгіме. Әуежай маңында салын­ған «Әлжан ана» мешіті қалаға кірген әр шетелдік азаматты қандай елге келгенін бірден сезіндіреді. Әуеден әуе­жайға төмендей бастаған ұшақ терезе­сінен ең әуелі мешіт мұнарасы менмұн­далайды. Елбасының «Нұр Астана» мешітінің құрылыс жобасын талқылау барысында сол кездегі Бас мүфти Әбсат­тар қажы Дербісәліге қарата: «Шетелдік азамат­тар мұсылман еліне келгенін сезінуі тиіс», – деп айтқан сөзінде үлкен мән бар.

Астанада әр 3 жыл сайын өтетін Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің съезі Қазақ Елінің бейбітші­лікті мұрат тұтқан мұсылман жұрт екендігін әлемге танытып келеді. Қазақ топырағында бұрын-соңды болмаған, ТМД елдері бойынша теңдесі жоқ «Әзірет Сұлтан» мешітінің әсем шаһар­да бой көтеруі еліміздегі мұсылман қауы­мының еңсесін көкке көтерді. Бас қаланың сәулетіне айрықша көрік бер­ген республикалық бас мешіт санау­лы жылдар ішінде білім мен ғылымның, діни оқу-ағарту саласының рухани орда­сына айналды. Астана рухани кемелде­нуді көздейтін кез-келген адам үшін де таптырмас мол мүмкіндіктер қаласы.

Сайып келгенде, осынау нығметтің, игіліктің, жақсылықтың бәрі әуелі Алланың қазақ жұртына берген сыйы, жаңа елорданы таңдау бақыты бұйыр­ған Елбасының ерен еңбегі, ғасырлар бойы тәуелсіздікті аңсаған халқымыз­дың қайта бүр жарған үкілі үміті. Алла Тағала ұзағынан сүйіндірсін!

Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы

Баспасөз бөлімінің меңгерушісі.

Астана қаласы.