МІНЕЗ

туралы миниатюралар

 

Жақау Дәуренбеков,

жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

(Жалғасы. Басы газетіміздің №49 санында)

33.

9 маусым, 1988 жыл. Одақта Қазақстан үкі­метінің төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қала интеллигенциясының кездесуі (сағат 17.00 де) болды.

%d0%bci%d0%bd%d0%b5%d0%b7-01

Жиналған жұрттың бір шеті түрегеліп тұр­ды. Жұрттың, көкейін тескен сауал көп екен-ау деген ой келеді бұған қарап. Көп сұрақ қойыл­ды. Соның ішінде жұртты елең еткізіп ерекше ықылас туғызған бір сауал:

– Қазақ жері ғарышқа көз тіккелі көп уақыт өтті. Осы уақытқа дейін бір қазақтың ғарышқа ұшпауы қалай? – болды.

Төраға түсінді, қысқа айтты: «Округ өкіл­дерімен ақылдасып бұл мәселе шешілді. Қазір бір қазақ жігіті Москвада жүр. Сынақтан өтетін космонавтар отрядында».

– Қазақ па? – деген шыдамсыз сұрақ тастал­ды.

– Қазақ, қазақ, – деді Нұрсұлтан Назарбаев қайталап қазақша.

Сонымен қазақ космонавының  (аты әзірге белгісіз) алғашқы аталуы, осы күні Одаққа, елге Нұрсұлтан Назарбаевтың  аузынан естілді деп  есептеуіміз керек.

Ашық мінезінен айнымай ақ-адал сөзімен аудиторияны өзіне қаратып алған Нұрсұлтан Назарбаев 3 сағат сөйлеп, сұрақтарға жауап берді.

Шешен екен. Ду қол шапалақтан Одақ үйі дүрілдеп кетті.

 

34.

(22.09.1988 жыл.) «Зәтінде Қасым (Аман­жолов) жұрттың көңілін жылы сөз, жылмиған жүзбен ауламақ боп әлек болмайтын. Таланыма біткен мінезім осы. Көңіліңе жақса – қабылда, жақпаса – қайтеміз, жүзіміз жараспаған шығар», – деп қабақ шытып қиналып жатпастан бұрылып жүре беретін. Ақынның тура айтатын тік мінезі тірісінде бәз біреуге ұнаса да, баз біреулер жаратпай сыртынан жұдырық түйіп зығыры қайнап жүретін. Түбі әйтеуір соның бәрі ақын аруағына бас иді».  (Ә.Нұрпейісов, «Толғау», 1972 ж.). Міне,  Әбенің қырағы көзі қалт жібермей қаперінде ұстапты. Қиын мінездің өзін тануға болады, ал тілін табу таланттардың ғана қолынан келеді.

Ынтызар көңілімен қолына қалам алып ақын жүрегінің қасиетті жырына бас иіп бағалаған Әбе секілді ұлы таланттардың дейік.

%d0%bci%d0%bd%d0%b5%d0%b7

35.

Ұлттық мәдениеттің – ұлттық мінезі болуы керек.

 

36.

(05.05.1988 ж.) Сергей Калмыков – өнер­танушылар жақсы білгенмен былайғы  ел есінде ескеріле бермейтін есім. Ол өзін – «Суретші, философ, кескіндемеші, гравер әрі мүсінші, декоратор, әріп оюшы, лектор, өнер­танушы, мысыршы (египтолог), Орынбордың жыршысы, эксцентрик, электит әрі эстет, арманшыл әрі киялшыл, шешен әрі жанкешті, бедерлеу өнерінің асқан шебері, археолог, библиофил, прозашы, сатирик және басқа да өнерлерім бар», – деп жазып кеткен.

Иә, тосын мінезді қызық адам. Елден ерек сырт пішіні байырғы алматылықтардың есінде: ол үстіне кенептен тігілген, көне декорация­лардан құрап, бояған әлеміш киімдерімен жасанып, қызыл барқыт телпек киіп, иығына үлкен кенеп дорбасын асынып жүретін жан еді. Неге бұлай ерсі киінетінін сұрағандарға: «Тоғышарлардың қалың тобынан өзгеше оқшау көрінгім келеді», – деп жауап беретін.

Кездескеннің бәрі қызықтап тұрып қалатын, оған таңырқай қарайтын, тіпті, қатарласып біраз жерге дейін жүріп отырып таңдана түсетін.

Ал ол оларға көшедегі өзін қызықтаған көрермендеріне  күнделігінде:

«Жұрт суретші алмыковқа ит қосып қуып, босқа әуре болмаса екен!

Жоқ! Жұрт көре білуді, түсіне білуді үйренгені жөн», – деп жауап жазып кетіпті.

