БАСПАСӨЗДІҢ БАРЫСХАНЫ

image_l

Темірхан МЕДЕТБЕК

Қазақтың намысынан жаратылған

Сартта-сұрт шайқастарда

сан атылған,

Көп жұрттан көш ілгері дара туған.

Мен білсем, иір бұтақ

осы кісі

Қазақтың намысынан жаратылған.

 

Қосылмай топ-тобырдың ағысына,

Қол берген алыбына, арысына.

Намыстан жаратылып,

сосын өзі

Қазақтың айналған ғой намысына!

 

Өткелін өз халқының

ойлап көрген,’

Үмітпен ертеңіне

бойлап көрген.

Мен білсем, иір бұтақ,

осы жанға,

Қаратау қайыспа деп

қайрат берген,

Алатау майыспа деп

айбат берген.

 

Қашанда тайғақ емес,

мәрт шыдамы,

Күйінсе ойларынан

өрт шығады.

Осы жан иілместен, бүгілместен,

Сынса да шамырқанып

шарт сынады!

%d1%88%d0%b5%d1%80%d0%b0%d0%b3%d0%b0

Шерағаңның шашылып түскен тіркестері

Рухы азған ел – тозған ел

«Егемен Қазақстанға» Шерағаң басшылық жасаған тұста атақты ой­шыл, та­нымдық прозаның перісі Асқар Сүлей­меновтің «Шашы­лып түскен тіркестері» жарияланып, қоғамның ой-санасында дүмпу туғызған еді. Содан бері осы тіркес сөз айналымына еніп, аракідік баспасөзде қолданылып келеді. Біз де сол үздік үрдістің үзігін үзіп алмау мақсатында оны жаңғырта отырып, Ше­рағаңның әр жылдардағы ой-толғаныс, көзқарас­тарының ық­шам­дал­ған түрін жинақтап, оқырман­дар назарына ұсын­ғанды жөн көрдік. Саңлақтың семсер сөзін сағынған шығарсыздар.    

***

Өзің өлме, өзгені де өлтірме. Міне, шын демократия. Міне, шын адамгершілік, имандылық! Ал, бұл қасиет, Құдайға шүкір, қазақта бар.

***

«Қырық жыл қырғын болса да қиыспайды туысқан» деген ғой. Нарық қанша нәһан болса да, ақылды басшы рухани дүниені аздырмас болар. Рухы азған ел – тозған ел. Ондай елді қарға-құзғын шоқып кетеді.

***

…Бізде байлық жоқ, оны, әсіресе, қазір көбірек сезініп жүрміз. Керек десе, әлі күнге дейін жеке саяжайымыз да жоқ. Өкіметтің босағасына таман бір саяжайымыз болушы еді, оны осы күнгі Іс басқарушы тартып алып, әлдекімдерге берді. Мейлі, астанада баспанасыз жүрген мыңдаған қазақтан жанымыз артық емес шығар, әйтеуір баспанасыз емеспіз ғой…

***

…Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл таптың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммерсанттар үшін өз туған елі болмайды» деп Америка демо­кра­тиясының атасы Томас Джефферсон айтқан.

Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп бе­реке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руханият та­лықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есе­сіне шеттен келген «жұлдызсымақтарға» миллион­дарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады.

***

Сол қобыздың шын аты – Руханият

…Көздері көріп отыр, үлкен-үлкен мінберлердегі кім орысша сөйлесе – сол лауазымды.

Көңілдері сезіп отыр: орысшаң келіспесе, басың алтын, артың күміс болса да дәреже, мәртебеге жете алмайсың. Ал тілі бар халық – халық, тілі жоқ – балық.

***

Академия көп, академиктер көп. Ғылым… шөп жеп, жем жеп, сүт бермейтін сиыр сияқты.

***

Пифагор деген әулие:

«Жақсы заңың болғанша, жақсы әдет-ғұрпың болсын» деген екен.

Бізде не көп, заң көп. Бірақ соның қайсысы орын­да­лып жатыр. Ал әдет-ғұрып, салт-сана, міне, замандар легінен тазарып шығып сұрыпталған идеология. Сорлатқанда, біз содан айырылдық қой.

***

Қазір жоғарыдан төменге дейін, өрден ылдиға дейін жаппай ұрлық, қарлық. Ұлы ұрлық дәуірі.

Қайда барып оңамыз!

Жетім мен жесірдің ақысын жеме! – деді салтымыз.

Әсіресе, әлсіздерді, жетім мен жесірлерді жегіштер көбейді.

***

Жан-жақтан торыған ажалды жолатпай Қорқыт ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді… Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді.

Сол қобыздың шын аты – Руханият.

***

Газет жұмысы – бір жағынан жазушының досы. Ел көресің, жер көресің, сан-түрлі адамдармен кез­десесің. Шығармаға жем табылады.

Газет – бір жағынан жазушының жауы. Ойыңда жүрген, көкірегіңді кернеген дүниені алаңсыз отырып жаза алмайсың. Ұдайы оттың ішінде жүресің. Түнде де тыным жоқ. Газет кеш шығады. «Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, күнде бас қосқан жиын болады». Өл-тіріл, сондағы баяндаманы, бастықтардың көпірме сөздері таңертең газеттің бетінде болуы керек. Әйтпесе, басың кетеді. Сөйтіп жүріп мен бастап қойған повесімді аяқтай алмадым.

Ал Оралхан сол сапардан біраз жыл кейін «Құм мінезі» деген повесть жазды. Міне, жазу! Жазсаң – осылай жаз…

***

…Екейбай шын әдебиет, өнер адамдарын жанындай жақсы көрген, үлкен жанашыр еді. Сол себептен болар кейін-кейін Жазушылар одағының «Литфонд» деген тармағын бас­қарды. Бірақ кейбір қиянатшылар оның қадірін білмей обал жасады.

***

Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді.

Өнер дүлдүлдері болмаса, мына күйбең тіршілікте адамдардың көңілін кір басар еді.

Адамдардың жанын ыстанған кірден тазалап жүрген Ұлы Ұста – Нұрғиса – таң алдында жұлдыздармен бірге сөнді.

Енді біз Нұрғисаны ылғи да аспанда Таңшолпанның жанынан көретін боламыз.

 

Талант пен дарын

тана сүтінен емес,

Ана сүтінен дариды

 

Шындықты ақтарылып айту өте қиын. Бәлкім, дүниеде ең қиыны осы шығар. Дүние – дүние болғалы бұл түйін әлі шешілген жоқ. Адам шындықты айтпайын демейді. Айтайын десе қорқады. Бірақ Құдайды қайтеді? Құдай бәрін көріп тұр ғой! Адам Құдайды да алдауды үйренді.

***

Қалтай айтады:

– Өркениетті елдерде адамның басы менен  ісіне қарайды. Біздің елде адамның шашы менен тісіне қарайды – дейді. – Шашың аға­рып кетіпті, тісің түсіп қалыпты, айда, кет, дей­ді. Ал, басы, ақылы, ісі қандай – бағаламайды.

Осы сотанаққа соққы бергендей, Қалтай қазір газет басқарып отыр. Онысы орынды…

***

Бай жылдар. Байлықты бейшара жандар дүниеқоңызбен, ақшамен өлшейді. Көлдің тақырға айналуы оңай. Байдың пақырға айналуы оңай.

Ал таусылмайтын байлық, ол – Құдай о баста пешенеге берген дарын. Сол дарын еңбек етсең ғана байлыққа айналады.

Талант пен дарын тана сүтінен емес, Ана сүтімен дариды.

***

Құдай берген ғой. Қазақстанға байлықты аямай-ақ. Бірақ алуын айт. Бұйыруын айт.

***

Бас редактор – қоғамның бас дәрігері

…Бәрінен де қорлығы: сол кездегі жүйе оның ғаламат талантын (Өзбекәлі Жәнібековті айтып отырред.) облисполкомның жай орын­басарлығына ғана пайдаланды-ау. Соның өзінде ол Мәдениет министрлігі істей алмаған тамаша табыстарға жетті.

***

…Бірақ Қыдыр да талғампаз. Әкімі әкіреңбай болса, Қыдыр ол жерден безіп кетеді.

***

Майда-шүйде ұры-қарылардан қазір түрме қабырғалары қайысады. Ал ірілері ұстатпайды. Ұстауға дәрмен жетпейді. Міне, Тәуелсіздікке ең қауіпті қасірет осы.  Газет, сірә, қоғамдағы осы кеселмен күрес дәстүрін тоқтатпас.

***

От пен судан өттім. Шыңдалдым. Саясат деген сұрқияның сұрқын көрдім. Ол кездегі редактор ұстараның жүзімен жүруі керек еді. Жүйкемді жұқартты, күш-қайратымды жеді.

Бас редактор – қоғамның бас дәрігері. Қоғам денесіне әр түрлі жара қаптаған. Оның ішінде қатерлі ісік те бар. Сол ісіктің қоясын шығарып, сылып тастауға жараса – сол Бас редактор.

***

Адам дәрігері адамның кеселін емдейді. Бір кісіні, екі кісіні, көп кісіні…

Ал ақын, егер ол шын ақын болса, бүкіл адамзатты емдейді.

***

Нострадамустың бір айтқаны келсе, бір айтқаны келмейді. Ал баяғы Мөңке бидің айтқанының бәрі келіп тұр.

Ала-шұбар тілден арыла алмадық. Дүдәмалдау дін деген қаптап кетті…

***

Бүкіл қазаққа тән атақты адамдардың тойлары тек сол адамның туған жерінде ғана тойланатын әдет пайда болды…

***

«Рушылдық етек алған жерде ұлттық қатынасқа орын жоқ», — дейді А.Айталы. Бұл пікірге мен қос қолымды көтеріп қосыламын.

…Бұқаралық ақпарат құралдары соғыс құралдарынан да күшті

Ұрылар ұрған сайын семіреді. Жоғары лауазымды ұрылардың талайы шет елге қашып кетті. Біреуі ұсталған жоқ. Ең соңғысы Кутовой деген мәдениеттің ақшасын жеп ол кетті. Сорақысы сол, заң қызметкерлері оның қылмысын біле тұра, көз жұмды. Бытыралы мыл­тықпен тек торғайларды, қырғауылды, кекілікті, үйректі ғана ата аласың. Аюларға, қасқырларға бытыра батпайды.

