Біз ертегіні шындыққа айналдыру үшін әрекет етіп отырмыз

img-20170925-wa0009

Жанболат ТӘШЕНОВ, «SKY WAY QAZAQSTAN» ЖШС-нің бас директоры

– Жанболат Тәшенұлы, қазір әлемде неше түрлі ғылыми технологиялық жаңалықтар шығып жатыр. Тіпті керек десеңіз, жаңа инновациялық жобалар көз ілеспес қарқынмен дамуда. Соның бірі әрі бірегейі – Белоруссияда туып, Қазақстанда (Жезқазғанда) өскен ресейлік ғалым, өнертапқыш Анатолий Юницкийдің ойлап тапқан Sky Way (Скайуей) желілі транспорт технологиясы. Қазір бұл өнертапқыштың сымды-рельстік эстакадалық жолдар жобасын бүкіл әлем мойындап отыр. Сіздер көліктің бұл жаңа түрін ойлап тапқан әйгілі инженер-технологпен қалай таныстыңыздар, қалай байланыс жасадыңыздар?

– Мен бұл жобаның қыр-сырын ең бірінші 2017 жылдың наурыз айында талай жыл әкімдік құрылымдарда басшылық қызмет атқарған, білікті де, білімді, өз ісін шебер атқаратын әрі жанындағыларға үнемі қамқорлық, жанашырлық танытып жүретін танымал апамнан естідім. Адамзат қауымын дүр сілкіндіріп, ғаламат жаңалық ойлап тапқан Анатолий Эдуардович Юницкий бұл жобамен 40 жылдан бері айналысып келеді екен. Ол өзі 140 жаңалықтың авторы, 18 монография мен 200-ден астам ғылыми жұмыстар жазған әлемдік деңгейдегі әйгілі ғалым. Ұлты – беларусь. Гомель қаласында туып-өскен. 12 жасында ата-анасымен Қазақстанға қоныс аударып, Жезқазған облысындағы Сәтпаев қаласына тұрақтаған. Қазір Минск қаласында тұрады.

Көліктің бұл жаңа түрін жүзеге асыру үшін ол көптеген қиындықтарды бастан өткерген. Қаншама елдің министрлері, президенттеріне дейін кіріп, бұл жобаның өте тиімді екендігін түсіндірген. Қыруар қаржы табу мақсатында алпауыт бизнесмендерге, ірі олигархтарға барған. Бұл жаңалық жер бетіндегі адамзат баласының тұрмысына үлкен өзгерістер әкелетінін сендірген. Бірақ инвесторлардың көбі бұл жоба акциясының 51 пайызын сұрайды. Алайда, өнертапқыш онымен келіспейді. Себебі, ол оның ғылыми ізденісі, еңбегі. Қаншама жылдардан бері ол осы жобаны зерттеп-зерделеген, бүкіл өмірін арнаған. 2001 жылы оған ең бірінші Ресейдің генерал-губернаторы Александр Иванович Лебедь қолдау білдіреді. Генерал бұл жобаны жүзеге асыруға 300 мың доллар бөледі. Мәскеу түбіндегі қаладан бұл жобаны сынақтан өткізу үшін арнайы жер бөлінеді. Құрылыс жұмыстары басталады. Онда арнайы полигон ашылып, ең бірінші «Зил» көлігіне эксперимент жүргізіледі. Яғни «Зил» көлігін арнайы рельстің үстіне шығарып жүргізіп, сынақтан өткізеді. Оның ашылуына сол тұста Ресей Федерациясының президенті болған Дми́трий Медведевтің өзі қатысады. Кейін жергілікті билік арасында түсініспеушіліктер орын алып, бұл жоба аяқсыз қалады. Бұдан кейін Юницкий мұнда жұмыс істеу мүмкін еместігін ұғып, компаниясын Англияға көшіреді. Шетелдік бағалау комиссиясы оның бұл жобасын 400 миллиард долларға бағалайды. Былайша айтқанда, ол өмір жолында көптеген қиындықтарға тап болған. Бұған қатысты оның арнайы кітабы бар. Тіпті кейбір елдер оның бұл жобасын тартып алғысы келген. Кейін Литва билігі өнертапқыштың ойлап тапқан ғаламат жобасына қызығушылық білдіріп, еркін экономикалық аймақтан арнайы жер бөледі. Юницкий онда қыруар қаражат жұмсайды. Алайда, бұдан кейін Литва билігі ауысып, еркін экономикалық аймақтың қасында орналасқан америкалық база оны орыстың шпионы деп қаралап, жұмыс жасатпай, Литвадан қуып шығады. Кейін ол сол елмен соттасып жүріп, жұмсаған қаражатын қайтарып алады. Туған жеріне оралып, 2014 жылы Беларусь Президенті Александр Лукашенкомен кездеседі. Мемлекет басшысы бұл жобаны іске асыру үшін Минскінің түбіндегі Марьина Горка қаласынан 36 гектар жер бөледі. Осы жерге жаңа транспорт түрін көпшілікке таныстыру және сынақтан өткізу үшін үлкен ЭкоТехнопарк салынады. Онда жылдамдығы жоғары қалаішілік Скайуей трассасы мен жүк тасымалына арналған Скайуей кешенінің құрылысы жүргізіледі.

