КОММУНАЛДЫҚ ҚАРЫЗДАРДЫ ҚАЙТАРУ ҮШІН РЕЙД ЖҮРДІ

1452761112_1438840040_blocked-drains

«Ақшамның» оқыр­мандарының есінде шығар, бұған дейін біз бірнеше рет Алматы тұрғын­дары­ның коммуналдық қызметтерге қарызы 2 млрд. теңгеден асып кеткенін жазғанбыз. Тіпті, бұл мәселе өткен айда үкімет деңгейіне дейін көтерілген болатын. Соған орай қала әкімі Бауыржан Байбек аудан әкімдерімен арнайы жиналыс өткізіп, онда коммуналдық қарыз атаулының тез арада жойылуына тапсырма берген-тұғын.

Құттыбек АЙМАХАН

Өткен апта соңында Бостандық ауданы әкімі аппаратында коммуналдық қызмет басшыларының қатысумен үлкен жиын өтті. Онда аудан әкімінің орынбасары Серік Әділбаев биылғы жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бо­йынша тек  Бостандық ауданында деби­торлық қарыз 509,69  млн. теңгені құра­ғанын атап айтты. Оның айтуы бойын­ша, аудан тұрғындары коммуналдық қызмет көрсетуші кәсіпорындардың ішінде «Алматы жылу желілері» ЖШС-не – 402,90 млн., «Алматы Су холдингі» МКК-на – 57,52 млн., «Алматы энерго тарату» ЖШС-не – 41,84 млн. және «ҚазТрансГаз» АҚ-на – 7,43 млн. теңге қарыз болып қалған.

Міне, осы жағдайға орай Бостандық ауданы әкімдігінде дебиторлық қарызды жою мақсатында арнайы алты жұмыс тобы құрылды. Содан кейін қатарында аудан әкімі аппаратының қызметкер­лері мен «Алматы жылу желілері» ЖШС, жергілікті өзін-өзі басқару комитеті, пәтер иелері кооперативтері және жергілікті полиция қызметінің өкіл­дері бірлесе аудан тұтынушыла­рының коммуналдық қызмет көрсетуші­лер алдындағы дер кезінде төленбеген қарыздарын азайту бойынша бірлескен рейд өткізіп, берешектері бар үйлерді аралап шықты.

Сөйтіп, олар биылғы жылдың 25 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында жалпы сомасы 101 942 692 теңге қарызы болған 1310 пәтерге барған. Дегенмен де бұлардың ішінде барлық қарызы 16 041 903 теңгені құраған тек 136 пәтер иесі ғана үйінен табылған. Тіпті, олардың ішінде  5 137 862 теңге берешегі бар 86 пәтер иесі өз қарыздарын тексеріс рейд өткен күні-ақ төлеп құтылуға тырыс­қан. Сонымен қатар, осы рейд бары­сында аталған жұмыс тобының қаты­суы­мен жеке тұлғалар пайдаланған жалпы сомасы 290,23 млн. теңге болатын ыстық су мен жылуын өшіріп тастау жұмыстары қолға алына бастады.

Нәтижесінде алғашқы рейд кезінің өзінде-ақ осындай жұмыстар арқасында барлығы 23 000 655 теңге өндіріліп алынған. Оның үстіне жұмыс тобымен іс барысында жалпы сомасы 1 820 890 теңгені құрайтын 41 сотқа дейінгі талап-ескертпелер берілген. Алайда, жұмыс тобы мүшелері 915 пәтерді тексере алмағанын атап айтқан жөн.

Бостандық ауданы аумағында жүргі­зілген қарызы бар тұрғындармен бұл күреске ПИК қызметкерлері де жұмыл­дырылып, олар қарыздарын қасақана төлемей жүргендер тұратын үйлердің подъездері мен лифттеріне берешегі бар­лардың тізімін ілумен болды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса береді.

Жалпы алғанда, қала әкімінің тапсыр­масына байланысты өткен жылу маусымынан қарызбен шыққан алматы­лықтардан бүгінгі күнге дейін барлығы 700 млн. теңгеден астам қаржы өндіріліп алынды.