Түсіне алдық па, әлде жоқ па – суретшінің дара мінезі мен дара ойы бізді әлі таңқал­дырумен келеді.

Сірә, бұл да  дара таланттың құдіреті болар.

 

37.

Қадекең (Мырзалиев) өз мінезін өзі мойын­дайды:

 

Отырып алып қақ төрде,

Оқыстау кетсе,

Кім демей…

Қағып-ақ тастар сәттерде

Қаламын кейде үндемей.

Аулақпын әсте, досым-ау,

Өзімді өзім ақтаудан.

Сабырлы мінез  осынау

Сақтады мені көп даудан.

Қызыл қан толып көзіме,

Ұстайды жыным қайдағы…

Ақыл мен сабыр – өзіме,

Ашуым  –  елге пайдалы!

Тегінде шынын айту да  – сырлы мінез.

 

38.

Баққожа көзіне ұнағанды емес, көңіліне ұнағанды жазуға бейім еді. Кез-келген қаламгерге қайырыла бермейді, құлай мойындағанын қаламына құп көреді. Соның бірі – Бердібек Соқпақбаев ағасы екен.  Мынау соның куәсіндей, кешкілік  терен­курдың  бойымен  жүріп (16.08.1985 ж.) шерткен сырдың жайы еді.

«Білесің бе, Соқпақбаев есімді көрнекті қаламгердің бүкіл өмірі жеңілістерден тұрады деген артық айтқандық болмас. Қайран қалам,  бөлек бітім – бөлек мінезіне. Қарап тұрсақ, оның шындықтан өзге қаруы, сүйеніші жоқ. Тыңдасаң әрі түсінесің, әрі түсінбейсің. «Мына бетімізбен кете беретін болсақ,  аз уақытта жардың жағасына жетіп қалатын шығармыз», – дейді. «Шындық жоқ. Шындық әркімнің жүрегінде. Біз өтірікпен өмір сүріп жүрміз», – дейді.

– Неге жазбайсыз? Үндемей кеттіңіз ғой? – деп едім.

– Шырағым, өтірік айтуға арым бармайды. Ал шындықты айтсаң ешкім баспайды. Егер жазар болсам кеңес үкіметінің құрылуын адамзат тари­хының үлкен қатесі ретінде көрсетер едім, – деді.

Үйреншікті әдетпен кеңес үкіметінің жақсы­лықтарын да айта бастап едім, тік мінез Бәкең:

– Осы айтқандарыңды өзің жаз! Шындығы жоқ кітапты кім оқиды? – деп сөзін шорт кесті…»

Баққожа қайран қалумен болды.

Мұндай сырды уақыт та өшіре алмайды екен.

Кейде күтпеген сәтте жадыда жаңғырық салады.

 

39.

Қазақта мінезді ақын Фариза (Оңғарсынова) апамыздың сөзін ақиқаттай көреді. Соның есте сақталған бірі. Кездесу кешінде ақынға бір оқырман көкейінде жүрген сұрағын қояды.

– Жігіттердің қандай мінезін ұнатасыз?

Ақын жымия күліп жауабын жарқ еткізіпті:

– Жігіттерді әйеліне қарап ұнатамын. Әйелді таңдап алмаған жігіт, ол жігіт  емес, «мігіт».

Көз алдыма өзім білетін жігіттердің жұбайларын елестетіп, ойланып қалдым.

Даусыз шындық дегің келеді екен.

 

40.

Мінездің мандаты – намыс.

 

41.

(21.11.1993 жыл) Құрекеңді айтам да (Құр­манғазы Қараманұлы) дара  жазушы ғой. Өзін-өзі танытпай жүрсе,  толықтай тани алмай жүрсек – кінә өзімізден. Оның (тағы да Құр­екеңді айтам да…) Одақ (СССР) оқырмандарын өзі-ақ тәнті еткен шығармасы – «Одинокий всадник» (орыс тілінде) («Детская литература») повесі. Ол – 100 000 (жүз мың)! – данамен жарық көрген кітап. Мәскеуге өзі салып жібе­ріп, өз тағдырын – өзі шешкен ғажайып туынды.

Сол Құрекең «Көк аспан – қара жер» атты газет шығарып жатыр. Қазір 4 саны жарық көрді. Айына бір реттен. Жалғыз өзі шығару үстінде. Идея жолында – өз қаржысымен. Бұл да ерлік! Мынадай нарық қыспағында.

Мінезі тік, таза жігіт. Жаз айларында  боз жорғасымен (Нивасы) Алматыдан – Оралға тартып отырады. Жападан – жалғыз. Күні– түні ролде  – бір өзі. Нартәуекеліне сенеді.

