Алматының кардиохирургтарына шетелдік ғалымдар жоғары баға берді

img-20170905-wa0016

Қазақстанның астанасы – Елордамызда кардиохирургтардың дүниежүзілік конгресі болып өтті. Оған әлемнің 50 елінен 1500-ге жуық бүкіл дүниеге аты мәшһүр танымал кардиохирургтар, ғалымдар, медицина саласының майталмандары қатысты. Онда туа біткен және жүре пайда болған жүрек талмасы, жүректің ишемиялық ауруы хирургиясы, балалар кардиохирургиясы мен интервенциялық кардиохирургияға қатысты сұрақтар, жүрек-қантамырлары ауруларын емдеуде жаңа технологияларды пайдалануды қамтитын көптеген мәселелер талқыланды. Әлемдік медицинаның бетке тұтар беделді ғалымдары бас қосқан дүниежүзілік конгреске Алматы қаласы Кардиология орталығының мамандары да барып, орталықтың атынан арнайы баяндама жасады.

ЭКСПО көрмесі аясында өткен Дүниежүзілік кардиоваскулярлық және торакальдық хирургтар қауымдастығының 27-ші конгресіне Мемлекет хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың өзі қатысып, Елбасының арнайы құттықтауын жеткізді. Ол – ол ма, тіпті әлемдік жиыннан кейін Қазақстан Президенті «Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының» төрағасы Юрий Пяны қабылдап, конгрестің отандық медицинаны дамытудағы маңызы ерекше болғанын атап өтті. «Қазақстанда алғаш рет бүкіл әлем кардиохирургтарының конгресі ұйымдастырылды. Бұл отандық хирургия жетістіктерінің әлемдік деңгейде мойындалып отырғанын білдіреді», – деді Елбасы.

img-20170905-wa0004

Алмат ҚОДАСБАЕВ, Алматыдағы Кардиологиялық орталықтың директоры, жоғары санатты кардиохирург:

– Айта кетейін, бүгінде Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасымен қолға алынған «Денсаулық» бағдарламасының арқасында Қазақстанның кардиохирургиялық қызметі қарқынды дамып келеді. Егер 90-жылдардың басында елде жүрекке жасалатын ашық операция саны 500-ден артпаса, 2016 жылы бұл көрсеткіш 12 мыңнан асып кеткен. Керек десеңіз, Қазақстан кардиохирургияның даму деңгейі жөнінен озық 30 елдің тізіміне кіреді. Соңғы 12 жылда жүрек-қантамырлары ауруларынан болатын өлім-жітім көрсеткіші біздің елімізде үш есеге азайған. Ал мына айтулы шара әлемге аты әйгілі кардиохирургтардың басын қосқан конгресс ТМД едерінің ішінде алғаш рет Қазақстанда өтіп отыр. Бұған дейін медицинаның танымал ғалымдары қатысқан мұндай дүниежүзілік жиын ТМД елдерінің ешқайсысында болған жоқ. Бұл – Қазақстанды әлем мойындады, қазақ елі дәрігерлерінің жұмысын бүкіл әлем жоғары бағалады дегенді білдіреді. Осының өзін зор мақтанышпен айтуға болады.

Шынында да, Алматы қалалық Кардиология орталығының басшысы Алмат Тұрысбекұлының бұл айтқандарына 100 пайыз қосылуға болады. Қазір кардиология және кардиохирургия саласы елімізде халықаралық деңгейде қызмет көрсететін дәрежеге жетті. Аталмыш Кардиоорталықтың өзі жүрекке қатысты операцияның барлық күрделі түрін жасай алады. «Мұның барлығы – мемлекеттік қамқорлықтың әрі қолға алынған бағдарламаның дұрыс бағытта жүргізілгендігінің нақты айғағы. Алдағы уақытта біз жүректен болатын ауру мен өлім көрсеткіштерін бұдан да төмен дәрежеге жеткіземіз деген сенімдемін, оған мүмкіндігіміз толық жетеді», – дейді Алмат Тұрысбекұлы.

