НОРВЕГИЯ – ҮЛГІ ТҰТАРЛЫҚ ЕЛ

Норвегия Қазақстан үшін жаңғыртылатын энергия көздерін қолданудың тиімді технологияларын ұсынуға дайын

02_press_future_energy_forum_expo_astana_2017-2000x0

Норвегия – «жасыл» электр энергиясын өндіру­ден Еуропаның көшбасшысы екендігі шүбәсіз. Ел ішінде өндірілетін электр энергиясының 97 пайызын жаңғыртылатын энергия көздерінен, соның ішінде негізінен гидроэнергетика нысан­дарынан алынады. Сонымен бірге, ел экспортының негізгі бөлігі мұнайхимия, мұнай және газ өнімдеріне тиесілі.

Алайда, 2014-2015 жылдары Норве­гияның мұнайдан табатын пайдасы үш есе төмендеп, бұл экономика үшін қауіп төн­дірді. Елдің үкіметі шешім ретінде жаңғыр­тылатын энергия көздерін қолдануға негізделген стартаптарды ілгерілетуді қолға алады. Компания топтары мен агенттік­терге біріккен жаңа стартаптар Tіdetec толқынды энергетикалық компаниясы, Hynor Lіllestrom фирмасының сутек технологиясы, Kyoto Energy және DeepRіver (өзен бойында гидроэнергияны шығаратын) компаниясының күн батареялар өндіретін компаниядан тұрады. Сонымен қатар, қазба отындары негізінде жұмыс істейтін ірі компаниялар жаңғыр­тылатын энергия көздеріне инвестиция салады. Мысалы, Statoіl компаниясы елдің жағалауында жүзетін жел турбиналар технологиясын сынау үстінде. Ел тұрғын­дарының ЖЭК деген қызығушылығын ояту үшін бірқатар шаралар жасалды. Мысалы, Осло муниципалды кеңесі жеке үйлер иелеріне күн батареяларын орнату үшін инвестициялардың 30 пайызын субсидия ретінде ұсынды.

– Мұнай мен газ Норвегияны бүгінгі дәрежеге жеткізді. Көптеген адамдар осы салада жұмыс істеп, бұл, тіпті, бір мәде­ниеттің бір бөлігіне айналған еді. Көтері­ліп, басқа мүмкіндіктерді көру қиынға түскені рас, – деді ЭКСПО-2017 форумда­рының бірінде Ослодағы Қорша­ған орта саласындағы халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Гленн Петерс.

Сонымен бірге, Норвегия ЖЭК жоба­ларына ерекше көңіл бөледі. Елдің үкіметі жаңғыртылатын энергия көздері негізінде өндірілген электр энергиясын экспорттауға мүдделі. Осыдан бірнеше жыл бұрын Германиямен арасында Солтүстік теңіз түбімен ұзындығы 623 шақырым, ал қуаттылығы 1400 мегаватт құрайтын жоғары вольтты электр энергиясын жет­кізудің желілерін салу бойынша инвести­циялық келісім жасалған. Инвесторлар 1,5-2 миллиард еуро шамасында қаражат салуға әзір. Осылайша неміс БАҚ-ы Норвегияны «жинақтаушы батарея» деп атап кетті. Норвегиялықтар электр энер­гия­сын аралықтағы жинақтаушы түйткілін (тұрақты жеткізу үшін) гидрожинақтаушы электр станциялары (ГЖЭС) арқылы шешуді көздеп отыр. Электр энергиясы артығымен өндірілгенде, ГЖЭС сорғыш­тары суды астыңғы су қоймасынан тартып тұрады. Электр энергиясы артығымен өндірілгенде, су қайтадан төгіліп, ол кәдімгі гидроэлектр станциялардағыдай генераторларды іске қосады.

Сарапшылардың айтуынша, неміс жел энергетикасының ерекшелігі: ол негізінен жазық бедерлі, бірақ қатты жел соғатын аймақта – елдің солтүстігінде дамыған. Ең жақын тауларға дейін жүздеген шақырым жол жүруі керек. Сондықтан су энергети­касы мен ГЖЭС салуда тәжірибесі мол ел – Норвегияның таулы Солтүстік теңіз жаға­лауына дейін су асты электр энергия­сы жеткізу желілерін өткізу идеясы пайда болды. Жаңа ЭЖЖ Гамбурга маңындағы Эльба сағасындағы Вильстер мен норвегия­лық Тонстад қалаларын біріктіріп, Герма­нияның электр энергиясын тұтынудың 3%, яғни 600 мың неміс үй қожалықтарын электр тоғымен қамтамасыз етеді. Нор­вегиялықтар осы тәжірибені кеңейтіп, елін «жасыл» электр энергиясын өндіру, сақтау және таратудың ірі солтүстік еуропалық орталыққа айнал­дыруды көздеп отыр.

Норвегиялық тәжірибе Қазақстан үшін де қолайлы. Бұған дәлел – биыл еліміздің кейбір елдімекендерінде орын алған су тасқыны. Гидроэнерго мелиоративті жүйе­лердің мамандары Қазақстанға жел электр станциялары мен өзен бойларында ГЖЭС тармақты жүйесін орнатуды ұсы­нады. Бұл жоба Қазақстан энергети­касы тарихындағы ең маңызды жобасы болуы мүмкін.

Тек қаржыландыру мәселесін шешу ғана қалып отыр. Алайда, шешілмейтін мәселе жоқ.

– Менімше, республикаңызда мұнай мен газ қорларына қарамастан, баламалы энергия көздерін дамыту керек. Мысалы, Норвегияда мұнайды көптеп өндіруде. Алайда, ел сол мұнайды сатып, жел стан­цияларын салуда. Өйткені, норвегиялықтар жаңғыртылатын энергия көздеріне бола­шағы байланысты екенін түсініп, әрі оған қаржыны бүгін құю керектігін ұғынуда. Мұнай қоры бір күні таусылса, жел мен күн таусылмайды, – деді Covestro AG неміс компаниясының өкілі Ричард Норткоут.

Сарапшы Сауд Арабиясын мысалға келтіріп, оның бай мұнай қорына қара­мастан, күн энергетикасы кеңінен пай­даланатынын көрсетті.

– Табиғи байлықтың бар болғаны жақсы, алайда баламалы энергетика көздерін дамыту қажет. Мұнайды отын ретінде жаға бермей, оны қолданудың өзге жолдарын іздеп, жоғары қосымша құны болатын өнім немесе мұнай химия саласында пайдалануымыз керек, – деді Ричард Норткоут.