ШӘМШІГЕ ПӘТЕР БЕРГІЗГЕН ШАРЛЬ ДЕ ГОЛЛЬ МЕ?..

%d1%88%d0%b0%d0%bc%d1%88%d0%b8

Қали СӘРСЕНБАЙ

Ұлы адамдардың өмірінде аңыз да, ақиқат та жетіп-ар­тылады. Сондай аңызға ай­нал­ған тұлғаның бірегейі – Шәмші Қалдаяқов. Халықтың сүйікті тұлғасы туралы бір әңгімеге бірнеше мазмұн беріп айтуы да оған деген жылдар бойы қызуы бір басылмайтын зор сүйіс­пеншіліктен болса керек. Шәмші де аңызға айналғаны, танымал болғаны сонша, тіпті, оның есімі алыс шет елде де жаңғырып жатты.

Таяуда бір қызықты дерекке кезіктім. Әрине, бұл да сол көп аңыз­дың бір түріне ұқсайды.

«Время» апталығында (31.08. 2017)  басылым тілшісі Ксения Евдокименко былай деп жазыпты.

«Егер Кеңес Одағында сары ба­сылым болғанда Шәмші Қалдаяқов сөз жоқ, оның тұрақты кейіпкеріне айналар еді. Оған композитор өмірінен мына бір деректі келтірсек те жеткілікті. Дінмұхамед Қонаев­тың Фран­цияға сапары кезінде Шарль де Голль Димекеңнен «Шәм­ші Қал­даяқовтың жағдайы қалай?» деп сұрапты. Шамасы протоколға сәйкес, Шарль де Голльге бұл ел оның белгілі адамдары жөнінде ақпарат жинаған болуы керек. Соның ішіндегі ең танымалы Шәмші деп шешкен болар. Қонаев бұл сауалға аса таңқалмады. Шарль де Голль Шәмшіні қайдан білсін. Димекең Шәмшінің жағ­дайы бірқалыпты екенін айта келіп, елге оралған соң оны таптырып, арнайы танысып, Алматының орталығынан пәтер бергізеді. Демек, Шәмшінің пәтер­лі болуына Шарль де Голльдің де ықпалы болып тұр ғой. Әрине, бұл қаншалықты аңыз іспетті болға­нымен де, астарында ақиқаты бар гәп.

Тағдырлы, сан қырлы талант Шәмшінің өмірі де өкінішпен қатар, өнегеге толы болды. Әу баста Мәс­кеу консерваториясына түсуді армандаған оны дайын­дықсыз қабылдай алмайды. Алайда, Шәмші ноталық сауатын ашу үшін соқыр музыканттан сабақ алған. Ол кім? Біз оны білмейміз, әрине. Бәлкім, білетін­дер бар шығар.

Айтпағым, қазақстандық орыс ті­ліндегі басылымның белгілі тұлғамыз туралы осындай беймәлім деректі жариялағанына адами ілтипаты­мызды білдіру еді. Осы бағыттағы тақырып алдағы уақытта осындай басылымдарда үрдіске айнала берсе, бек қуаныш­тымыз.