МЕКТЕП МЕЙІРБИКЕСІНІҢ БАСТЫ МІНДЕТІ

Нұржамал БАЙСАҚАЛ

8-1

Қала бойынша өткізілген «Мектеп оқушыларына сапалы медициналық қызмет көрсету» айлығы аясында №8 емхананың бас мейірбикесі Г.Сыздықова мектеп мейірбике­леріне арнап шұғыл жағдайларда балаларға алғашқы көмек көрсету төңірегінде дәріс оқып, шеберлік сыныбын өткізді. Шеберлік сыныбы барысында мейірбикелер балалар арасында жиі кездесетін жара­қаттану, тамақтан улану, жедел аллергиялық реакциялар кезінде көрсетілетін медициналық көмектер төңірегіндегі білім-біліктіліктерін жетілдіріп, тәжіри­белерін ортаға салды.

 

ҚОЛ ЖУУДЫҢ ДА ӨЗ ТӘРТІБІ БАР

Емхана аумағына қарасты №58, №66, №75, №109, №144, №167 мектеп оқушылары үшін №8 емхананың дәрігерлері денсаулық туралы Ашық сабақ өткізді. Ашық сабақта дәрігерлер оқушыларға денсаулықтың басты кепілі болатын жеке бастың тазалығы, қол жуудың тәртібі, жарақаттанулардың алдын алу, дене шынықтырудың тәртіптері туралы айтып, оқушылардың сауалдарына жауап берді.

 

ДҰРЫС ТАМАҚТАНУ – ДЕНСАУЛЫҚ КЕПІЛІ

№8 емхананың қызметкерлері «Мектеп оқушыларына медици­налық қызмет көрсетудің сапасын жақсарту» айлығы аясында бала­лардың денсаулығын тексерумен қатар, оларға сол денсаулықтың ең басты кепілі – дұрыс тамақтану, дене қимылының белсенділігін арттыру төңірегінде әңгімелеп, белсенді дене қимылының ден­саулықты сақтаудың ең басты тетігі екендігін түсіндірді. Бұл маңызды іс-шараны №144 мектеп оқушылары үшін емхананың профилактика бөлімінің жоғары санатты дәрігері О.Н.Прилепкина өткізді.

 

ӨМІРІМДІ САҚТАЙМЫН ДЕСЕҢ, ЖОЛДА АБАЙ БОЛ!

Ойын баласы жолдан жүгіріп өтуді де ойын санайтын шығар. Жыл сайын жолдағы осы бір абайсыздық пен асығыстықтың салдарынан қаншама бала жол-көлік апатына ұшырап,  жарақат алып қайтыс болып жатады. Емхана дәрігерлері  айлық барысында осы мәселені де естен шығармай оқушы­ларға жолда жүрудің тәртібі, жол ережелерін сақтаудың маңызды­лығы туралы арнайы семинар өткізіп, жол-көлік апатына ұшы­раған балаларға алғашқы медици­налық көмек көрсету бойынша шеберлік сыныбын өткізді.

 

ПАПА, МАМА ЖӘНЕ МЕН

Емхана дәрігерлері мен мейір­бикелерінің ұйымдастыруымен №109 мектепте өткен спорттық іс-шара осылай аталды. Жарыстың аталуының өзі айтып тұрғандай, жарыс барысында ата-аналар өз балаларымен спорттық ойындардың әр түрі бойынша жарысып, өздерінің спорттық белсенділіктерін байқатты. Жарыста тек спорттық ойындар ғана емес, әр отбасының өнері де ортаға салынды. «Ұлттық Отбасы күні» мерекесімен тұспа-тұс келген бұл іс-шара балаларға да, ата-аналарға да көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.

