Сәкен Жүнісовтың қолында болған

Ақан серінің домбырасы мұражайға тапсырылды

img_63010

Балнұр АХМЕТ

Кеше Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінің концерт залында «Ақан сері домбырасы музей сахнасында» атты ізгі шара өтті. Алты алашқа аты мәлім сері атанған Ақан серінің әсерлі әндерімен әрленген мәдени шара ұлы тұлғаларымыз бен асыл өнерімізді насихаттау арқылы ұлт руханиятын жаңғырту мақсатын көздеді. Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек замандар жүгін арқалаған, қиналған шағында жұбаныш, шаттанғанда қуанышын бөлісер тірегі болған Ақанның киелі домбырасын мұражай қорына тапсырды.  Бұл тарихи оқиға – 1001 жыл толған Алматы қаласы күндері аясында өтіп жатқан игілікті істердің бірі болды.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында әлемдегі дамыған елдердің қатарына қосылудың бірден-бір жолы – халқымыздың рухани байлығын жаңғырту, сол арқылы жалпы ұлтымыздың бәсекеге қабілеттілігін арттыру екендігі атап айтылған болатын. Осы бағдарламаны жүзеген асыру аясында «Алатау» дәстүрлі өнер театрында іргелі істердің атқарылып жатқанын, әлі де осындай игілікті шаралардың кеңінен жүзеге аса беретіндігін айтқан қала әкімі Ақан серінің киелі домбырасын мұражай қорына өз қолымен табыс етті.

Қазақ мәдениеті мен өнерінің «Алтын ғасыры» аталған кезең – ХІХ ғасырда тума талантымен талайлайды тамсандырған небір өнер майталмандары дүниеге келді. Ұлт руханиятына қызмет қылған әнші, күйші, композиторлар мен жыршы-жыраулар соңында өшпес мол мұра қалдырды. Әсіресе, сол кезеңде ерекше шырқау шегіне жетіп дамыған – сал-серілік өнерді қалыптастырған аты қазаққа мәшһүр Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақ, Мәди, Естай тәрізді талантты тұлғалар екені белгілі. Елбасы Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласында «Ұлттық салт-дәстүрлеріміз, тіліміз бен музыкамыз, әдебиетіміз, жоралғыларымыз, бір сөзбен айтқанда ұлттық рухымыз бойымызда мәңгі қалуға тиіс. Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана» – деген болатын. Бұл бағытта ұлт пен ұрпақ үшін көтерілген маңызды мәселелерді іске асыру мақсатында Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейі, ұлттық өнерді жасаушы тұлғалардың жәдігер мұраларын жинауды қайта өрбітуде. Осыған орай, ғасыр асып Ақан серінің қолына ұстаған қара домбырасы мұражай  қорына алынды.

Ұлттық руханиятымыздың қалыптасып дамуына зор ықпалын тигізген, қазақ өнерін кәсіби биік шыңға көтеріп, өнегелі өшпес із қалдырған, Арқа сал-серілік өнері дегенде есімдері бірінші болып аталатын – Ақан сері мен Біржан сал екені ақиқат. Ақан сері – қазақтың ән өнерінде қайталанбас тұлға. Ақан сері – өмір шындығын үлкен суреткерлікпен жырлаған заманының асқақ ақыны ғана емес, мұңшыл да сыршыл, лирикалық тебіреністі сазымен, әншілік-орындаушылық өнерімен танылған өзгеше дарын иесі. Оның әндері қазіргі уақытта дәстүрлі ән өнерінде ерекше құбылыс болып отыр. Мұражайдың ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде табылған Ақан серінің домбырасын кезінде Сәкен Жүнісов оның туған-туыстарынан алған. Сәкен сері Ақан серінің өнегелі өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеп, екі том роман жазған болатын.

Бүгінде Ақанның тарихы терең домбырасы тек мұражай құндылығы ғана емес, сонымен қатар бүкіл қазақ халқының мәдениетінде ерекше орын алатын рухани құнды қазына. Ғасыр асып Ақан сері домбырасының халықпен қайта қауышып, Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар мұражайының қорына қабылдануы бүкіл қазақ мəдениетінің жетістігі болып отыр. Бұл Елбасының «Мəңгілік Ел» идеясында көрсетілген басым бағыттардың бірі болып табылады.

Әсем ән бесігінде тербеген кеште тарихы терең дәстүрлі өнеріміздің дамуына үлкен үлес қосып жүрген өнер өкілдері қатысып, жиналған жұртшылықты өмір шындығын боямасыз жырлап өткен асқақ ақын мұраларымен рухани сусындатты.

Сазды кеште Рамазан Стамғазиев, Мұрат Əбуғазы, Талғат Əбуғазы, Саят Нұрғазин, Ерлан Төлеутай, Сырым Нұрмолдин,  Тілеулес Құрманғалиев, Амангелді Күзеубай, Гүлсім Арысбаева, Айдана Асанбаева, Құралай Шаяхметова ақынның қазақ мәдениетінің алтын қорына енген шығармаларын нақышына келтіре орындап, ұлттық өнерімізді ұлықтады.  Киелі өнерімізді насихаттау мақсатындағы кеште Ақан серінің «Шəмшіқамар», «Маңмаңгер», «Іңкəр-ай», «Мақпал», «Балқадиша», «Құлагер», «Шырмауық», «Майдақоңыр», «Көккөбелек», «Сырымбет» атты әндері әуеледі.