ҚАЗАҚСТАН ПРЕЗИДЕНТІНІҢ БАСТАМАСЫ ТҮРКІ ӘЛЕМІН БІРІКТІРУДІ КӨЗДЕЙДІ

4-%d0%b1%d0%b5%d1%82%d0%ba%d0%b5

Астанада Үлкен Түркі құрылтайына қызу дайындық  жүргізі­ліп жатыр. Осыған  орай Құрылтайды шақыру үшін Халықаралық ұйым­дастыру комитеті құрылды. Ұйымдастыру  алқа  мүше­лігіне  Қазақ­стан, Қырғызстан, Түркия, Әзірбайжан, Молдова,  Ресей елдерінің белгілі мәдениет және қоғам қайрат­керлері тарты­лып отыр. Комитет мүшелері жақында Астанада  баспасөз мәслихатын өткізіп,  құрыл­тайға дайындық мәселе­лерін  сарап­тан  өткізді.

Ермек  ЖҰМАХМЕТҰЛЫ

Келесі жылы Түркі құрылтайы өтеді

Осыдан  бірер жыл бұрын   «Барша  әлем түркілеріне үндеу» жарияланды. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың «Алтай мен Жерорта теңізінің аралығында 200 миллион қандас өмір сүріп жатыр. Егер біз біріксек, алып күшпіз!» деген  үндеуі  түркі халықтарының бәрінің  ойынан  шықты.  Халықаралық ұйымдастыру комитеті мүшелерінің айтуынша, бір жыл ішінде әлемнің түкпір-түкпірінде өмір  сүріп  жатқан  түркі халықта­рының бәріне сол  тұста осы үндеу таратылып, ол  түрлі ұлттар­­­дың тіліне аударылып, бірлікке, ұйысуға шақырумен толысты. Үндеу  барша  түркілерді,  Карпат тауларындағы мадияр­лар мен секелдер, Якутиядағы сахалар, Солтүстіктегі долғандар, Үнді теңізі жағасындағы қашқайларды  қамтып, ешбір түркі жұрты ескерусіз қалмады.

Алдағы Үлкен құрылтайда барша түркі халықтарына ортақ сөздік құрастыру мәселесі талқыланбақ. Бұдан бөлек, руна жазуы негізінде жасалған ортақ түркі әліпбиін жасау, түркі халық­­тарының ортақ тарихы мен ортақ кітабын жазу мәселе­лері ортаға салынады. Егер ортақ әліпби жасау ниеті ойдағыдай жүзеге асса, онда тіл мамандарының айтуынша, барлық түркі халықтары 20 жылдан соң бір-бірімен еркін түсінісетін болады. Қазақстан  Президенті Нұрсұлтан  Назарбаевтың: «Болашаққа  бағдар: рухани  жаңғыру» мақаласы да  осы  өзекті  мәселені қамтып отыр.

Үлкен Түркі құрылтайын ұйымдастырудағы мақсат – түркі халықтарының интеграциясын жандандыру, рухани-мәдени байланысын күшейту. Бұл құрылтай ешбір мемлекеттің ішкі ісіне араласпайды, саяси мәселелерді  де қозғамайды.

Өткен  жылы Мажарстанда бесінші  Үлкен Ғұн-Түркі құрыл­тайы өтті. Бұл жиын өзінің ауқымдылығымен Гиннестің рекордтар кітабына енгізілді. Әлемнің  жиырма   елінен келген   аса  мәртебелі  қонақтардың  алдында ежелгі ғұн әскері сап құрып, Атилла-Еділ заманындағы түркінің жеңімпаз рухын тірілткендей болды. Әлем  елдерінен 150 мың түркі өкілі  қатыс­қан құрылтайға Қазақстаннан арнайы делегация барып, ат өнері мен қазақтың көкпар ойынын көрсетіп қайтқан  болатын.  Мажарлық  қыпшақ­тар осы өнерді өткен  тамыз айында Астана қаласында өтіп жатқан ЭКСПО-2017 аясында көрсетті.  Тақырып  аясында арнайы «Қыпшақтар апталығын» өткізіп, онда  ежелгі  түркілер тарихына тағы бір рет шолу жасады.

