Италия павильонын 400 000-ға жуық адам тамашалады

Италияның Ұлттық күні барысында «Астана ЭКСПО-2017» басқарма төрағасы Республика делегациясының жоғары өкілімен кездесті

dsc_1197

«Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов Италия Республикасының Экономи­калық даму министрінің орынбасары Иван Скальфарот­томен кездесті. Сонымен қатар, іс-шараға Қоршаған орта, жер және теңіз қорғау министрінің орынбасары Барбара Дегани, Италияның Қазақстан­дағы Елшісі Стефано Раваньян және басқа да қонақтар қатысты.

Өз сөзінде «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компания басшысы Ахметжан Есімов осы кездесудің символдық мәні бар екендігін айтты.

– Сіздің жетекшілігіңізбен делегация­ның нақ бүгін келгеніне қуаныштымыз. Біз барлық болжамдарды асыра орын­дадық. Жақында Парламент сессиясы­ның ашылуы өтті. Президент және депу­таттар Көрменің керемет өтіп жатқанын жеткізді, – деп мәлімдеді Ахметжан Есімов.

Министр орынбасары қабылдауға алғысын білдіріп, Көрмеден алған әсерімен бөлісті.

– Өзім Милан қаласынан боламын, ЭКСПО-2015 көрмесінде Қазақстан павильонын көрген болатынмын. Дүние­жүзілік Көрмедегі ең әдемі, танымал және келушілері көп павильондардың бірі болған. Бүгін 8 павильонды тама­шаладым және атқарылған жұмыстың ауқымына қайран қалдым, – деді Скальфаротто.

Сонымен қатар, Ахметжан Есімов ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық барысында Джузеппе Сала жетекшілі­гімен Миландағы ЭКСПО-2015 көрме­сінің ұйымдастырушыларының рөлін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, операциялық кезеңде өте пайдалы болған Сала мырзаның командасы құнды тәжірибемен бөлісіпті. Қазіргі кезде Астанадағы ЭКСПО-2017 Дубайда өтетін ЭКСПО-2020 көрмесіне көмектесуде, тәжірибесімен бөлісуде. Ұйымдастыру комитеті Қазақстан тәжірибесін зерттеп, тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуде.

Айта кетейік, ЭКСПО-2017 жұмысы­на Италияның 15 аймағы қатысты. Ломбардия, Лацио, Фриули-Венеция-Джулия, Базиликата, Сицилия, Эмилия-Романья және басқа аймақтар ЭКСПО-2017 көрмесінде жасыл технологияларды зерттеу және пайдалану саласында озық әзірлемелерін ұсынды, сонымен қатар, бірқатар семинарлар мен іскерлік кездесулер өткізді.

ЭКСПО-2017 бүгінде Көрме нысан­дарының 29 144 833 кіріп-шығу санын тіркеді. Көрмедегі Италия павильонын 400 000-ға жуық адам тамашалады.