Жолға түнейді, жеткенше көретіні аңызақ жел, аптап ыстық, сары сағым, кенезені кептірер шөл. Қиналады. Бәрібір алған бетінен қайт­пайды. Жылда осылай туған жерге тартып отырады жападан – жалғыз.

Бәрі мінезден ғой. Сол мінезі оны оқшау етіп кейіптейді, жұмбақ жан ғып танытады.

Тегінде ол асқан жауапкершіліктің адамы, «Лениншіл жаста» қандай болса – әлі бәз қалпы.

Кеше кең дәлізде кездесе кеттік. Ол айқай салды (темекісі езуінде, қалай айқайлағанына таң қалдым…)«Балауса»  (баспа) жақтан. Өлең­детіп әкеткені:

– Ей, Жақау, халің қалай сенің шырақ?

Тұрасың көзге дәйім жылы ұшырап.

Түседі сонда есіме «Лениншіл жас»,

Жас  кезде, жалын  кезде  болған тұрақ!

Қаламы  жүйрік Құрекеңнің  өлеңде де өзеншісі бар екен-ау?

Ол  құпиясын да біліп  қойдық.

 

42.

Керіскен адамдар татуласу үшін қол беріс­кендері жөн. Бірақ кім бірінші қолын ұсынуы керек?

Кім сыпайырақ, кім кішіпейілдірек, кім мәдениеттілеу, сол бірінші ұсынады.

Мұндайда мінездің де сынға түсері хақ.

 

43.

Алдымда – «Шәмші Қалдаяқов туралы жыр» кітабы. «Жақаусың ғой, Шәмші ағаңа тақаусың ғой». Автор ағаң Оразбек Б. 12.04.1995 жыл» деген кісілікпен кішілігімізді көздей айтқан қолтаңбасы бар. Жазушы-драматург Оразбек Бодықов – Шәмшінің жан досы, үнемі жанынан табылып, жебеп жүрген, Шәмші туралы деректі повесть, пьеса жазған, телефильм шығартқан мұңдасы әрі сырласы. Көзімен көріп, куәгері болған Шәмші өмірінің қадірлі де қиын сәттерін қысқа қайырымдармен әңгімелеген бұл тамаша кітапты оқыған жанның толғаныс сезіміне тербеліп, бақыт құшағына бөленері сөзсіз. Сондай бір сәтте Шәкең тек ән ғана емес, тауып айтқыштығымен де таң қалдырады екен. Кітаптағы «Қазақтардың мінезі» деген сырдың уәжіне қараңыз:

«– Мен Ташкентте оқыдым ғой. Содан білем – деуші еді Шәмші, – өзбектер біреулерді оп-оңай алдап түсірсе, «мен оны қазақ қылдым» дейді. Бұл олардың қазақтарды қорлағаны емес, олардың аңқаулығын, кісіге сенгіштігін айтқаны. Ал  тәжіктер бары-жоғын шашып жүретін қолы ашық адамды «мынау нағыз қазақ екен» дейді. Сығандар сонша көптің ішінен қазақтарды тауып алып, қыр соңдарынан қалмай бал ашып, талай-талай  ақшаларын қағып кетеді. Мұны олар алдадық деп есептемейді, қазақтарға алданбаудың сабағын бердік, сол үшін ақымызды алдық деп ойлайды, білдің бе?».

«Ай, айтқышым-ай!»   демей не дейсің?

 

44.

Нұрланның (Оразалин), кітабын оқып көңілі толған Шыңғыс Айтматов (17.03.1997 жыл) буырқануы бөлек жырлардың арыны тең қары­мын тап басып бірден танығаны сол «Мынау Жер мен Көк арасын жалғауға ұмтылатын жыр­лар ғой», – депті. Сөзін ақиқаттай түсіп Нұрлан­ның поэзиясына «Ғарыш мінезді жырлар», – деп атау беріпті.

Осы атаудағы мінез дегеннен шығады. Осының орайында Алланың айрықша талантты етіп жаратқан ақыны Иран-Ғайып: «Мінез қайдан шығады? Мінез туған жерден шығатын болу керек. Тіпті әр адам өзінің туған жерінің таби­ғатына ұқсас қалыптасқан ғой деп ойлаймын. Мысалы, менің мінезім Қызылорданың Қара­құмындағы сексеуілге ұқсаса, Нұрланның мінезі өзінің туған жерінің тамылжып тұрған жеміс жидегі, қарақаттары бар, қайың, шыршасы… Соларға ұқсайды. Тіпті жырларының өзі тап сондай», – депті.

Алып-қосары жоқ, алдаспан ой-ақиқат сөз!

 

45.

