БІЗ БӘРІМІЗ БІРДЕЙМІЗ

Шаһар басшысы БҰҰ-ның  арнайы баяндамашысымен кездесті

ddd_5582

Алматы қаласының әкімі БҰҰ-ның мүгедектер құқығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Каталина Девандас Агилармен кездесті. Кездесу барысында тараптар мүге­дектер профилактикасы, қала өмірінде оларды әлеуметтік қорғау, барлық мүмкіндіктерді жасау, қолдау және басқа да маңызды мәселелерді  талқылады.

Мегаполис  әкімі  Алматыда  құрамына азаматтық қоғам өкілдері енген мүмкіндіктері шектеулі жандарды әлеу­меттік жағынан қорғау жөніндегі Үйлестіру  кеңесінің жұмыс жасайтындығын айтты. Үкіметтік емес ұйым­дардың ҮЕҰ араласуымен мүмкіндігі шектеулі  жандарға стационарда, жартылай стационарда және үйлерінде арнайы әлеуметтік қызметтер көрсетіледі. Қалада мұндай жандарға инклюзивті білім беруге ерекше назар ауда­рылған, олар кәсіби жағынан  қорғалған, түрлі нысан­дарға баруларына, көлікке  мінулеріне  жағдай жасалған. Сонымен қатар, әлеуметтік, спорттық, мәдени шаралар­мен қамтылған.

–       Бүгінгі күні қалада мүмкіндігі шектеулі  43 мың­нан астам азаматтың тұратынын айтты. Биылғы жылы оларды техникалық  қосымша көмек құралдарымен қамту үшін бюджеттен 4 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда екі есе көп. Мүгедектер үшін сапалы  жабдықтар алынуда, жаяу жүргінші жолдары  қайта жасалуда.

Егер қалада  мүмкіндігі шектеулі жандарға жүру қолай­лы  болса, онда барлығына да жайлы. Алайда, ең бастысы – рухани бірлік, мемлекет тарапынан ғана емес, бұқарадан тікелей қолдау тапқан  мұндай жандар қашан да  сергек болады, – деді Б.Байбек.

Өз кезегінде Каталина Девандас Агилар Қазақстан Республикасында тек саяси еркіндіктің  ғана емес, соны­мен қатар, мүмкіндігі шектеулі жандардың тұрмысын жақсарту шараларының да салтанат құрғанын атап өтті.

– Ел заңнамасы халықаралық стандарттарға  сай жасалған, мүгедектермен жұмыс істеуде шет елдің инно­вациялық әлеуметтік тәжірибесі қолданылуда, ал бұл оларға қатысты кешенді шаралардың жүзеге  асып жатқанын көрсетеді, – деп атап өтті БҰҰ-ның  арнайы баяндамашысы.

Ол Алматы қаласы мәслихатының депутаттары қата­рында мүмкіндігі шектеулі жандардың болуын   жоғары бағалады.  Каталина Девандас Агилардың пікірінше,  бұл жалпы қоғамда мүгедек жандардың әлеуметтік тиімділігін арттыруға ерекше  ықпал  етеді.

 

«Ақшам-ақпарат».