«Оркестрлер фестивалі» басталды

img_6374

Балнұр АХМЕТ

Тәуелсіздіктің алтын бесігіне айналған Алматы жыл сайын Қала күні қарсаңында сұлу саздың сиқырымен айрықша арайланады. Күмбірлеген күйлермен көмкерілген кештерде асуларына ай қонған Алатау бау­райындағы ару қала шаттықтың шуағымен шырайланады. Кеше Республика сарайының алдындағы Абай алаңында Қала күнін мерекелеу аясында «Оркестрлер фестивалінің» шымылдығы ашылды. Музыка мерекесінің алғашқы күні Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі мен «Сазген сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі кешті бастады. Ашық аспан астындағы өнер думанында сахна төрінен аққудай қалықтаған ұлттық мазмұны терең туындылар тыңдарман жанын тер­беді. Ғасырларды жарып өтіп, әлемдік мәдениеттің асыл қазынасын толтырған әсем ән-күйлеріміз көрермен көңілін көктем күйге бөлеп, өмірдің шуағын сездірді. Шанағына күй тұнған домбыра үні тарихтың құпиясын ақтарып, тыңдармандарды тылсыммен тілдестіргендей болды. Мыңжылдық тарихы бар Алматы ғасырлар қойнауынан жеткен сұлу саздан сыр тыңдады. Төл тарихымыздан тамыр тартатын тағылымды туындылар жұртшылыққа тәуелсіздіктің рухын сезіндірді. Бұл кеш тарихтың өлшемімен биіктей беретін  сырлы саздармен адам­ның жан-дүниесін теңіздей толқытқан нағыз  өнер мерекесіне айналды.

Алматының күзгі кешінде ашық аспан астында жыл сайын өтетін «Оркестрлер фестивалі» қала тұрғындары ерекше күтетін мәдени шараға айналды. Қаламыздың мәдени өміріндегі жарқын оқиғалардың бірі болып саналатын бұл фестиваль биыл әрбір әуенінде ғасырлар жаңғырығы естілетін, тарихтың тұңғиығына зер салдыратын ұлттық құн­дылықтарымыз – әсем ән-күйлерімізден бастау алды. Сазды концертте тыңдармандар әлемге әйгілі композиторлардың және қазақтың ұлы композиторларының шығарма­ларын, сондай-ақ, әлем халықтарының музыкалық туын­дыларын сүйсіне тыңдады. Сазды кеште өнер ұжымдары Түркештің «Көңілашар», Сүгір­дің «Шалқыма», Ықыластың «Аққу», Бай­жігіттің «Бөкен  жарғақ» тәрізді күйлерін күмбірлетті. Күздің қоңыр кешінде Жаяу Мұса, Кенен Әзірбаев, Нұрғиса Тілендиев, Мұқан Төлебаев, Әсет Бейсеуов, Ескендір Хасанғалиев тәрізді өмірі өшпес өнегеге айналған талантты тұлғалардың жұрт­шылықтың жүрегінің төрінен орын алған әсерлі әндері көрермендерді естен кетпес ерекше әсерге  бөледі. Сан ғасырлық тарихы бар ұлттық өнерімізді насихаттауды мақсат қылған шығармашылық ұжымдардың  таны­мал әншілері дүние жүзіне белгілі компози­торлардың шығармаларын шабыттана шыр­қады. Дирижер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әли Алпысбаев жетекшілік ететін Мұқан Төлебаев атындағы халық аспаптары оркестрі мен «Сазген сазы» фольклорлық-этногра­фиялық ансамблі күзгі кеште тыңдарман жүрегін сырлы сазбен тебірентті. Музыка мерекесінің алғашқы күнінде фестиваль шымылдығын жапқан Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әні алматылықтардың бойындағы отаншылдық рухын асқақтатты.

Көрікті қаламыздағы ән думаны көрер­мендердің көңілін көкке өрлетті.

– Жалпы, ашық аспан астында жан жадырататын музыкалық мерекелер өткізу дүние жүзінде әдемі дәстүрге айналған. Себебі, тамылжыған табиғат аясында сүйікті әндер әрқашан ерекше естіледі, ашық аспан астында әдемі ән жүректен жүрекке жетеді. Қазақтың ұлы даласын сазды мерекеге бөлеген мұндай кештер өнерсүйер қауымды әрқашан қуантады. Күйге толы кеш алматылықтарға сан ғасырлық киелі өнеріміздің құдіретін сезіндірді. Тарихымызбен тамырлас қазақтың әрбір күйі тыңдарман бойына рухани қуат құяды. Күй күмбірлеген кештер жас ұрпақты тарихи тамырына жақындатуға септігін тигізетіні сөзсіз. Алматының ән мен күйге толы бұл керемет кеші әлі талай уақыт тыңдарман жүрегін жылытатын болады, – деді Жетісу ауданындағы №87 мектептің мұғалімі Ақалтын Тұсақбай.

Алматы аспанын әсем әуенге бөлеген өнер думаны бүгінгі сенбілік кеште жалғасын таппақ. Айта кетерлігі, фестивальдің екінші күні де Қала күні аясындағы әсем әуенмен әрленген тамаша тосын сыйларға толы болмақ.  Фестивальдің екінші күнінде қала тұрғындары мен қонақтары үшін мыңдаған тыңдарман жүрегінен орын алған қазақ және кеңес дәуірі мен әлем кинематографиясындағы танымал, үздік әуендер орындалатын болады. Александр Беляков жетекшілік ететін Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрі мен Қанат Ахметов жетекшілік ететін ҚР Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі  көрермендердің көңілін әсем әуенмен нұрландыратын болады.