***

Біздің ұлттық нигилистер, өз ұлтын менсінбейтіндер, өзбектерше айтқанда, «қара ивандар» өз ішімізде жүрген отаршылдар. Тап-таза, саф сана уағыздаушылар емес, ұлттық сананы улаушылар.

***

Жалпы, журналист еңбегі – ең қиын ден­саулыққа зиянды жұмыстар қатарына жатады. Сөйтсе де, қазан құлағын ұстап отырған шөмішшілер бұл еңбекті дұрыс бағалаған емес. Әрдайым шөміштен қысады.

…Бұқаралық ақпарат құралдары соғыс құралдарынан да күшті.

Мәселе сол БАҚ кімнің қолында тұр, әді­леттің бе, әлде әзәзілдің бе? Кейбір телека­налдар, газеттер адамдарды жақсылық жаға­лауына қарай емес, лас құрдымға қарай итермелейді.

Жиған-терген Қ.ҚАҒАН.

 

%d1%88-1

Шындық шертпелері

Қали СӘРСЕНБАЙ

Таяуда Қасым Аманжолов жүргізіп, елге кең танылған «Шынның жүзі» хабарынан Ақселеу Сейдімбектің сұхбатын тыңдадым. Ақаң осы хабарда өзіміз талайдан ден қойып жүретін көзқарастарын тұжырымдап, жүйе­леп айтты. Бұл кісінің «жалпы менен мықты музыкант шығатын еді. Бірақ ұлт үшін, ел үшін ғылымға, сан-салалы тірліктерге ара­ласуға тура келді. Біздің басшылардың көбісі өзін шаруашылық басшысы сезінеді. Жоспар орындауды біледі. Басым көпшілігінің бойында рухани қасиет жоқ, ұлттық құнды­лықтардың қадір-қасиетін бағалаудан, білуден, сезінуден мақұрым. Министрлердің 99 пайызы «Елім-айды» білмейді» деп келетін мазмұндағы ой-пікірлерінің әлі күнге сол күшінде екеніне таңырқау күйін кештім. Әрине, Әбіштерді, Дулаттарды, Ақселеу­лердің қай-қайсысын (бұл тізімді ұзартуға болады) оқу, тыңдау қандай ғанибет болса, Шерхан Мұртазаның бір өзі бір мектеп, тіпті, университет екенін біз секілді бала кезден бауырында өскен көгенкөздер жақсы білсе керек. Университет бітірген жалғыз сен емес, жоғары білім кім-кімде бар. Ал сол білімнің сыналар тұсы – екінші университет, яғни Шер­хандардың университеті. Біз сол университетті де бітірдік. Біздің бақытымыз да, баянымыз да сол. Бұл тек Шерханмен шектелу, соған ұқсап қалу емес, соның шек­пенінен, шеңгелінен шыққаннан кейінгі сенің сол ұядан ілген біліміңнің кәдеге жарауы туралы өмір. Демек, сенің мойныңа екі жауапкершілік жүктеледі, оның бірі – саған жоғары білім берген университеттен алған дәріс пен Шерхандардың өмір мектебінен алған дәрісті әрі қарай алып жүру, яғни мақсат-мұратыңды, өз дара жолыңды анықтау.

Біздің де ендігі айтпағымыз осы әңгі­мемізге үлкен арна салып берген Ақаңның алаңдауының жалғасы. Ақаңдардың өзі ұстаз санайтын Шерағаңа шәкірт болу жолындағы көңілде қалған ой-толғамдар жөнінде болмақшы.

Жұрт ертеде пайғамбарларға, әулиелерге сенген, табынған. Қазір пайғамбар да, әулие де жоқ. Бірақ тұлға бар. Әрине, тұлғаның да тұлғасы бар. Халық оған пайғамбардай, әулиедей табынбайды, бірақ құрметтейді. Сондай құрметке ие тұлғаның бірі — Шерхан Мұртаза. Неге?

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы Парламент депутаттарының сапалық та, сан­дық та құрамы қандай болғанын көзі ашық жұрт ұмыта қойған жоқ. Бірін-бірі биіктетіп тұрған кіл бекзаттар еді ғой. Кейде ойлаймыз: солар болмағанда осы Тәуелсіздіктің тағды­ры қалай шешілген болар еді? Осы тұста ғой «қазақтың таңдайы мен маңдайындай» Әбіштің әр қияны бір шолып, Шерағаң тура­лы көсіліп бір сөйлейтіні. Былай демеп пе еді.

«Неге екенін қайдам, оның даусын естісем болды, есіме Махамбет түседі: «Қарағайға қарсы бұтақ біткенше, еменге бір иір бұтақ бітсей­ші, қыранға тұғыр қыларға?! Ханнан қырық туғанша, қарадан біреу тусайшы, халықтың кегін қусайшы, артымыздан біздердің ақырып теңдік сұрарға!».

Ақырып теңдік сұрайтын сол «біреу» – осы біздің Шерхан Мұртаза бауырымыз ғой.

Бар бол, батыр-екесі!

Шал бол, Шер-ағасы!».

%d0%ba%d0%b8%d1%82%d0%b0%d0%bf-%d1%88%d0%b5%d1%80-%d0%b0%d0%b3%d0%b0

Таяуда «Егемен Қазақстанның» кітапха­насы» сериясымен шыққан «Намыс найза­ғайында» бүгінде «шал болған» Шерағаң сол күркіреген күндердің картинасын бүкпесіз береді. Ол тұста депутаттар қызметті де қоса атқаратын. Сол Парламенттегі «ел боламыз ба, болмаймыз ба?» деген тартыстардан соң Бас редактор бурадайын буырқанып, арыс­тан­дай ақырып келіп, тапсырма беретін. Оның орындалуын қатаң қадағалайтын. Өзі де соншалықты қыруар шаруа, қызметтік жауапкершілік бола тұра қаламын да қоса тербейтін. Арасында Мемлекет басшысы Н.Назарбаевпен көбірек сұхбаттасып жүрді. Бұл сұхбаттар басылымға бір жағынан бедел болғанымен, мақтан-мадаққа құрылмайтын. Белгілі бір мәселелер төңірегінде ғана сөйлесіп, оған берген жауабын тәптіштеп жазумен шектелмейтін. Қай сұхбатта болсын ел, ұлт мүддесіне, қазақтың көкейіндегі сауал­­дарға дөп жауап беріп жатты. Бас ре­дак­тордың беделді болғаны сонша, Елба­сымен иықтасып, еркін сөйлесетін. Сонан соң Елбасының да құрметі ерекше болатын. Себебі, сол әңгімелердің халыққа жетуін өзі де іштей қалап отыратын. «Шын журналист жазбай тұра алмайды, шын шахтер қазбай тұра алмайды» дегендей, Шерағаңның өзі басшымын деп, тек тапсырма берумен шек­телмей, өзі үлгі көрсетіп, қаламымызды қай­рап беретін Қайрақ еді. Жас неме, өзімізше бір идея туып, оған тісіміз батпай, сол ойы­мызды бүгежектеп алдына бөлісуге барғанда әлгі піспеген идеямыздың иін одан сайын қандырып, арқаландырып жіберетін.

Жалпы, сол жылдары шыбыны бар жігіт­тердің кейбірінің шығармашылығын ширатып жіберген де Шерағаң еді. «Арлан біреу, қас­қыр көп» демекші, Шерағаң шынында дара, ақпараттың арланы болды. Өзгелердің еңбегін жоққа шығарғандық емес, бұл кісіде шын мәнінде өзгешелік көп еді. Ол ешқашан жасан­ды сөйлеп, жасанды жазып, жасанды тірлікпен айналысып көрген емес. Бір жол жазса да шырайын келтіріп, шаңын шығарып шындықты жазды. Бізді де соған үйретті. «Ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деп Бөкейханов айтқандай, онда көп әріп­тесінде жоқ, ешқашан құбылмайтын мінез бар еді. Буырқанған бураның көз жасын көрген баяғының батырларындай еді.

Бір мысал айтайын.

1995 жылы Қазақстанның сол кездегі байшыкештері Президентке Ашық хат жолдады. Ол хатты бір іргелі басылым қуана-қуана басты-ау деймін. Біздің бағымызға орай Бас редактор Шерхан Мұртаза болды да, әлгі хат «Егеменде» басылмады. Мазмұны былай: «Мемлекеттік тіл қос тіл болсын, қос азамат­тық болсын, паспорттағы «ұлт» деген сөз алынып тасталсын, жер сатылсын, т.б.». Міне, солардың кейбірі күні кешеге дейін жұртқа ақыл айтып, саясатпен айналысып келді. Сол тұста бұл хатты Шерағаң газетке баспақ түгілі, мүйізі қарағайдай авторларды тартып қарсы мақала дайындатып, дабыл қақтырды. «Намыс найзағайындағы» «Қорқыттың қобы­зы қалғып кеткенде» (188-бет) атты эсседегі мына жолдар соған айқын көз жеткізеді. Оқиық:

«Ұлттық руханияттан ұрық алмаған ұрпақ 2020 жылы қандай болмақ? Оларда Отан деген, ұлт деген ұғым бола ма? Бұрын советтік патриотизм деген идеология бар еді. Енді отансүйер деген идеология жоқ. Қазіргі біздің идеологиямыздың арқасүйері – орта тап (класс). Яғни саудагерлер, бизнесмендер, коммерсанттар.

Ал оларда Отан деген, Ұлт деген ұғым, сезім тапшы. Оны осы жылдың жүзінде бір топ бизнесмендердің «Ашық хаты» айтып берді. Бұл тап үшін мемлекеттік қос тіл керек, қос азаматтық керек. Жаңа паспортқа «ұлты» деген сөз жазылмасын. Жер сатылуы керек, т.т.

Бұл – отансыздық идеологиясы. Бұл тап­тың анасы – ақша, атасы – сауда. «Коммер­санттар үшін өз туған елі болмайды» деп Аме­рика демократиясының атасы Томас Джеф­ферсон айтқан.

