КҮНДЕЛІК

%d1%81%d0%b0%d0%b3%d0%b0%d1%82

САҒАТТЫҢ 45 ҚОЙЫН ДӘПТЕРІ

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, талантты әдебиет сыншысы, жалынды публицист, ойы да, қаламы да ұшқыр журналист бола білген Сағат Әшімбаев арамызда тірі жүргенде, биыл өзінің 70 жылдық мерейтойын дүрілдетіп атап өткен болар ма еді…

Амал қанша, оның мерейтойын биік деңгейде лайықты атап өту артында қалған елге бұйырыпты. Ардақты да абзал ұлын ұмытпаған жұрт Сағат Әшімбаевтың соңында қалған шығармаларына үлкен қызығушылық танытып келеді.

Бүгін біз «Жұлдыз» журналының үстіміздегі жылғы №7 санында Дүйсен Мүсірәліұлының әзірлеуімен жарияланған Сағат Әшімбаевтың 45 қойын дәптерден тұратын күнделіктерінен үзінді ұсынғанды жөн көріп отырмыз.     

 

Бірінші дәптер

Уәли сөз – әулие сөз, пайғамбар­дың сөзі дегенді білдіреді екен. Абайда бар, «Өлең сөздің патшасы» деген өлеңін қараңыз. Уәжді-уәли.

Л.Толстой 34 жасында үйленген. Ол 1870 жылы Петр туралы роман жазуға отырған…

Л.Толстойдың әйелі 15 бала көтеріпті.

Л.Толстой «Детствоны» 24 жа­сында жазған.

Л.Толстой А.А.Феттің үйінде (1861 жылдың көктемінде) отырып И.С.Тургеновпен  ұрсысып қалып, оны дуэльге шақырыпты. Содан екеуі 1878 жылы қайта татуласқан.

В.Г.Белинский «Горе от уманы» драмалық шығарма ретінде мойын­дамаған.

Н.В.Гоголь «Өлі жандарын» 17 жыл жазған.

С.Есенин 1921 жылы Айседора Дунканмен (Американың бишісі) танысады. Екі жыл бірге болады. Дункан 1927 жылы өлген. Есенин 1925 жылы 30 жасында Ленинградта қайтыс болады.

Адам жанындағы астарлы сезімдерді бүкпесіз көрсету керек.

А.С.Грибоедов отызға жуық шығарма жазған. Бірақ соның ішінен «Горе от ума» ғана аталады (Л.Лео­новтың фактісі).

Толстой «Воскресение» романын 11 жылға жуық уақытта (араға үзіліс салып) жазып шыққан.

А.Горький 34 жасында «ака­демик российской словесности» болған. Бірақ патша үкіметі бұл ата­ғын қайтарып алған. Ол 38 жасында Америкаға барғанда 70 жастағы М.Твен Горькийді құрметті қонақ ре­тінде қарсы алу жөніндегі комис­сияның төрағасы болады.

Николай Островскийдің «Как закалялась сталь» романын алғаш ешкім мойындамаған. Басылуы да көп қиындық көрген.

М.Кольцовтың «Правда» газетінде сол кезде жарияланған «Мужество» атты очеркінен соң жазушы даңқы дүркіреп қоя берген екен.

Василий Григорьевич Янчеецкий (Ян)1875 жылы туылыпты. Универ­ситет бітірген соң үш жылдай ел кө­ріп, жер аралаған. Азияны тұтастай кө­ріп шыққан. 1931 жылы 56 жа­сында алғашқы повесі жарық көреді. 1935 жылы «Чингиз ханды» жазып бітіреді, бірақ «Молодая гвардия» баспасы басуға отказ береді. Содан 1942 жылы жарық көріп, іле-шала қайта басылады. 1942 жылы бұл роман Мемлекеттік сыйлық алған.

sagat-ashimbaev

Сонда жазушының даңқы 60 жасында басталған.

Роман – әдебиеттің симфониялық оркестрі.

Мерген қисық көздесе де түзу тигізеді.

Ағашты шапқан балтаның сабы да ағаш.

Сөзімен сүйіндіріп, ісімен күйіндіріп кететіндер…

Л.Н.Толстой «Смерть Ивана Ильича» атты повесін жазып болып, оны әйелінің туған күніне «подарка» ретінде берген екен.

М.Горький жазуды өлеңнен бастаған, журналист те болған.

Л.Н.Толстой мен Ф.М.Достоев­ский бір-бірімен жолыққан да, хат жазысқан да адамдар емес екен.

Иван Андреевич Крылов (1769 жылы туған) 1812 жылы Император кі­тапханасына қызметке орналасып, сонда 29 жыл бойы жұмыс істеген екен.

1974 жыл.

 

Екінші дәптер

Ұялмас бетке ұятсыз кӨз бітеді

Шәкәрім Құдайбердиев Лев Николаевичпен хат жазысқан екен. 8.06.1975 ж.

Шекспир. Ол екі поэма, 154 сонет, 36 пьеса жазыпты.

Ғабдулла Тоқай 27 жасында дүниеден өткен. Осы жасына қара­мас­тан татар әдебиетінің ұлы ақыны, классик дәрежесіне ие болған.

Л.Толстой В.Шекпирді қазақша айтқанда иттің етінен де жек көрген.

Адамның ең жақын досы уақыт… Уақыт — досты сыйлау өзіңді сыйлау деген сөз. Алайда уақыттың аздығы достың аздығы емес.

1941 жылы 14 июньде А.Н.Тол­стой И.В.Сталинге хат жазып, И.А.Бу­нин туралы өте жақсы пікір­лер айтқан.

Социалистік реализмнің фор­мули­ров­касын жасаған И.В.Сталин.

Л.Н.Толстой Шекспирді, оның пьесаларын ұнатпағаны мәлім. Ал, Ф.М.Достоевский керісінше Шекс­пирге қатты табынып, былай деген екен: – Шеспир – это пророк, посланный богом, чтобы возвестить нам тайну, о человеке, души человеческой... 26.10.1976 ж.

«Дүниеде адам баласының бәрі бірдей біле беруі міндетті емес шын­дықтар көп, ал жазушы үшін соның бәрін білу керек». (А.М.Горький)

М.Шолохов 1923 жылдан бастап жаза бастаған. 1924 жылы алғашқы әңгімелері жарияланған. Сонда 21 жа­сында роман жазуды бастаған. 29 жа­сында төрт кітап (эпопея) жазып бітір­ген.

Білімі – мужской гимназияда ғана оқыған. 8 түрлі мамандықта жұмыс істеген. Статистник, мұғалім, грузчик, прод. инспектор, каменщик, счетовод, канцелярским работником, журналист – 8 түрлі мамандық.

Э.Хемингуэй көркем образды айсбергке теңеген екен. «Одна десятая часть айсберга возвышается над поверхностью океана, остальное скрыто под водой».

Тарихи тақырыпты ескі деп қараушылық дұрыс емес.

Ұялмас бетке ұятсыз көз бітеді,

Ұялмас ауызға талмас жақ бітеді (халық мақалы).

Л.Толстой қайтыс болғанда Ан­глияның «Таймс» газеті «Мир потерял точку опоры» деп жазған екен. 29.11.1976ж.