– Бұл жаңа тасымал транспортының жұртшылыққа тигізер пайдасы қандай? Ерекшелігі неде? Үнемді, жылдам әрі қауіпсіз деп толық сеніммен айта аласыз ба?

– Әрине, айта аламын. Қазір ЭкоТехнопаркте қала ішінде жүретін, жүк тасымалдайтын, серуендейтін және жоғары жылдамдықты транспорт жүйесі мен жолдары салынды. Жоғары жылдамдықпен жүретін транспорт сағатына 500 шақырым жүреді. Алматыдан Астанаға екі-ақ сағатта жетесіз. Қалаішілік және жүк таситын көліктер сағатына 150 шақырым жүреді. Ал қазіргі біздің жүк таситын пойыздарымыз бір сағатта 19-30 шақырым ғана жүріп өтеді. Оның өзінде жолда тоқтайды, басқа пойыздарды өткізеді. Ал жаңа көлік түрінің бір ерекшілігі, ол бұрылмай, төтесінен тіке жүретіндіктен, жолында басқа транспорттармен, адамдармен болмаса аңдармен кездеспейді. Ешқандай кедергі жоқ, жоғарыдан жүреді.

НАЗАР АУДАР!

Нақты дерекке жүгінетін болсақ, бүгінде әлемде жыл сайын 1,5 миллион адам автоапаттан көз жұмып, 15 миллион адам мүгедек болып қалады екен. Ешқандай соғыссыз-ақ осынша адамнан айрылып отырмыз. Егер бұл жоба іске асатын болса, онда мұндай апат орын алмайды. Себебі, мұнда жаңа транспорт ешқандай көлікпен түйіспейді. Өз алдына бөлек жолда жүреді. Оның үстіне, жер сілкінісі, цунами секілді апаттарға да төзімді келеді. Кептеліс мәселесі де шешіледі. Біз таныстырғалы отырған жоба осы проблеманы шешуде экономиканың басқа сипатқа өтуіне үлес қосатын жаңалығымен құнды.

img-20170925-wa0002

Юницкийдің сымдық транспортының қозғалысы қазіргі күні қолданыста жүрген транспорттардың бәрімен салыстырғанда, он есеге жуық қауіпсіз. Бұл көлік экологиялық жағынан да таза, ауаны ластамайды, себебі ол электрмен тартатын желімен жасақталған. Оны салуға қажетті жер телімі өте аз, бір тіректің алатын аумағы бар болғаны 4 шаршы метр ғана. Технологияның негізі болат рельсті бастан, болат сым бумасынан, оларды ұстап тұратын толықтырғыштан (арнайы бетоннан), оларды рельс корпусына бекіту элементінен, рельс корпусынан тұрады. Рельстің жазық басы мен цилиндрлік болат доңғалақ қозғалыс кезінде өте аз шығын кетіруді қамтамасыз етеді.

Салыстырмалы түрде Мәскеу мен Санкт-Петербург арасын әртүрлі транспорттар қанша уақытта жүріп өтетіндігін, оған шығатын жол құнын қарастыралық. Айталық, бұл аралықты Sky Way 500 шақырым\сағат жылдамдықпен 1 сағат 40 минутта жүріп өтсе, жол құны 245 рубльді құрайды. Ұшақ 900 шақырым\сағат жылдамдықпен 3 сағатта жүріп өтеді, жол құны — 3000 рубль. Жылдам жүретін электричка «Сапсан» 200 шақырым\сағат жылдамдықпен 4 сағатта жүріп өтсе, жол құны 3175 рубль құрайды. Жеңіл автокөлік 80 шақырым-сағат жылдамдықпен 9 сағат 30 минут жүрсе, жол құны — 2250 рубль. Автобус 60 шақырым\сағат жылдамдықпен 10 сағат жүреді, жол құны — 1000 рубль. Пойыз 60 шақырым\сағат жылдамдықпен 11 сағат жүреді, жол құны — 800 рубль. Осының өзі-ақ жаңа көлік түрінің қаншалықты үнемді әрі жүрдек екендігін көрсетсе керек.