Демек, бұлардан ұлттық руханият дәметіп береке, қайыр таппайсың. Бұлар ұлттық руха­ният талықсып жатса, аузына су тамызбайды. Оның есесіне шеттен келген «жұлдызсымақ­тарға» миллиондарды аямай төлеп, жатып төсек, жайылып жастық бола қалады». 

Сол алағай да бұлағай уақыттағы Шер­ағаң­ның арыстандай айбаты әлі күнге көз алдымызда. «Елбасы біреу, қалғанымыз тіреу» дейтіні де осы кез. Осы күнде баспа­сөзде тұлға бар ма, жоқ па деген сауал жүріп жата­ды. Біз айтамыз, тұлға, ең алдымен, халық мойындаған адам. Ол екі сөйлемейтін, ел көкейіндегі сөзді айтатын, парасат-пайымы, білім-білігі асып-тасқан, жұртты адастырмайтын, алға бастайтын адам. Әрине, бүгінде жұртқа танылып, биікке шығып алып, түске дейін басқа, түстен кейін басқаша сайрайтын «тұлғалар» да бар. Бұлар керек болса, шындықтың өзінің басын шыр айналдырып жібереді. Жиі аунап кетеді. Кейде тарихтың, шындықтың өзі басқаларға және халыққа керек болып екіге бөлініп жатады. Міне, сол халыққа керек шындықты жазуда алдына жан салмаған адам – Шерхан Мұртаза.

Бұл кісінің редакторлығы кезінде «Егемен Қазақстанда» «Бір ауыз сөз» деген рубрика ашылды. Осы рубриканың тұсаукесерінен бастап, өзі бас болып жазды. Журналистер­мен қатар, авторлар да қатыса бастады. Әдетте көсіліп жазып үйреніп қалғандардың мақаласының ішіндегі дәнегін алып, «Бір ауыз сөзге» айналдырып жіберген кездер де болды. Сөйтіп, бізге етек-жеңімізді жиып, шағын жазудың да үздік үлгісін көрсетті. Соның әсері болуы керек, кейде көлемді деген дүниенің өзі тез оқылатын. Бұл кісі қанша қатал болса да, жақсы мақала жазған адамға жылы сөзін аямай, әсіресе, қатардағы тілші­лерді өзімен тең ұстауға тырысатын. Қысқа­сы, Шерағаңдай адамдардың сол тұлғалық биікке көтерілгеніне осы бір қарапайым мы­салдардың өзі жеткілікті дәлел.  Сондықтан тұлғаларға қайта оралып, оның беймәлім қыр-сырын ашып отыру — біздің міндетіміз. Егер шындықты жазуда, ақиқатты айтуда қызармайтын бірлі-жарым адам болса, соның бірі — осы кісі.

Тұлға — бұл өзі әр айтулы істің, жаңалық­тың бастауында тұрған адам. Бір күні сықиған, советтік «Социалистік Қазақстан­ның» атауы «Егеменді Қазақстан» болып өзгертілді (1991 жыл, 18 маусым). Ол жөнінде Шерағаңның оқырманға арнап жазған сөзі «Намыс найзағайында» да жарияланыпты.

Кейіннен газеттің атынан «ді» жалғауы­ның қалай алынып тасталғанын да Шерағаң былай жазды:

«Кейінірек әрбір сөздің түп-төркінін жете танитын, шебер лирик, азамат ақын Қуандық Шаңғытбаев «Егеменді» сөзінің «ді» жалғауын алдырып тастады. Сөз жұмыр­ланып, әдемілене түсті.

Бұл да бір еңсеру еді.

Сөйтіп, қазақ халқы көп заманнан кейін, «Қазақстанның егесі, яғни иесі мен!», – деп әлемге жар салды.

Айтайын дегеніміз, осы тұста өзі бастап аты-жөнінен «овті» алып тастап, газеттің соңына «Шерхан Мұртаза» деп қол қойды. Бұл жөнінде танымал журналист Талғат Сүйін­бай таяуда «Егемен Қазақстанда» жақсы жазды. Дегенмен де тұздық үшін айта кетейік. Сол күндердің бір қызық дерегі есте қалып қойыпты.

«Егеменнің» секретариатында істеймін. Баспаханадан келесі күнгі нөмірдің беттерін алып келіп, Бас редактордың алдына жайып тастап, батасын алатын дағдымыз бар. «Мұз­ды мұхит жатыр ма сіресіп» деп сығылысқан ресми материалдарға көз салып тұрған Шерағаң бір кезде «Аян» деген жазуға көзі түсіп, мұрты жыбыр ете қалды. «Әй, мына­ның әкесінің, бабасының аты-жөні жоқ па?» деді. Жарықтық, Совет Шиманбай ағамыз (рухы шат болсын) «қайдам, өзі солай жазады ғой» деді. Сәл ойланып тұрды да, Шерағаң: «өз әкесі өзіне керек болмаса біз неге оған бас қатырып тұрмыз», – деді. Қазақтың көрнекті ақыны бұдан соң фамилиясын қоса жазатын болды.

Ертеректе Шерағаң Жамбыл облысынан депутаттыққа түскенде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазыппыз. «Шер кісіні шайыр етеді» деген сөз бар. Шерхан Мұртазаның «Егемен Қазақстан­ның» кітап­ханасы» сериясымен жарық көрген «Намыс найзағайы» атты кітабын қайта оқыған адам осы бір тылсым сырдың тереңіне одан сайын бойлай түсері сөзсіз.

Әркімнің үстелінде тұруға тиісті аталмыш кітапты шындық туралы шертпелер, шедевр­лер, шындықтың шерайнасы десе де болғандай. Шебердің аты шебер, қаламын ащы сияға малып алып жазатын оның уыты әлі де сол күйінде.

Шерағаң алпыс жасқа келгенде «Атамұра» баспасынан «Шераға» атты кітап жарық көрді. Осы кітаптағы кейбір авторлардың сөзін, пікірін дайындауға өзіміз де қатыстық. Онда жазушының әріптестері, тұлғалы азаматтар өзінің жүрекжарды пікірін білді­реді. Сол тұстағы Қазақстан Республикасы премьер-министрінің орынбасары Мырзатай Жолдасбековтің мына бір пікіріне ден қояйықшы.

«Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас» газеті­нің редакторы болған тұста баспасөзде еркін ойдың тұмылдырығы шешілмеген-ді. Сонда да халықтың көкейінде жүрген талай-талай сырлы сөз, батыл ой бір айтылса сол басы­лымның бетінде айтылатын еді. Республи­калық газеттердің арасында ең көп тарай­тыны да сол «Лениншіл жас» болатын.

Шерхан Мұртаза «Жұлдызға» Бас редак­тор бол­ған тұста журналдың тиражы қазір адам айт­са нанғысыз биікке көтерілгенін жақсы білеміз.

Шерхан Мұртаза «Қазақ әдебиетіне» Бас редактор болған тұста газет бетінде халқы­мыздың өмір салтына, тұрмысына, тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне, тіліне, дініне қатыс­ты ең бір көкейкесті мәселелер қозға­латын, барынша батылдықпен, біліктілікпен айты­латын.

Шерхан Мұртаза «Егемен Қазақстанға» басшылық жасай бастағалы бері бұрын аты ғана «бас газет» болып келген бұл газет республика­ның шын мәніндегі бас газетіне, қазақ баспасөзінің бүгінгі биігін танытатын ең беделді басылымға айналды.

Бір адамға аз ба осы. Аз емес».  

Мәселеге жүрек көзімен қарайтын Мырзе­кең шындықты тап басып танып, құдайшы­лығын айтқан. Әсілі аса зиялы адам көбіне сабырмен сөйлейді. Ал Шерағаң жөнінде айтатындар­дың әңгімесі көбіне шындық төңірегінде шиырланады. Мырзекең де сол бағытты ұстанған.

«Намыс найзағайына» жазған алғысөзінде «Егемен Қазақстан» PГ» АҚ басқарма төраға­сы, танымал түрколог ғалым Дархан Қыдыр­әлі бауырымыз: «Бүгінде Шерхан Мұртаза­ның редакторлардың редакторы деп аталуы өте әділ баға деп ойлаймын», — депті. Аса көрнек­ті жазушы Мархабат Байғұт көкеміз: «Ол – ұлт ұстазы. Ұлт ұстыны. Ондай жазу­шы сирек. Ондай журналист аз. Ондай газет редакторы, журнал басшысы жоқ. Ондай парламент депутаты болды ма? Әй, қайдам… Шерағаң өмір бойы өрге жүзіп, ұлт мүддесі үшін, қазақ қамы үшін, Алаш абыройы жолында жан күйдіре жұмыс істеді. Мұрта­заның ұл-қызын тәрбиелеуге титтей де уақыты болмады. Шерағаң – ұлт тәрбиешісі. Шығармалары да» («Қазақ әдебиеті, 15.09.2017.) деп жазды.

Айтылғанның бәрі айдай ақиқат. Ел аман болса талай тұлғалар өмірге келер. Бірақ олар Шерхан бола алмайды, Шерхан қайталан­байды. «Екі Кенен тумайды, Алатауға ексең де» деп Кенен атамыз айтпақшы, екі Шерхан тумайды. Өмірдің заңы солай. Тұлғаны уақыт туғызады. Бірақ сол тұлғаның бәрі Шерағаң­дардай елге тұтқа бола бермейді. Егер Шерағаң­ның кітаптарын барлық универ­ситет, барша жұрт жабылып оқитын болса, біздің Парламент том-том заңдар қабылдамас еді, тіпті болмаған күнде оның көлемі азаяр еді. Әлемді руханият билегенде осылай болады. Егер Шерағаңның кітап­тарын, ой-толғаныс­тарын, көзқарастарын күй тілімен бедер­лейтін болсақ, алпыс екі тамырлы «Ақже­леңді» де, тоғыз, тоқсан тараулы «Қос­ба­сар­ларды» да содан табар едіңіз. Шындық туралы шертпелерді тыңдар едіңіз.

2002 жылы Таразда, Жуалыда Шерағаң­ның 80 жылдығы дүркіреп өтті. Сол тойдың алдында «Алматы ақшамына» мынадай бір түйір ой жазып едік.

