БЕРЕКЕСІ КЕТКЕН ЕЛДІ – БӨТЕНДЕР БИЛЕЙДІ

АҚШ Ауғанстандағы әскер санын көбейтпекші

Бұған  өзгелер алаңдаушылық білдіреді 

Құрама Штаттарды  қызықтырып тұрған «литий» деседі

%d0%b0%d1%83

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамының»

саяси шолушысы

Американ әскерлері мен жергілікті ауғандықтар

Жаңа кезеңдегі Ауғанстан тарихына үңілсек, расында да бұл елде өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бері тыныштық жоқ екен. Күнәсіз қара халықтың күнде болмағанымен жиі көретіні – атыс-шабыс, қақтығыс, жарылыс. Әр жер, әр жерден тәліптер бой көрсетіп: «бізге бағынбасаңдар құрисыңдар»! деп қорқытып-үркітіп кетеді. АҚШ-тың қолдауымен формальды түрде құрылған қуыршақ  үкімет тізгінді қолға алып, бүкіл елде тәртіп орнатуға әлі дәрменсіз. Өз бейнеті мен соры, қайғы-қасіреті аздай мұнда соңғы уақытта (біреулер ДАИШ, біреулер ИГИЛ)  енді біреулер «Ислам мем­лекеті» деп атайтын радикалды террористік ұйым қоныс аудара бастады.

Задында, соғыстың ең ауыр қасіреті – адам шығы­нында. Сол айтқандай: «ауған жеріндегі қырық жылға жалғасқан қанды қырғында  2 миллионға жуық адам опат болды» де­ген деректі  естігенде тұла бойың тітіркеніп, денең түршігеді.

…Бәрі 1973 жыл 17 шілдесіндегі  монархияны құлатып, елде республика  жариялаған мемлекеттік төң­керістен басталған еді. Билік басына келген Мұхаммед Дәуіт елді реформалап, жаңа демократиялық бағытта дамытқысы келген.  Бірақ онысы жүзеге аспады.

Мұнан кейін 1978 жылы  әйгілі сәуір төңкерісі болып, өкімет тізгіні Ауғанстан Халықтық Демократия­лық Партиясына  (АХДП)  өтті.  АХДП-ның  социалис­тік мемлекет құру жөніндегі мақсатын Кеңес Одағы қолдап, оның өтінішімен ауған жеріне белгілі бір мөл­шерде әскерін кіргізді. Бірақ та  КСРО-ның он жыл бойы­на  (1979–1989 ж.ж.) жасаған  интернационалдық әскери  көмегінен айтарлықтай нәтиже шықпады. Қайта он бес мыңнан астам жауынгерінен айырылып, қанша жараланды. Кеткен материалдық шығын да шаш-етектен.

Кеңес әскерлері  кеткеннен кейін де елде бейбітшілік орнамады. Дала командирлерінен  құрылған Солтүстік альянс пен   «Талибан» қозғалысы өзара қырқысты.

1996 жылға қарай  талибандықтар Солтүстік альянсты  солтүстіктегі шекаралық аудандарға ығыстырып, елдің басым бөлігін өзіне қаратып алды.

2001 жылғы күзде АҚШ әскерлері ауған жеріне басып кірді. Бұған біреулер осы жылдың 11 қыркүйегінде Нью-Йорктегі Әлемдік сауда орталығының жарылуын ұйым­дастырушы ретінде кінәланған Усама бен Ладеннің Ауғанстанда жасырынуы себеп болды десе, екінші біреу­лер  мұның негізгі себебін американ жағы аса мүдделі ТАПИ (Түрікменстан – Ауғанстан – Пәкістан – Үндіс­тан) газ құбырына тәліптердің қарсы болуынан көреді. Өйткені, «мұндай мақсат-жоба  қыркүйек оқиғасынан жарты жыл бұрын жоспарланып қойған»  дейді.

2001 жылдың аяғында  БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі Ауғанстанда бейбітшілікті қамтамасыз ету және соғыстан бүлінген инфрақұрылымдарды қалпына келтіру үшін  НАТО мен АҚШ әскерлерінен құралған ИСАФ (Халықаралық қауіпсіздік күштерінің) ауған жеріне кіруіне санкция берді.