Жаңа көліктің қозғалу жылдамдығы 500 км\сағатқа дейін жетсе, вагондар ішіне 500-ге дейін адам және 100 тоннаға дейінгі мөлшерде жүк сыяды. Тасымал қашықтығы 10 мың шақырымға дейін. Жоғары жылдамдықты халықаралық тасымал көлемі тәулігіне — 1 миллион жолаушы, 100 мың тонна жүк. Осы жоғары жылдамдықты трассаның құрылысының құны шақырымына 5 миллион АҚШ долларын құрайды (бұған қозғалыс вагондары мен жолаушылар вокзалы, стансалар мен инфрақұрылымдар бағасы енбейді). Жоғары жылдамдықты тасымалдың өзіндік құны жоғары жылдамдықты теміржолмен, магнитті жастықпен жүретін пойыздармен, ұшақпен тасымалдаумен салыстырғанда 5-10 есе арзан.

– Бұл жобаның құрылысы басқа елдерде іске асқан ба? Өзге елдердегі тәжірибе қалай екен? Қай қалада бұл көлік түрі қолға алынған?

– Әлгінде айтқанымдай, бұл жобаны жүзеге асыру үшін Белоруссияның Марьина Горка қаласынан 36 гектар жер бөлінген. Ол жерге арнайы ЭкоТехнопарк салынған. Мәселен, онда шағын ғана серуендеуге арналған Юнибайк деп аталатын транспорт болашақта жеңіл көлік, мотоцикл, велосипедтердің орнын басатын болады. Онымен бір сағатта 150 шақырым жол жүріп өтесіз. Бұл транспорттардың барлығы қазір жасалып қойылған. 2017 жылдың 1 шілдесінде Минскіде «ЭкоФестиваль SkyWay – 2017» фестивалі болып өтті. Сол кезде ЭкоТехнопарк салтанатты түрде ашылды. Мен өзім оған арнайы барып қатыстым. ЭкоТехнопаркте жүзеге асырылып жатқан жұмыстарды өз көзіммен көріп, аспалы жолда жүретін заманауи көліктермен таныстым. Онда көліктің жаңа түрі қазір қолданысқа енген, іске асып жатыр. Өнеркәсіптік үлгілері толық жұмыс істеп тұр. ЭкоТехнопарктің ашылуына әлемнің 60 мемлекетінен бес мыңнан аса адам қатысты. Тағы бір айта кететін жайт, бұл жоба халықтың қаржыландыруымен жүзеге асып отыр. Бұған әлемнің 257 мемлекетінен 300 мыңнан аса жұртшылық инвестиция салған. Олар осы арқылы компанияның акционері атанып, келешекте одан түскен дивиденттен тиесілі үлесін алып отырады. Бұл ретте ресейлік және халықаралық сарапшылар осынау жаңа транспорт түрін тәжірибеге енгізудің пайдалылығын мойындап отыр. Олардың пікірінше, аталған транспорт жүйесі алдағы уақытта әлемдік тасымал нарығының тең жартысын жаулап алуға шынайы мүмкіндік бермек. Жылдар өте келе оның жылдық айналымы триллион долларға дейін жетуі әбден мүмкін.

img-20170925-wa0001

Бүгінде онда бұл жобаны сертификаттау жұмыстары басталып отыр. Бұл транспорт толық халықаралық стандарт талаптарына сай жасалынған. А.Юницкийдің негізгі мақсатының өзі жаңа транспорт түрін жасайтын зауыт салып, сынақтан өткізіп, сертификатын алып, әлемдік нарыққа шығу болатын. Қазір ол компания құрып, зауыт салды, сынақтан өткізді, енді сертификатын алса болды, бұл транспорт әлемдік нарыққа шығады. Қазір көптеген елдер көліктің осы түріне қызығушылық білдіріп отыр. Мәселен, Словения мемлекеті 6 миллиард долларға метро салмақшы болады, алайда, көліктің мына жаңа түрін естігеннен кейін олар одан бас тартып, Скайуэйдің сертификат алуын күтіп отыр. Осы жобаны өз елінде енгізуді жөн санады. Өйткені, метро салуға 6 миллиард кетсе, ал Скайвейдің құрылысына небәрі жарты, ары кеткенде бір-ақ миллиард жұмсалады. Әрі арзан, әрі тиімді.