Бұл оқиғаны Рахаңның (Рафаэль Ниязбек) өз аузынан естіген едім. Қағазға түсіріп жазып алыппын. Оқып көрейік:

«1998 жыл. Қыркүйек айының бесінші жұл­дызында Совет Одағының екі мәрте батыры атан­ған ержүрек ағамыз Талғат Бигелдинов, про­фес­сор Махаббат Тұрысбеков, ақын Рафаэль Нияз­­бек және «Ваинах» мәдени орталығының төрағасы Ахмед Мұрадов төрт кісі Шешен Рес­публи­касының құрметті  мейманы ретінде Грозныйға барған. Делегация бастығы – Талғат аға.

Бұл ақын Рафаэль Ниязбектің «Шешендер» (орысша аудармасында – «Ичкерия») деп ата­латын өлеңдер кітабының Шешенстан жерінде кеңінен тарап, ақынның абырой-атағы аспандап тұрған кез  болатын.

Ертеңінде үлкен құрметке бөленген топ кісі арнайы бөлінген көліктерге жайғасып, алаңға жеткенде сап түзей шаншылған көп тудың бас жағынан Қазақстанның Көк Байрағы Ұлы Дала­дан барған қонақтардың көздеріне оттай ыстық басылып, көңілдері көтеріліп қалған. Елдік пен ерліктің, ынтымақ пен татулықтың, бірлік пен дос­тықтың символына айналып, асқақ көрініп, қараған кісінің жүрегін елжіретіп, желбіреп тұрды.

Шешен халқының басшысының  халыққа, қонақтарға арнап сөйлеген құттықтауынан кейінгі салтанатты шеру ержүрек халықтың  айбарын танытқандай еді…

Үкімет Үйі түскі асты соғыста ғайып құдіре­тінің күшімен құламай аман қалған, бірақ күрделі жөндеуден өтіп, қайта қалпына келтірілген сәулетті мейрамханада берген. Даладай кең залға жиналған жұрт ыңғайына қарай бөлінген столдарға жайғасып, көңілді әңгіме айтып отыр­ған-ды. Кенет әлдебіреу біздегі  кейбір келеңсіз жайлар  жөнінде оғаштау әңгіме айта бастады. Оған «сенің бұның не?» деп ешкім айта алмады. Бәрі тілін жұтып, тым-тырыс сазарып отырып қалған. Тумысында басынан сөз асырып көрмеген қызба қанды ақын бұған қалай төзсін. «Әй, сен не сандалып тұрсың? Есіп сын айтатын­дай?» деп бурадай бұрқ-сарқ қайнап арындай сөйлегенде, дүйім шешен демін ішіне тартып тына қалыпты. Көз алдарында ақын емес ноқтасыз  намыстың жарқыл салған нажағайын көріпті, егеулі найзаның егемен сөзін естіпті, ақынын арқаланып Көк туымыз асқақтай түсіпті.

Ол сол сапарда Шешен халқының  ең жоғары мемлекеттік награда – «Къоман сий» (Честь нации) орденін алды. Шешенстан Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты атанды.

Қазақстан ешкімнің қорғауына зар емес. Оған өзінің абырой-атағы да жетеді. Бірақ мәселе онда емес. Ал ақын Рафаэль Ниязбектің өз елінің арын қорғап, алдаспандай жарқылдауы кім қалай десе де, оның намыстан жаралған азамат екенін, рухы биік өр мінезді ақын екенін көрсетеді.

Мұндай да төбең көкке жетпей ме? «Жарадың, ақыным! Жарадың батырым!»  болды естігеннің алғысы…

Ал аңызы әдеттегідей әлі ел аузында жүр…

 

46.

Адамды  танытатын да, табындыратын да – Мінез.

 

47.

Әбіш ағаның (Кекілбаев) алпыс жылдығына (1999 жыл, 15 желтоқсан)  арнап кітап көрмесі бол­ды. Осы көрмені ұйымдастыруға жауапты ұлттық кітапхананың маркетинг бөлімінің меңгерушісі Хадиша Мизамбекова көрме кезінде болған жайды әлі күнге әсерлене әңгімелейді.

– Көрмеге Әбіш аға жеңгеймен бірге келді. Ел назарына 300-ден астам еңбек қойылды. Әбіш аға аралап, көріп шыққаннан кейін: «Бұл кітаптардің ішінде 3 кітап жетіспейді», – деді.

Төсқалтасына кішкене блокнот салып жүреді екен. Бәріміздің көзімізше соны алып, қарап жіберді де: «Мына кітаптар, мына жылы, мына баспадан шыққан» деп оқып берді. Біз жалма-жан жүгіріп барып тауып әкеліп толықтырдық.

