МЬЯНМАДА ОРЫН АЛҒАН ОҚИҒА

Неліктен және қалайша тұтанды?

Бұл мұсылман  рохинджаларға 

бағытталған  қастандық па?

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының»

саяси шолушысы

Оңтүстік  Шығыс Азиядағы Мьянма (бұрынғы Бирма) елінде  мұсылман рохинджаларға  қатысты жасалып отырған жантүршігерлік, қантөгісті оқиғаға орай әлемнің түкпір-түкпірінде ислам дінін ұстанушылар  наразылық  акция­ларын өткізуде. Мұндай шара алғашқылардың бірі болып Мәскеудегі  Мьянма елшілігінің алдында  және Грозныйда өтті. Кейбір деректерге қарағанда, небәрі 1,4 млн. халқы бар Шешен­станда аталған шеруге 1 миллиондай адам қатынасқан тәрізді.

%d0%bc%d0%b0%d1%8f%d0%bd

Қазақстан Сыртқы істер министрлігі де мұсылман рохинджалардың қуғындалуына қатты алаңдаушылық білдіріп,  Мьянма билігін  халықаралық құрылымдармен   тығыз байланыса жұмыс істей отырып, мәселені күш қолданудан гөрі,  бейбіт жолмен шешуге шақырды.

Тіпті, көршілес қырғыз елінде  осыған байланысты 5 қыркүйекке белгіленген  Азия-2019 Кубогы жолындағы Қырғызстан мен Мьянма  құрама командаларының арасындағы футбол ойыны кейінге шегерілді.

Мұсылман елдерінің ішінен, әсіресе, Түркия президенті  Ережеп Тайып Ердоғанның аса  белсенділік танытып отырғанын атап айтқан жөн.  Ол  Мьянма билігінің  жалған демократияны бетке ұстап, терроризм мен сепаратизмге  қарсы күресті желеу етіп, мұсылман рохинджаларға  жасап отырған қастандығын  «бейкүнә халықты қырып-жою, яғни геноцид» деп батыл айыптады. Ушығып отырған осынау мәселенің шұғыл түрде  БҰҰ-ның  алдағы  19 қыркүйекте болатын Бас  Ассамблеясының  кезекті сессиясында  қаралуын талап етті. Және де осы «оқиғаға» байланысты ИЫҰ (Ислам ынтымақтастығы ұйымының)  қазіргі төрағасы  ретінде  әлемдегі 20 ірі мемлекеттің басшыларымен  пікірлескенін, әрі қарай сөйлесе беретінін  жеткізді.

Сондай-ақ, этникалық рохинджа халқының  көптен зорлық-зомбылық көріп келе жатқанын,  арғысын айтпағанда,  тек 2012 жылдың өзінде  олардың талайының  қуғын көріп, діни негізде өлтірілгенін, 120 мыңдай  адамның баспанасыз және әлеуметтік-медициналық көмексіз қаңғып қалғанын,  биылғы жылы да терроризмге қарсы күрес деген сылтаумен  жапа шегіп, осыдан екі ай бұрын 20 мың  рохинджалықтың  көрші Бангладешке  мәжбүрлеп көшірілгенін  ызалы түрде ашына айтты.

Осының артынша-ақ  Тайып Ердоғанның жұбайы Әмина  ұлы Біләлді және бірнеше өкілетті адамдарды ертіп Бангладешке келгені  хабарланды.  Түрік делегациясы мұнда шекара аумағындағы босқындар лагеріне барып, жағдаймен егжей-тегжейлі танысып, мұқтаж жандарға гуманитарлық көмекті үлестіретін болады.

Мьянмадағы оқиға туралы  жан-жақтан келіп түскен хабарлар мен ақпараттар әрқилы. Әр түрлі мәліметтер айтылады. Сонда да  кейбір бейтарап  дерек көздерінің жазуларынша,  бұл жолғы  қақтығыс пен қантөгіс  25 тамызда  АРҚА ( Аракан рохинджаларын құтқару армиясының)  отыздай полиция бөлімшелеріне шабуыл жа­сауынан басталған.  Оған жауап ретінде  үкімет­тің күштік құрылымдары мұсылман рохинд­жа­ларға  қарсы жазалау операцияларын жүргізіп, нәтижесінде  17 елді-мекен өртеліп,  екі тарапты қоса алғанда 700 адам көз жұмған, 160 мың тұрғын  бас сауғалауға мәжбүр болған.

