«ҚОРШАУСЫЗ ҚАЛА» көңіліңізден шығып жатыр ма?

img_6318

Аталмыш бағдарлама қолға алынғалы бері қаламызда өзгеріс көп.  Ескі дуалдар сүріліп, қор­шаулар алынып жатыр. Ал олардың орны болашақта жасыл желекпен көмкеріледі. Тамаша емес пе?!

Алғашында бұл жаңашылдыққа күмәнмен қарап, жақтырмағандар көп болатын. «Әліптің артын баққа­нымыз» жөн болған екен. Бүгінде сол ағайынның қала көркіне тамсана қарап жүргеніне өзіміз бірнеше мәрте куә болдық. Ел арасындағы: «Расында да, Алматы әдемі болып келеді. Көзіміз ашылып, көңіліміз жайлана түскендей…» деген пікір­лерді естіп, біз де қуанып қалдық. Демек, нәтиже жаман емес…

Десек те, Алматының ажарын ашып, келбетін келістіретін тың бастамаға қала халқы түгелдей қолдау көрсетіп жатыр ма? Алып-қосары таусылмайтын қала тұрғын­дарының бүгінгі пікірі қандай?

Бұл жолы «Қоршаусыз қала» көңіліңізден шыға ма? Сіз тұрған аймақта қоршаулар алынып жатыр ма?»  деген сауалдарға жауап іздеп көрген едік.

 

Сандуғаш ҚАСЫМБАЕВА,

«Қағанат» асханасының аспазы

Қала сұлулығын жасырып тұрған қоршаулар екен

– Биік қоршаулар қаланың эстетика­лық бейнесін бұзады деп санаған билік өкілдерінің бұл бастамасын қарапайым халық қолдап отыр. Расында да, Алматы – әсем қала. Оның сұлулығын жасырып тұрған қоршаулар екені де шындық. Ойлап қарасам, әр мекеме, әр ұйым өз қалауымен қоршау тұрғызады екен. Әлгі қоршаулар біркелкі болса бір жөн ғой. Бірі қалың кірпішпен қоршаса, екіншісі темірмен жабады. Шынымен де, мұның бәрі қаланың сұрқын қашырып тұр. Оның үстіне, Алма­тының қала деген атына сай емес. Осы күнге дейін қалай мән бермегенбіз?! Міне, көрдіңіз бе, қоршаулар алынған мекеме­лердің айналасы кеңейіп, көрікті жерлер көзге бірден түсе бастады. Алматы әлі-ақ адам танымастай өзгереді. Оған еш күмәнім жоқ. Жүргізіліп жатқан шаруалардың жақын болашақта нәтижесі де көрінер. Сондықтан қала халқына жұмыс қар­қынды әрі жылдам жүрсін десек, уақытша жол жөндеу жұмыстарына кедергі келтір­мей, мүмкіндігінше қолдау танытайық деп айтқым келеді.

img_1173

Аида ЕЛГЕЗЕКОВА,

кино саласының маманы

Өзгерісті бүгіннен бастағаны өте дұрыс болды

– Қоғам мен билік арасындағы байла­нысты үзбеудің бірден-бір жолы — ол ел игілігі үшін жүргізіліп жатқан кез-келген жұмысты халықпен санаса отырып шешу­ден басталады. Осы жағынан келгенде, басылымның ұтары көп. Байқағаным, сіздер қала тұрғындары арасында жиі сауал­нама жүргізесіздер. «Жұмыла көтер­ген жүк жеңіл» деген қағиданы ұстана оты­рып, көптің пікірімен санасуды мәдениеттілік деп түсінемін. Әрине, Алма­ты­ның күн өткен сайын жаңарып, жасарып отырғаны біздің болашақ ұрпақ үшін үлкен жетістік. Балаларымыз өскенде әлем қалаларынан еш кем емес жайлы қалада өмір сүруі мен үшін маңызды. Сондықтан бұл өзгерістің дер кезінде қолға алынға­нына ешқандай қарсылығым жоқ. «Көз қорқақ, қол батыр» деген ғой. Кейінге ысы­рып тастамай, өзгерісті бүгіннен бастағаны дұрыс болды.

 

Кенжебек ИМАНӘЛІ,

әскери қызметкер

Тұншыққан қаланың көркі кіріп келеді

– Тас құрсаудан босаған Алматының тынысы ашылғандай… Биік дуалмен қоршалып, тұншыққан қаланың көркі кіріп келеді. Мекемелердегі қоршаулар алынып тасталып жатыр. Шынында да, әдемі боп қалды. Бүгінде қалада жаппай қор­­шауларды сүру жұмыстары жүріп жатыр. Кейде тіпті, таңдай қағып, таңда­нып жатамыз. Алайда, қоршауларды мін­детті түрде сүруге мәжбүрлеп отырған ешкім жоқ шығар. Мәселен, мен балабақ­шалар мен мектептердің қоршауы алын­ғанына үзілді-кесілді қарсымын. Себебі, онда сіз бен біздің көзіміздің қарасы мен ағына балап отырған балаларымыз алаңсыз шауып жүр. Егер қоршаулары алынса, балалардың өміріне үлкен қауіп төндірері сөзсіз ғой. Ойын баласы бірде болмаса, бір­де көшеге жүгіріп шықса, қайтпекпіз?! Сондықтан мұндай мекемелердің қоршауы сақталуы керек деп есептеймін. Менің білуімше, қоғамдық пайдалануға кедергі кел­тіріп отырған қоршаулар ғана алынып тасталады. Мәселен, саябақ, сквер, үй ай­на­ласындағы, бизнес орталықтардағы, сауда­ орындарындағы қоршаулар бұзылады. Ондағы негізгі мақсат – орталық және ма­гистральды көшелердегі қала көркін бұзып тұрған қоршауларды алып тастау емес пе?!

 

Гүлім БАҒДАТҚЫЗЫ,

«Құлагер» ықшамауданының тұрғыны

Ауламыз көлік қоятын тұраққа айналып

кетпей ме?

– Алматыда биік бетон дуалмен қоршалып, темір қақпалар орнатылған үй де, мекеме де баршылық қой. Шын мәнінде, осындай биік қоршаумен тұмшаланған үйлердің арғы бетінде не болып жатқанынан көпшілігіміз бейхабармыз. Кейде, тіпті, оның тұрғын үй екеніне немесе белгілі бір мүддеге қызмет ететін мекеме екеніне күмәнмен қараймыз. Өйткені, мұндай қор­шаулардың артында жасырын ұйымдардың жұмыс істеуі бек мүмкін. Сондықтан «Қоршаусыз қала» бағдарламасын мен қуана қолдаймын. Бұл, біріншіден, қала тұрғын­дарының жеке бас қауіпсіздігін күшейтсе, екіншіден, Алматының әлем қалаларымен иық тірестіре тең тұра алуына жол ашады. Ол үшін қала еуропалық стильге сай болуы қажет. Ауламыз жасыл желекпен көмкеріліп, көшеміз тап-таза болғанда ғана бұл бастама нәтижесін берер. Бәріне уақыт төреші. Ал әзірше көпқабатты тұрғын үйлердің тұрғындары ауласындағы қоршауларды алып жатқанына наразы. Олар қоршаусыз аймақта түрлі бұзақы­лықтар орын алып, ауламыз көлік қоятын тұраққа айналып кете ме деп алаңдап жүр.

Сауалнаманы жүргізген –

Құралай ЖҰМАДІЛОВА.