Соны көріп Әбіш аға: «Бұл енді нағыз академиялық кітап көрмесі болды», – деді қатты разы болып. Өз ісімізде осындай кемшілік жіберіп алғанымызға ұялғанымыз-ай.

Кітапхана директоры Роза Аманғалиқызы: «Ай, қыздар-ай! Көрдіңдер ме, Әбіш аға еңбегіне қандай құрметпен қарайды!» – деді  өзі де толқып.

Әбіш ағаның блокнотын қызықтай қараға­нымызда қай кітабының, кімге сұхбат бергеніне дейін, тізімі, айы-күні бәрі көрсетілген екен.

Біз болсақ: «Не деген ұқыптылық!» деп таңқалдық. Естігенімізге тәнті болдық.

Көңілде  «Ал жадында жазулысы қаншама болды екен?»  деген қызық ой қалды.

Ұлы жазушының көркем ойдан жаралған көркем мінезінің тағы бір парағын ашқандай болдық.

 

48.

(25.12.1999 ж.) Бәрі мінезден-ау: көп оқып өз «қазанында» қайнап көрінбейтіндер бар; аз оқып көп білетін сияқты боп көрінетіндер бар.

 

49.

(03.08.2001 жыл) Қазір «Тасмағамбетовтың 100 кітабы» тіл ұшында тұтатын афоризм іспетті. Елге аян – елеулі сөз. Алмағайып тұста Жазушылар одағындағы Премьер-министрдің орынбасарымен болған кездесу қаламгер қауымды дүр еткізген. Содан үлкен міндерде берілген ұлық уәде үміттің сөнбес шырағындай боп жүрген. Қаламгердің 100 кітабын шығару! Көп ұзамады – үміттің үкісі желпілдеді.

– Жүз кітап жарық көрді! Қазақ қалам­гер­леріне – Қазақ кітабына берген уәдесін ұлықтай білген Иманғали Нұрғалиұлына бұл жанашыр­лығы жайдан-жай емес, табиғатынан сіңісті бекзат болмысына  тән  кісілік қасиеттей көрінер.

Ал тегінде, бұл өзін мойындатқан, өзі мойы­майтын Мәрт мінез болса керек.

 

50.

Өмірдің өз айғағы: адам рухының күштілігі мінезінен байқалып тұрады.

 

51.

(01.08.2008 жыл) Баукең (Момышұлы) туралы анық әңгімеде, аңыз әңгіме де көп. Соның бірін Орекең (жазушы О.Сәрсенбаев) айтады:

«– Лениншіл жасқа» екі адамды тарттым. Бірі – Бегділда Алдамжаров еді. Бегділда жазғанда тастай ғып жазады. Шерхан онша құлық таныта қоймаса да «Тапсырма беріп көрейік», – дедім. Оны Бегділда қатырып жазып әкелді. Сөзге келмейді, не тапсырсаң да, қандай тақырыпты айтсақ да, Бегділда солай. Бір сөзіне тиісе алмайсың. Білімді, дарынды, қаламы қиып түседі. Өзі мінезді. Бірде Баукеңе жақпай келгені бар. Газетте істеп жүрген кезі­мізде редакторымыз бір сыпайы жігітті Бау­кеңмен сұхбат алуға жіберді. Ол жігітті Баукең қуып жіберіпті. «Мынаның көзі жаман ғой», – депті. Содан Шәкең:

– Қайсыңның көзі жақсы, соны жіберейік, – дегені.

Біз:

– Шәке, мына Бегділда сұлу жігіт, шашы қап-қара, қою, қасы да қап-қара, көзі де әдемі, – деп жатырмыз. Айтса айтқандай-ақ қой.

Бірақ Бегділдамыз да келіспей қайтып келгені есімде. Неге келіспегенін ұмытыппын. Мінез бар ғой мінез Бегділдада, анау-мынауға ықпайтын мінез!…

Орекең сөзінің көңілге қонымдылығына иманымыз кәміл.

Айтылған сырдың әсері – шынайылығы есіп тұр.

 

52.

(15.07.1999 жыл) Ойға түсіп отыр.

Оралхан Бөкеевтің «Лениншіл жаста» істеп жүрген кезінде жазған очерктерінен алған әсерім оның кейініректе жазған әңгіме, хикаяларынан алғаң  тұшынуымнан  әлдеқайда күшті еді. Оралхан очерктерін іздеп оқу сол кездегі біраз жас журналистердің басынан өткен интеллектуалды «індет» болды. Кейін Оралханмен бірге бір редакцияда қызметтес болған кезде ол очерк жазуды сиретті де, прозаға дендеп ауысты… Меніңше «Оралханның сол кездегі очерктерін» жеке бір бөлек кітап етіп шығарса – жас журналистерге қаншама азық, үлгі-өнеге болар еді деп ойлаймын. Оның очерктерінде жастық жалын, қуат, сезім, махаббат, арман, жүрек лүпілі, туған жер, жаңа шабылған шөп, жаңа сауылған сүт, шық иісі аңқып тұр!