Той дүркіреп өтетініне еш күмәнім жоқ. Алайда, сол тойдан түйер тағылымды айт­сайшы. Менің ойымша, бұдан былай Шерхан Мұртазаның туған күнінде Бас редактор­лардың республикалық кеңесі өтсе деймін. Кезінде «Шерхандарсыз шеріміз тарқамайды» деп жазып едік. Бұл Бас редак­торлардың бір шер тарқататын, ақылдасатын, кеңесетін жиыны болып, дәстүрге айналса, қанеки? Өтетін жері Тараз қаласы болса.

«Редакторлардың редакторы» туралы айтылған осы идеяны Тараздағы Баласағұн Мәдениет сарайында өткен салтанатты жиында «Шерағаңның шекпенінен шыққан» шәкіртінің бірі, көрнекті жазушы, Қазақ­стан­ның еңбек сіңірген қайраткері Кәдірбек Сегізбайұлы өз сөзінде жұртшылық есіне салды. Құлақ салатын пенде болса, сол ойымыз әлі де күшінде деп ойлаймын.

Р.S.:

Таяуда Алматыдағы «Самал» ықшам­ауданындағы Шерағаңның шаңырағына танымал журналистер Т.Сүйінбай, Г.Сәдір­қызы, Т.Алдабергенқызымен көңіл сұрай бардық. Немерем Шерханға батасын беріп, маңдайынан иіскеді. Құлыным да атасын құшақтап сүйіп, арқасына шығып кетті. Балажан батырдың жүзінен мейірімге толы шуақ көрдік.

Мен өмірімде жан дүниемде айрықша толқу туғызған екі сәтті ұмыта алмаймын. Оның бірі — Қадыр Мырза-Әлидің Сырым­ның ескерткішінің іргетасын сүйіп еңіреп жылағаны, енді бірі — Әбіш Кекілбайдың ақбоз атты сүйіп тұрған суреті. Шерағаң болса, «Егемен Қазақстанның» кітапханасы» серия­сымен шыққан «Намыс найзағайы» атты кітабын маңдайына басып, мұқабасын құшыр­лана сүйді. Осы бір қас-қағым сәтке абыздың бар ғұмыры сыйып кеткендей еді.      

Дүние нұрланып бара жатты. Осы сәттің куәсі болған біз шексіз бақытты едік.

 %d1%88-2

ШЕРАҒАМНЫҢ ШЕРУІ

Белгілі жазушы Әділ Дүйсенбек ширек ғасырдан астам қазақтың біртуар ұлы, белгілі қоғам қайраткері, халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы әңгіме-естеліктер, эссе-новеллалар жазып келеді. Шерағаң туралы жазған әрбір дүниені қызыға оқитын қалың қазақ «Шерағамның шеруі» атты роман-эсседе бұрын жарық көрген  дүниелермен тағы да қауышатын болады. Тілі шұрайлы, оқырманды өзімен жетелеп отыратын Шерағаң туралы шындықтар топтамасынан үзік-үзік үзінділерді жариялап отырмыз.

Ұжымдық ұйғарым

Ағам «Алатауда» демалып жатқан. Аян айтты: «Давай, барып қайтайық!».

—     Барсақ, барайық, — дедім мен, — бірақ ол кісі қалай қарар екен?..

—     Ішім-жемді өзімізбен бірге ала барамыз, — деді Аякең менің сұрағымды түсінбей. — Ол кісіге ешқандай салмақ салмаймыз. Қымызды өзім сатып аламын, бірақ ақшасын бөліп төлейміз.

—     Жарайды, — дей салғам самарқау ғана.

Сенбі күні құлқынсәріден телефон шыл­дырлады. Әдетте демалыс күндері ұйқыны қандырып барып қана тұратынбыз. Мұны жақын араласатын таныстарымыз да, ағайын-туыстарымыз да жақсы білетін. Сондықтан олар тым ерте телефон соға бермейтін. Ал мына қоңыраудың даусы өзгешелеу: екі-үш рет безілдетіп, алмаған соң қоя қоятын шығар деп ойлаған ем, қайдан, қайта барған сайын өрши түсіп, біз тұрмақ, көрші бөлмеде жатқан бала-шаға да оянып, ары-бері аударылып түскенін сезе бастадым. Амал жоқ, атып тұрып, тұтқаны көтердім.

– Әй, әлі ұйықтап жатырсың ба? — деген Аянның ащы даусы шықты арғы жақтан.

– Ерте емес пе? — дедім кешегі келісіміміз есіме түсіп.

– Ертең не? — деді Аякең бір-екі рет «атаңнәлет» деп алып. — Біз жеткенше «отдыхающилер» таңертеңгі асын ішіп қояды. Соған үлгеруіміз керек. Давай, тез көкбазарға кел, осы жерден автобусқа оты­рамыз. Мен  мына Қырмызының қымызын оптом көтеріп алдым.

Арада аз уақыт өткен соң «Алатаудағы» ағамның люксінде арқа-жарқа болып отырдық.

– Рахмет келгендеріңе! — деді Шерағам бізді шығарып салып тұрып.  — Жігіттерге сәлем айтыңдар, жұмыс істеп жатыр деңдер, маған келем деп әуре болмасын,  алдағы екі-үш күннің ішінде өзім кіріп шығам редакцияға.

Айтқаны айдай болды. Аяқ астынан редактордың орынбасары Сабыржан  Шүкіров жаңадан  ашылған «Сұхбат» газетін басқаруға жіберілді де, дәл сол күні түстен кейін Шерағам редакцияға жетіп келді. Келді де редколлегия мүшелері мен бөлім меңгерушілерін жинап алды.

– Көп сөйлеп уақыттарыңды алып жатқым келмейді, – деді ШІерағам даусын көтеріп. — Мына Сабыржан мырза, өсіп, «Сұхбаттың» редакторы болып кетіп жатыр. Жұмысына табыс тілейміз. Енді соның орнына  адам сайлауымыз керек. Өз ішіміз­ден. Соған лайықты кандидатураларың бар ма? Соны айтсаңдар.

– Бар, әрине, бар!

– Толып жатыр ғой.

– Жоғары жақ не дер екен? — деп жиналғандар шу ете қалды.

—     Жоғары жаққа өзім жауап берем, – деді Шерағам тағы да тамағын қырнап. — Беймезгіл келіп отырғаным да сол — «Қасиетті орын бос тұрмас» дегеннің алдын алу. «Сабыржан ауысатын болыпты» деген сыбыс шыққалы бері телефон шалушылар көбейіп кетті.

Ал енді айтыңдар, кімді ұсына­тындарыңды.

—     Ілесов! — деп қалды біреу.

Сол-ақ екен елдің бәрі:

—     Дұрыс, өте дұрыс, Міңкең лайық бұл орынға! — деп қолдай жөнелді.

—     Өздерің келісіп алған сияқтысыңдар ғой, — деп Шерағам да шырайланып шыға келді. — Иә, Мыңбай мырза тәжірибелі маман. Білімі де, біліктілігі де жетеді замре­дакторлыққа. Менің де ойымдағы осы еді. Ендеше дауысқа саламын.

Журналистер тегіс қол көтеріп, бір кісі­дей дауыс берді. Бұл — мен осы редакцияда еңбек еткелі бері басшыны ұжымның өзі сайлап алған бірінші басқосуы еді десем, өтірік айтқандығым емес.

Физика мен лирика

Тараз қаласындағы Мұхаммед Хайдар Дулати атындағы университет студентте­рімен кездесу өткізіп жатқанбыз. Шерағам мінберден түсісімен басқосуды басқарып отырған бірінші проректор «кімнің сұрағы бар?» деп біресе орысша, біресе қазақша қайталап тұрып алғаны бар.

Ағайлары айтып тұрған соң аянсын ба, залдың орта тұсынан біреу қол көтерді. Елең етіп, сол жаққа бұрылдық. Орнынан батылсыздау көтерілген балаң жігіт:

— Ағай, бір өлеңіңізді оқып бермес пе екенсіз? — деп қойып қалмасы бар емес пе.

Бәріміз ыңғайсызданып, төмен қарадық. Зал сілтідей тына қалды.

Шерағамның басы кегжең ете түсті. Онсыз да аласы басым көзі адырайып, көзілдірігінің әйнегін тесіп жіберердей боп әлгіге қарады. «Ал басталды деп ойладым мен іштей тынып, қазір байғұстың ит терісін басына қаптайды».

Бірақ ағайым өйтпеді.

—     Қай факультетте оқисың? — деп сұрақ қоюшының өзіне сұрақ қойды.

—     Физмат, — деді баланың даусы әрең шығып.

—     Ә, физик екенсің ғой, — деді Шер­ағам сәл-пәл ентігін басып, сөйтті де бірінші проректор мен біз отырған жаққа бір қарап алды да: — физиктердің лирикаға жақын екенін білеміз, бірақ мен өлең жазбаймын,   шырағым, — деп қайтадан балаға бұрылды. — Сондықтан өтінішіңді де орындай алмай­мын.

Жаңа ғана жауатын бұлттай боп түне­ріп тұрған ағамыздың мына мінезі осыдан ондаған жылдар бұрын болған бір оқиғаны еріксіз еске түсірді.

…Ілгеріде  КазГУ-дің  филфагінде   оқып  жүргенімізде Нұрекең,   кәдімгі  атақ­ты  Нұрғиса  Тілендиев ағамыз бізге келіп, күй үйреткен еді. Домбыраны аса жақсы тарта алмасам да, консерватория студент­теріне қосылып, бір топ жолдастарыммен бірге мен де оркестрге қатысқан едім. Ара­мызда Төлен (Әбдіков), Дулат (Исабеков) сияқты таланттыларымыз да бар. Екеуі де домбыраны менен жақсы тартады. Әсіресе, Төленнің шеберлігі ерекше. Біз оркестрге қосылып орындайтын «Би», «Қосалқа», «Кеңес», «Сарыарқа», тағы басқа күйлерден басқа, өмірі естіп көрмеген саздарды да сылқылдатады. Сол жылдары арғы жақтан келіп, енді-енді ғана таныла бастаған Уәли деген күйші бар еді. Төлен әлгі жігітпен бірге дайындық біткен соң да бірер сағат оңаша қалып, домбыра тартысатын. «Со­заққа барсаң күйшімін деме!» деген сияқты соларға қарағанда біздікі жәй «дыңқыл» ғой. Әйтеуір дүрмекке ілесіп жүргенім болмаса, далбаса десе де болғандай. Осындай жаттығудың бірінде оңбай түстім-ау, ақыры. Артық бір қағысты қалт жібер­мейтін Нұрекең қайта-қайта жаңылыса берген менің жаныма жетіп келіп «қайда оқисың?» деп қадалғаны бар. Алғашында қолындағы таяғымен салып жіберердей боп төніп келген ағамыздың менің филолог екенімді біліп, райынан тез қайтқаны әлі де көз алдымда.