АҚШ бастаған халықаралық коалиция әскерлері 2001–2014 ж.ж. батыл ұрыс қимылдарын жүргізіп, тә­ліптерді  тізе бүктіргенімен,  ол қозғалысты біржолта жойып, елде саяси тұрақтылық орната алмады. 2014 жы­лы 140 мыңдық  американ мен НАТО жауынгер­лерінің  көп бөлігі шығарылып,  белгілі бір бөлігі қалдырылды.

Бүгінде Ауғанстанда 8,4 мың  американдық  және 4,5  НАТО  сарбаздары қызмет етуде. Өздерінің айту­ларынша, олар  жергілікті ауған жауынгерлерін  терро­рис­тік топтармен соғысуға  жаттықтырып,  дайындаумен айналысады.

Әйтсе де ауған жерінде шетелдік әскерлердің болуын өз ішіндегі оппозиция және көршілес Иран мен Пәкістан, Қытай  қаламайды. Кремльдің ұстанымы да осы сыңайда. Оны жақында  «Известия» газетіне берген сұхбатында  Ресейдің  арнаулы өкілі Замир Кабулов: «Мәскеу Ауған­станнан АҚШ әскерлерінің шығарылуын еш асықтырған емес. Алайда,  американдықтардың мардымды ешнәрсе тыңдырмағаны тағы аян. Сондықтан олардың кеткені дұрыс. Былайша айтқанда, ойлағандары жүзеге аспады. Ендігі жерде  Ауғанстан халықаралық терроризмнің ошағына айналуы ықтимал. Белгілі мөлшерде соған айналды деуге болады», – деген сыңайда жеткізді.

Ресейдің мұндай көзқарас пен ұстанымда болуы түсінікті. Себебі, ол  қалай дегенмен де басты бәсекелесі саналатын Вашингтонның  әлемдік геосаясаттағы маңызды бір аймақ Ауғанстанды билеп-төстеуін аса құп көрмейді. Соған қарамастан  АҚШ пен НАТО әскерлері өзінің ықпалынан жібергісі келмейтін Орталық Азиядағы  Өзбекстан, Тәжік­стан және Түрік­менстанға  қауіп төндіріп отырған ауған еліндегі  саяси-экономикалық жағдайды біршама тұрақтандырады деп үміттенген болатын. Өкінішке қарай, ондай үміті ақталмады.

Демек, ендігі жерде: «сәл саябырсып, ұмыт қалғандай болған  «ауған мәселесі» неліктен қайтадан күн тәртібіне қойылып отыр?»  деген сұрақтың қойылуы заңды.

Сыртқы саясаттағы алабөтен әрекет, күтпеген шешімдерімен талайларды таң қалдырып отырған  АҚШ президенті Дональд Трамп билік басына келгенге дейін  американ әскерлерінің  Ауған­станға кіргізілуін  «кешірілмес қателік», «орны толмас апат», «масқара жеңіліс»,  «біз  ол жерден шұғыл кетуіміз керек?» дегенді айтып жүрген-тін. Тіпті, кешегі өзінің сайлауалды бағадарламасында да осы пікір-көзқарасын тағы  қайталаған.

Ендеше, «президенттікке қол жеткізгенен кейін Д.Трампты қандай түлен түртті?  Не себепті  көзқарас-пікірін өзгертті?» дейсіз ғой.

Бұлай болғаны «Америка дейтін алып маши­наның тізгінін формальды түрде Трамп ұстаға­нымен,  оның қасында «былай жүр, былай жүр?» жол көрсетіп,  жөн сілтеп  отыратындар бар.

Оның үстіне, соңғы уақытта Ауғанстандағы жағдай  мүлде өзгеріп, басқаша сипат алды. Елдің 40 пайыздай бөлігі  «Талибан»  қозғалысының бақылауына көшті. Олар үкімет әскерінің әл­сіздігін пайдаланып, өз күштерін  Түркіменстан, Тәжікстан және Өзбекстанмен шекаралас аудан­дарға шоғырландырып алды.  Куәгерлердің айтуынша,  ауғандық Бадахшанның  60–65 пайы­зы тәліптердің билігінде және осы заманғы ең жетілген қарулармен қаруланған.