«Тарих деген – тарихшылардың келісіп алған өтірігі» деген сөзді Ө.Нұрғалиевтан естідім. 24.05.1976ж.

Ненің жазылып, ненің жазылма­ғанын білу үшін де білім керек.

 

Үшінші дәптер

Әр дәуір әдебиетінің өз міндеттері болған. ХІХ ғасыр әдебиетінде жамандықты әшкерелеу басым болса, ХХ ғасыр, бүгінгі совет әдебиетінде өмірдегі жаңалықты марапаттау басты бағыт болуға тиіс. 18.02.1977 ж.

Жаңашылдық пен дәстүр жайын­дағы көркемдік тәсілдер туралы В.М.Озеровтың «Тревоги мира и сердца писателя» (1973) атты кіта­бын­да жақсы айтылған екен. 19.07.1974 ж.

Жапонияда мемуарды көп оқиды екен. Англияда да осылай екен. 14.08.1974 ж.

Достоевский шығармаларындағы трагизм… (?)

В.М.Шукшиннің «Калина крас­ная­сындағы» трагедия мен трагика­лық финал туралы айту керек.

М.А.Шолоховтың «Тынық До­нын­дағы» бас герой Григорий Ме­леховтың образындағы трагедия­лық сипат жайлы…

В.Быковтың повестеріндегі трагедиялық ситуациялар туралы…

Тақырып жанрға тәуелді немесе біріншісі екіншісін таңдайды. 23.04.1977 ж.

 

Төртінші дәптер

Бас игеннен басың жарылмас

Өзіңнің қанатың болмаса өзгенің қанаты көтермейді.

«Ит қапқан тоқтыны қорғай жүр» деп қасқырға тапсырған сияқты екен…

Жақсылықтан басқа жаман­шылық жасамаппыз.

Айтайын десең, ұят сияқты, айтпайын десең, ішіңе сыймайды екен.

Арақ – тек шыныға ғана сияды.

Жазушының шындығы – көр­кемдік шындық, өмір шындығы.

Ағайын арасында ашу болған­мен, кек болмайды. 1.4.1977 ж.

Шын жігіт өмірінде үш отау ті­геді. Ақ отау, қоңыр отау, қара отау. Осы үшеуін атқара білген адам ғана нағыз жігіт.

Көн қатса, қалпына келеді.

Ерін бөлген ел оңбас,

Елін бөлген ер маубас.

Әдебиеттегі кейіпкер адамдардан өмірдегі замандас адамдардың ойы да озық.

Оқылмайтын роман, повесть көп, оқымайтын оқушы аз.

Бүгінгі кемшілік – кешегі кемші­ліктің жалғасы, ендігі міндет – кешегі мен бүгінгі келешекте жалғаспауы керек.

Сөзін тыңдап өзін танитын, өзіне қа­рап жазғанын жазбай білетін дәрежеге жеттік.

Шындықты айтамын деп қателе­сіп кетерсің, бүгінде өтірік айтқан адам ғана қателеспейді. 24.04.1978 ж.

Туа біткен тұтықпайды.

Жігіттің сөзі өлгені – өзі өлгені.

Әйеліңнің көңілі жайлы болса, дастарқаның майлы болар.

Елді ел теңгермейді, елді ер теңгереді.

Елді бөлген ер оңбайды,

Ерін танымаған ел оңбайды.

Тамшы тас теседі, сөз бас кеседі. 12.12.1978 ж.

 

Бесінші дәптер

Тазының жүйріктігін түлкі де (айлакер деген) ұнатпайды.

Қу түлкі жүйрік тазыға да алдырта бермейді. 1.06.1978 ж.

Кішкененің үлкен ойы үлкеннің кішкене ойына қозғау салады. 12.06.1978 ж.

Үйрену – тек үлгі алу емес, үлгісізден жирену де.

Бүйіріңде бұғып жатқан бұйығы сезімдеріңнің селк еткізер сәттері болады. 21.6.1978 ж.

Жігіттің сөзі өлгені өзі өлгені. Сондықтан да артында өлмейтұғын сөз қалдырған адамды өлді деуге бола ма?!

К.Аханов осындай адамдардың бірі екені сөзсіз! Демек өлген жоқ. 13.07.1978 ж.

Қоян қорыққаннан көзін ашып ұйықтайды.

Бас игеннен басың жарылмас.

Күн астында кеппейтін нәрсе бар ма?! Уақыт бәрін ұмыттырады. 19.08.1978 ж.

Іштен шалған неңді алған тіреп тұрмай,

Күрескенің неңді алған шіреп тұрмай. 24.10.1978 ж.

Жеке адам жалқы, халық қашан да талқы. 25.10.1978 ж.

 

Алтыншы дәптер

Сезімсіз адам – сенімсіз адам

Бас игеннен бас ауырмас.

Жер қозғалса бір апат, ел қоз­ғалса үш апат. 30.09.1978 ж.

Шекспирдің ұлылығы бір ғана Гамлет образын жасаудан көрінеді.

Көп адам өткен тарихты оқы­май­ды, біле бермейді. Менімше бұл көзқарас өз кемшілігіңді, өзгелердің кемшілігін білмеу, адамдық, қоғам­дық даму сатыларын білмеу деген сөз. Адам тарихқа табан тіремей алысқа бармайды.

Тарихты білу өте қажет. Тарих­тағы үлкенді-кішілі оқиғалар жердің білінбей айналатыны сияқты басқа формада қайталанып келіп отырады. 5.10.1978 ж.

«Арақты ішіп жеңбей, ішпей жеңіп жүрмін» деген бір қырғыз ақынының өлеңін М.Әлімбаевтан ауруханада естідім. 7.10.1978 ж.

Түйеге жолығып қалған Қожа­насыр одан:

– Мынау өркешің неге қисық? – деп сұрапты. Сонда түйе тұрып:

– Әй, Қожанасыр, менің басқа жерлерім жетісіп тұр ма еді! – деп жауап беріпті.

Ит жарықтықтың жақсылығы көп қой, бірақ иттің жанында қасқырдың ақсүйек екені көрініп-ақ тұрады. 11.10.1978 ж.

«Шіркін, қыздың арзандаған заманында қартайып қалғанымыз-ай!» депті жазушы Жекен Жұма­қанов. Мұны жас ақын Тұрсын Жұртбаевтың аузынан естідім, ауруханаға көңілімді сұрап келген екен, Жанболат екеуі. Тағы да осы Тұрсыннан Жекен ағамыздың қайтыс болғанын естігенде жүрегім шаншып кетті.  11.10.1978 ж.

Жан қимақ болса да, жар қи­мақ жоқ бұл заманда.

Шындықты жазу – өмірді қай­ма­ғы бұзылмаған қалпында алып жазу емес.

Өмірден көрген-білгенді сол қалпында жіпке тізе берген көркем шындық емес. 14.10.1978 ж.

Өз уақытынан озып туған адам­нан ғана нағыз азамат жазушы шы­ғу­ға тиіс. Өйткені, жазушы тарих тә­ңірі – уақыттың үш шағын, кеше­гісін, бүгінгісін, ертеңгісін өз зама­ны­ның рухына сәйкес синтез күйін­де көрсетуге тиіс. 21.10.1978 ж.