Ұлы адамдарда ұқсастық көп болады деген осы екен-ау!

Бағымыз жанған жыл

Шерағам «СҚ»-ға Бас редактор боп келген жылы Семейде ядролық қарудың зардаптарын жоюға арналған үлкен бір жиын өтті де, жан-жақтан шақырылған қонақтармен бірге түрлі басылым мен баспасөз қызметкерлері де тоқайласа қалғанымыз бар. «Қазақ әдебиеті» газетінің өкілі, жазушы Сайымжан Еркебаев екеу­міздің бөлмелеріміз қатар болды да, жиі аралап тұрдық. Адам жатырқамайтын ақкөңіл жігіт еді марқұм. Әңгімеге де шебер болатын. Майын тамызып айтқанда, аузымызды ашып отырып қалатынбыз.

Жаның жәннатта болғыр, сол Сайымжан айтушы еді: «Бақтарың жанған екен, біздің Шерағаң барып сендерге!» — деп («Біздің» деп меншіктеуінің де жөні бар: бұған дейін Шерағам «Қазақ әдебиетін» басқарған болатын). Сөйтіп артынша: — «Сен ұғып ал, мен кейбір «секреттерін» айтып берейін», — деп Шерағам туралы небір қызық әңгімелер бастап кетуші еді.

– Аптасында бір-ақ рет шығатын біздің газет үшін материал деген қат емес қой, — дейді Сәкең. — Оның үстіне Шераға мақа­лаларды таңдап, талғап басады. Содықтан  өзі  оқып,  өзі  қол  қойған  материалдар шық­пай қоймайды. Осыны біліп алған біз бөлім өнімдерін өзіне оқытып алуға тыры­сатынбыз. Ал мұндайда мен кілең алда болам. Себебі, күнде ертерек келіп, каби­нетінің жанында күтіп тұрам. Егер Шераға амандасқанда қолыңды қаттырақ қысса — жолыңның болғаны: ағамыздың көңіл-күйі жақсы, ал керісінше — қолын бос тастай салса: онша емес. Ол күні бастықтың көзі­не көп көріне берудің қажеті жоқ. Мен сол қолым қатты қысылған күні лып етіп күллі материалымды Шерағаға алып келіп берем де, өзім есікті күзетіп тұрам. Келген кісі­лерге: «Бастық жарты сағатқа дейін ешкім мазаламасын деді, тығыз шаруасы бар көрінеді», — деп қулыққа басам. Себебі, ол кісі қанша материал болса да, жарты сағаттан асырмай редакциялап шығады…

Сәкең айтқан «секреттерге» онша көп сене бермесем де, «СҚ»-ның нағыз бағы жанған кезі — сол Шерағам басшылық жасаған жылдар еді-ау десем, ешкім де  шәк келтіре қоймас деп ойлаймын.

Асқаровты ақтап алу

Жамбылдық Жақсылық Сәтібеков түрмеде отырған Асанбай Асқаров туралы мақала жазыпты, — деп лездеме кезінде Шерағам жиналғандар не дер екен дегендей жан-жағына қарады. — Ақтап жазыпты, — деді сонан соң даусын соза түсіп, — сіздер қалай қарайсыздар…

Егемендіктер еңселерін көтеріп, елеңдесіп қалды. «Дұрыс қой» деген де дауыс естіліп жатты.

– Дұрыс болса, біз неге үнсіз қаламыз? — Мұртаза мырзаның мұрты жыбыр ете түсті. — Ұлттық газет деген атымыз бар емес пе? Қаншама үкіметтің үні болсақ та, халқымыздың қамы үшін басын бәйгеге тіккен азаматтарымызды ақтауға келгенде кез-келген тәуекелге баруымыз керек. Жам­былдықтар Асекеңді жерлесі бол­ған­дық­тан қорғап жатқан жоқ. Жалпы қазақ­тың намысы үшін, нақақтан-нақақ күйіп кеткен адам үшін ара түсіп отыр. Ана Бек­босынов деген Бас редакторы білімді жігіт, алыстан ойлайтын алымды азамат. Пар­тиялық басылымды басқарып отырмын деп солқылдақтық танытпай-ақ тәуекелге бар­ды емес пе?! Бұл жалғыз Арғынбайдың ғана міндеті емес, біле білсек, бәріміздің ор­тақ ісіміз болғаны жөн. «Ақ жолға» шық­қан материалдарды оқығандарың бар ма?

—     Иә, оқыдық, — деген жалғыз дауыс шықты.

Жалт қарасам — Нұри Мұфтах екен. Бұрынғы аты-жөні: Нұриден Мұфтахов. Аты­раудан ауысып келіп, алғаш редак­ция­ның шаруашылық меңгерушісі, сонан соң жаңадан ашылған фельетон секто­рының бастығы болып істеген.

—     Оқысаңыздар, дәл сондай мате­риалдар жаза аласыздар ма?

—     Әрине!.. — Тағы да әлгі дауыс.

Ойпыр-ай, сол жолы да дәл осылай болған еді. Қазақстанды Колбин басқарып тұрған тұс-тұғын. Бас редакторымыз — Көрік Дүйсеев. Бірде басшымыз партия­ның орталық комитетіне барып келді де бәрімізді жинап алып: «бүгін Совет аудан­дық партия комитеті Асанбай Асқаровтың мәселесін қарап партиядан шығарыпты, бізді соған шақырыпты, міне жиналыс құжаттарын да беріп жіберді. Келесі күнгі нөмерге материал шығару керек. Соны кім жазады» деген еді. Бәріміз басымызды төмен салып, жерге қарағанбыз. Көрік Құндызбайұлы сұрағын тағы қайталаған. Ел үнсіз. Жайлап басымды көтерсем, қас­қайып жалғыз  Мұфтах қана Бас редак­торға қарап отыр екен.

Басқаларының бәрі бас көтерер емес.  Қара көзілдірікке қанша қарсы қараға­ныңмен арғы жағындағы көзі көрінбейді ғой. Көз көрінбеген соң, иесінің де көңіл-күйін дөп басып білу қиын. Сондықтан болар Көрік Құндызбайұлы өзіне қасқая қарсы қарап отырған Нұри Мұфтахқа қо­лындағы құжаттарды ұстата берген. Сөйтіп келесі күнгі нөмерге «Құдыреттің күйреуі» деген сын мақала жарияланған болатын… (Бұл туралы мен кезінде «Қара көзілдірікке қарсы қарау» деген материал жазғам).

Олай болса, ертең Бішкекке аттанып кет! — деп ағам жиынды жапты. — Келесі аптада алдымда материал жататын болсын!  Оқушылар алдында өзімізді ақтап алайық!

Ғұлама ғой Шерағам. Мұфтахтың өз қаруын өзіне жұмсады. «Ақтап алудың» арғы жағында не жатқанын көзіқарақты оқырманның өзі түсіне жатар деген ойдамыз.

Қалекеңнің қалжыңы қалтасында

Ақбілек жеңгеміздің баптап пісірген кешкі асын кезек-кезек мақтап, омыртқаға ортақтасып отырғанбыз. Әдеттегідей әдебиет пен әдебиетшілер де назардан тыс қала қойған жоқ.

– Кеше жұмысқа Сейфолла Оспан келіп кеткен еді, – деді Жұмагүл Шерағама қарап. – «Қалтайдың қалжыңдарын» қал­дырып кетті. «Атамұра» баспасынан шық­қан екен. Ішінде сіз айтты деген біраз дүние жүр.

– Қайсысы екен, әй, – деп ағам елең ете қалды.

– Бәрі есімде жоқ. – Жұмагүл ойланып барып, – Камал үшеуіңіздің кафеге барған­дарыңыз туралы ғой деймін, – деді.

– Е, ол айтыла-айтыла жауыр болды ғой, – Шерағам орнынан тұрып кетіп, сулықпен қолын ысқылады. Сонан соң алдындағы ақ қа­ғазбен аузын сүртті де: – мына бір айтқа­ным бар ма екен, – деп талай жыл тағдырлас болған құрдасы туралы тағы бір әңгімені бастап кетті:

– Қалекең жақсы үйдің бәрін бірінші басшының өз қолынан алған ғой. Алғашқы кіргені – бізде бірінші хатшы болып істеген Юсуповтың үйі көрінеді. Димекең оның кілтін тапсырып тұрып «Қазақстандағы нөмірі бірінші адам нашар үйде тұрмаған болар. Ендігі игілігін өзің көр», – деп ақжолтай тілек айтқан екен. Төлебаев пен Фурманов көшелерінің ортасындағы сол оңаша үй кейін бұзылып, орнына басқа құрылыс салынады да, Қалекең тағы да баспана таңдау бақытына ие болады.

Бұл жолғы ұсынылғаны – Қарағанды облысын басқаруға кетіп бара жатқан Орталық Комитеттің екінші хатшысы Коркиннің үйі болады. Әрине, ол да осал емес. Тіпті, бұрынғы үйінен де тәуір болса керек. Қалекең ежелгі досына рақыметін айта келіп, сәл-пәл тосылып, тұрып қалыпты. «Иә, тағы бірдеңке айтпақшысың ба?» депті бірінші. Ондайда ойнақы сөз бен  қазақы қалжыңды қалтасынан суырып алуға әрқашан да әзір тұратын Қалекең қарап қалсын ба: «Осы менің қадірім кетіңкіреп бара жатқан жоқ па?» деп қойып қалса керек. «Неге?» дейді ана кісі аң-таң қап. «Ана жолы біріншінің үйіне кіріп едім, енді келіп екінші басшының баспанасын алғалы тұрмын», – деп күліп жіберіпті.