Оппозициялық «Талибан» қозғалысы  Ауған­станда зайырлы, демократиялық мемлекет құруды көксейді деп айту қиын. Оларға салса әйелдердің білім алуы, музыка, бейнелеу өнері қажет емес, исламға  ескерткіштердің бәрі  қиратылуы тиіс.  Осындай ұстанымдарымен олар  көпшілікті шошытады.

АҚШ-тың Мемлекттік хатшысы Рэкс Тил­лерсон тәліптердің оңайшылықпен берілмей отырғаны «оларды қару-жарақпен  Ресей қам­тамасыз етіп отыр» деп есептейді. Қорғаныс министрі Джеймс Мэтис те осындай пікірде.

Ауғанстанның Құндыз провинциясы поли­ция бастығының айтуына қарағанда, Ресей  тәліптерге әскер жаттығу базасын салып берген. Осы сияқты  Солтүстік провинция полициясының бас­тығы, генерал Ассадула Шерзад  Пәкістан шека­расына жақын маңдағы тәліптердің базасынан ресейлік әскерилердің жүргенін көрген.

Мәскеу қару-жарақ көмегін мойындамаға­нымен  «Талибан» тобымен  ақпараттық байла­ныста екенін теріске шығармайды. Мұны Ресей Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова әлденеше  рет айтып, оның себебін:  «тәліптермен ақпараттық байланыс  ИГИЛ-мен күресу үшін қажет» деп түсіндірді.

Сондай-ақ, РФ Сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың: «Тәліптер де ауған халқының бір бөлігі. Оларсыз қарама-қайшылық пен келіспеу­шілікті реттеу екіталай» деген сөздері де осындай ой-пиғылды аңғартады.

Осы арада  «Талибан» да  «әл-Каида» және «Ислам мемлекеті»  сияқты РФ арнайы заңы­мен ұйымдастырылуы мен қызметіне тыйым салынған  ұйым емес пе?  Онымен Ресей қалай­ша ақпарат­тық байланыс жасап отыр?» деген сұрақ туады.

Бұған қоса, түріктің Turkіye басылымының жазуынша,  Ирак пен Сириядан ығыстырылған  ИГИЛ террористік ұйымы кіммен кімнің соғысып жатқаны белгісіз болғандықтан бірден-бір қолайлы аймақ ретінде Ауғанстан жеріне қоныс аудара бастаған. Тіпті, олар маусым айының аяғында  Түркіменстанмен шектесетін Жаузджан провинциясына қарасты Дарзабты  басып алған.

Мазасыз Ауғанстанға қатысты  осындай  жағдайлардың бәрін  уәж-дәлел ретінде алға тарт­қан  жоғары шенді әскери басшылар геосая­саттың ұңғыл-шұңғылын  әлі жете игеріп  үлгер­меген Дональд Трампты  ауған жеріне қосымша әскер жіберуге көндірді.  Құрама Штаттардың  Қорға­ныс министрі Джеймс Мэтистің айтуынша, бұл тақырыптағы президентпен болған әңгіме  қызу және  тартысты өткен. Пікіріталас бары­сында  барлық мәселе, бүге-шігесіне дейін, оған қанша шығын-қаражат кететіні де жан-жақты таразы­ланып, талқыланған. Ақырында Трамп келісім беріп, мұндай шешімді  әскерилер мен американ халқына өзі жеткізетінін айтқан.

Айтқанындай-ақ,  президент Д.Трамп 21 та­мызда Форт-Майер әскери базасында  теледидар арқылы өз халқына үн қатып, Ауғанстанға  қосымша әскери күштердің жіберілетінін және мұның Ауғанстан мен Оңтүстік Азияда жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шара екенін түсін­дірді. Ол  сөйлеген сөзінде  өткен 16 жыл ішінде АҚШ-тың  Ауғанстан операциясы 700 млрд. доллар шығын жұмсағанын, 2 мыңдай солда­тынан айырылып, мыңдайы әр түрлі жарақаттар алғанын жасырмай айтып: «Ендігі жерде аме­рикан және НАТО әскерлері  «Ислам мемлекет», «әл-Каида» террористік ұйымдарын талқандап, «Талибан» қозғалысын түбегейлі тұншықтырып толықтай жеңіске жеткенше сонда бола береді», – деді.