Жай тұрған жоқ. Қияли романтикалық рухқа толы  көкорай  леп, ойшалғынға орақ салған Оралхан-мінез қол бұлғап тұрады.

 

53.

Меніңше Әбенің (Нұрпейісов) мына айтқаны мыйда қалады: «Күнделікті күйбең-күйбең күйкі өмірдің қамын ойлап, күйіп-пісіп жүретін мінез  кішкентай жазушының бойына шақ әрекет».

 

54.

Адам, оның қабілет-қасиеті туралы әркімнің өз философиясы бар. Қаламгер Қайсар дос (Әлім) мінез туралы күнделігінде былай толғапты:

«Адамда екі мінез болатын секілді. Бірі – «сүйекке біткен мінез. Ол қанмен, тұқыммен ата-бабадан тарайтын гендік мінез. Бұл мінез – өмір бойғы жалпы адамдық бейнеңді айқындап береді. Екінші мінез – тұрмысқа бейімделіп бойға енетін мінез. Ол әркімге жүре бітеді, қалыптасады. Яғни үй-ішілік мінез. Бұл мінез – өзіңді сыртқы киімің секілді жұрт көзіне таныта түседі. Жақсы киіне білсең – соған ұқсас мінезің де сәнді, сұлу, мінсіз, көзтартарлық болып көрінеді. Бір қарағанда, жасанды мінезің бұл! Осы екі мінез қосылғанда қос өзен сынды бірін-бірі толықтырып ағады…»

Сөз  жоқ, бұл да өзгермелі өмірдің бір сынығы – бір шындығы.

 

55.

(20.08.1999 жыл) Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден»  дегені бәрі де түп-қазығың тегіңнен дегенді меңзеп тұрғандай.

Бір сәт астарлы ойдың тереңіне бойлай білейік, ойлай да білейік.

 

56.

Дүкең (Досжанов) қаламынан туған туындылар қазақ әдебиетін байытқан қазыналар. Олар жайлы талай айтылып, талай жазылғаны аян. Біздің бұл жолғы сөзіміз Дүкеңнің өзінің замандасы, үзеңгілес досы, жанашыры, кітаптарын орыс тіліне аударған тілектесі, әріптесі – Герольд Бельгер жайлы жазылған естелігі (11.08.2013 ж., «Дала мен қала») хақында. Герағаң жайлы жазылған естелік ұшан-теңіз, әлі талай жазылары сөзсіз. Дүкеңнің қаламгер досы жайлы жазғаны айрықша әсерлі, иірімі терең, өрімі ойлы, кейпі көркем екен. Асып-тасып, қуанып әрі уанып отырып қаламымен Герағаңның портретін қашап  салғандай әсер етті. Оның тек ерек бір қырын толғақты тілмен, білгір баппен   безбендеуі ғажап шығыпты. Ой мен сөзге ұсталық деген осындай-ақ болар. Қараңыз:

«Кіші болсын, үлкен болсын, әр ұлттың сырт көзге көріне бермейтін, я нұрлы – я көлеңкелі мінезі болады. Бұл мінез әлгі халықты түбінде не қилы қатерден сүріндірмей алып шығады, я болғызбасын болғызбай тоздырып тынады. Әр адамның негізінде – төл ұлтының қасиет-кепиеті жатады. Герольдті өзгеден ерекшелеп тұратын үш мінез: уақытқа қызғаншақ, еңбекқор, әлгі еңбек­қорлығы басына бейнет боп жамалған; сосынғысы жайдақ аттай қарапайым көнбістігі.

Жоғарыдағы мінез көбімізде болуы мүмкін. Әйтсе де бізде қазақылық басымдау, ал Герольдтің бойынан неміске тән тұрақтылық, беттілікті табасыз. Таразыны басатын ылғи неміс мінезі».

Осынау мінез сыпаттауынан-ақ Герағаңның бар болмыс-бітімі – портреті шыға келгендей.

Енді бір сәт ол мінезден шыққан мүсін боп биіктен көрінеді.

Несі бар, Герағаң оған да лайық.

 

57.

Әсте, жазушылардың әзіл-оспағы қалмайды. Бір-бірінің мінез-құлықтарын қалам ұшына іле жүруді де ұмытпайды.

