Асыл анаға перзенттік махаббат

img_6133

Рая ЕСКЕНДІР

Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын Медеу ауданындағы №168 мектеп қала мұқтаждығы үшін сүріліп кеткен еді. Әрбір жылдағы Тамыз кеңесіне тұздық болып, биік мінберлерден осы мектепті қайтару туралы жиі айтылатын. Мемлекет мектепті салып беруі мүмкін, ал жеке кәсіпкерлерден бұл іске бел шешіп кірісуге ешкімнің батылы бармаған еді. Осы тұста мемлекет пен жеке кәсіпкерліктің ынтымақтастығы аясында «Koktem group» компаниясының басшысы Мұрат Әділханұлы батыл қадам жасап, 84 күннің ішінде заманауи үлгідегі, жаңа технологиялармен жабдықталған мектеп бой көтеріп, өткен оқу жылында пайдаланылуға берілді.

Көктөбе бөктеріне орналасқан әрбір тұрғын үшін №168 мектептің қайтарылуы үлкен оқиға болды. Елбасы Алматыға келген сапарында №168 мектепке арнайы келіп, оның ашылу салтанатына қатысты. Ізгі тілегін арнаған Нұрсұлтан Әбішұлы бұл мектептен талай-талай елі үшін қызмет ететін ұл мен қыздың білім алып, мемлекетімізге қызмет ететініне зор сенім білдірген еді. Елбасынан бата алған мектеп ұжымы оқу  жылын жақсы көрсеткішпен аяқтап, қаламыздағы алдыңғы қатарлы білім ошақтарының біріне айналып отыр.

Биылғы оқу жылын №168 мектеп ұжымы тағы да бір айтулы оқиғамен бастады. Үкімет қаулысына сай №168 мектепке Қасыл Қатықбаева есімі берілді. Мектеп ауласына батыр ананың бюсті қойылып, оның ашылу салтанаты өтті. Қаламыздың зиялы қауымдары мен мектеп оқушылары бас қосқан жиынның алғашқы сөз кезегін Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев алып, Елбасы саясатын жүзеге асыруға еліне қызмет етіп белсене атсалысып, өзінің адал еңбегімен көрініп жүрген Мұрат Әділханұлының азаматтығына жоғары баға берді.

img_6227

Сөз кезегін алған Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл МИРАЗОВА:

– «Батыр болсаң жауыңа найзаң тисін, бай болсаң халқыңа пайдаң тисін» деген тамаша тәмсіл дәл бүгінгі кәсіпкер азаматтарға қаратып айтылып тұрғандай. Мен ұстаз ретінде дәл осы мектепке жаным ауырған еді. Бір мектепке кеміп қалғандай әрі-сәрі күй кешіп жүргенімізде, осы азаматтың жүректілік танытып, осындай керемет мектеп салып беруі – теңдесіз ерлікке лайық. Батыр ана, асыл ана бүгін бір аунап түскен шығар, – деді.

Ата-ананың алдында бәріміз қарыздармыз. Ал адақты анасына деген құрметін мәңгіге қалдырған Мұрат Әділханұлы өзінің ана алдындағы борышын өтеуі мұнымен таусылмасын айтып, өзінің сағыныш құшағында жүретінін айтып, жұртшылықты бір тебірентті. Ардақты анаға деген құрметтер легі оқушылардың естеліктеріне ұласты. Қасыл (Нұрғылқасыл) Қасқарбайқызы КСРО-ның Жоғарғы кеңесі Президиумының қаулысы бойынша І дәрежелі «Ана даңқы» медалімен 1944 жылы марапатталса, 1964 жылы ІІ дәрежелі «Ана даңқы» медалімен, 1971 жылы «Батыр ана» атағын, 1985 жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталып, «Ұлы Жеңістің 50 жылдығы, Ұлы жеңістің 60 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталады.

img_6122

Ал 2004 жылы Елбасы Жарлығымен «Алтын алқа» алқасына ие болады. Осылайша өмірге 12 ұрпақ әкеліп, еліміздің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тыл ардагері, еңбек ардагері, ғазиз ана Қасыл Қатықбаева 2006 жылы 15 желтоқсанда дүние салады. Салтанатты жиында Сүлеймен Ибрагимов «Анашым» әнін орындап, барлық асыл аналарға тағзым етті. Жиынды жүргізген белгілі актер Нұрлан Әлімжан аналарға арналған өлеңдер шумағынан шашу шашты.

Сәбит ОРАЗБАЕВ:

– Ананың алдында бәріміз де қарыздармыз. Мен де көпбалалы отбасында дүниеге келіп едім. Анам 97-ге келіп өмірден озды. Әлі күнге сағынамын. Анаңды Меккеге үш рет арқалап апарсаң да, борышыңды өтей алмайсың дейді ғой. Мұрат балам сынды анасының қадірін білетін, ардақтай білетін ұлдарымыз көп болсын.

Шәмші БЕРКІМБАЕВА:

– Дүниеге он бала әкеліп оны өсіріп, оқытып-тоқыту оңай шаруа емес. Отағасы 1972 жылы дүниеден өткен соң, 34 жыл бойы осы балалардың барлығы өсіп, есейіп, азамат болуы Қасыл анамыздың мойнында болған екен. Менің ізгі арманымның бірі осындай сәулетті, кең де, заманға лайықты мектептер еді. Қашан біздің азаматтар осындай мектептер салады екен деп ойлаушы едім. Кәсіпкер азаматтар сауда үйлерін, ойын-сауық кешендерін тұрғызып, енді мектеп пен балабақшаға көңіл бөлуі, бұл – жақсылықтың нышаны.