Алдағы  Үлкен Түркі құрылтайы келесі жылы Қазақ­стан мен Қырғызстан шекарасы түйіскен жерде, Хан-Тәңірі тауының етегінде өткізілмек. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл құрылтайға шамамен 10 мың адам қатысады  делініп отыр.

Біз кезінде ерікті, еріксіз алыстап кеткен өз рухани қазығы­мызға қайта келе жатқан жұртпыз. Қазақстан  көш­басшы­сының  «Рухани жаңғыру» бастамасы соның көрінісі. Тағдыр тәлке­­гімен еңсе көтерместей болған көкбөрі рухты түркі жұрты қайта өрлеп келеді. Түркілік бірлік өте баяу жүргенімен, оның келешегіне үмітіміз зор. Өйткені, түбіміз, тегіміз, тіліміз, дініміз, діліміз бір болғандықтан, түркі бірлігінің іргетасы қандай дауылға да шайқалмай қасқайып тұратынына сенім  мол. Отар­шылдық салдары бүгінгі бірігуге тым көп кедергі мен қиындық түсіріп  отырғаны да жасырын емес.

Қазіргі геосаяси  жағдай  мүлдем басқа.  Әлемдік  картада Біріккен Ұлттар Ұйымына  мүше  боп қабылдан­ған түркі  мемле­­кеттері – тарихи  шындықтың жемісі. Алайда, бұл мемле­кеттердің  арасында тарихи-этникалық, тілдік, діни, әдет-ғұрып, мәдени жақындықтар бар екенін ешкім де жоққа шығара алмайды.  ХХІ ғасыр көгінде  терезесі тең түркі мемлекеттері эко­номикалық, мәдени және саяси  негізде  арна тауып, бір-бірімен достық, туыстық  қатынаста ілгері  дамитын болса, бұдан  ұтатынымыз көп. Бұдан  алдымен  түркі  дүниесінің  ортақ  мүддесі  ұтатын болады.

Түркі әлемінде алты мемлекет: Қазақстан, Әзірбайжан, Түркі­менстан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан ғана тәуел­сіз ел болса, қалған түркі халықтары басқа мемле­кеттердің құрамында өмір сүріп жатыр. Былайша айтқанда, жарты түркі әлеміне азаттықтың ауасын жұту бақыты бұйырмай келеді. Қытайда – Шыңжаң-Ұйғыр автономия­лық ауданы, Ресейде – Башқұртстан,  Татарстан, Кабар­дин-Балқар Республикасы, Қарашай-Шеркеш Республи­касы, Дағыстан, Алтай Республи­касы, Долған-Ненец автономдық округы, Саха, Тыва, Хакасия, Чувашия, Молдовада – Ғағаузия, Өзбекстанда – Қарақалпақстан  Республикалары  бар. Бұлардың ішінде Кабардин-Балқар Рес­публикасында, Қарашай-Шеркеш Республикасында, Дағыс­танда, Алтайда, Сахада, Хакасияда жергілікті түркі халықтары азшылықты құрайды. Тіпті, кейбірінде түркі жұрты 12–14 пайызды  қамтитынын  ұмытпауымыз керек.

 

Алты Алаштай алты ел

Тәуелсіз  деген  алты түрік   мемлекетінің өзара бірлігі   аса  қуан­тарлықтай емес. Сол геосаяси, экономикалық қуаты, энерге­­тикалық әлеуеті орасан  зор алты түркі елі өз мүмкін­діктерін толық пайдалана алмай отыр. Мәселен, тәуелсіз түркітектес алты елдің жиынтық жалпы ішкі өнім көлемі – 1 триллион 430 млрд. доллардан асып жығылады. Осы алты елдің халқының   жалпы жиынтығы 111 243 000 адамнан асады. Бұл – біле білсек, өте үлкен геосаяси күш.

Түрікшілдік идеясы бұрын отаршылдыққа қарсы ағарту­шылық сарында сипат алған болса, қазіргі кезде бұл идея ортақ интеграцияға қызмет етуді  көздейді. Демек, игілік  жолындағы  түркі идеясы  әлем  елдері  тарапынан  қарсылықтарға  ұшыра­майды.  Әйтсе  де,  біз түркілік интеграцияға үлкен талпыныс­тар барысында қиындық­тарға тап болып  келеміз. Бүгінгі  таңда  түркі бірлігіне бірқатар батыл қадамдар жасалып  отыр. 2009 жылдың 3 қазанында   алғаш  рет  Нахичеванда түркі тектес елдердің кеңесі құрылды. Қазіргі кезде ТҮРКСОЙ ұйымы түркі  тектес елдердің  арасында мәдени  ынтымақтастық  сала­сындағы  қатынасты дамытуға  бастамашылдық  танытып отыр.

Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы, Астанадағы Түркі академиясы, оның жанынан ашылған түркі әлемінің мұражайы жұмыс істеп тұр. Осындай жетістіктерге Қазақстан  Президентінің қамқорлығының арқасында қол жеткізілді. Алайда, Түркі кеңесіне түркі елдерінің төртеуі ғана – Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан және Қырғыз елі бас біріктіріп отыр. Ал Өзбекстан мен бейтарап Түркіменстан Түркі кеңесінен  әлі де  тысқары  қалуда. Түркі кеңесі саяси одақ емес, оның үлгісі Ұлы­бри­таниялық Ұлттар қауымдастығымен, Араб мемле­кеттерінің Лигасымен  дендес. Бұл – ортақ мүдделерді тоғысты­ратын еркін алаң  екенін  танытады.

Түркітілдес   егемен мемлекеттердің қай-қайсысы да еш уақыт­та бірігіп бір  мемлекет, бір  ұлт бола алмайды. Ол  бізге  қажет те  емес.  Олар  өздерінің  күл  төккен  жерле­рінде  отырып-ақ,  бірлігіне  бекем  болса  жетіп  жатыр. Бүгіннің  өзінде жас түркілердің әлемдік кеңістікте дербес мемлекет, өз алдына ту  көтерген  ел болып отырғаны зор айбар. Айбарымызды арттыру  үшін рухани-мәдени мәселелермен ғана шектеліп қалмай, экономикалық-саяси жақындықты да  өрістете  түсуіміз  қажет. Бүгінгідей әркім  өз  көрпесін  өзіне  тартып, айналасын жаумен қоршап  жатқан    аласапыран  мезгілде   біздің ортақ мүддемізді қорғайтын тұстарымыз көп. Ал саясаттағы бірліктен күллі түркі этносының  ұтары бар.

Ынтымақты  одақ дегенде, біз  Еуроодақты  алға  тартамыз. Олар бір-бірімен виза, валюта, кеден, шекара мәселесінде ортақ кеңістік енгізіп отыр.  Егер бұйырым  болса,  түрік  бірлігінің  жанында  Еуроодақ  жіп  есе  алмай­ды. Ұзақ жылдар бойы бір-бірінің басынан сөз асырмай жауласқан Еуропа неге бір кеңістікке бірігіп  отыр? Француз бен ағылшын жүздеген жылдар бойы ортақ  диалогқа  келмеген елдер.  Еуроодақтың жиегі  әу  баста-ақ,  шірік  жіппен  көмкерілген-ді.  Ал  мұндай  жіптің  бір  күні  үзілетіні  анық еді. Біз  ауыз  ашып  айтқанша  бұл  одақтың  арасына  жік  түсті.  Бүгінгі таңда   Ұлыбритания  Одақ  құрамынан  шығуда.

 

Түркі интеграциясы

төрге оздырады

Түркі жұртын  мықтап  қайыс  жіппен көмкеретін   тетіктер баршылық. Түркілік интеграцияны   геосаяси   мазмұннан гөрі өркениеттік, гуманитарлық, мәдени, ақпа­рат­тық, сауда-экономикалық тұрғыдан нығайту барынша маңыздырақ. Осындай саладағы ықпалдастық кемеріне  жеткен кезде саяси одақ құруға негіз қаланбақ. Өйткені,  үлкен саяси шешімдер қабылдау үшін де оған негіз керек. Сондықтан   дамыған түркі интеграциясы бірнеше жылды қажет етеді. Әлі күнге дейін түркі кеңістігіне ортақ мәдени-ағартушылық, спутниктік телеви­зиялық каналдар аша алмай отырмыз. Онсыз геосаяси бірігуге қадам жасау мүмкін емес. Сондықтан бұл интеграцияда жоғары лауазымды саясаткерлерге ғана емес, интеллектуалдық ортаға, мәдениет және өнер қайраткерлеріне үлкен миссия артылып отырғанын ұғыну керек.

