ҚАЛАМЫЗДА 26 МЫҢ БҮЛДІРШІН БІРІНШІ СЫНЫПҚА БАРДЫ

2

Рая ЕСКЕНДІР

Еліміздің барлық аймағында жаңа оқу жылы басталып, оқушы­лар сүйікті мектептеріне оралды. Жаңа оқу жылын құрылғанына үш жыл ғана болған Наурызбай ауда­нының кішкентай тұрғындары зор қуанышпен қарсы алды. «Туған жер» бағдарламасы бойынша «Сәби» қоры 1200 орынды жаңа мектепті сыйға тартып, үлкен сауапты іс жасап отыр. «Шұғыла» ықшамауда­нындағы №174 мектеп-гимназия­сының салтанатты ашылу рәсіміне шаһар басшысы Бауыржан Байбек қатысты. 

– Елбасымыз өзінің «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында білімнің баршаға ортақ екендігін айта келіп, «Егер бағалау жүйесінде білім басты байлық болса, онда ұлт жетістікке жетеді» деп атап көрсеткен еді. Сондықтан бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асыру үшін білім мекемелері баршаға қолжетімді болғаны жөн, – деп атап өтті қала әкімі.

Шаһар басшысы Наурызбай ауданы­ның үш жыл ішінде қол жеткізген табыстарымен де көпшілікті құлағдар етті. Мәселен, осы үш жыл ішінде мектеп оқушыларының саны екі есеге өсіп, 12 мыңға жеткен екен. Мектептегі орын жітіспеушілігін шешу үшін де қауырт жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтырғы жылы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Қалқаман» ықшамауданында 900 орынды №157 жаңа мектеп ашылса, «Ақжарда» 1200 орынды тағы бір мектеп құрылысы жүріп жатыр.

«Сәби» қоры сыйға тартқан жаңа мектеп табалдырығын биылғы жылы 245 бала тұңғыш рет аттап отыр. Жалпы, жаңа мекепте 1314 оқушы білім алатын болады. Өркениетке сай жаңа үлгіде салынған мектепке өте сапалы құрылыс материал­дары пайдаланылған. Заманауи физика, химия, биология, лингофонды-мульти­ме­­дилі кабинеттер, интерактивті тақта­лармен жабдықталған. Мұнда жаңа мо­дифика­циядағы 10 лингофонды-мульти­медилі, физика, химия, биология каби­неттері мен 4 информатика кабинеті бар. Оқушы­лардың салауатты өмір салтын ұстанулары үшін екі үлкен спорт залы бар.

Биылғы оқу жылында «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында қаламыздың бес мектебінде туған өлкенің тарихын, географиясы мәдениетін терең танып білулері үшін өлкетану жөніндегі инте­грацияланған курстар ұйымдастырылатын болады.

Салтанатты жиын соңында Бауыржан Байбек оқушылар мен ата-аналарды жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, зор табыс тіледі. Қала әкімі 8–10-сынып оқушыларымен кездесіп, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясын­дағы «Мен өз елімнің патриотымын» атты алғашқы сабаққа қатысты. Сабақ бары­сында «Қазақстанның сакральді геогра­фиясы» тарихи-мәдени мұра жобасы туралы кеңінен баяндап берді.

Аталмыш жобаға қаламыздағы «Тәуел­сіздік таңы», «Тәуелсіздік мону­менті», «Боралдай сақ қорғаны» археоло­гиялық паркі, Ахмет Байтұрсыновтың музей-үйі, Райымбек батыр кесенесі, Свято-Вознесенский кафедралды соборы енгізіліп отыр. Күн сайын көркейіп, абаттанып келе жатқан Наурызбай ауданында аз уақыт ішінде қыруар жұмыс атқарылды.

Тұрғындар үшін ең өзекті мәселелер өз шешімін тапты. «Жолым болсын десең, жолыңды жөнде» демекші, 188 шақырым жол жөнделді. Ауданның 64 көппәтерлі үйі жылу жүйесіне қосылды. Аудан толығымен газбен қамтылды. Сондай-ақ, ауданда 2 мектеп, 3 емхана, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік бойынша 33 балабақша, 17 спорт және балаларға арналған алаңдар ашылды. Қала басшылығы аудан тұрғындарының жәйлі демалысын да басты назарда ұстап отыр. «Қарғалы» өзенінің 7,7 шақырым жағалауы нығайтылып, айналасы абат­танды.

Осылайша аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда болып отыр. Сонымен қатар, ауданда күні кеше ғана жаңа әкімшілік-іскерлік орталығы ашыл­ған еді. Мұнда аудандық әкімдік, сот, прокуратура, ХҚКО, АХАЖ, Қазпошта, банк, Зейнетақы төлеу орталығы, Кіріс басқармасы мен Әділет басқармасы, т.б. мекемелер орналасқан.

Керек дерек:

Алматыда 230 мың оқушы мектеп партасына отырды. Олардың

26 мыңы – бірінші сыныптықтар