БИЫЛ ҚАЛАДА 1450 ЗАҢСЫЗ ДҮҢГІРШЕК АНЫҚТАЛЫПТЫ

%d0%ba%d0%b8%d0%be%d1%81%d0%ba-2

Жасыратыны жоқ, үстіміздегі жылы мегаполистің қарбалас жұ­мыс­тар алаңына айналып кеткенін байқап жүрміз. Әйтпесе, қалада бір мезгілде жүріп жатқан мұндай ауқымды жұмыстарды көптен көрмеген едік. Мысалы, қазір шаһарда бір мезгілде құбырларды ауыстыру, үй салу, жол жөндеу, арықтар тарту, көшелерді абаттан­дыру, қоршауларды бұзу секілді қыруар жұмыстар жүріп жатыр. Әрине, бұлардан басқа да қала­мызда қолға алынып жатқан жұмыс­тардың көп екендігін көріп-біліп жүрміз. Соның бірі – соңғы кездері шаһардың сиқын кетіріп тұрған дүңгіршектерді бұзу жұмыс­тары да қарқын алып тұр…

Осы апта басында таңертең жұмысқа келе жатқанда кенеттен байқап қалдым, мен жүретін Масанчи көшесінде бір түннің ішінде осыған дейін жұмысын «қыз-қыз қайнатып» жататын екі бірдей дүңгіршектің орындары ғана қалыпты. Оның бірі – Абай даңғылы мен Масанчи көшесіне жақын жерде орналасқан болса, ал екіншісі, Алматы бизнес коллед­жі­нің дәл түбінде тұрған еді. Олар­дың бір түнде бұзылып тасталға­нына және тұрған жерінің енді сүйкімсіз болып жатқан орнына таң қала қарадым…

Жалпы, соңғы жылдары Алма­тыда қоршаулармен қатар дүңгір­шектердің де бұзылып жатқанын байқап жүретінмін. Тіпті, биылғы тамыз айының ортасында қала әкімі баспасөз қызметінің «осы күнге дейін қалада 1100 дүңгіршек бұзылып тасталды» деген сөзін естіп қалған едім. Сөйтсем, шаһар­да заңды құжаттары жоқ және қаланы көріктендіру ережелеріне жауап бере алмайтын, сондай-ақ, өрт және санитарлық-эпидемиоло­гиялық талаптарға сай келмейтін дүңгіршектер де бұзылып жатыр екен.

Биылғы жылдың басынан бері қаладағы түрлі қызметтер өз сала­сына қатысты барлық дүңгіршек­терге мұқият тексерулер жүргізген еді. Нәтижесінде олардың көпші­лігінен заңға қайшы келетін кем­ші­ліктер мен заңбұзушылықтар табылған екен. Әрине, осы ретте аталған дүңгіршектер қожайын­дары өздеріне тағылған айыптар­мен келісуге мәжбүр болып, олар­ды бұзуға үнсіз келісімдерін берген. Бұл ретте тексерулерді өткі­зуге ұйытқы болған Алматы қаласы Кәсіпкерлік және индус­триалды-инновациялық даму бас­қармасының қызметкерлері: «Біз негізінен алматылықтардың ден­саулығына зиян келтіретін тамақ өнімдерінің санитарлық-эпидеми­о­ло­гиялық талаптарға сәйкес келуі­не мән бердік», — деп жауап берді.

Қысқасы, жыл басында Алма­тыда 1450 заңсыз орнатылған дүң­гір­шек анықталған еді. Бүгінгі таңда қалада қалған 350-дей дүң­гіршектің ішіндегі 150-і қайтадан орнатылғандар болса, ал тағы 200 дүңгіршек дөңгелек жөндеу шебер­ханалары санатында тұр екен. Сонымен қатар, шаһарда бүгінде өзімен-өзі қызмет етіп жатқан газет-журнал дүңгіршек­тері де кездесіп қалады. Әрине, олар әзірге жұмыс істей беретін шығар. Өйткені, бұлардың адам­дарға пайдасы болмаса, әзірге ешкімге зияндығы жоқ қой…

 

«Ақшам-ақпарат».