Аспаннан не түспейді, қара жер не көтермейді.

Жұмыр бастыда жұмылмайтын көз бар ма?

Бәрін берген емес, барын берген байға сын… 23.11.1978 ж.

Құнанбайдың баласы Абайға айтқан сыны:

«Ең әуелі, арзан мен қымбаттың нарқын айырмайсың.

Өзіңдегі барыңды арзан ұстайсың.

Бұлдай білмейсің.

Көп күлкіге, болымсыз ермекке асылыңды шашасың. Жайдақсың!

Жайдақ суды ит те, құс та жа­лай­ды.

Екінші, дос пен қасты сарапта­май­сың. Досыңа досша, қасқа қасша қы­рың жоқ. Ішіңде жатқан сыр ұшы­ғы жоқ. Жұрт бастайтын адам он­дай болмайды. Басыңа ел үйірілмейді.

Үшінші, орысшылсың. Солай қарай ден қойып барасың. Дін, мұсылман жат санайтынын ескермейсің!»

P.S.: Менімше, бұл сындар Абай­ға ғана емес, жалпы қазақ атаулыға, қазақи мінезге Құнанбайдың аузымен айтылған М.Әуезовтің сыны сияқты. 7.11.1978 ж.

Соцреализм бар да соцстандарт реализм бар. Біз екіншісіне қарсы­мыз. Соцреализмнің қайнар көзі диа­лектика, соцстандарт реализм өнер­дегі диллетантизм мен эпигон­дықтың бастау алар жері. 7.11.1978 ж.

Біздің көп ақындарымыздың өлең­дері техникалық жағынан Абай­дан артық соқпаса кем түспейді. Құй­ылып тұрған ұйқас, сыңғырлап тұрған ырғақ, бәрі бар, бірақ та ой жоқ. 24.11.1978 ж.

 

Жетінші дәптер

Қулығы көзіңше көз қысудан аспайды.

Бір жазықтықта жатқан екі түзу сияқты өткен өмір мен бүгінгі өмір де көз алдыңнан өтіп жатады.

Сегізінші дәптер

Сыншы жазушыны ашып қана қоймайды, жазушы атаулы сыншы­ларға қарап творчестволық компа­сын түзейді. 23.12.1979 ж.

Белинский Пушкинді ғана ашушы емес, бүкіл орыс әдебиетінің дамуына идеялық жол ашып берді.

Сыншы жеке адамның творчес­тволық құпиясын ашып қоюшы ғана емес, ең бастысы бүкіл әде­биеттің дамуына жол ашушы адам. 10.04.1980 ж.

Сезімсіз адам – сенімсіз адам.

1826 жылы Пушкин Николай патшамен кездесіп, екі сағат оңаша әңгімелеседі. Пушкин патшаға өзі келмеген, патша оны алдыртқан. Бұл оның пасық саясаты еді. Осы­ның алдында ғана алты жылдай саяси қудалауда болады.

1826 жылы қыста Пушкин пат­шаны мадақтаған «Стансы» деген өле­ңін жазады. Бұл оның қателігі еді!

Қоғам дамуының тарихи заңды­лығы сияқты әдебиет дамуының да өзіне тән эстетикалық заңдылық­тары бар.

Баяндамада эмоция басым болады.

Ымырашыл сын тенденциясы. Сын­дағы ымырашылдық тенденция басым болып барады.

Біздің сынымызға «заниматель­ное литературоведение» жанрының жетістіктерін алу, пайдалану қажет.

Сын туралы жазушы да, жазушы емес те сөйлеп жатады.

Сындағы ендігі  – сыншылардың мамандану, оларды мамандандыру мәселесі. 5.03.1980 ж.

 

Тоғызыншы дәптер

«Жүк ауырын нар көтерер, Сөз ауырын ер көтерер» демекші, сөз ауыры – сынды да сындарлы азамат қана көтере алар. 1.01.1979 ж.

«Болашақты ойламасақ кім боламыз?» М.Әуезовтің сол кезгі бір топ жастарға жазған соңғы хатының соңғы сөйлемі осындай екен. 17.01.1979 ж.

Әдебиеттің өсуі кітаптың көбеюі­нен емес, қоғамдық ойдың өсуінен көрінеді. Әдебиеттің міндеті – қо­ғамдық ой-сананың өсуіне қозғау­шы күш болу емес пе?! Ал соңғы­сы­­ның өсуі рухани даму тарихы­мыздың белсенділігінен көрінеді. 18.01.1979 ж.

Образдылық – тілдің көркемдігі, яғни сөздің суреттілігі, бейнелілігі. Поэзиядағы көркемдік – өлең сөздің суреттілігі мен бейнелілігі, оған қоса әуезділігі. Абай поэзиясында баян­дау да, толғау да, суреттеу де – бәрі-бәрі бар. 27.01.1979 ж.

Осыған дейінгі әдебиет тарихына ой көзімен қарасаңыз, әрбір өткен қоғамдағы жазушылар сол өзі өмір сүрген қоғамның озық ойшылы бол­ған. Әдебиет қоғамнан биік тұрған. Жазушы дәуірге сыншылдық тұрғы­дан қараған. Қоғам әдебиетке емес, әде­биет қоғамға төрелік жасап кел­ген. Міне, сондай әдебиетті жа­сау­шылар ғана болашақтың көші­нен қалмаған екен.

Мәселен, Радищев, Пушкин, Гоголь, Достоевский, Толстой… Вольтер, Дидро, Томас Манн… 30.01.1979 ж.

Шағын жанрдан жазушы шебер­лігі әлдеқайда айқын көрінеді, әрі бұл жанр шеберлікті көп талап етеді.

Адамның қуанышы көзінен көрініп тұратыны сияқты, жазушы шеберлігі әңгімеден алақандағыдай сайрап тұрады.

«Роман – свободная форма литературы» деген Л.Н.Толстойдың сөзі бар. Осы тұрғыдан алғанда бұл сөз романның әңгімеге қарағанда әлдеқайда «жеңіл» жанр екенін дәлелдейді. «Сүйегі ауыр болғанмен, жазылуы жеңіл» деген ұғымды білдіреді. 1.02.1979 ж.

Піл кӨтермегенді

тіл кӨтереді

Көркем шығармадағы кең құ­лашты азаматтық ой мен адамгер­шілік пафостың қайнар көзі – жазушының азаматтық болмысы екені анық. 14.02.1979 ж.

«А.Чехов әңгімелеріндегі адам психологиясын беруге байланысты детальдар дәлдігі оның дәрігерлік мамандығымен байланысты», – дейді Андре Моруа.

Олжастың геологтық мамандығы оның ойлау жүйесіне әсерін тигізбей қойған жоқ (космос, кеңістік туралы). «Адамға табын жер ендіні» жазуы… 24.05.1979 ж.

Піл көтермегенді тіл көтереді.

Қашқан қоян жатқан қоянды ала кетеді.

Шындық шыңыраудан алып шы­ғады.

