ЖАҢА ШЫҒАРМАЛАРҒА ҚОМАҚТЫ ҚАЛАМАҚЫ ТӨЛЕНЕДІ

Ұлттық кітапхананың Н.Дәулетова залында қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату мәселелері бойынша Алма­ты қаласының зиялы қауым өкілдері мен баспалар басшыларының кездесуі болып өтті.Басқосуды Кітап палатасының директоры, жазушы Әлібек Асқаров жүргізіп, Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туындайтын міндеттер туралы айтып өтіп, мәдениет саласындағы соңғы жаңалықтың бірі — ұлттық әдебиетке деген қамқорлық екеніне тоқталды.

Өтеш ӨТЕУЛІҰЛЫ

Жиында Қазақстан Республика­сының «Мәдениет туралы»  Заңына енгізілген толықтырулар мен өзгеріс­терге сәйкес қоғамдық маңызы бар әде­биетті сатып алу, басып шығару және тарату мәселелері жан-жақты талқыла­нып, анықтамалар мен түсініктемелер берілді. Мәдениет және спорт министр­лігі Баспа ісі басқарма­сының басшысы Нұрасыл Тоғызбаев Астана қаласынан арнайы келіп, ақын-жазушылармен кеңінен әңгіме өткізді. Кітап шығару­дағы соңғы жаңалықтар туралы мәселе қозғады. Мәдениет және спорт минис­трлігі қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу мақсатында бұрын баспа жүзін көрмеген әдеби шығармаларға іріктеу жүргізеді. Яғни, әрбір автор өзінің жаңа шығармасын тікелей Мәде­ниет және спорт министрлігіне ұсына алады. Іріктеуге қатысу мақсатында автор (авторлар) неме­се оның сенім­хаты бойынша өкілі өзінің шығармасын мәдениет саласындағы уәкілетті органға жолдайды. Жекелеген баспалар да автор­лардың жаңа шығар­маларын ұсына алады.

Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағида­ларына байланысты авторлардан бұрын жарық көрмеген шығармаларын сатып алу және қандай шығармаларды сатып алуды анықтау мақсатында сарап­тамалық комис­сия құрылады.Осы сарап­тамалық комис­сия ғалымдар мен жазушылар, журна­листер мен саясат­керлер, өзге де қаламгер­лер ұсынған шығармалардың әрбі­ріне жеке-жеке сараптама жүргізіп, қоры­тын­ды­сын шығарып отыратын болады. Бұл сарап­­тама қорытындылары Қазақстан Рес­пуб­ликасы Үкіметі жанындағы «Қоғам­дық маңызы бар әдебиетті сатып алу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның» қарауына ұсынылады. Сатып алынатын шығармалардың тізімін осы комиссия бекітеді.

Осындай сұрыптаудан өткен қол­жазба авторына жаңа шығармасының әр баспа табағына 100—150 мың теңге көлемінде қаламақы төленетін болады. 15—20 баспа табақ кітабын шығарған жазушы 2,5-3 миллион теңгенің төңіре­гінде қаржы алады екен. Мұндай ақша нарықтың күрделі кезеңінде жазушыға әжептеуір қолдау емес пе? Тағы бір жаңа­лық – мемлекеттік сатып алуға іліккен жаңа шығарма бұрың­ғыдай екі мың емес, бес мың данамен жарық көріп, еліміздің барлық кітапхана­ларына таратылады.

Ақын-жазушылардың кітабына мемлекет тарапынан лайықты қаламақы төлеу мәселесі талай жылдан бері көтеріліп, шешімін таппай келе жатқаны белгілі. Қазақстан Жазушылар одағы басқарма­сының төрағасы Нұрлан Ораза­линнің бұрын да, Сенат депутаты болып тұрған кезінен талай құзырлы орындардың есігін қағып, қаламгер­лердің шығармашылық еңбегіне лайық­ты қаламақы төлеу мәселе­сін көтеріп келе жатқаны жиын барысында орынды аталып өтті. Қазіргі нарық жағ­дайын­да кітабына алатын болар-болмас қа­лам­ақы қаламгердің еңбегіне таты­майды. Татымақ түгілі, айтудың өзі де ұят. Былайша айтқанда, бір романды төрт-бес жыл толғатып жазған жазу­шының қалам­ақысы бір айлық жалақы­ның көлемінде қалып қойған. Содан да болар талантты жазушылар кітап жазу­ды қойып, күнкө­рістің өзге жолына түсіп кеткен. Руханият мәселесі кенже­леп, кітапқа деген елдің ынтасы төмен­деп тұрған кезде ұлттық әдебиетке деген қамқорлықтың жаңаша нышаны болса керек, бұл шара.

Жиынға қатысқан ақын-жазушылар мен баспагерлер тарапынан қойылған сауал аз болмады. Қаламгерлер Марал Ысқақбай, Сұлтанәлі Балғабай, Ахмет­жан Ашири, Серік Асылбеков, Рафаэль Нияз­бек, Есенғали Раушанов, Исраил Сапар­бай,Жақау Дәуренбеков, өзге де ақын-жазушылар өндіріске жаңадан енгізілген кітап басып шығару ісінің жай-күйі туралы әңгімеледі. Жаңа шығарма деген ұғымды қалай түсінуге болады? Жазушылар өздері­нің қаржы­сы­мен мың данаға шығарған кітаптары жаңа шығармаға жатпайды. Тек бес жүз данадан аспаса ғана жаңа шығар­маға жатады екен.Ол шығарма бүгінгі күннің өзекті мәселесін көтере білуі тиіс. Автордың шығармасын Мәдениет және спорт миистрлігі сатып алған соң, ол мемле­кеттің меншігіне өтеді. Осыдан келіп кітап авторының құқығы шектел­мей ме? Кітапты басып шығаруға және мемлекет мүлкі ретінде тіркеуге қаржы және құқық құрылымдарының да қатысы бар екен. Болашақ кітаптың қолжазбасын оқып шығып, көркемдік сапасын бағалайтын бір ғана рецен­зент­тің ой-өрісі, білім-қабілеті жете ме, мүмкін Жазушылар одағының, өзге де шығар­машылық орындарының қызметін пайдалану қажет шығар? Кітап дүкен­деріндегі Ресейден әкелген қаптап кеткен кітаптар қандай жолмен келген? Еліміз­дің аудан орталықтарында кітап сататын дүкендер ашатын кез келді емес пе? Кітап сату мен таратудың оңтайлы жолын қарастыру керек.Осы тәрізді мәсе­лелерді орынды көтерген ақын-жазушылар қоғам­дық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару мен тарату ісінің заңнама­лық тұста­рын әлде де тиянақтау қажеттігін орынды көтер­ді. Ақын-жазушылар мен баспагер­лердің қойған сауалдарына жауап беруге талпынған Мәдениет және спорт министрлігі Баспа ісі басқармасының басшысы Нұрасыл Тоғызбаев Қазақ­стан Республикасы «Мәдениет туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу Елбасы­ның «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан туын­даған, қаламгерлерге деген қамқорлық пен олардың шығарма­шылық шабытын қолдау мақсатында жүзеге асып отырған шара екенін, бұл істі бастап, кемшін тұстарын алдағы кезде толықтыруға болатынын айтып, ақын-жазушылар мен баспагерлерді қолдауға шақырды.