Қазақы қалжыңның қыр-сырын қалт­қы­сыз түсінетін үлкен кісі де еріксіз езу тартыпты.

– Қалекеңнің батыр-партизан Қасым Қайсеновті де қатырғаны бар, – деді Шер­ағам дәл осы айтқанын кітапта жоқ шығар дегендей кейіп танытып. – Куә болған кісілер айтады, Қасекеңнің үйіндегі дастар­хан басында отырып Қалекең «бұл кісі қаһарман емес, қашқын ғой» деп қойып қалса керек. Елдің бәрі елең ете түсті дейді. Қасекеңнің де көзі ажырайып, шашы тікірейіп шыға келіпті.

– Себебі, бұл кісі мына Әсекеңді (зайыбы) соғыс алдында кәмелетке толмай жатып, алып қашып кетіп, кеңес заңын өрескел бұзған. Содан сотталатын болған соң Украинаға зытып, партизандар арасы­на тығылған ғой. Әйтпесе әскерде, соғыс­тың алдыңғы шебінде жүрмес пе еді…

Сонда ғана елдің бәрі «уһ» деп, Қасекеңнің өзі де күліп жіберсе керек.

Келесі күні «Қалтайдың қалжыңдарын» Жұмагүл Солтиден алып қарап шықтым. Шынында да Шерағамның соңғы айтқаны кітапта жоқ сияқты.

Қалидің кәзиті

– Қалидің кәзитін оқып жүрсің бе?

– Қай Қалидің? – дедім ағам қайтер екен деп.

Шерағам жауабымды жақтырмағандай кіржің ете қалды.

– «Алматы ақшамын» айтасың ба? – дедім қытығына көп тие бермейін деп. – Ой, аға, оны оқымай, енді нені оқимыз. Кеңсеге келіп тұрады. Кейде үйге алып кетіп те оқимын. Қазіргі қазақ газеттерінің ішіндегі тұшымды материалдар игеріп жүрген басылымдардың бірі емес пе?!

Ағамның маңдайындағы қыртыстары тегістеліп, бетінің реңі кіре берген тұста:

– Сіз туралы жазған алғашқы материа­лымды сол Қали болатын жариялаған, – деп қалдым.

– Қайда, ей?

– «Жас Алашта». Ол кезде орынбасар болатын.

– Солай ма?..

Иә, солай болатын. Осы бір тойған қозыдай болып томпайып жүретін қарадомалақ баламен мен сонау «Социалистік Қазақстанда» жүргенде етене танысқан едім. Алғаш корбюрода, кейін секретариатта еңбек етті. Өз ісіне мәттақан. Әсіресе, мәдениет, өнер мәселелеріне кел­генде көсіле түсетін. Журналистік талантын ашып, талай тың тақырыптар жазуына себепші болған Шерағам еді. Толысып, кемелденген тұста «Жас Алаш» газетінің орынбасары болып жоғарылап кеткен-тұғын. Кейін Алматыны И.Тасмағамбетов басқарып тұрған кезде өзінің кешкі газетіне жетекшілік етуге қалап алған еді. Ол кісі біледі ғой, кімді өсіру керектігін! Міне, сол қарабала қазір қабырғалы да қарымды қаламгерлердің бірі. Іскер басшы, шебер ұйымдастырушы.

Екі мыңыншы жылдың орта тұсына таман Шерағамның тапсырмасымен «Сембин» атты көлемді мақала, «мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссе» (ағам­ның сөзі) жазған Қали, кезінде жарқ етіп сахна төрінен көрініп, кейін Қотыраш­тар мен Батыраштардың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорлығынан күйіп кеткен әйгілі әнші Аманкелдінің аянышты тағды­рын сөз еткен еді. Шетелде таланттарды қорғайтын арнайы заң бар екенін айта келіп, автор Сенбиннің таспаға жазылып қалған даусын келер ұрпақ үшін сақтап қалсақ екен деген пікір білдірген болатын. Міне, сол Шерағам шырылдап іздестірген Сембиннің мұрасын жинастыруға әлі де құлық танытпай отырған көрінеміз. Тиісті орындар тырс етпеген сыңайлы.

Қали араға оншақты жыл салып тағы да оралады осы мәселеге. Газетінде ол былай деп жазады: «Енді не істеу керек? Бұрын да жазғанбыз, айтқанбыз. Тағы да қайталай­мыз. Сембинді сағынғанда айтар әңгіме теңіздің тартылуы тәрізді, бір келіп, бір кетіп тұрады. Айтатын нәрсе көп. Соның бәрін жүйелеп айтуға да көкіректі емін-еркін жайлап алып, әр қиялға алып ұшатын сезім де ерік бермейді. Біз Сембинді жылдар бойы жоғалтып алғанбыз. Енді жоғалтпауымыз керек, енді бағасын беруіміз керек, баға­лауы­­мыз керек. Мамандар оның әншілік қуатының сырын, қасиетін саралап, арнайы сынып ашып, лекция арқауына айнал­дыруы керек. Теледидар, радио бұрынғы ән таспаларындағы даусын тауып, арнайы концерт, көркем хабар, фильм-концерт дайындалу қажет. Оның даусын­дағы, шығармашылық болмысындағы ерекшеліктер, керек болса, арнайы ғылы­ми-теориялық конференциялардың арқа­уына айналуы тиіс.  Өзі, шығармашылығы жөніндегі жарияланымдардың басын біріктіріп, арнайы кітап шығарған жөн. Сөйтіп рухани дүние бүтінделуі қажет».

– Сіз туралы жазған материалымды бермей бір жылдай жатқызып қойған жандар  да болған, – дедім бір кезде қарап отырмай.

– Қой, әй, – деді ағам көңілімді аулап, – кім болды екен ол, біле отырайық та біз де.

– Өзіңіздің жақын інілеріңіздің бірі, – дедім енді турасына көшіп. – Ол да зам болып істейтін. Ертең, бүгін деп, ақыры сиыр­құйымшақтандырып барып жоқ қылды ғой.

– Е, құдыреті жетпеген де, – деді де қойды ағам.

Бірақ аты-жөні кім, қай басылым еді деп анықтап сұраған да жоқ. Соған қара­ғанда білетін болды-ау деп бажайладым.

 

Шерхан Мұртаза

Бір кем ДYНИЕ

Жеңешемнің жауабы

Менің аталас ағам майдангер Мақанбет Дембайұлы Роза (Разия) деген татар қызына үйленді. Разия жеңгеміз тоғыз (9) бала тапты.

Абысындары:

– Байғұс-ау, тағы біреуін тусаңшы, сонда «Батыр Ана» атанар едің, – дейді ғой.

Разия:

– Құдай берсе тастамаймыз,

Бермесе қақсамаймыз, – дейді.

Құдай бергенде тағы біреуін табар ма еді, бірақ Алла Тағала Разияның өзін ерте­рек алып кетті. Асығыс алып кетті.

Абайсызда тағы біреуін туып қоя ма деп асықты ма, кім білсін?!

Бір кем дүние.

 

Дуананың жирен қасқасы

Қасиетті қарт Қаратаудың қойнында Қарағай деген байдың тоқсан тоғыз (99) жирен қасқа тұлпарлары болыпты. Қанша дәулет бітсе де бай қуанар егізге дегендей, байекем сол сәйгүлік жирен қасқалар жүз­ге жетсе екен деп армандапты.

Бірақ, Құдайдың құдыреті, биелері қай­тып жирен қасқа құлын тумай қойыпты.

Сондай күндердің бірінде бай ауылына ел кезген бір дуана келе қалады. Қараса, ас­тындағы аты жирен қасқа! Бай жігіттерін жұмсап, дуананың атын тартып алады. Бұ­дан асқан қорлық, бұдан асқан сорақы­лық бола ма?!

Сөйтсе, дуана – жай дуана емес, қызыр шалған әулие кісі екен, таудан арқырап аққан асау өзенді бөгеп тастап, жирен қас­қасымен өрге шапшып, бай ауылын қарғап кетіпті. Бай дәулеттен айырылып, қайтып мал-мүлік құтаймай қойыпты.

Тоқсан тоғыз жирен қасқа хикаясы осылай аяқталған деседі.

Біреуі-ақ жетпеген.

Өлтіру оңай, тірілту қиын.

Соттар қателесіп, кінәсіздерді өлімге бұйырады. Кінәсіз екені анықталғанда қайтадан тірілте алмайды. Не істеу керек?

Бір кем дүние.

«Халық жаулары» дегендердің көбі солай өлтірілді.

 

Сарыала қаз

Жазушы Оралхан Бөкей:

– Елімнің бір жайлауы Құрымбай саз,

Жайлаған алты ай жазға сарыала қаз.

Шолпандай таң алдында туып батқан,

Қайтейін, о дүние, ғұмырым аз, – деп ән салушы еді.

Бір кем дүние екенін білген ғой.

 

Ұятсыз болма

Адамға бала жастан ең керегі – Ұят деген қасиет. Ол туа бітеді. Бірақ кейбіреуі өсе келе, үлкейе келе ұяттан жұрдай бо­лады.

Бір кем дүние.

 

Қисық заң

Заң дегеніміз – өрмекшінің торы: әл­сіз­дер тұтылып, әлділер құтылып кете береді.

Бір кем дүние.

 

Жоғалған тіл

«Болашақ» деген шығып, бай балалары шетелде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, иә ағылшынша сөйлейді.

Қазақшасы жоқ.

Бір кем дүние.

 

Ақсақ Темірдің аманаты

Жалған дүниеден өтер алдында жарты әлемді жаулаған Әмір Темір жанындағы­ларға аманат айтты:

– Мен өлген соң жылап-сықтап, дауыс көтермеңдер. Оның түкке қажеті жоқ. Ажал­ды біреу айқайлап, қорқытып қуады ма екен? Киімдеріңді жыртып, жынды адам­ша жүгіргеннен гөрі Алладан «Аллаһу акбар» деп маған мейірім тілеңдер. Жүре­гімді жылыту үшін «Фатиханы» оқыңдар.

