ВЕЛОШЕРУ ҚАРТТАР КҮНІНЕ ОРАЙЛАСТЫРЫЛДЫ

Алматыда кезекті он  тоғызыншы велошеру өтті

img_3469

Алып шаһарда «Спорттық Алматы» бағдарламасы аясында Қарттар күніне орай өткен велошеруде ұйымдастырушылар спорт ардагерлеріне құрмет көрсетіп, сыйлықтар табыстады. Спорттық іс-шара Экофестивальмен жалғасты. «Нұрлы тау» БО-на жиналған велоәуесқойлар дәстүрлі бағытта, Тұңғыш Президент саябағын бетке алып, 9 шақырымдық велошеруге шықты.

Бұл мерекелік велошеруге «Назарбаев интеллектуалды мектебінің» оқушылары да қатысты. Химия-биология бағытындағы НИМ директоры Гүлмира Бахытбек­қызының айтуынша, бұл спорттық шараға балалармен қатар, мұғалімдер мен ата-аналар да қуана келіпті.

– Біз оқушыларымызды салауатты өмір салтына, спортқа баулуға тырысамыз. Эко­фестивальге қатысуымыз да осы себептен. Жалпы, қала тұрғындарының экологиялық көлік түріне көшкенін  қолдаймыз. Эко­фестиваль қала әкімдігінің және Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) қолдауымен бас­тау алды. Сонымен қатар, БҰҰ біздің мектептерді жиырма велосипед­пен қамта­сыз еткенін де атап өткім келеді. Вело­шеруге бірінші рет қатыстық. Енді бала­ларымыз апта сайын велоспортпен айна­лысады деген ойдамын, – деп атап өтті Гүлмира Бахытбекқызы.

Мәреде қатысушылардың арасында бағалы сыйлықтар мен велосипед ойна­тылды. Басты сыйлық – велосипед  Шәкәрім Әубәкіровке бұйырды.

– Бірінші рет қатысып, велосипед ұтқаныма сене алар емеспін. Өзім вело­спортпен шұғылданамын. Менде бірнеше велосипед бар, сондықтан сыйлығымды өз бапкеріме табыстаймын. Ұйымдастыру­шыларға деген алғысым шексіз, – дейді Шәкәрім Әубәкіров.

Қарттар күніне арналған велошеру «Спорттық Алматы» қалалық бағдарла­масының қолдауымен 2017 жылы жоспар­ланған 21 велошерудің он тоғызыншысы.

«Спорттық Алматы» бағдарламасы мегаполистегі бұқаралық спортты дамыту мақсатында жүзеге асырылуда.

 

Айдана ӘДІЛБЕКОВА.