Бұл жағынан алғанда, Әкім ағаның (Тарази) әнгімесі ала бөтен, айтуы жаттанды үрдіске ұқсамай тұрады, оймақтай ойы образды, өрнекті, көркем боп келеді. Сөздің бөркін қымбаттатып, көркін сымбаттатып айтады бір дейсің. Бұйдаңнан ұстап бұра тартқызбай баурап әкетеріне куә бол енді, мінекей:

«Жазушылардың жазарханасында тасқаяқ соғатын үлкен бір зал бар. Екі тақта тұрады. Күндіз- түні шар қуалайтынбыз. Шар қуалап жүргенде адамның мінезі өте айқын ашылады. Ғабеңнің мінезі, Сафуанның мінезі, Сәкен Жүнісовтің мінезі, Қалихан Ысқақовтың мінезі, бәрі-бәрі қолмен қойғандай ап-айқын білінеді.

Кемел аға тұлғалы кісі  еді ғой. Бірақ серке шарды ұрғандакий таяғы шардың маңдайынан әрең-әрең  ғана сипап өтетін. Шарға тиген тимегені білінбейтін. Серке шар да, самарқау ғана, жалқаулау ғана қимылдап, жасыл мәуітінің үстімен жорғалап бара жатады. Көздеген шарға жетпей тоқтап қалатын тәрізді көрінетін. Бірақ таңқаларлық нәрсе, әлгі серке шар көзделген нысана шарға асықпай жететін. Жететін де тиер- тиместе өзі тоқтап қалатын. Ал анау шар жын ұрғандай безектей қайтадан әлсіреп, қиқалақтап, теңселіп барып… лузаға кіріп кететін! Кемел ағаның санасынан шыққан энергия тау қопарып, тас жармаса  да көздеген ұясын дәл табатын».

Айтары көп мөлтек сыр. Осы бір жай туралы Қалекең  де: «Ғабең атындағы турнир. Сәукең  атындағы турнир. Сафуан атыңдағы турнир. Кемел атындағы турнир. Спонсорлары – өздері. Бәйге нарқы – 500 сом. Орын саны – үшеу. Артында фуршеті бар, әзіл-оспағы тегін» деп  еске алып, күлкімен көмкеріп отырар еді.

Ал ойымызды бір сәт ағалардың әңгімесі еліте тербеп, мінездер портреті көз алдымыздан өтіп жатар еді.

 

58.

Қиын сәттерден кейде мінсіздік емес, мінез алып шығады.

Адам деген жаратылыстың мұндайына өмірдің өзі куә.

 

59.

Өзің білетін жан туралы жазылған жол­дарды оқып отырып риза көңілмен марқайып қалатының бар.

Мұндай райлы сәтке бөлеген қазақтың біртуар азаматы, мемлекет қайраткері Қуаныш Сұлта­новтың қаламынан туған  ініге деген ізгілік энергиясымен жазылған мына бір сәулелі жолдар еді:

«Әлібек –мінезге бай жігіт. Әлібек Асқаров сияқты жігіттерді қазына деп есептеуіміз керек. Ол кім көрінгенмен тіл табыса берудің жолын іздемейді. Ол өзінің мінезімен әр түрлі характерлі адамдармен де, әр түрлі қарама-қайшылықты жүрген адамдармен де сөйлесуге қабілеті жетеді. Мемлекеттік қызметкерлердің барлығы Әлібектей таза, Әлібектей жауапкершілікті, Әлібектей өзін-өзі міндеттеуші және бастаған нәрсені аяғына дейін жеткізетін тиянақты жігіттер болса, көп нәрседе алға қарай дамып отырар едік деп ойлаймын», – депті.

Ағынан жарылған екен.

Бәрекелде!

Адамын тану да әділ бағаның бағы ғой.

 

60.

Мұзағаңның (Әлімбаев) жазғаны бар: «Арал қаласында Зейнолла Шүкіровтің салтанатты үлкен тойында да Қасым Қайсеновке сөз берілгенде мәдениет сарайына сыймаған дүйім жұрттың партизан жазушыға білдірген сүйіс­пеншілігін шамалап көріңіз! Алақандар арқан ысқандай қызарды! Бүкіл зал теңіздей толқып кетті!»

Міне, бұл Қасекеңнің батырлығы мен мінезіне лайық құрмет қой.

 

61.

«Лениншіл жаста» жүргенде Жұмагүлдің (Солтиева) қазақ өнерінің қаймақтары мен қасқаларының творчествосы жайлы қалам сілтегені бар, көп жазды.