Әлемдік транспорт индустриясының дамуына қарап отырсақ, соңғы 100 – 120 жылда ешқандай инновация болмаған екен. Сол баяғы пойыз, ұшақ, жеңіл көліктер. Осылар ғана дамып, жетілдіріле берген. Бір өкініштісі, біз транспорттың осы түрлерін дамыту арқылы планетамызға қаншама зиян келтірдік. Газ, түтіннен экологиямызды бүлдірдік. Көлік, пойыз жолдарымыздың жағасында ешқандай көк шөп өспейтін болды. Жан-жануарлар да көшіп-қона алмайтын деңгейге жетті. Жарайды, үлкен жануарлар жолдан өте алатын шығар, бірақ бізде кішкентай жәндіктер де бар емес пе? Жылан, қарақұрт, тышқан, тасбақалар, т.б. жәндіктер жолдан қалай өтеді? Ал бұл көлік түріне жер керек емес, жоғарыдан жүреді. Сондықтан бұл транспорт түрі адамзат үшін өте қажет.

Жақында ғана Юницкий Беларусь президенті А.Лукашенкомен бірге Үндістанға барып, Скайуей жобасына қатысты жеті келісім шартқа қол қойды. Мұның алдында Юницкий Үндістан билігімен 926 миллион долларға келісім жасаған болатын. Кеше тағы осы жобаға қатысты жеті уағдаластық жасады. Үнді мемлекетінде тауға қарай шығатын 300 шақырым жол бар. Олар сол жолды әр он жыл сайын ауыстырып тұрады. Себебі, топырақ батып кете береді. Оған қыруар қаражат кетеді. Оның үстіне, тауға шығу үшін автобустар он сағат, ал жеңіл көлік бес сағат жүреді. Егер Скайуей іске асатын болса, оған 35 минутта жетуге болады екен.

– Адамзатқа зор пайда түсіретін көліктің бұл жаңа түрін Қазақстан билігі, оның ішінде Алматы әкімдігі қаншалықты қолдап отыр?

– Мен бұл ғаламат жойқын жоба туралы естігеннен кейін бірден «SKY WAY QAZAQSTAN» ЖШС-ін құрдым. Әрі оны Елбасының «латын тіліне көшуіміз керек» деген саясатын қолдау мақсатында компанияның атын латын тілінде жаздым. Сосын еліміздегі ірі танымал тұлғалармен кездесіп, бұл жобаның тиімді екендігін түсіндіріп, қолдауларына ие болдым. Олар бұл жоба болашақ үшін қажет екенін түсініп, қолдап, қол қойып берді. Біз ол хатты қалалық әкімдікке жолдадық. Алматы қаласы әкімінің көлік саласына жетекшілік ететін орынбасары Мұрат Дәрібаев бізді арнайы қабылдап, ұсынысымызды тыңдады. Біз әкімдіктен, бюджеттен ешқандай қаражат сұрап отырған жоқпыз. Біз өзіміз қаржыландырамыз. Бізге тек аялдама орнатуға кішкене жер, жолақ берсе болды. Қалғанының бәрін өз қаражатымызға саламыз. Себебі, бұл дотациялық емес, яғни, кірісінен шығысы асып түсетін, үнемі демеушілікті қажет ететін жол емес. Бұл жол өзін-өзі ақтайтын ірі жоба. Өз шығынын өзі өтейді. Әйтпесе, әлемде қазір теміржол, метро, қай жолды алмаңыз – бәрі дотациялық жолмен іске асады. Олардан пайда табу қиын. Мәселен, Алматыдағы 7 шақырым метроға мемлекеттен жыл сайын 3,5 миллиард теңге бөлінеді. Бұл – ресми баға. Демек, оны ұстап тұру үшін ай сайын 300 миллион теңге кетеді. Ал Скайуейде олай емес, бұл нарықтық сипатта жұмыс істейді. 4-5 жылда-ақ оған кеткен шығынды толық қайтарып алуға болады. Оның үстіне, Скайуей құрылысын салу метродан 50 есе арзанға түседі. Осыдан-ақ бұл жобаның қаншалықты тиімді екендігін аңғаруға болады. Осыдан кейін Алматы қаласының әкімдігі біздің ұсынысымызды қолдап, әріптестік орнатуға әзір екендіктерін білдірді. Пилоттық жоба ретінде метроның соңғы стансасы – Қалқаманнан Қаскелеңге дейін 13,25 шақырым жер бөлуді қарастыратын болды. Осылай қалалық әкімдіктен бізге ресми жауап келді. Енді біз А.Юницкийге «Алматы қаласы әкімдігі сіздің жобаңызды қолдап, әріптестік орнатуға әзір» деп арнайы хат жаздық. Егер бұл жоба Алматыда жүзеге асатын болса, көптеген мәселе өздігінен шешілетін болады. Қаскелеңнен Алматыға жолаушылар 10 – 15 минутта жетеді. Одан кейін метроға мініп, жұмысына барады. Ауа да ластанбайды, көлік тығыны да шешіледі. Егер қалаға кіретін бағыттардың барлығына осы көлік түрін қоятын болсақ, онда 500 мыңнан аса көлік шаһар ішінде сабылмайтын болады. Бұл қала экологиясына айтарлықтай септігін тигізеді. Халық та жайлылықты сезініп, пробкада тұрмай, жұмысына уақтылы барып келеді. Ал мұны қалааралық деңгейде жүзеге асыратын болсақ, онда халық Алматыда тұрып-ақ Астанада жұмыс жасай беретін мүмкіндікке ие болады. Айта берсек, бұл жобаның басымдықтары өте көп.