Адал жүріп, әділ сөйлесең қор болмайсың.

Шындық ескерусіз қалмайды. 4.06.1979 ж.

Шалағайлық – шала байлық.

С.Зейнолла өз тағдыры жайлы айтып берді. 1.07.1979 ж. Аурухана.

Біздің әдебиетіміздегі ала-құла­лық деген не? Біздіңше ол неден кө­рінеді: Советтік дәуірдің кезең­дерін бейнелеуде тұтастық жоқ. Әр кезең­нің әлеуметтік шындығы бейне­ленуге тиіс. 8.09.1979 ж.

«Өмір диалектикасы» деген ұғым өмірдің қарама-қайшы қабат қат­пар­ларын ашу болып табылады.

«Өмір диалектикасы немесе өмір­­ді диалектикалық тұрғыдан көр­сету» деген не? Адам жанының диа­лектикасын қалай ашуға бола­ды?

Өмір тек жақсылықтан, болмаса жамандықтан тұрмайды. Осы екеуін де көрсету – өмір диалектикасын ашу болып табылады. Ал өмірдегі жамандықты жазып, жақсылықты көрсете алмау немесе керісінше бол­са, ол өмірді диалектикалық тұрғы­дан бейнелей алмау болып шығады.

Әдебиет өмірдің, мінездің, адам жанының, қоғамның қайшылығын көрсете білсе – бұл өмірді диалек­тикалық тұрғыдан көрсету болып саналады.  23.09.1979 ж.

Өмір құбылыстарын философия­лық тұрғыдан пайымдау деген не?

Адам жанының қайшылығын көрсету – адам жанының диалек­тикасын көрсету деген сөз.

Ал өмір шындығын реалистік тұрғыдан шынайы бейнелеу қалай болуы керек? 23.09.1979 ж.

Көркем шығармадағы азаматтық пафос суреткердің биік азаматтық тұлғасы мен терең парасатының нәтижесі. 28.06.1979 ж.

Бүгін Жазушылар одағында тө­тенше пленум болып, онда Ә.Әлім­жанов бірінші хатшылық міндетінен босатылды. Орнына Жұбан Молда­ғалиев сайланды. 12.10.1979 ж.

Өзбектер: «Түске дейін қазақтар­ды алдаймыз, түстен кейін өзімізді- өзіміз алдаймыз» дейді екен. 12.10.1979 ж.

Идеялылық пен көркемдік, тақы­рып пен шеберлік, мазмұн мен форма – көркем шығармадағы негізгі компоненттер. Және бұларды бір-бірінен бөлуге болмайды. Сол сияқты кейде: «идеялық мазмұны мен көр­кемдік түрі» деп те айтуға болады. 12.10.1979 ж.

Даму дегеніміз – тек көбею, бол­маса алу емес, сондай-ақ жоғалту да…

Әдебиетке өзгеше бір талантты жазушының келуі, оның қаламынан жақсы шығарманың тууы ұлттық игілік, табыс екендігіне сөз жоқ. Ал ол сонымен бірге белгілі дәрежеде өміршең өнердің өнегесін ала келеді. Яғни басқа жұрт соған қарап бойын түзейді, жазудың қиындығын сезі­неді. Шынайы таланттың келуі таза­лыққа, адалдыққа жол ашып, халту­раның жолын бөгейді. Белгілі мәтелге салып айтсақ, кемел талант кемесі келгенде халтураның қалтыраған қайығы судан шығады.

Ақиқатты айтқан адам айыпты емес, ақиқатты көріп тұрып көзін жұмған адам қауіпті.

Көркем шығарма – жазушының өмір, уақыт, адамдар туралы көр­кемдік тұрғыдан айтылған фило­софиялық концепциясы.

Білгенін де, білмегенін де білдіртпейтін адам…

Талантты адам қынсыз қылыш сияқты.  31.10.1979 ж.

Талантты жазушы көргенін де, көрмегендігін де жасыра алмайды.

Жазушы әр кітабында бұрынғы өзін-өзі жоққа шығарып отыруға тиіс.

Әдебиет туындысы, яғни көркем шығарма ғайыптан пайда болатын нәрсе емес. Ол рухани-творчество­лық азат та азап еңбектің жемісі, тән мен жан қиналысының нәти­жесі. Бұған қоса биік талаптың атқаратын рөлі де өте зор.

Біздің әдеби атмосферада көр­кем шығарма идеясы дегенді бір­жақты түсіну бар. Атап айтқанда, оны – идеяны саяси қайшылығы жоқ, саяси бағыты дұрыс деген мағынада ғана қарап жүрміз. Бұл дұрыс емес.

Идея деген сөздің мағынасы бұ­дан әлдеқайда терең. Шығар­маның идеясы дегеніміз – жазушының өзіндік айтары, өзіндік ойы, өзіндік көзқарасы.

Ал бізде ешқандай идеялық жаңалығы жоқ шығармалар көп.

Бүгін алда болғанмен, күні ертең артта қалатындардан емес, ертең бо­лашаққа баратын өзіңнен кейінгі­лерден қорқу керек.

Алдағылардан емес, болашаққа баратын кейінгілерден қорқу керек! 30.10.1979 ж.

Тіл арқылы әдебиет жасалып қана қоймайды, әдебиет арқылы тіл де дамиды. Демек, әдебиеттің дамуы тілдің дамуының негізгі факторы. Ал бұл екеуінің қос-қабат дамуы – ойдың дамуының қозғаушы күші.

Сөз асылы сөзден туады. 22.12.1979 ж.

КӨзге ілінген адам сӨзге де ілінеді

Көркемдікті тілдегі көл-көсірлік­тен іздеуге де болмайды.

Уақыттың, дәуірдің қойып отырған идеясы жоқ шығармадан көркемдік іздеуге болмайды.

Керек болса, шығарманың терең идеялылығы оның көркемдігінің басты шарты.

Шығарманың көркемдігін идея­сы­нан емес, формальный жағынан, яғни ырғақ, ұйқасынан іздеу – сауатсыздық! 1.03.1980 ж.

Көркемдік пен шеберлік және тақырып пен идея бір медальдың екі беті сияқты біртұтас құбылыс. Ал бұлар мазмұн мен форманың бірлігін құрайды. 20.03.1980 ж.

Алдағылардың жөні бөлек қой, сөйтсе де болашаққа баратын кейінгілерді қатты сыйлау керек…

Творчестволық өсу үстіндегі адам ғана өз кемшілігін көре алады. Ал өз кемшілігіңді көру, сезу, мой­ындау, сөйте отырып одан қорытын­ды жасауға тырысу нағыз білім­діліктің белгісі. Надандар ғана өз кемшілігін мойындамайды.

Жылаған адамның бәрі қорық­қаннан жыламайды.

Қара сиырдың сүті қара емес.

Айғайы көп, айтары жоқ жазушылар бар.

Плеханов, Луначарский, Горь­кий үшеуі де кезінде идеялық қате­ліктерге ұрынған екен. Г.В.Пле­ханов Россиядағы пролетариат дик­татурасы және жұмысшы табының рөлі жөнінде, Д.В. Луначарский реакция жылдары (1910–1912 ж.ж.), А.М.Горький революциядан кейінгі жылдары әртүрлі қателіктер жіберіп, рухани қайшылықтарға тап болған. 8.01.1980 ж.