Жарты әлемді жаулаған Әмір Темір де мейірімге мұқтаж.

Бір кем дүние.

 

Құр алақан

Жарты әлемді жаулаған тағы бір жа­һан­гер – Александр Македонский – Ескендір Зұлқарнайын өлген соң табыттан қолы шошаңдап шыға беріпті.

Бір данышпан алақанына бір шөкім топырақ салған соң ғана қолы сылқ етіп табытқа түсіпті.

Сөйтсе Ескендір тірілерге:

– Ей, жарандар, мен дүниенің жарты­сын жаулап, алтыннан тау тұрғызсам да, о дүниеге ештеңе алып бара жатқан жоқпын. Міне, қараңдар, – деп алақанын ашып көрсеткені екен.

Қайран дүние, тіршілікте кім тойған…

Адамның ашқарақ көзі топыраққа ғана тояды.

Бір кем дүние…

 

Ай мен Күн туралы

Бұлар туралы ақын Гете жазып кеткен. Ол да біреуден естіген.

Біз де елден естігенімізді, оқығаны­мызды жазамыз.

Аспанда Ай мен Күн бір-бірінен ажы­рап, адасып қалғанда, жердегі пенделерге не жорық?!

Қыз Жібек пен Төлеген, Қозы Көрпеш – Баян сұлу, Ләйлі – Мәжнүн, Жүсіп – Зылиха, Сейпілмәлік – Жамал – қайсыбі­рін айтасың, бір-біріне қосыла алмай кеткен, шын ғашықтар ғой.

Дүние жаралғалы бері Ай Күнге жете алмай келеді. Олар о басында ерлі-зайыпты екен, екеуінен жұлдыздар туған. Әзәзіл ажыратқан.

Бір-біріне шын ғашық болып, қосыла алмау дүниедегі кемдіктің ең ұлысы.

 

Қанағат қарын  тойдырады…

Араны ашылған, ашқарақ тойымсыз­дар – адалдықтың қазығынан ажырап қалғандар.

Адалдықтың қазығы – қанағат.

Бір кем дүние – зор кем дүние.

 

Жекеннің арманы

Журналшылар да түйе сияқты: арқа­лағаны – алтын, жегені – тікен.

Газетте жұмыс істеп жүргенде ЦК-дан талай таяқ жедік.

«СҚ»-да Жекен Жұмақанов деген жазушының қарама­ғында біраз болдым.

Жарықтық, газеттің келе­сі нөміріне кезекші болғанда, бетті оқып отырып:

– Шіркін, бір асыранды ақ тышқан болса, газеттің бетіне жүгіртіп жібергенде иіс­кеп-иіскеп, қатесі бар жерде екі аяғын көтеріп, шың­ғырып-шыңғырып жіберсе, қатені түзетіп, редак­тордан сөгіс алмас едік, – деп армандап отырар еді. Әлі күнге дейін ақ тышқан жоқ.

Бір кем дүние.

 

Жарық астау

Арап нәсілді Александр Пуш­киннің алтын балық туралы інжу-маржандай әдемі ертегісі бар. Балық­шының ауына Алтын балық түспей ме. Сөйтсе алтын балыққа тіл бітіп, балықшы шалға:

– Мені босат, не тілейсің соның бәрін орындаймын, – дейді ғой.

Балықшы:

– Кемпірімнің кір жуатын ағаш астауы жарылып қалып еді… – дейді.

Алтын балық:

– Үйіңе қайта бер, тілегің орындалады, – дейді ғой.

Кемпір шалына риза болудың орнына, бас салып ұрсады. Араны ашылып кетеді. Жердің бетін қойып, су астының патшасы болғысы келеді. Ең соңында баяғы жарық астаудың қасында қалады.

Тойымсыздық.

 

Шөлдеген жұлдыз

Шілде айында Қазан шаһарында да күн ысиды. Сон­дай бір кезде атақты ақын Ғабдолла Тоқай қатты шөлдесе керек. Сы­раханаға кіріп, бір саптыаяқ сыра сұраса сатушы:

– Отыз бес тиын, – депті.

Сонда Тоқай қалтасын қағып, тиын санап тұрып:

– Пиво тура отыз бес тиын, қалғаны тура бес тиын, и-и, дүние-ай… – деп қиналса керек.

Өзін Пушкин, Лермонтов сияқты алыптардың қатарына қосып:

«Три звезды в небе – Пушкин, Лер­монтов и Токай», – деп жүрген Тоқайдың қалтасы тесік екен.

Бір кем дүние…

 

Жүзді азырқанған жазушы

Ертеректе, Жазушылар одағының үйін­де бір жазушы­ның мерейтойы өтіп жатты. 90 жасқа толған той иесі көпшілікке алғыс айтып, мінберде сөз сөйлеп тұрғанда, арт жақтан біреу:

– Әлеке, Әлеке! Жүзге жет! Жүзге жет! – деп айқайлады.

Той иесі қаһарланып:

– Ей, найсап! Жүзден артық сан біл­мей­сің бе?! – деп ренжіді.

Сөйткен Әлекең жүзді азырқанып жүр­генде, тоқсан алтыға келіп, дүниеден өтті.

Бұл да бір кем дүние.

 

Әттең қанаттың келтесі-ай

Құладын деген құс бар. Жыртқыштар әу­летіне жатады. Бірақ өзінің аталас туыс­тарына қарағанда салақтау ма, әлде олақ­тау ма, әйтеуір қопал құс. Оның қасын­да кішкентай тұрымтай, жағалтайлар әлде­қайда пысық. Қырғи, қаршыға, лашынның шаңына да ілесе алмайды.

Бірақ Құдайдың оған шақтап берген несібесі бар. Сонымен күнелтеді. Тышқан аулайды, күзде, тары піс­кенде, бөдене ау­лайды. Тіпті кейде асыранды тауықтардың балапандарына да түсетін кездері бар.

Сондай бір мезгілде үйдің маңайында балапандарын ертіп, құрқылдап, балақай­ларын шегіртке, шыбын-шіркейлерді ұстау­ға баулып жүрген шұбар тауық байқамай қалып, бір балапанын құладын іліп алып кетеді. Шұбар тауық байғұс бар дау­сымен ойбай салып, әлгі құладынды қуып жет­пекші болып, аспанға атылып барып, қай­тадан қара жерге топ ете түскен. Қанаттары қысқа, ұшуға жаратыл­маған. Әттең қанаттың келтесі-ай…

Бір кем дүние.

Мұндайда:

Құйрығы жоқ, жалы жоқ,

Құлан қайтіп күн көрер,

Аяғы жоқ, қолы жоқ

Жылан қайтіп күн көрер,

– деген мұңды өлең еске түседі.

Бұл да бір кем дүние.

 

Шыңғыс ханның моласы қайда?

Жарты әлемді жаулаған Шыңғыс хан Таңғұт елінде әлдеқандай жұмбақ ажалдан кеткен дейді тарих.

Ең жақын адамдары Шыңғыс ханның денесін қара жерге көміп, үстінен мың жыл­қы айдатып, таптап тастаған дейді. Оны көміскен адамдардан тірі куә қал­дырмай, бәрін өлтіріп тастаған.

Бұл, сірә, Бұрхан тауының бір сілемі көрінеді.

Енді бір аңызда Орхон өзенін басқа арнаға бұрып жіберіп, соның табанына терең қазып, Шыңғыс ханның сүйегін тоғыз қабат табытқа салып, Орхонды қайтадан өз арнасына қоя берген.

Шыңғыс ханның сүйегі өзеннің табанында жатыр деседі.

Таяуда бір «көріпкел» қазақ Шыңғыс ханның қай жерде жатқанын мен білемін деп, баспасөз арқылы бөсіп еді. Әлі ештеңе жоқ.

Шыңғыс хан бұл фәниден өткелі мың жыл болайын деп қалды.

Жаңа техникамен қаруланған жапон­дар да іздеп жүр. Нәтиже жоқ.

Бір кем дүние деген осы.

 

Кенесарының басы қайда?

Сөйткен Шыңғыс ханның көкжал ұр­пағы – Кенесары хан Астананың қақ орта­сында, Есіл өзенінің жағасында оңтүстік-батысқа қарап, алмауыт аттың үстінде шіреніп отыр.

Скульптура авторы – Нұрлан Далбай деген азамат.

Тұғыр салғыш кәдімгі өзіміздің Шота Уәлихан.

Кенесары ханның басында айырқал­пақ. Қалпаққа кейде шымшық қонып отырады.

Ал шын өмірде Кенесары өз жасақ­та­ры­мен Ақмола атты патша қамалына қар­сы беттен, яғни оңтүстік-батыстан сол­түстік бетке қарай шабуыл жасаған.

Сөйтіп, патшаның зеңбірекпен, мыл­тық­пен мұздай қаруланған қорғаныс қамалына найзамен, қылышпен, дойыр қамшымен, шоқпармен қаруланған қолды бастап, Ақмола қамалын басып алған.

Бәрі дұрыс. Бірақ кейін-кейін патша­ның сансыз әске­ріне, зеңбірегіне қарсы тұра алмай, оңтүстікке, Қырғызияға қарай бет алды. Қырғыздың шонжарларымен мә­мілеге келіп, патшаға қарсы одақ құрмақ­шы еді. Бірақ патша губер­наторлары қарап жатпай, қамданып, қырғыз манап­тарының аузын алып, зеңбірекпен, мылтықпен қару­лан­дырып, Кенесары қолына қарсы шығуға дайындап қойған екен.

Келелі істің аяғы кері кетіп, Кекілік тау­дың тұсында, хан Кене қолға түсіп, жауыз­дар оның басын кесіп алып, патшаға тарту ретінде Омбыға, одан соң Петербургке жі­берген дейді. Бірақ сол бас әлі табылмайды.

Ал Астана қаласының қақ ортасында, Есіл өзені жағасында алмауыт атқа мінген Кене хан шіреніп отыр. Басында айыр қалпақ. Бұл, тас бейне.

Ары-бері ағылып өтіп жатқан адамдар. Ескерткішті айнала қойылған скамейка­ларда отырғандар.