Бұл жобаны біз ғана емес, әлемнің көптеген елдері қолдап отыр. ЭКСПО көрмесінде арнайы көрсетілді, жұртшылыққа таныстырылды. Минскідегі ЭкоТехнопаркке Сауд Арабиясы, Индонезия, Уругвай, Канада, Әзірбайжан, Түркия, т.б. мемлекеттердің көлік министрлері, әкімдері келіп, көріп кетті. Енді олардың барлығы бұл компанияның халықаралық сертификат алуын күтіп отыр. Сосын әлемдік нарыққа шығатын болады. Қазірдің өзінде Үндістан, Канада елдері бұл жобаны іске асыру үшін арнайы жер бөліп, жобалау жұмыстарын жасап, құрылысын бастап кетті. Егер бізге рұқсат беретін болса, онда келесі жылы Алматыда да мұның құрылысы басталуы мүмкін.

img-20170925-wa0003

– Жарайды, Қалқаман мен Қаскелеңнің арасына осы жобаны іске асыру үшін жер бөлінді дейік. Бірақ мұның құрылысын жүргізетін бізде мамандар бар ма, әлде оны да Белоруссиядан алдырамыз ба?

– Мен кезінде бұл сұрақты А.Юницкйге қойған болатынмын. Өйткені, бұл жаңадан басталған ірі инновациялық жоба. Оның үстіне, құрылыс жүргізілгеннен кейін мемлекеттік сараптамадан өту керек. Бұл ретте мен өзім кезінде жобалау жұмыстарымен айналысқанмын. Мұның қағаз жүзіндегі құжаттарын заңдық тұрғыдан реттейтін тәжірибем бар. Бірақ оның құрылысын жүргізу жағы қалай болады деп өнертапқыштан арнайы сұрағанмын. Ол: «Бұл өте оңай. Қазақстанда көпір жасаудың бұрыннан қалыптасқан стандарты бар. Сол бойынша жасалады. Бұл жерде темірбетонда бағана және берік металл құрастырылымдары болады. Болды. Оны көпір құрылысының нормасымен жасаса, мемлекеттік сараптамадан өтуге болады», – деді. Былай қарап тұрсаңыз, көпір салу құрылысы бізде бұрыннан жасалып келеді. Оның бекітілген нормалары бізде бұрыннан қалыптасқан. Оны өзіміздің мамандар жасай алады. Ал қалған кендір сым арқан, рельс, вагон тәріздес транспорттың барлығын халықаралық сертификат алған өнертапқыштың өзі жіберіп отырады. Ол үшін арнайы оқудың, велосипед ойлап табудың керегі жоқ. Енді оны автоматтандыру ісін арнайы мамандар жасайды. Осы кезде ғана Минскіден мамандар келуі мүмкін. Оны біздің мамандар тез меңгеріп алады деп сенемін. Алдағы уақытта Белоруссияда Скайуей транспортына қатысты арнайы институт ашылады. Тіпті онда оқу орнының арнайы ғимараты да қарастырылып қойылған. Ол аз десеңіз, кейбір институттар Скайуей мамандарын дайындау үшін факультет, кафедралар ашуға ниет білдіріп отыр. Сондықтан бұған қатысты мәселенің барлығы болашақта жүйеленіп, кешенді түрде шешілетін болады.