Ақиқатын айтқан абзал. Мьянмадағы этникалық рохинджа  халқының  тағдыр тәлкегі бүгін не  кеше пайда болған жоқ. Бұл Бирма елі,  1948 жылы  Англиядан тәуелсіздік алғалы бері шешілмей келе жатқан күрделі мәселе. Елдің алғашқы кезде қабылданған Конституциясында  белгіленген шекара аумағында тұратын барлық тұрғындар Бирманың азаматтары деп көрсетілген болатын. Алайда, 1978 жылы билік басына келген генерал Не Ван  250 мың рохинджаны  «бұлар Мьянманың тұрғындары емес, көршілес Бангладештен  ауып келген  келімсектер» деп елден  түре қуып шықты. 1982 жылы  ол:  «біздің азаматымыз болуы үшін рохинджалықтардың қолында  үш атасынан бері осында тұратыны дәлелдейтін  дәйек қағаздары болуы тиіс» деген талап қойды. Оның бұл талап-шарты орынсыз және негізінен ауылдық жерлерде тұратын рохинджалықтардан  ондай құжаттың табылуы екіталай-тын.  Тағы да сондай желеумен генерал Не Вин 1990-91 ж.ж. 100 мың рохинджалықты  қуғындады.  2012 жылы Мьянмада әскери диктатура   құлап,  билік тізгінін  азаматтық үкімет алды. Соған қарамастан  Ракхайн штатында буддашылардың  қысымымен 100 мыңнан  артық рохинджалық  ығыстырылды. Осындай қорлық пен зорлық-зомбылыққа төзгісі келмеген рохинджа халқы 2012 жылдан бастап   түрлі ұйымдар құрып, үкіметке қарсы бас көтере бастады. Жоғарыда аталған АРҚА (Аракан рохинджаларын құтқару армиясы)  осының  айқын көрінісі еді. Бұдан бір жылдай бұрын, яғни 2016 жылдың қазанында  рохинджалықтар нәсілдік  қысымға қарсылық ретінде полицияның бақылау бекеттеріне шабуыл жасады. Екі  жақтың қақтығысының қорытындысында  мұсылман рохинджалар тұратын 13 елді-мекен өртеліп, талқандалды, 90 мың тұрғын  үйлерін тастап шықты.

Обалына не керек,  Мьянмадағы мұсылман рохинджалардың  мұң-мұқтажын  БҰҰ-ның Қауіпсіздік  кеңесінде қарау жәйі әлденеше рет көтерілген.  Бірақ та бұған  Ресей мен Қытай қарсылық білдіріп, ылғи да вето қойып отырады.  Себебі,  екеуінің де  Мьянмамен ұштасып жатқан сауда-экономикалық мүдделері бар.

Біріншіден,  Ресей хунталық тәртіптен әлі арыла қоймаған Мьянмамен әскери сауда саласында өзара  тиімді келісім-шарттар жасасқан. Сол бойынша заманауи қару-жарақтар мен жетілген технологияларды экспорттап тұрады.  Өзгесін айтпағанда,  биылғы жылдың мамыр  айында  Мьянма  Қарулы күштерінің  Бас қолбасшысы Мин Аунг Хлайн іссапармен  Мәскеуде болып қайтты. Оның  жәй турист ретінде тамашалап келмей қандай да бір келісім-шарт жасасып қайтқанын шамамен  болжауға болады.

Екіншіден, Мьянма  Аспан асты елінің қарқынды дамып келе жатқан «Бір белдеу – бір жол» жобасы бойынша стратегиялық серіктесі болып саналады.  Үнді мұхитының солтүстік  жағынан, яғни  Мьянманың  мұсылман рохинджалар тұратын Ракхайн мен Шан штаттары арқылы Қытайға тартылған  мұнай мен газ құбырлары  бойымен жылына 22 млн. тонна  «қара алтын»  және 12 млн.  текше метр  «көгілдер отын» тасымалданады. Міне, осындай  пайдасы шаш-етектен әріптесті Қытай қорғамағанда кім қорғайды?

Прогрессивті түсінік пен ұстанымдағы саясаттанушылар мен сарапшылардың  пайымдауынша,  қалай болғанда да  Мьянмадағы мұсылман рохинджалардың  құқығы  мен мәртебесі шешілуі қажет. Онсыз  қақтығыс пен қайшылық, соғыс пен қантөгіс тоқтамайды, әрі қарай жалғаса береді. Олардың ойынша, бұл мәселеде ИЫҰ (Ислам ынтымақтастығы ұйымы)  айтарлықтай рөл атқара  алады. Олай дейтіні,  ИЫҰ-ның  белсенді мүшелері Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері мен Катардың  Қытайға да, Мьянмаға да сөзі өтеді, ықпалы жүреді. Өйткені,  Мьянма-Қытай  құбырымен  мұнай  экспортайтын бірден-бір ел Саудия. Ал қалған екеуі   (БАӘ мен Катар)  Мьянмаға  мол инвестиция салған мемлекеттер. Тек  қана үшеуі мұсылмандық мүдде тұрғысынан бірігіп, Қытай мен Мьянмаға қысым жасаса болғаны.

