Марат АБДУЛЛАЕВ, №7 қалалық аурухананың бас дәрігері, қалалық мәслихат депутаты: ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЛАТЫН ҚАРПІНЕ КӨШУ ОҢАЙ БОЛАДЫ

Нұржамал ТЕГІНБАЙҚЫЗЫ

Қаламыздағы №7 қалалық  клини­калық аурухана ұжымы   қазақ тілінің латын  графикасындағы  бірыңғай стандартын енгізу  мәселесін талқылап, латын қарпіне көшу төңірегіндегі өз ой-пікірлерін ортаға салды.  Жиналысқа Қоғамдық сананы  жаңғырту бағдарла­масын іске асыру, елдің одан әрі қарыш­тап дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық  комиссияның мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Георгий Васильевич Кан қатысты.   Аурухана дәрігерлері  еліміздің бола­ша­ғына, өзге елдермен иықтасып тең тұруына даңғыл жол ашады, қазақ халқының беріктігін нығайтады  деген үлкен үміт артылып отырған латын қарпі төңірегінде ойларын ашық жеткі­зіп, ондағы жаңа мүмкіндіктермен қатар,  көкейлерінде жүрген екі орта­да қалып қоймаймыз ба деген де  пікірлерін  ортаға салды.   Жиынды алғы сөзбен аш­қан бас дәрігер Марат Абдуллаев  дәрігерлерге латын қарпіне көшудің  қиындық  тудыра қоймайтындығын,  тек шынайы ықылас пен үйренуге деген  ұмтылыс болса,  латын әліпбиіне өтудің ешқандай қиындығы жоғын   жеткізді. Ал профессор В.Г.Кан  еліміздегі осы бағытта және Елбасымыздың  «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бойынша дәл қазіргі кезеңдегі қолға алынып   жатқан  ең басты,  соның ішіндегі рухани жаң­ғырудың басты негізі болып отырған  қазақ  тілінің  латын әліпбиіне  көшу мәсе­лесіне терең тоқталды.    Көршілес мемлекеттер Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан республикаларының латын әліпбиіне көшу  тарихы мен тәжірибелерін мысалға келтіре отырып, латын әліпбиіне көшудің бірқатар артықшылықтарына тоқталып, бұл істе тіл мамандарына үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғандығын баса айтты. Латын әліпбиінің болашағына бағдар жасаған бұл жиынды   емдеу мекеме­сінің басшысы, мәслихат депутаты Марат Шәдібайұлы қорытындылап, әріптестерін еліміз өміріндегі ең маңызды міндет болып отырған латын қарпіне көшу жұмысында белсенді болып, осы істің алға жылжуына өз үлестерін қосуға шақырды.

Латын әліпбиінің әліппесімен жақсы таныс дәрігерлердің латынша жазуда қинала қоймайтындығын  айтқан бас дәрігер, «қазақ тілі ол біздің рухани негізіміз. Осы жолда тілдің халықара­лық мәртебесін көтеру біздің  өрке­ниетке жетуіміздің басты кепілі. Соны­мен бірге, жаңа әліпби әлемнің түк­пір-түкпірінде тарыдай шашылып жүрген қандас  бауырларымыздың басын бірік­тіруде алтын көпір болады. Сол себепті, бұл мәселеге енжар, немқұрайлы қарап, қателікке ұрынбау жағын көбірек ой­лауымыз керек», – деді. Иә, тіл мәсе­лесі немқұрайлылықты көтере алмайды,  бұл іске кез-келген азаматтың жауап­кершілікпен қарағаны жөн. Қазақ тілі­нің латын әліпбиіне өтуі қазақ халқы­ның жаңа ғасырдағы жаңа тарихына тағы бір сын болып тұрғанын ескерсек, осы сыннан сүрінбей өту үшін   тарих ғылымдарының докторы, профессор қоғамдық сананы  жаңғырту бағдарла­масын іске асыру, елдің одан әрі қарыштап дамуын қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі В.Г.Кан мырза айтқандай, латын әліп­биіне  кезең-кезеңмен өтудің  нақты бағдарламасы жасалып, сол бойынша атқарылатын жұмыстарды қазірден бастап қолға алуымыз керек.  Әзірбай­жан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді  латын әліпбиін Тәуелсіздігімізге қол жеткізген алғашқы жылдары   қолға алғанымызда,   дәл қазіргідей  көп үрей­лене қоймас едік.  Бірақ  ештен кеш жақсы деген  емес пе, ынта мен ықыла­сымыз оң болсын дегіміз келеді.