РЕСЕЙЛІКТЕР ӨЗ ӨНЕРЛЕРІН ПАШ ЕТТІ

ЭКСПО-2017 көрмесінде Ресейдің Ұлттық күнін атап өтті

russia_news2

Кеше ЭКСПО-2017 келуші­лерінің назарына алуан түрлі ресейлік мәдени және іскерлік шаралар, әсерлі ұлттық шеру, дәстүрлі орыс тағамдары, ән­шашу мен билері ұсынылды. Бұл күні Ресей Федерациясы халық­аралық мамандандырылған көр­месінде өзінің Ұлттық күнін атап өтті.

ЭКСПО-2017 көрмесінде 115 қа­тысу­шы елінің әрқайсысы Ұлттық күнін мерекелесе, Ресей бұл әдемі дәстүрді ЭКСПО тамамдалуға екі күн қалғанда өткізді.

Ресейдің Ұлттық күнін мерекелеу барысында келген ресми делегацияны Ресей Федерациясы Үкіметінің төраға орынбасары Аркадий Дворкович бас­қарды. Сондай-ақ, делегация құрамында Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрінің орынбасары Георгий Каламанов, Ресей Федерациясының Көлік министрінің орынбасары Алан Лушников, Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі Михаил Бочарни­ков, «Русатом – Халықаралық желі» пре­зиденті Александр Мертен, «Урал­калий» ПАҚ Бас директорының орын­басары Олег Калинский және ресейлік ірі корпорацияларының өкілдері болды.

Ресей Федерациясының Ұлттық күнінің ашылу салтанаты күндізгі 12.00-де ЭКСПО-2017 Ұлттық күн сахнасында басталып, ауқымды шерумен аяқталды. Шеруде қатысушылар Омск филармо­ниясы оркестрінің сүйемелдеуімен бүкіл территория бойынша Ресей туы және ел өңірлерінің туларын алып шықты.

Бұл күні Ресей өңірлерінің Мәдениет фестивалінің жабылуына орай гала-концерт өткізілді. Көрменің ашылуымен бірге басталған фестиваль барысында елдің түпкір-түпкірінен келген: Татар­стан, Самара облысы, Челябі облысы, Свердлов облысы, Алтай, Мәскеу және т.б. өңірлердің шығармашылық ұжым­дары қатысты.

Көрме қонақтары «Ресей» Мемле­кеттік академиялық орыс халық ансамб­лі, атақты музыкант-сырнайшы Вадим Эйленкриг, «Бурановские бабушки» ансамблі, CoffeetіmeBand вокалдық жобасы, «Славяне» фольклорлық тобы, «Алтай» Мемлекеттік ән мен би жастар ансамблі, «Сибирская забава» вокалдық ансамблінің өнерін тамашалай алды. Көрме және Ресей павильонының келушілеріне интерактивті бағдарлама ұсынылып, сыйлықтар мен тосын сыйлар табыс етілді.

Мерекелеу аясында іскерлік бағ­дарлама да қарастырылған болатын. Ресей павильоны көрме жұмысының барысында іскерлік пікірталастар, дөңгелек үстелдер мен форумдарды өткізу бойынша ең белсенді ұйымдас­тырушыларының біріне айналды. Бұл ретте Ресей серіктестігімен өтетін Kazenergy XІ Еуразиялық форумында «Таза энергетика – болашаққа үлес қосу» бағдарламалық сессиясы өтті. Халықаралық комитеттің мүшелері Рае Квон Чунг және Стивен Гриффитс, Бүкіләлемдік биоэнергетика қауымдас­тығының (WBA) президенті Ремигиюс Лапинскас, сондай-ақ, Орыс-неміс экологиялық ақпарат бюросының директоры Ангелина Давыдова баян­дамалар жасады.

Сонымен қатар, «Росатом» мемле­кеттік корпорациясымен бірлесіп ұйым­дастырылған «Атомдық салаға арналған жаңа технологиялар мен шешімдер» атты бағдарламалық сессиясы мен Kazenergy XІ Еуразиялық форумы өтті.