Сюжет дегеніміз ой ғой, автор сол ойын оқиға арқылы дамыта отырып психологиялық тұрғыдан дәлелдейді. 16.01.1980 ж.

Көзге ілінген адам сөзге де ілінеді.

Өсекке ілінбеген, есепке ілін­бейді. 31.01.1980 ж.

Әдебиет тіл арқылы жасалады, ал тіл әдебиет арқылы дамиды.

Сын әдебиет арқылы туады, ал әдебиет сын арқылы дамиды. 21.02.1980 ж.

Саяз ойлы адам саясаттан тыс­қары тұрады.

Саяз адамның саясаттан тысқа­ры тұратыны сияқты, сыңар езу адам ғана сындарлы сынға мойын­сұнбайды. Бұл Абай айтатын: «Түзел­месін білген ез Түзу сөзге сенер ме?!» дегенді еске түсіреді.

Бабын тауып айтпасаң, балаң да сөзіңді қабылдамайды. 28.01.1980 ж.

Классика – үш жақты, өткенді, бүгінді және болашақты тұтас қам­тиды және үшеуіне де қатысты мәселелерді сөз етеді. 21.03.1980 ж.

«Ойым аз болғандықтан көлемін көбейтіңкіреп жібердім» депті Флобер.

Философия – даналық туралы ілім. Ендеше К.Маркс, Ф.Энгельс, В.И.Лениннің әдебиет туралы фило­софиялық ойлары – даналық ойла­рын білу мен игеру қазіргі сынның теориясы мен методоло­гиясы болып табылады. 4.04.1980 ж.

Кешегіні жақсы білген – келе­шекке жақсы бару деген сөз. 11.04.1980 ж.

Әңгіме – қиын жанр. Сол себепті де Флобердің «әңгіме жазу қиын болғандықтан роман жазуға мәжбүр болдым» деген сөзінде терең мағына бар.

Жеке дауыста ән айту кез-кел­геннің қолынан келе бермейді. Ал хор­ға қосылып екінің бірі ән айта береді.

Әңгіме жазу да сол сияқты. Адам көзінің ешнәрсені жасыра алмай­тыны сияқты, әңгіме жанрында да жа­зушы жетістігі мен кемшілігін жа­сыра алмайды. Әңгіме де жазушы ше­берлігінің айнасы, бәрі көктамыр­ланып көрініп, бәрі сайрап тұрады. 14.04.1980 ж.

Диалектика – даму туралы ілім. Ал даму дегеніміз – күрделілік, яғни күрделі процесс. Күрделілік бар жерде қашанда қайшылық болады. Себебі, дамудың қозғаушы күші – ішкі қайшылық. Демек, диалектика даму туралы ғана емес, дамудың негізі – қайшылық туралы да ілім екен. Өйткені, қайшылықсыз даму жоқ, ал даму жоқ жерде қайшылық та болмайды.

Сондықтан да В.И.Ленин «Даму дегеніміз қарама-қарсылықтардың, яғни қайшылықтырдың күресі мен тартысы» деп қараған. Олай болса, қайшылықтар дамудың диалекти­касы екен. 19.04.1980 ж.

Мәселе тақырыпта ғана емес, гәп сол арқылы айтылатын әрі көте­рілетін идеяның жаңалығында. Неге десеңіз, ескі тақырып арқылы жаңа идея айтатындар бар да, жаңа тақырып арқылы ескі идея ұсынудан, белгілі жәйтті қайталаудан аспай­тындар жоқ емес. 2.05.1980 ж.

Қарапайымдылық пен қарабай­ыр­лықты, әсемдік пен әсіреқызыл­дық­ты шатастыруға болмайды. 7.06.1980 ж.

«Мен адамдардың шын мағына­сын­да қандай екенін емес, қандай болу керектігін көрсеткім келді» депті бір ғұлама адам. 20.07.1980 ж.

Әдебиет дегеніміз – шындық деген сөздің синонимі. 22.07.1980 ж.

Көре тұрып айтпаған көргенсіздік емес пе?! 23.07.1980 ж.

Көп біледі деген адам шынды­ғында аз білетіндігіне күмәндан­байды, ал аз білетін адам көп біл­мейтіндігін мойындай бермейді. 20.09.1980 ж.

Көп білген сайын аз білетіндігіңді білесің, ал аз білген сайын көп біл­мей­тіндігіңді білмейсің. 7.10.1980 ж.

Көп ойлаған, көп ойланған адам аз жазады, ал аз ойланған адам көп жазады. 17.10.1980 ж.

Біліп тұрып айтпаған біліксіздік болса, көріп тұрып айтпаған көр­генсіздік екені анық.

Теориялық білім – сауаттылық деген сөз. Теориялық таным қалай болу керектігін білуге келіп саяды. 20.02.1981 ж.

Мақтауды жақсы кӨрген адам мақ­тануды да жек кӨрмейді деген сӨз

Адамның ең осал жері мақтау сүйгіштігінде, ал ең мықты жері сынға деген сүйіспеншілігінен көрі­неді. 8.04.1980 ж.

Жақсылыққа қуану – жақсылар­дың ісі,

Жамандыққа қуану – жамандардың ісі. 23.04.1981 ж.

Кемшілік жіберу – адамдықтың белгісі,

Кемшілікті мойындамау – надандық­тың белгісі.

Әр жазушының өз оқушысы, әр оқушының өз жазушысы болады. 26.06.1981 ж.

«Дұшпаныңды жеңу үшін оны тек мақтай беру керек» деген екен Шығыстың бір ғұламасы.

Біздің әдебиетіміздегі үлкен бір кемшілік – масштабность взгляда жетпейді. Ал бұл жоқ жерде масштаб личности болуы мүмкін емес. 6.07.1981 ж.

Сартрдың Нобель сыйлығынан бас тартуы туралы адам әр түрлі ойға қалады екен. 10.07.1981 ж.

Жақсылық үшін күресу – жа­ман­дыққа қарсы күресу деген сөз, ал жақсылыққа қарсы күресу – жаман­дық үшін күресу деген сөз. 2.08.1981 ж.

Ақиқат – адамның еркінен тыс нәрсе. Сондықтан да оны айтпау, болмаса аяқ асты ету мүмкін емес. 8.08.1981 ж.

Жақсылықты көп көрген адам жамандықты да көп көруге тиіс екен… 9.08.1981 ж.

Біреулер бар, жақындаған сайын алыстай түседі, біреулер бар, алыс­таған сайын жақындай түседі. 4.10.1981 ж.

Біреулердің «жоқ» дегені «бар» дегендей естіледі, ал енді біреулердің «бар» дегені «жоқ» дегеннен әрмен естіледі. 7.10.1981 ж.

Жазу оңай, шығару оңай, оқу қиын болып бара жатқан жоқ па?! Шындығында бәрі керісінше болу керек емес пе?! 2.12.1981 ж.

