БАСПАНАЛЫ ЕЛ — БАҚЫТТЫ ЕЛ

Алматының  Қалақұрылысы кеңесі бірқатар жобаларды бекітті

%d0%ba%d1%83%d1%80%d1%8b%d0%bb%d1%8b%d1%81

Нұрлан СҮЙІН

Алматының Қалақұрылысы кеңесінде  көппәтерлі  үш тұрғын үй мен PE&ІT КБТУ институтының көпфункцио­налды кешенін салу  жобалары бекітілді.

Үш  тұрғын үй кешенін салу 19 млрд. теңге инвестиция тартуға, үш мыңға жуық жұмыс орнын ашуға, 120 орынды екі балабақша тұрғызуға мүмкіндік береді.

Жоспарлы жобаға сай Бостандық ауданындағы Радостовец көшесінің батысынан Қожабеков көшесінің солтүстігіне қарай бірыңғай архитектуралық  — сәулет жүйесін құрайтын 14 қабатты екі нысанның құрылысы басталады.  Тұрғын кешенін жобалау барысында абаттан­дыру, демалыс аймағын жасылдандыру,  балалар алаңда­рын жасау,кіші пішінді архитектуралы формаларды қою қарастырылған. Жобаны жүзеге асыру мерзімі — 16 ай.

Түрксіб  ауданының  «Қайрат»  ықшам елді-мекенінде сауда орталығы бар тұрғын кешені пайда болады. Жобада 11 тоғыз қабатты тұрғын үй, сауда орталығы, 200 орынды паркинг пен мектеп жасына дейінгі балалар мекемесін  салу көзделген. Жобаны жүзеге асыру мерзімі — 36 ай. Кешеннің тұрғын үйлері Рысқұлов көшесіне тіке орна­ласады, инвестор жоба аясында  тұрғындар мен қаланың жедел  қызметтері үшін өте қолайлы Үлкен Алматы  каналы арқылы өтетін көпірді тегін салып беруді жоспарлап отыр.

Бұлардан өзге, Алмалы ауданындағы Наурызбай батыр көшесі бойында 3 секциядан тұратын  әрқайсысы 12 қабатты тұрғын кешені бой көтереді. Кешенде коммер­циялық негіздегі  нысандар, жеке жер асты паркингтер болады және аула кеңістігі ұтымды пайдаланылады.

Жобаларды қарау барысында құрылысты салушылар­дың назары көліктер тұрағының санына, ішкі әрлеу жұмыстарына сапалы материалдарды пайдалануға, түнде үйлердің сыртын  жарықтандыруға, шағынмобильді топ­тар­ға жағдай жасауға, алаңдарды жасылдандыруға аударылды.

Алматының Қалақұрылысы кеңесінде PE&ІT КБТУ  интситутының «Алатау» ықшамауданында бой  көтеретін қосалқы нысандары бар көпфункционалды  кешенінің ұзақ мерзімді  жобасы да қаралды.

«ПИТ» АЭА-тың  30 гектар жеріне орналасатын кешен шартты түрде екі бөліктен тұрады, олар — оқу-жаттығу полигоны және кешеннің ғылыми-өндірістік аумағы мен оқу-әкімшілік корпустың, мультимедиялық орталықтың, асхананың, студенттік орталықтың, ғылыми-зерттеу лабораториясының және басқаларының басын біріктіретін көпфункционалды  нысан. Жобаның құны — 118,9 млрд. теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі — 52 ай.

Қалақұрылыс кеңесінде тұрғын кешенін салу мәселесі қаралғанда балабақшалар мен мектептерге айрықша назар аударылады. Соңғы 2 жыл ішінде инвесторлар есебінен 7 мың орынды 54 балабақша салу жөнінде шешім қабыл­данған. 3 мың орынды 24 балабақша коммуналдық меншік­ке беріледі. Осының арқасында бюджеттің 24 млрд. теңге қаржысы үнемделді.