Көбісі хан Кененің өз басы әлі табылмағанын білмейді.

Бұл да бір кем дүние.

Өкінішті дүние.

 

Соғыс жетімі

1998 жыл. 9 май еді. Жеңіс күні. Алматы. Панфилов паркіндеміз. Мереке күнімен бір-бірімізді құттықтап жатыр­мыз. Өзі бір «кампанбыз». Қалың қарағай түбіне шағын дастархан жайылды.

Әсіресе, жазушы Бек (Совхозбек) Тоғысбаев көңілділеу. Мен сөз кезегінде Бекке қарата:

– Әкең сенің осындай азамат, жақсы жазушы болға­ныңды көрмей, майданда қаза тапты, әттең… – деп едім, Бек кенет еңкілдеп жылады. Алпыстан асты ғой. Әлі бала. Әке үшін. Ес білмей, жастай қалған жетім, соғыс жетімі жылады. Міне, бұл ұлы сезім, жүрегі жібіп, елжіреді. Жүрегі елжіремейтіндерден қорқу керек. Ондайлар жазушы бола алмайды.

Алпыс жылдан кейін әкесі есіне түсіп жылаған жетім.

Соғыстан қалған жетім.

Бұл да бір кем дүние.

 

Ауыл иттері

Ахмет Байтұрсынов:

– Қинамайды абақтыға жапқаны, қиын емес дарға асқа­ны, атқаны. Маған ауыр осылардың бәрінен, өз ауылымның иттері үріп, қапқаны, – деп еді-ау.

Әттең дүние-ай, 1937 жылы біздің әкейді де өз ауылы­мыздың шолақ бел­сенділері нақақтан жала жауып, ұстатып жіберді де жоқ қылды ғой. Обалы кімге? Қорлықты көп көрдік қой.

1937 жылы «халық жауы» деп ұсталып, атылған, айдал­ған, асылғандардың бәрі кейін ақталды.

Бірақ жазықсыз жапа шеккендер қайта тірілген жоқ.

Бір кем ғана дүние ме екен? Орны толмас орасан обал дүние.

 

Баукең солақай емес

Тараздағы драма театрының жанында Бауыржан Момыш­ұлына ескерткіш қойылған.

Бұл өте бір иманды іс болды.

Тұла бойы сыйдиған еңселі ескерткіш.

Бәукеңдей батырды алмауыт тұлпарға мінгізіп қойса да болар еді, бірақ бір бастық ескерткіштің бәрі аттылы болып бара жатыр, депті.

Мейлі ғой. Бірақ мына тұла бойы тік тұрған Бәукеңнің қы­лышы оң қол жағына тағылыпты. Оны суырып алатын Бауыржан солақай емес еді ғой!..

Сызып тастап түзететін жазу емес, қисық-қыңырын түзете салатын бояулы сурет емес, шойыннан құйылған ескерт­кіш.

Әттең, бір кем дүние.

 

Тасбақаның көз жасы

Дүниеде бір армансыз, қамсыз, уайым­сыз жан иесі бар болса, ол тасбақа шығар деп ойлаушы едім. Мейір шөпті тауып алып, соны тістеп жатып, жүз жыл жасай беретін, Құдайдың сүйген бір мақұлығы сияқты көрінуші еді.

Сөйтсем, кинодан көрдім, тасбақадан қасіретті жәндік жоқ екен. Теңіз тасбақасын айтамын.

Теңіз тасбақасы баласын жұмыртқадан шығарады. Бірақ жұмыртқаны суда туа алмайды. Теңізден шығып, жағалаудағы құмды қазып, жұмыртқа туып, құмға көміп кетеді екен.

Кетерінде көз жасы көл болып, іштен шыққан тұқымды қия алмай, құрлыққа ұзақ уақыт қала алмай, амалсыз теңізге ора­­лады. Міне, сұмдық сол сәттен бас­талады. Тасбақа жұмыртқасына алдымен адамдар әуес, тіпті жерік десе де болады.

Адам сондай болғанда, басқа жырт­қыштарға не жорық? Олар да жұмыртқа жегіш.

Ал енді жегіштерден аман қалған жұ­мыртқалар құмның қызуымен ай-күніне жетіп, балақай болып, жарық дүниеге шығады ғой. Әне, содыр сойқан сонда басталады. Енді оларды аулауға аспандағы жыртқыш құстар да шүйлігеді.

Тумай жатып, жарық дүниеге келмей жатып, ажал аранына түсетінін Жарат­қанның берген түйсігі арқылы сезетін балақайлар сол сезім жетектеп, дереу теңізге жетуге асығады.

Теңізге жеткені – жетті, жетпегені желкесі үзіліп, қорқаулардың құлқынына түседі.

Бұл да бір кем дүние, арпалыс әлемі.

 

Оспанханның «Ңөңі»

Баяғыда Оспанхан марқұмның бір әңгімесін жариялап едік. Ұмытпасам, әңгіменің аты «Ңөң» болатын.

Содан енді ойлаймын: жарықтық Осекем әулие екен-ау деп.

Қазіргі мына заманда «ң»-ға тілі келмейтіндер көбейді. Теледидарды тыңдап, қарап отырсаң «жанағы, жанағы» деп сөз арасына «арам» сөз қосып сөйлейтіндер жиіледі.

Басқаны былай қойғанда, осы заман­дағы қоғадай көп партиялардың дөкейі «ң»-ға тілі келмейді екен. «Жанағы, жана­ғы» дейді. Және екі сөзінің бірі «жанағы».

Ерте-ертеде большевиктер көсемі Ленин жарықтықтың «р»-ға тілі келіңкіремеуші еді. Бірақ оған бұл сақаулық бір түрлі жарасып тұратын.

Енді қазіргі көсемдердің бірі жанағы, женістен женіске жете берейік! – деп соғады. Бір кем дүние деген осы.

 

Жамбылдың жолбарысы

Жарықтық Жамбыл – Жәкеміздің жолбарысы бар екені рас-ау. Оны бұл дүниеден өтерінде өзі де айтқан ғой. Үлкен баласына:

– Тезекбай, қамдана бер, менің жолбарысым маған қарамай, тау жаққа кетіп қалды. Кешікпей мен де кететін шығармын, – деп еді-ау.

Тоқсан асқанда Сталинді мақтау керек болды. Жағдай солай еді. Тапсырма солай еді.

Мақтауын мақтады. Шын түсінген адамға ол мақтау емес еді. «Күндіз бар да түнде жоқ» күн де орнында. «Түнде бар да күндіз жоқ» ай да баяғыдай.

Ал Сталин баяғыда өлген. Лениннің қасына қатар жатқызып еді. Хрущев оны сүйретіп алғызып тастады.

Бір кем емес, орасан кем дүние.

 

Нағыз Төлеген осы еді

Жуырда ғана қорапта жатқан қағаз­дарды ақтарып отырып, «Егемен Қазақ­стан» газетінің 2005 жылғы 31 мамырда шыққан нөмірі көзіме түсті.

Тақырыбы — «Сембин», авторы – Қали Сәрсенбай екен. Тор көз сауыт сияқты тоқыма жемпір киген сұлу жігіт — сол Сембиннің өзі, қырын қараған сұлу сурет.

Қали Сәрсенбай менің Амангелді Сембин туралы кезінде жазған бір ауыз сөзімді келтіре кетіпті.

Мен: «Кезінде сондай бір әнші болған, сондай бір жұлдыз жарқырап туған. Сол жұлдызды жабылып жүріп өшіргенбіз», – деп жазыппын.

Енді арада жылдар өтіп кеткен соң ойлап қарасам, дұрыс айтқан екенмін.

Мұны Қали Сәрсенбай мына «Егемен Қазақстандағы» көлемді мақаласында, мақала емес-ау, аса ірі дарынды жоқтау-эссесінде еске сала кетіпті. Рахмет. Иә, менің Амангелді Сембинді Алматыдағы Опера және балет театрында «Қыз Жібек» спектаклінде көргенім рас.

Сол спектакльде Сембин Төлеген рөлін ойнады. «Қыз Жібек» операсын сан рет көріп жүріп, осы жолғыдай тебіренген емеспін.

Төлеген болып ойнаған басқа мықты­ларды мансұқтағым келмейді. Қанабек Байсейітов, әрине, классик! Ешқандай талас жоқ. Бірақ ол кейін-кейін жуан тартып, егде болған кісі еді.

Ал мына Төлеген ғасырлардың ар жа­ғы­нан тіріліп келген, әлі өлмеген, Бекежан жауыздың қанды қанжары да жүрегіне дарымаған, өмірдегі Төлегеннің дәл өзі сияқты еді-ақ.

Тұла бойы тұнып тұрған талантпен қоса жаратылыстан бірге жаралған бекзаттық қасиет оның бар болмысын асқақтатып тұратын. Қали Сәрсенбай жазады: «АҚШ-та талантты  қорғайтын этикалық бас басқарма бар екен», – деп.

Ондай мекеме бізде әлі күнге дейін жоқ. Ондай мекеме болса немесе аса дарынды адамдарды ала көзден, бәле көзден, сұқ көз­ден, театрдағы, өмірдегі дарынсыз Қо­тыраш, Батыраштардан, өзге де жақтың өзеуреген өсекші, бәлеқор, жалақорла­рынан қорғайтын заң болса, кім біледі, Сембин бәйшешектей ерте солмас еді.

Бәйшешек байғұс қаһарлы қыс шығар-шықпастан, көктем әлі келер-келместен, күнәсіз пәк періштедей күлімсіреп шыға келеді де, жер бетінен лезде көшіп кетеді.

Қали Сәрсенбай Сембиннің анасының сөзін келтіреді: «Дүниеге сыймай кеттің-ау, құлыным», – депті анасы.

Дүниеге Сембин сыймай кеткен жоқ, қотыраштар сыйдырмады ғой. Бірақ ақпейіл ана ешкімді кінәламайды.

Күншіл қотыраштар таспаға жазылған дауысына дейін қалдырмауға тырысқан.

Сембиндей асыл талант теңіз түбіндегі інжу-маржандай ғасырларда ғана бір-ақ кездесетін өте сирек қазына.

Жүз жылда бір-ақ туатыны өкінішті.