Жас жазушы көп те, жаңа жазу­шы аз болып жүр. Сол сияқты ескі тақырыпты жаңаша жаза алмайтын­дардың саны, жаңа тақырыпты ескі­ше жазатындардың санынан кем түспейді.

Мәселен, махаббат ең көне тақы­рып. Сондықтан осындай көне тақы­рыпты жаңа уақыттың тұрғысынан жазу керек. 5.12.1981 ж.

Совет әдебиеті партиялық әде­биет. Ал партиялық әдебиетке пар­тия­­лық этика жат па екен?! Жоқ!!! 7.01.1982 ж.

Ұлы таланттар күнде, жылда ту­майды. Олар жүздеген жылдарда бір рет қана туса, оларды түсіну үшін де соншама ұзақ уақыт керек. 24.07.1982 ж.

Алтынның құны аздығында! Ал­тын аздығынан әрі құнды әрі қымбат екен! Демек, аз нәрсе қымбат, қым­бат нәрсе аз әрі құнды екен.

Жақсы жазу үшін көп жазу ке­рек, бірақ көп жазуыңның бәрін көпшілікке ұсына беруге болмайды. 25.07.1982 ж.

Кері ой – кері сөзден туады. Сондықтан кері кеткен сөйлемдер кесірлі ой туғызады.

Жақсының жақсылығын айтпау ездікке пара-пар,

Жаманның жамандығын айту ерлікке пара-пар. 21.09.1982 ж.

Тарих – тағылықтан сақтандыра­тын тағылым. Яғни тарих дегеніміз – өткен арқылы бүгінгіні тану, бүгін­гінің мәнін өткен арқылы тереңірек ашу деген сөз. 6.10.1982 ж.

Сөзде салмақ жоқ, бірақ одан ауыр немесе одан жеңіл нәрсе бар ма екен?! 8.02.1983 ж.

Талап жоғары болмайынша, әде­биет жоғары болмайды. 31.01.1984 ж.

Тіршіліктің клеткадан бастала­тын­дығы сияқты, үлкен нәрсенің өзі кішкенеден басталады. 5.03.1984 ж.

Қазақты түсіну үшін Абайды оқу қажет! Ал Абайды түсіну үшін азамат болу шарт. 9.03.1984 ж.

Әдебиетте орын көп. Өйткені, әркімнің өз орны бар. Сондықтан да әркім өз орнымен қымбат. Әр жазу­шының өзіне ғана лайық өз орны бар екендігін ұмыту әлсіздіктің белгісі. Қысқасы, әркім өзінше бірінші, әркім өзінше қызық. Олай болса, қашанда әркімді өз тұрғысынан бағалау керек. 2.12.1985 ж.

Ердің көзін ер қимайды,

Ердің жанын ез қинайды. 26.01.1988 ж.

%d1%81%d0%b0%d0%b3%d0%b0

БӨртегүлдің иісі

Сағат Әшімбаев — 70

 

– Сирень де гүлдеді, — деді Сәкең. – Иісін қара­шы. Керемет! Ал мұны қазақша не дейтінін білесің бе?

Бұл – Сағат Әшім­баевпен екінші кездесу сәтіміз еді. Содан бері де, мінеки, сегіз жыл өтіпті.

Бірінші рет ыңғайсыз­дау бір жағдайда жүзде­сіппін.

Құлтөлеу МҰҚАШ

1982 жылдың жазы. Студентпіз. Құрылыс отря­дының жұмыстарын аяқтап, қолға біраз тиын-тебен түсіп, екі жолдас табысымызды «жумақ» болып, біраз шарап, тістеме алып, дүкеннен шығып келе жатыр едік, курсымыздың кураторы ұшырасып:

– Оу, мына жүрістерің не?! Әуезов театрында орыс әдебиетінің Қазақстандағы онкүндігі басталды. Бүкіл қазақ, орыстың ақын-жазушысы сонда. Ғажап кітап базары болып жатыр. Сол жерде жүретін адамсыңдар ғой! Әттең, менде уақыт жоқ, – деген соң салып ұрып әдебиетшілердің мәжілісіне жеттік.

Басталып кеткеніне бірталай болған екен, дәлізде кездескен Қалаубек Тұрсынқұлов ағамыз:

– Бұл сендерге проходной двор емес! – деп кіргізгісі келмеді.

Қайырылыста әлдекімдермен әңгімелесіп тұрған Шона Смаханұлы кілт бұрылып:

– Өзіміздің ҚазГУ-дің балалары ғой бұлар. Филолог, не журналистер шығар. Бөтен адам жүре ме, – деген соң ғана Қалағаң:

– Жарайды, ақырын өтіп кетіңдер! – деді қабағын түйіп.

Кіре сала кітап алдық. Алты-жеті кітапты құшақ­тап айнала бергенімде, орыс жазушыларының жұбайлары болуы керек, бір топ әйел:

– Қазақша шығармаларды талап әкетіп жатыр. Неткен бақытты жазушылар! – деді қолымыздағы кітаптарға көздерін сата қарап.

Мен іштей: «Сонда орыс жазушыларының кітапта­ры мұнша өтпейтін болғаны-ау!» деп таңырқадым.

Қаламгерлер үзіліске шыға бастады. Жол-жөнекей Ғафу Қайырбековтен, Софы Сматаевтан, Сайын Мұратбековтен қолтаңба алып үлгердік. Содан соң әлдебір орыс жазушысын қолтықтап бара жатқан Ғабит Мүсірепов ақсақалға қарай үш томдық таңдамалы шығармаларын ала жүгіргенбіз.

Ғабең «Аға!» дегенімде маңғаз аңтарылып, кітаптарын көрді де:

– Кәне! – деп ыңғайлана беріп, көзілдірігінің үстінен қол-аяғыма тінте қарап алғаннан кейін:

– Ай, қазір автографтың уақыты емес қой! – деп бұрылып жүре берді.

Көңіл қабаржыңқырап, кері айналсам, қарсы алдымда күліп, Сағат Әшімбаев тұр. Суретінен таниты­нымыз болмаса, жүзбе-жүз алғаш көруім.

– Мыналарыңды бөлектеу қоя тұру керек еді. Ғабең мұндайды ұната ма. Мәжілістің соңында бір айналып соғың­дар, қолтаңбасын қойғызып берейін, – деді иығыма қолын салып.

Сөйтсек, біз театрдың ішінде әйгілі режиссер Леонид Гайдайдың «Бриллиантовая рука» кинофильміндегі тапан­шаны тор қалтаға сала салатын Горбунков – Никулинге ұқсап, екі-үш шөлмек «студент коньягы» – «Таласты» тесік сөмкеге тастай-тастай салып шапқылап жүріппіз ғой. Расында да, кіді жазушы онымызды қайдан жақтырсын.

Қазір қолтаңба қойдырған кітаптарға қарасам, ол күн – маусымның он алтысы екен. Сонда Бүкіл­одақ­тық автор­лық құқық агенттігі Қазақ бөлімінің бас­тығы, Қазақстан Жа­зушылар одағы басқармасының хатшысы, КСРО Жазу­шылар одағының сын жөніндегі кеңес мүшесі, Қазақ­стан Ленин комсомолы сыйлы­ғының лауреаты болып, аты дүрілдеп тұрған Сәкең отыз бес-ақ жаста екен. Дегенмен, шашы бурыл тар­тып, бұл жастан әлдеқайда ересек байқал­ды. Жүзінен толысқан парасаттылықтың нышаны аңға­рылады.