Талайының портретін қалыптады, талайы­ның ұстаным үрдісін үкіледі, талайының парасатын пайымдады. Сырын шертті, жырын жеткізді. Солардың арасында Нұрғиса ағасынан қатты қаймығады екен. Бірде Сәкеңе (Бердіқұлов) «Нұрғиса ағай қызық кісі екен», – деп қалады. Сонда Сәкең:

–Шіркін, Нұрғиса деген хас талант қой. Мінезді де Құдай соған сай үйіп-төгіп бере салған. Өзін кейде игере алмай қалады. Тіпті, сол тентектігі өзіне жарасады да. Оны, тіпті, басқаша елестету де мүмкін емес. Сол мінезін ел де көтереді. Орнында басқа біреу болса, оны баяғыда-ақ сотқа сүйреп немесе жындыханаға жаптырып та тастар ма еді, – деп мәз бола күліпті (Ж.Солтиева, «Нағашы мен жиен», 18.05.2017 ж. «Е.Қ»). Оқып отырып қосыла, құптай күлесің.

Нұрағаңның мінезі бірауыз  сөзбен құйыла салыпты.

 

62.

Мақтау мен қуанудың арасы жер мен көктей. Біз мақтай саламыз, ал қуануға келгенде қатты қиналамыз. Тіпті, қуана білмейміз десек те болады.

Ал қуана білу… Осы орайда, мына бір үзік естелікке үңілейік. «Ф.Достоевский жиырма үш жасында«Бейшаралар» («Бедные люди») романын жазды. Осы романды қолжазба күйінде Н.А.Нек­расов пен Д.В.Григорович түнде бас алмай оқыпшығады да сүйсініп, қатты қуанғандарын тежей алмай түнделеніп автордың өзіне, одан  кейін В.Белинскиийге жетіп барып: «Сүйінші, Россияда екінші Гоголь туды, ол міне – Достоев­ский деп романды көрсетіпті. Ұлы сыншы, екі-үш күннен кейін оқып шығып: «Екінші Гоголь анық туған екен», – деп қуаныштарын қуаттай түсіпті.

Осы жерде «Пах, ақжүрек асылдар-ай!»  демеске әддің қалмайды.

Қарап тұрсаң:  – Ұлылардың қуануының өзі қандай уәлі, қандай қарапайым, қандай шынайы!

Осыдан кейін дәйім үлгіге іңкәр көңілімізде  «Шын қуана білу де шын  таланттарға тән мінез екен-ау!?»  деген ой қалды.

Шіркін, қуана білгенге не жетсін.

 

63.

Меніңше, қазақтардың өмірі туралы жан-жақты, терең әрі қаз-қалпында суреттеп тәптіштей жазған поляк революционері Адольф Янушкевич. Оның «Қазақ даласына жасалған саяхат туралы жазбалары. 1848 жыл» кітабы тұнып тұрған дерек, қазақтар туралы толғамды тарихнама дерлік. Ғажабы, қай бетін ашып қалсаң  да, алдыңнан қазақтың айтулы тұлғалары шыға келеді. Қанық та көркем суреттеуі қандай: «Барақ сұлтан – Шыңғыс  ханнан тарайтын хандардың ұрпағы. Ол әлі дер шағында. Бұл – жүзінен нұр төгілген, бойын кереметтей күш-қайрат билеген айбынды адам. Дала Геркуле­сінің бойына жомарт табиғат асқан ақыл мен қайсар мінездің үстіне жүрек жұтқан батыл­дықты да сыйлаған… Оның тамырларындағы арғы атасы Шыңғыс ханның қаны әлі суымаған».

«Құнанбай бидің жасы Барақ сұлтаннан біраз үлкен. Бұл да – дала өңіріне аты кең жайылған адам. Табиғат оған кесек ақыл, ғажайып ес (мінез) және жүйрік тіл берген. Дала заңдары мен Құран қағидаларының білгірі, қазақтарға қатысты ресейлік уставтарды бес саусағындай біледі, қара қылды қақ жарған би…»   деп олардың бойынан таңқаларлық табиғи туабіткен қасиеттерді көреді. Тіпті, табына түсіп: «Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық цивилизацияға жат болып қалуы мүмкін емес, оның рухы қазақ даласына аспандай көтеріліп, жарқырап сәуле шашатын болады», – деп асқан адалдықпен мойындай бас иеді.

Бұл сөздер тегіннен-тегін жазылмаған. Көзімен көріп, терең түйсінуден, бетпе-бет тілдесіп білісуден, пайымы мен пейіліне іш тартудан, сөзі мен мінезіне  кәміл сенуден туған.

Құдайға шүкір, қазақтың сол табиғи сөзі мен мінезі әлі де оқшау, өрелі.

«Лайым жасай берсін!»  дейік.

 

64.

Ноян  мінездердің қанша екенін қайдам… Қоян мінездердің көптігіне күмәніміз жоқ.