Ол үшін  батыл қадам мен ерік-жігер керек!

Өз кезегінде Мьянма билігін және буддашыларды тыңдасаң  мұндай қантөгісті оқиғаның тууына мұсылман рохинджалар кінәлі. «Олар еш жерде тұрақты жұмыс істемейді. Үнемі сығандар сияқты көшіп-қонып жүреді. Рохинджалардың  АРҚА  секілді террористік ұйымдары арандатушылық  үкіметтің тірек нысандарына шабуыл жасап отырады», – дейді.

Ал кезінде демократиялық қозғалыстың көшбасшысы ретінде танылған, 1991 жылы бейбітшілік ісіне қосқан үлесі үшін Нобель сыйлығына ие болған, Мьянманың  прьемер-министр деңгейіндегі Сыртқы істер министрі Аун Сан Су Чжидің пікірінше:  «аса бір қайғырып, күңіренетіндей оқиға бола қоймаған,  мұсылман рохинджалар мен полиция арасында кезекті қақтығысты  кейбір БАҚ құралдары  өңін айнал­дырып, қолдан жантүршігерлік  фотосуреттер жасап,  «Рохинджа мұсылмандарын қырып-жою» деген тақырыппен Twіtter арқылы миллиондаған  адамға таратып жіберген.  Елді дүрліктірген осындай жалған ақпарат көрінеді».

Дегенмен, тыныштықты, бейбітшілікті қалайтын жұртшылық  «Мьянма  да Сирияның  кебін киіп, дүниенің тағы бір отты ошағына  айналмаса  екен» деп тілейді.

«Ақшамның» анықтамасы:

Мьянма – ресми атауы «Мьянма Одағы Республикасы» Оңтүстік-Шығыс Азиядағы Үндіқытай түбегінің батыс бөлігінде орналасқан мемлекет. Ол Үндістан, Бангладеш, Қытай, Лаос және Таиланд елдерімен шектеседі. «Мьянма» сөзі «шапшаң»  және «күшті» деген мағынаны білдіреді

Мьянма жерінде ерте замандарда үнді-будда өркениетінің ықпалында болған мон халқы тіршілік еткен. Кейіннен  мұнда Қытайдан бирмалықтар қоныс аударған. Сөйтіп, мон мен бирма корольдіктері құрылған.

ХІІІ ға­сырда олар моңғол шапқыншылығын бастан кешірген. XVІІІ ғасырдан бастап Британияның отары болып, 1948 жылы тәуелсіздікке қол жеткізді. 1962 жылы КСРО-ның қолдауымен «Бирма Одағы Социалистік Республикасы» деп жарияланды. 1988 жылы  аға генерал Тан Шве бастаған әскерилер төңкеріс жасап билік басына  келді. 1997–2011 ж.ж. елді Бейбітшілік және даму мемлекеттік кеңесі басқарды. 2010 жылдың қазанынан Мьянма Одағы Республикасы болып өзгертілді.

Бүгінде Мьянма 7 әкімшілік облыстан, 7 штаттан және

5 өзін-өзі басқаратын аймақтан құрылған федеративтік республика. Елде 60 миллиондай халық, жүзден астам ұлттың өкілдері тұрады. Халқының 68 пайызы бирмалық, 9 пайызы шандар,

7 пайызы карендар, 4 пайызы аркалықтар, 3 пайызы қытайлықтар, 2 пайызы үнділер, т.б. Тұрғындардың

89 пайызы будданы, 4 пайызы христандықты, 4 пайызы мұсылман дінін ұстанды. Қайшылық көбіне басым мөлшердегі буддашылар мен мұсылмандар арасында туындап тұрады.

Мьянманың жер қойнауы мұнай, газ,  алтын, мыс, қорғасын, олово, мырыш, вольфрам, көмір, мрамор, басқа да бағалы қазбалар мен тастарға бай.  Көршілес Қытай мен Үндістанды, Таиланд пен Жапонияны оның  осындай табиғи қазба байлықтары қызықтырады. Әйтсе де, халқының 70 пайызы ауыл шаруашы­лығында жұмыс істеп, күріш, арахис, қант құрағын өсіріп, өндірумен айналысады. Өнеркәсіп саласындағылардың үлес салмағы 7 пайыз ғана. Бір айта кететіні, Мьянма есірткі өсіріп, шетке жасырын түрде экспорттайтын  Ауғанстаннан кейінгі екінші ел.