 

МЕНІҢ МЕКТЕПКЕ  БАРАТЫН ҚАУІПСІЗ ЖОЛЫМ

«Мектеп оқушыларына сапалы медициналық көмек көрсету» айлығы аясында №29 емхананың дәрігерлері мектеп оқушыларының жол жүру қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлді. Оның себебі де жоқ емес, жыл сайын елімізде жол жүру ережесін  дұрыс сақтамау мен асығыстықтың салдарынан жүздеген бала жарақат алып, тіпті мүгедек болып қалып жатады. Қайғылы жағдайға тап болатындар да жоқ емес. Осындай қауіп-қатердің алдын алу мақсатында емхананың психолог мамандары Г.П.Долженко мен А.Шынәсілова оқушылармен жолда жүру тәртібін сақтаудың маңыз­дылығы, сақтансаң сақтаймын деген сөзді өмір қағидаларына айналдыру төңірегінде әңгімелеп, оқушылардың сауалдарына жауап берді. Жол қауіпсіздігін сақтауға арналған дәріске жол-көлік оқиғасын басынан өткеріп, соның салдарынан ден­саулықтарына зиян келген балалар қатысып, замандастарына жолда жүргенде абай болу туралы кеңес берді. Дәріс қорытындысы бойынша әр оқушы «Менің мектепке баратын қауіпсіз жолым» атты өзінің мектепке  келіп кететін жолдың сызбасын жасады. Сондай-ақ, емха­на дәрігерлері осы акция аясында оқушыларға «Аурудың алдын алудың маңыздылығы» атты тақырыпта семинар-тренинг өткізсе, емхананың «Жастар денсаулығы» орталығының еріктілері тұрғындар арасында күнделікті өмірде жиі кездесетін қауіп-қатердің алдын алу төңірегінде әңгіме өткізді.

 

АЛПЫСТАН АСТЫҢЫЗДАР…

Иә, адам баласының жасы ұл­ғайған сайын басы ауырғыш, балтыры сыздағыш келетіні бар. Бұл ретте 2016–2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік  бағдар­ламасында тұр­ғындардың денсау­лығын жақсарту үшін профи­лактикалық іс-шараларға басым бағыт берілген. Соның бірі – тұр­ғындарды жасына қарай скрининг­тен өткізу. Жуырда №29 емхананың дәрігерлері мен психолог мамандары Г.П.Долженко мен А.Шынәсілова, А.Көдекованың ұйымдастыруымен «Қарттар айлығы» аясында С.Ж.Ас­фендияров атындағы  ҚазҰМУ-нің неврология және нейрохирургия кафедрасының профессоры С.Тұ­рысбекова мен кафедраның PһD докторанты Р.Т.Цойдың, Сидней университетінің қоғамдық денсау­лық мектебінің және Мәли Жапақ­ұлы басқаратын аудандық қоғамдық денсаулық комитетінің мүшелері бірлесіп, алпыс жастан асқандар арасында жиі кездесетін кәрілікке тән ұмытшақтық, еске сақтау қабілетінің төмендеуі, жүйкенің бұзылуы, ұйқысыздық секілді дерт­тердің алдын алу мақсатында сауал­на­малық негізде тексеру жүргізіп, кәрілік сырқаттары сыр бере баста­ған адамдарға ақыл-кеңес берді.

 

АДЫМДАП ЖҮРСЕҢ, АЛҚЫНБАЙСЫҢ

Биылғы Дүниежүзілік Денсаулық сақтау күнін қала жұрты адамның өз денсаулығын өзі жақсартуға мүм­кіндік беретін жағдайлар аясында атап өтті. Панфиловшылар саябағы­нан адымдап жүру мара­фонынан басталған іс-шара Респуб­лика сарайы алдындағы «Денсау­лық» қалашығында жал­ғасты. Онда келген әрбір алматылық өз денсау­лығы жайында ақпарат алып, қанының құрамындағы қант пен холестерин мөлшерін анықтап, дене салмағын өлшетіп денсаулық­тарын толық тексеруден өткізіп, қала емханаларының білікті мамандары­нан ақыл-кеңес алды. Бұл іс-шараға №29 емхананың дәрігер­лері де белсенділікпен атсалысты. Адымдап жүру жаттығуын күн тәртібіне енгізіп алсаң алқынбайсыз және қан қысымыңызды, дене бітіміңізді ретке келтіре аласыз, дейді адымдап жүру марафонына қатысушылар.