Осыдан кейін-ақ Ақ үйдің  ауған жеріне  бұрынғыға қосымша 4 мыңдай  жауынгерін жібе­ретіні белгілі болды.  Американың  әскер санын көбейткенімен Ауғанстанда бейбітшілік пен тыныштық орнайтыны неғайбыл. Өйткені,  2001–2014 ж.ж. аралығында  140  мың  солдаттың  қолы­­нан келмегенді  бас-аяғы 16 мыңнан астам  сарбаздан тұратын контигенттің  атқаруы екіталай.

Ал екінші жағынан «Талибан»  ұйымының өкілі  Забиулла Муджахид американдық  «The Washіngton Post» газетіне берген сұхбатында ызалы түрде: «Біз де қаруымызды қолдан таста­маймыз.  Өз жерімізден АҚШ-тың ең соңғы  сол­датын қуып шықанша  соғыса береміз»  дегенді айтқан.

Осыған қарағанда «ауған соғысы» әлі талай жылға созылатын сыңайлы.

Айтпақшы, «АҚШ-тың  көздегені геосаясат қана емес, оны Ауғанстанның жер қой­науын­дағы  мұнай мен газ, алтын, мыс, темір, кобальт, әсіресе литий сияқты қазба байлықтар қызық­тырады. Литий  элементі осы заманғы жаңа тех­нологияға, оның ішінде электроника, медицина, ғарыш саласына, кейінгі кезде қарқынды дамып келе жатқан электромобиль  өндірісі үшін   тап­тырмайтын шикізат»  деген пікірді айтып жүр­ген саясаттанушылар да бар. Тыңдап қарасаң, олар­дың сөздері де  қисынды және құлаққа қонады.

Мұны 2010-2011 ж.ж. АҚШ пен НАТО құрамаларының  Ауғанстандағы қолбасшысы қызметін атқарған генерал Дэвид Петреустің: «Литийдің мұнда бай қоры шоғырланған. Бұл металды өндіру жөнінен Ауғанстан әлемде алдыңғы орынға шыға алады» дегені де дәлелдей түседі.

Керек десеңіз, американдықтар  ауған жерін­дегі минералдық шикізаттар қорын барлап қойған деседі. Ол шамамен 3 триллион долларға бағаланған.

Адамзаттың өсіп-өркендеуінен, тынышты­ғы­­нан гөрі  байлыққа, дүние-мүлікке қызыққан,  құлқынды ашкөздік билеген  заман-ай десейші!

«Ауған мәселесі» қаншалықты күрделі болса,  оған қатысты болжам мен пікірлер де сонша­лықты көп. Мәселен, канадалық экономист, Оттава университетінің профессоры Мишель Хосудовскийдің пайымдауынша,  Ақ үй билігін  Ауғанстанның  Пәкістан, Иран және Қытаймен  бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін мұнай-газ жобасы және оның еуразиялық энергетикалық, көліктік дәліздерге қосылу ниеті, Аспан асты елінің  ауқымды «Бір белдеу – бір жол»  бағдарламасына кірігу мүмкіндігі алаңдататын тәрізді.

Дейтұрғанмен, халықаралық деңгейде жұмыс істейтін көптеген бейтарап саясаттану­шылар мен сарапшылар  американ әскерлерінің  саны көбейтілгенімен ауған жерінде тыныш­тықтың орнайтынына  күмәнмен қарайды.

Ең бастысы, береке-бірліктің жоқтығынан тоз-тоз болып отырған Ауғанстанның  бүгінгі  ахуалы мен  жағдайы  басқаларға  сабақ  болуы тиіс.

 

***

Қой, мен осы оқығандарымды, жан-жақтан БАҚ құралдарынан шолып білгендерімді әлгі көршіме айтайын. Газетке жазайын. Ауған мәселесін, ондағы АҚШ-тың саясатын жұрт біле жүрсін.

Бір айта кетерлігі,  тәліптер 2000 жылы әлем­дік қауымдастықтың қысымымен болса да, өздері билік еткен аумақтарда көкнәр өсіруге қатаң тыйым салды. Оған дейін 1980 жылдардың аяғынан бастап, Ауғанстанда есірткі өндіру белең алып, 1999 жылы  рекордтық деңгейге жет­кен болатын. Ал американдықтар келгелі  көкнәр өсіру қайта  жанданып,  оны  жасырын жолмен сыртқа шығарып сату  43 пайызға өсті.