Әйтеуір, сол жүздесуден кейін арамызда әлдебір жақындық орнығып кетіп еді.

Арада бірталай өткенде кафедра меңгерушісі Тауман Амандосов студенттерді диплом қорғауға бері­летін жұмыс­тармен таныстырған. Әркім оң жамбасыма келеді-ау деген тақырыптарын таңдап алып жатыр. Бір кезде «Сағат Әшімбаевтың сыншылық шеберлігі» дегенде қолымды көтердім. Сонша етене таныс, жеңіл тақырып көрінген.

Алайда, іске кірісерде аңғардым, Сәкеңнің «Талантқа тағ­зым», «Парасатқа құштарлық» аталатын екі кітабын тиіп-қашып оқығаным болмаса, сыншы еңбектерін терең білмейді екенмін. Солай бола тұра, бүгінгі жұмысты күнде ертеңге қалдырып, жан алқымға келгенше ұзын арқан, кең тұсаумен, тиісті мерзімге он-он бес күн қалғанша табандап отыра қоймаппын. «Қазақ әдебиеті» газетінің бөлім меңге­рушісі Шәкизада Құттаяқов ағам жетекші болып белгіленіп еді, ылғи іссапарға кетіп, ұстатпай қойды. Сәкеңнің 1974 жылы шыққан алғашқы «Сын мұраты» кітабының жалғыз данасын Пушкин атындағы орталық кітапханадан әрең таптым. Оның өзі жырым-жырым. Біреулер беттерін парақ­тап жыртып әкетіпті. Содан: «Е, бір жөні болар, жетекшім де оралар, ертең барармын. Бүрсігүні көрер­мін» деп жүр­генде Тауман Салықбайұлы жұмыста­рыңды дайын күйінде төрт күннің ішінде алдыма әкелмесең қорғауға жібермеймін деді.

Сасқаннан Қазақ телерадио комитеті төрағасының орын­басары болып істейтін Сағат Әшімбаевтың өзіне жеттім.

Сәскенің кезі. Әлдебір жиналыстан шыққан ба, қасында біреу бар, қазіргі Ақ ордадан қызмет орнына қарай аяңдап келеді екен. Сәлем бердім де, салған беттен:

– Сағат аға, сіздің еңбектеріңізден диплом қорғай­тын едім. Жағдайым осылай болып тұр. Уақыт та, профессор да қысып барады, – деп шынымды айттым.

Аңтарыла бұрылған Сәкең:

– Мұның – мен үшін таңғажайып жаңа­лық. Құдай-ау, біздің де еңбектеріміз диплом тақырыбы деңгейіне көтерілгені ме?! Сенің де қазақы жалқаулық мінезің ұнап тұр, – деп күліп алды.

Жайлап кабинетіне көтерілдік. Бөлменің бір қабырғасы тола кітап. Сәкең арасынан су жаңа «Сын мұраты» еңбегін суырып бер­генде көз алдым жарқ ете түскендей болды.

– Қазір үйге барамыз. Жаяу кетеміз. Шопыр сұранып кетіп еді. Іздегеніңнің бәрі үйде жатыр. Кітаптарға кірмеген мақалалар да көп…

«Көктен іздегенім жерден табылды-ау!» деп қуанып отырмын.

Біраздан соң Сәкеңнің пәтерін бетке алып, жолшыбай кездескен бақты аралап, көк майсаны тізеден жалдап тартып бердік.

– Сирень де гүлдеді, – деді ағаш басынан бір тал өсімдікті үзіп алып, – Иісін қарашы. Керемет!..

Мен де ұсақ күлгін жапырақты гүлдің бір уысын жұлып алып едім, хош иісі мұрын жарды.

– Ал мұны қазақша не дейтінін білесің бе?

– Білмедім. Сирень дей береміз ғой…

– Бұл – майшетен тұқымына жататын өсімдік. Бірақ өзгеше мынаусы. Отызға жуық түрі кездеседі екен. Қолдан ұрықтандырып өсіре беретін сияқты. «Декан», «Аленушка», «Москва сұлуы» дегендей сорттары көп. Мені қуантатыны – мұның «Сәтбаевтың құрметіне» деген түрі бар. Мынау – сол. Осыны көрген сайын Қаныш ағамыз еске түседі. Ғажап қой! Иіс су жасайды бұдан… Сиреннің қазақшасы – бөртегүл. Ісләм  Жарлығапов ағамыздың табысы. Тұқы­мы­ның ерекшелігінен шығар, өзі екі-үш жылда бір ғана және май, июнь айларында бөртіп гүлдейді. Керемет, ә?..

«Сәкеңнің білмейтіні жоқ-ау, сірә? – деп ойладым. – Мұны биологтардың өзі біле бермейтін шығар-ау?!.».

Шәрбану жеңгеміз бен ержеткен ұлдары үйде екен, мені көптен күтіп отырған адамдар­дай құрақ ұша қарсы алды.

– Інілеріңмен танысып қой, – деді Сағат аға, – Дәурен КазГУ-де оқиды. Мәулен оныншыны аяқтағалы жүр…

Белгілі журналист Шәрбану Бейсенова жеңгемізді ұяң мінезді ме деп қалдым. Отағасына қыздай сызылып, сыбырлап сөйлейтіні жарасады екен.

Терлеп-тепшіп отырып шай іштік.

– Мына бауырсақ пен қаймақ елден бүгін ғана келген болуы керек. Әбден тойып ал! – деп қойды Сәкең. Содан соң жеңгей екеуі­нің студенттік жылдары бірталай қиындық­қа кезіккенін, сол шақтарда Мұса Дінішев ақсақалдың көп жәрдемдескенін еске алып отырды.

Жеңгей сөз арасында әлдебір очерктер жинағында өзінің мақа­ла­сының шыққанын айтып еді:

– О-о-о, дұрыс болды ғой. Қазір көреміз! – деп қуанып қалды. Сәлден кейін дәлізге шықтық.

– Жүр, «ресми таны­суды» шеберханадан бас­тайық! – деді. – Менің азан шақырып қойған атымның Сағатхан екенін білетін шығарсың?

– Жо… білмеймін.

– Үйдегілер бала кезімнен Сағат деуші еді. Елге де осы атпен танылып кеткен сияқ­тымын.

Бұл да мен үшін жаңалық еді…

Ұядай қуысқа шағын шеберхана жасап қойыпты. Ыңғайлы үлдірікте ағаш шеберіне керек құрал-сайман толып тұр.

– Бос уақытта ермек қылғанды ұнатамын. Сен тақырып еткен сыншылық шеберліктен бұл шеберлігімді кем деп ойламаймын…

Осыны айтып, рахаттана күлді.

Одан жұмыс бөлмесіне оздық. Үлкен кітапханаға кіріп кеткендей әсерлендім. Шы­нылы сөрелердегі кітаптардан қабырғалар қайысып тұрғандай. Қазақ, орыс жазушыла­ры­ның туындыларын былай қойғанда, біз естіп-білмеген шетелдік қаламгерлердің шығармаларынан көз тұнады.

