ЖАҢҒЫРУ ӨЗЕГІ – ҰЛТТЫҚ ДҮНИЕТАНЫМ МЕН ДІНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДА

Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде осындай тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

img_7135

Ұлт көшбасшысы, ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын көзіқарақты, көкірегі ояу әрбір жан оқыды және жан-жүрегімен түсініп, сезінді. Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаевтың бұл еңбегін ұлттық рухани өсіп-өркен­деуіміз бен кемел­денуіміздің бағдарламасы деп қабылдаған жөн.

Жыл басында Президент Қазақстан хал­қына арнаған Жолдауында Еліміздің үшінші жаңғыруы басталғанын жария еткен еді. Бұл әлемдегі ең дамыған 30 елдің қата­рына қосылуға бағытталған айқын мақсат жолындағы қайта түлеудің айрық­ша маңызды екі процесі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыру қолға алынды.

Қазақстанның үшінші жаңғыруы мен бағдарламалық мақаланың арасында бір-бірін толықтырып тұрған тығыз байланыс бар. Ұлт көшбасшысының айтқанындай, «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісіміз­ден озып жүруі, одан бұрын жаңғы­рып отыруы тиіс».  Бұл саяси және эконо­микалық жаңғыруларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналды. Шын мәнінде Елбасының бұл мақаласы – мазмұны тым терең, қоғамдық сана мен ұлттық құндылықтардың дамуын жаңа сапаға көтеретін еңбек.

Осы орайда Шет тілдер және іскерлік карьера университетінде «Жаңғыру өзегі – ұлттық дүниетаным мен діни құндылық­тарда» атты ғылыми-тәжірибелік конферен­ция өтті. Оған университет профессор-оқытушылары, Алматы қаласындағы жоғарғы оқу орындарының ғалымдары қатынасты. Конференцияны университет ректоры, доктор, профессор Сабри Хизмет­ли мырза ашып, Елбасының қазіргі жүргі­зіп отырған саясатының кемелдігін, «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдар­ламалық мақаланың  бүгінгі қоғам үшін үлкен маңызы бар екендігін айтты.

Конференцияда доктор, профессор Сабри Хизметли «Ұлттық және рухани құндылықтар», университет профессоры У.Әбдіхалықов «Рухани жаңғыру өзегі – ұлттық діл мен діни құндылықтарда», «Ғылым Ордасы» РМК бас директорының ғылым және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., Н.Сейдін «Мәде­ни құндылықтардың жаңғыруы және ұрпақаралық сабақтастық – ұлттық коды­мыздың дамуы», Нұр Мүбарак Египет – Ислам мәдениеті университеті профессоры А.Дүйсенбаева «Жаһандану кезеңіндегі ұлттық дүниетаным құндылықтарының маңызы», ф.ғ.к., Н.С.Қадырниязов «Ұлт­тық менталитет және діни құндылықтар», т.ғ.к., Т.А.Бекбаева «Қазақ халқының дүние­танымы – бүгінгі рухани жаңғыру аясында», ф.ғ.к., Қ. Ахмедов «Ұлттық және рухани жаңғырудағы діни танымның орны», магистр Н.Абдуллаев «Қазіргі дүние­танымымыздағы діни құндылықтар және рухани жаңғыру» деген тақырыптарда баяндамалар жасады. Баяндамашылар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру атты мақаласының өзектілігімен, білім мен тәрбие берудегі оның маңызды­лығы, ұлттық және діни құндылықтар жайлы ойларын ортаға салды.

Бүгінде адамға ең қажетті нәрсе – тәрбие. Әсіресе, бұл қазіргі жастарға өмір­дегі шынайы құндылықтарды ұғынуы үшін, өмірдегі өз орнын табуы мен жалпы тірші­лік жөніндегі дүниетанымын кеңейту үшін қажет. Ұлттық дәстүрден және ата-баба дінінен хабары бар жас өзінің ұлттық бол­мысы мен рухани дүниесімен, ата-дәстүрі­мен, ана сүтімен сіңген тәлім-тәр­биені өмір бойы ұстанады. Ұлттық тәрбие­нің бір негізі діни мәдениет – тілімізде жатыр.

Қазіргі алмағайып заманда әр түрлі діни ағымдар, діни экстремистік топтардың белең алуы қоғамға үлкен кері әсерін тигізіп, жастарымызға теріс ықпал етуде. Сол себепті, діни мамандарды даярлау қа­жет. Міне, осы орайда, Дінтанушы маман­дығы бойынша мемлекеттік және ішкі гранттар негізінде мамандар даярлайтын бірден-бір алдыңғы қатарлы оқу орында­рының бірі — осы университет. Аталмыш университет ректоры Сабри Хизметли мыр­заның әрқашанда Елбасының Жолдаулары мен Үндеулерін шабытпен қолдап, оларды іске асыруда үлкен белсенділік танытатын­дығын, сонымен қатар, игі іс-шараларды ұйымдастырып, оған басшылық жасайтын­дығын айта кеткен жөн.

Университетте өткен бұл ғылыми-тәжірибелік конференция Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының ұлттық сана мен ұлттық бірегейліктің өзекті мәселелерін көтерген, жасампаздық пен жігерге толы еңбек екендігін көрсетіп берді.

 

Ұлан ҚАДЫРБЕКҰЛЫ,

Шет тілдер және іскерлік карьера

университеті тарих және дінтану

факультетінің деканы.