– Сіздер неге тек Алматы қаласы әкімдігімен ғана бірлесіп жұмыс жасауды қолға алып отырсыздар? Алдағы уақытта Астана, басқа облыс орталықтарын да қамту жоспарларыңызда бар ма?

– Әрине, бар. Онсыз болмайды. Дегенмен, біз өзіміз осы мың жылдық тарихы бар, сұлу табиғатымен жұртшылықты баурап алатын әсім қаланың тұрғыны болғандықтан, ең бірінші осы қаладан бастағанды жөн санадық. Егер әкімдік бұл жобаны іс жүзінде қолдап, жұмысты бастап кететін болсақ, әрине, одан кейін Елорданың жергілікті билігіне де ұсыныс жасайтын боламыз. Көлік және коммуникация министрлігіне дейін шығып, облыс орталықтарын да қамту ойымызда бар. Бұл жобаның қиын орындалатынын ойлай бергенше, тырнақтай талап қойып, істі бастап кетуіміз керек. Армандап үйде отыра бергеннен гөрі тәуекелшіл болып, істі бастап кету маңызды болып тұр. Бұл жобаны республикалық деңгейге көтеру үшін біз жан-жақты дайын болуымыз керек. Сондықтан мұны бірінші республикада маңызы зор үлкен қалада іске асырып, нәтижесін көріп, тиімді екендігіне көз жеткізгеннен кейін басқа өңірлерге шығатын боламыз.

– Осы сұхбат барысында қойылмай қалған сұрақтар, көкейіңізде қалып қойған ұсыныстар болса, ортаға салсаңыз…

– Бұл жоба Қазақстанға ауадай қажет. Біз өз болашағымызды, балаларымызды, немерелерімізді ойлауымыз керек. Оларға жағдай жасауымыз тиіс. Егер болашақ үшін осы жобаны елімізде жүзеге асыратын болсақ, онда артымыздан ерген ұрпақ бізге алғыс айтатын болады. Өнертапқыштың өзі «Қазақстан – менің екінші Отаным!» деп отыр. Юницкийдің айтуынша, екінші ұлы жібек жолы Қазақстанның үстімен жүріп өтеді. Ол Қытай, Моңғолия, Ресей, Еуропа елдерін байланыстырады. Бұған қатысты да оның арнайы жобасы бар. Тіпті ол салыстырмалы түрде есебін шығарып қойған. Егер оны Қытайдың бағалау құнымен салатын болсақ, 123 миллиард доллар кетеді. Жапон технологиясымен жүзеге асырсақ, оның құны 500 миллиард долларды құрайды. Ал Скайуеймен оны 22 миллиард долларға салуға болады. Сонда логистика арқылы барлық ел дамиды.

Оқшау ой

Өмір – арман, қиялдан жаралған. Қиял адам арманының күшті техникасы десек те болады. Әлем қиялдан жаралғандықтан, қиял оны басқарып тұрады. Адам өз келешегін алдымен қиялдап содан кейін аңсағанына жетеді. Өмір тәжірибесіне сүйене отырып айтқанда: адам күніге армандайды, қиялдайды, бірақ табысқа бір қадам жетпейді. Неге? Біз тек армандап, қиялдап ғана қоймай, сол қиялға қол жеткізу үшін әрекет жасауымыз керек. Өнертапқыш ғалым қиялдағы ойын, арманын іске асыра білді. Ол адамзат баласының тұрмысына үлкен өзгерістер енгізіп отыр. Ертегіде ғана кездесетін айшылық алыс жерлерге көзді ашып-жұмғанша жететін көлік ойлап тапты. Енді біз сол ертегіні шындыққа айналдыру үшін әрекет етуіміз керек. Былай қарап тұрсаңыз, бұл да ертегі секілді. Бірақ бұл жоба іске асайын деп тұр.

Әңгімелескен – Серік ЖҰМАБАЕВ