Жазу үстелінің үстінен Абайдың әбден ескірген жина­ғын алды.

– Бұл – жұмыс кітабым. Қайталап оқып келе жатқа­ныма он жылдан асты. Әр оқыған сайын жаңалық табамын, ақынды уақыт озған сайын ұғына түскендей, тылсым тереңі­не бойлай түскендей боламын…

Өлең жолдарының астын түрлі-түсті сиямен сызып, тұсына түйген ойларын, алған әсерін қысқаша жазып қояды екен.

Содан соң тартпадан әсем безендірілген, бір діни кітапты алып көрсетті.

– Мұны Ғабит Мүсірепов сыйлап еді. Рухани бағасы шексіз, әрине. Өте сирек кездесетін қастерлі дүние болған­дықтан қазір нарқын білетіндер бір машинаның құнын берсе де алып кетер еді… Сен білесің бе, мен Ғабеңнің ақшасын санап берген адаммын ғой. О-о-о! – деді.

– Көп пе екен?..

– Ой-й, көп қой. Нақты қанша екенін ұмытып та қалдым. Қызық болды өзі. Бара қалсам, е, жақсы келдің, есебіне жете алмай отыр едім, санап шық деп кілттеулі тұрған есікті ашып, буда-буда үйіліп жатқан көка­ла-қызы­лала ақшаның үстінен бір-ақ шығарды. Мұндайды көрмеген басым қара терге түсіп қатты қиналдым. Әйтеуір, қайта-қайта шатысып отырып, қас қарая біттім-ау есептеп. Ғабең қызық адам ғой, «Ақша санап көрмегенсің бе?!» деп қасыма келіп-кетіп, күні бойы ренжумен болды.

Сәкең керек-ау деген, өзінің де, өзгенің де баспасөзде жарияланған мақалаларын ұқыпты хатшыға ұқсап қиып алып, нөмірлеп, шыққан мерзімін жазып, сақтап қойып отырады екен. Бұлармен қоса өз еңбектері баға­ланған бірқатар кітап пен көп оқырман хаттарын ұзатпай қайтарарсың деп, мұқият орап берді.

– Қызмет бабымен жүріп, ұзақ уақыт қаламды суытып кетіп едім, жазуды сағынып қалған екенмін, көсіле түскен­деймін. Кешеге дейін бірталай дүниені тәмамдап қойдым. Және бір жинақтың жүгін көтерерлік мақа­ла­­ларым бар екен. Құдай қаласа, оны «Шын­дыққа сүйіспен­шілік» деп  топтастырмақпын. Сен оларды қозғамай-ақ қой, қалғандары да жетеді, – деді.

Сол күні диплом жұмысына қажетті кітап­ханада бес ай отырсам да таптырмайтын деректерді бір сәтте-ақ Сәкең­нің өзінен олжалап, жатақханаға құстай ұшып, қанатта­нып қайттым да, күні-түні жазуға кірістім.

Одан жұмысты сәтті қорғап та үлгерген едім.

Арада жарты айдай уақыт өткенде Сағат ағаның қағаздары мен түптелген диплом жұмысымның көшірмесін алып қызмет орнына бардым.

– Кел, төрлет! – деді Сәкең. – Естіп жатырмын, «бес» алып­сың. Молодец! Ертең келінді алып үйге кел. Дипломыңды «жуып» берейін!..

Бірталай әңгімелестік. Байқап қалдым, жан дүниесі тез жараланғыш, сезімтал Сәкең жайбарақат, көңілді көрінуге тырыс­қанымен, темекіні үсті-үстіне тартып, әлденеге әбіржіп отырды.

Маған үстел суырмасынан әдемі қойын дәптер алып, ескерткішке қолтаңба жазып беруге ыңғайланғанда басы да, ұшы да «алтын» қаламымды ұстата қойдым.

– Өй, мынаны қайдан алып жүрсің?! – деді таңданып.

– Моңғол студенттерінен он сомға сатып алып едім…

Ол кезде қытай кәсіпорындарының бірінен шығатын жазуға ыңғайлы мұндай қаламдар өте сирек кездесетін-ді. Талғампаз Сәкең сапалы бұйымды тани қойды.

– Ой, «блатнойсың» ғой өзің! Мұны маған бер. Үнемі осындай сиямен жазатын қаламсапты пайдаланатынымды көрдің ғой. Бір аптадан кейін жеңгең Чехословакияға барады. Саған басқа қалам әкеліп береді.

Сонда Сағат ағама деп арнайы алған тура осындай және бір қалам есіме түсіп, төс қалтамнан суырып бердім.

– Оу, байыттың ғой мені! – деп балаша қуанған Сәкең қолтаңба жазуға кірісті.

Қобалжу сырын шығарда айтқан. Осы­ның алдында ғана Желтоқсан оқиғасына қатыс­қан жастардың сотында болып қай­тыпты. Бұрын да аталмыш жағдайға жүрегін ауыртып, қамығып отырған кездерін көріп едім.

– Кінәсіз бір жігітті өлім жазасына кесті, – деді күрсініп. – Жәрдемдесе алмаған дәрменсіздігіме күйінемін. Ең өкініштісі – біздің бауырлар сотта бір-бірін сатып жатыр. Ай, қалай ел болар екенбіз?!

Кетерімде енді не істемек ойым барын сұраған. Анық бағдарым болмай, толқу үстінде жүрген едім, бәлендей діттегенім бар дей алмадым.

– Қалай болғанда да Алматыдан кетпе! – деді Сәкең. – Әдебиетке талпынған екенсің, қалың творчество ортасында жүргенің дұ­рыс. Көздеген қызмет орның болса, қысыл­май айт, қолдан келгенше көмектесемін, үй алуға жәрдемдесемін… Сосын, бұдан былай өзіме де жиі соғып тұр. Осы маған жуысқан інішектерімнің көбі екі-үш кездескеннен кейін жоламай кетеді. Соған қарағанда, бір «оңбаған» адам болуым керек, хе-хе…

Мен Сағат ағаның бұл айтқанын орындай алмадым. Біраз толқып жүрдім де, Қарағандыға аттанып кеттім. Жағдайымды мәлімдеп бір-екі рет хат жаздым.

Екі-үш жыл аудандық, облыстық газет­терде жұмыс істеп, Алматыға қайта оралған соң үлкен қызметте отырған Сәке­ңе сәлем беріп шығуға оқталғанмын. Бірақ күнделікті күйбең тірліктің ығынан шыға алмай, ежелгі «күнде ертең» әдетіммен ыңғайым болмапты. Оның үстіне әйгілі тамыз бүлігі басталып, ел іші дүрлігіп жатқан тұс еді. Сол күн­дер­дің бірінде Сағат ағаның кенеттен қайтыс болғанын естідік.

***

…Кішкене ұлым шешесінің туған күніне құшағын толтырып бөртегүл жинап әкеліпті. Үйдің ішін хош иіс кеуледі. Мен Сағат ағамды ойлап, мұңға баттым.