Бір ерекшелігі, осынау дүниежүзілік жиынға Алматы қаласы Кардиология орталығының дәрігерлері де белсенді қатысып, тіпті қатысып қана қоймай, орталық атынан арнайы баяндама жасаған. Өздерінің халықаралық стандарттарға сай жұмыс жасап жатқандықтарын, жетістіктерін жеткізген. Бұл жерде дүниежүзілік деңгейде өтетін жиындарда тек әлемдік медицинамен иық тіресе алатын, сапалық дәрежесі жоғары орталықтарға ғана баяндама жасауға рұқсат етілетінін ескерген жөн. Әйтпесе, еліміздің барлық дерлік облыстарында Кардиоорталықтар ашылған. Олардың басым көпшілігі баяндамашы ретінде қатысқан жоқ. Осыдан-ақ Алматы қалалық Кардиология орталығының жұмысы қаншалықты дәрежеде екенін аңғаруға болады. Онымен қоса, аталмыш орталық дәрігерлерінің жасаған баяндамасына конгреске қатысқан шетелдік ғалымдар жоғары баға берген. Бұл ретте Кардиоорталық мамандары әлемдік медицинаның жарық жұлдыздары әйгілі Оскар Фрейзер, Уалтер Дембицкий, Пауль Сержанттармен пікір алмасып, өздерінің жұмыс тәжірибелерімен бөліскен. Тіпті Белгияның әлемге танымал кардиохирургы Пауль Сержанттың шәкірті аталмыш Кардиология орталығында Кардиохирургия бөлімін басқарады. Оның пікірі төменде беріліп отыр.

img-20170905-wa0009

Нұрсан СЕЙІТҰЛЫ, Алматы қаласы Кардиология орталығы Кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі, қаланың штаттан тыс бас кардиохирургі:

– Елордада өткен дүниежүзілік кардиохирургтардың конгресінде біз арнайы баяндама жасадық. Біздің жұмысымызға Нью-Йорктың дәрігер ғалымдары жоғары баға берді. Негізі, мұндай жиындар отандық дәрігерлер үшін ауадай қажет. Өйткені, осындай ірі шараларда біз әлемде жасалынып жатқан операциялардың жаңа түрлерін көреміз. Шетелдіктермен тәжірибе алмасып, жаңа оталарды өзімізге енгіземіз. Алға қарай дамуға ұмтыламыз. Әйтпесе, еуропалықтардың бізден асып бара жатқан ештемесі жоқ. Оларда бар жаңа қондырғылар бізде де бар. Олардың жасаған оталарын өзіміз де жасай аламыз. Мәселен, медицинада летальност деген термин бар. Былайша айтқанда, ол дәрігерлердің жұмысына баға беру деген сөз. Мысалы, науқасқа ота жасалғаннан кейін ол жақсы болып жазылып кетсе, онда дәрігердің жұмысы оң бағаланады. Біздің орталықта бұл жөніндегі көрсеткіш 99  пайызды құрайды. Яғни 100 ота жасасақ, соның біреуі ғана мерт болады. Оның өзінде орталыққа ауыр халде түскендер ғана осындай жағдайға душар болады. Кейбіреулер ауыр инфарктпен түседі. Тіпті, бізге жүрегі тоқтап қалған науқастарды да алып келеді. Олардың жүрегін қайта оталдырып, ота жасаймыз. Осындай кезде қайғылы жағдай орын алуы мүмкін. Біздің бұл көрсеткішіміз АҚШ, Еуропамен бірдей деңгейде. Ал ТМД елдері арасында біздің көрсеткішіміз жақсы болып есептеледі.

img-20170905-wa0012

Қалай десек те, осындай айтулы шаралардың елімізде өткізілуі отандық дәрігерлердің дамуы үшін өте маңызды. Түрлі елдерден келген ғалымдар мен мамандар осы сала төңірегінде пікір алмасып, шеберлік сабақтарын өткізеді. Осы арқылы ота жасайтын дәрігерлердің біліктілігі артады, тәжірибесі молаяды. Науқастарға сапалы медициналық қызмет көрсетіледі. Халқымыздың денсаулығының жақсаруына айтарлықтай септігі тиеді. Сондықтан Еуразия өңірінде тұңғыш рет өткен жүрек хирургтарының жиыны еліміз үшін үлкен жетістік десек, артық айтқандық емес.

Ал Алматы қалалық Кардиологиялық орталыққа келетін болсақ, бұл орталықтың медициналық қызмет сапасы жылдан-жылға жоғарылап отыр. Тіпті, орталықтың қызметі отандық және халықаралық дәрежеде мойындалып келеді. Бұл үшін жергілікті билікке, денсаулық сақтау саласының басшылығына және Кардиоорталықтың жетекшілігіне айтар алғысымыз шексіз…

Серік ЖҰМАБАЕВ