Біріншіден, ТҮРКСОЙ-дың жұмысын бұрынғыдан да жандандыру, екіншіден, түркілік мәдени-ақпараттық орта құру, үшіншіден,  осы  болмыстарды  алға  апаратын  локомотив  ретінде  түркі елдерінің кәсіпкерлеріне жеңіл­діктер жасау қажет.

Жалпы, өркениеттің өзі тарихтан ғана тұрмайды. Түркінің өне­рінде әлем мойындаған асыл қазына мол. Ақындық, айтқыш­тық, жыршылық өнер басқа өркениеттен алда екенімізді білді­реді. Бұл да түркі әлемінің ортақ құндылықтарына айналуы шарт. Бесінші бағыт қазіргі жағдайдағы түркі мемлекеттері үшін бірлік идеясы.

Адам баласы еш уақытта тек қазіргі күнімен  өмір сүре алмайды. Өткенін пайымдап, сондағы асыл мұра жауһарларын мақтан тұтып, оны өзге жұрттың алдына паш етуге  ұмтылады. Тарихын түгендеген елдің болашағы зор.  Кеңес Одағы тұсында түркі мәдениеті ұлы өркениетті қалыптастырды. Бағзыдан келе жатқан жазуымызға,  бабаларымыздың тасқа қашап кеткен өшпестей аманатын білуімізге  жол  ашпады.  Осылайша асыл қазынадан айы­рып, өзіміздің  ұлы тарихымызды бұйыртпау саясатының ұстыны халықтарды, оның ішінде туыстас ұлттарды ортақ тегінен ажырата отырып, әрқайсысын өз қазанында билеп-төстеп, сол арқылы үстемдік ету идеологиясы жүрді.

Бүгінгі  таңда түркі әлемінің бірлігі туралы айтқанда, алды­мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев  айтылады.  Қазақстан  Президенті  түбі бір түркінің бірігуіне көп еңбек сіңірген және сол бағыттан таймай, тер төгіп келе жатқан   қайраткер. «Түркі ошақтары» қоғамдық қоры атынан 2010 жылы өткен құрылтайда Елбасымыз  Нұр­сұлтан   Назарбаевқа Алғыс хат тапсырылуы  соның  айғағы. Осыған  орай,  Қазақстан  Президенті  өз алғысын біл­діріп, бүкіл  түркі  әлеміне үндеу  хат жазды. Сол хат барша  Түркі   халықтарының төрінде  күні  бүгінге  дейін сақталып тұр.

Түркі-мұсылман құндылықтарынан нәр алған ұлттық мәдениетіміз, санамыз бен болмысымызда жоғарыда аталған дәстүрлер бір-бірінен ажырағысыз күйде біте қайнасып, біртұтас  дүниетанымға айналды. Осы тұрғыдан алғанда, Қазақ елі өркениеттік түп-төркіні мен этностық негіздері тұрғысынан ислам әлемінің ажырамас бір бөлігі деуге болады.

Түркі халықтарының арасында мәдени де, рухани да экономикалық та байланыстарды қалыптастырудың  өзіндік  жолы  бар. «Түркология саласында терең зерттеу­лерді тоқтату керек!» деген   кезінде  шешім   болған. Содан бастап түрколог ғалымдар қудалана бастады. Тіпті Радлов пен Орхон-Енисей жазуын ашқан Томсонның кітапта­рына сілтеме жасаған ғалым­дардың  өзі  қуғын-сүргінді  басынан   өткерді. Бұл – түркі өрке­ниетінің өте терең, ұлан-ғайыр, ұлы өркениет екенін жасыру, бізді содан тамыр үзуге мәжбүрлеу  еді.  Саясат кешегі ғұндардан, ұлы далада қанат қаққан мемлекеттерден бастап, Атилладан, Үйсіндерден, Көктүріктерден бергі мемлекеттік этностық сананы түп-тамырымен өзгерте алмады. Оның себебі түркі өркениетінің түпкі өзегінде жатыр. Сол ұлы мемлекеттерді құрған, төл жазуы, мәңгілік мәдениеті болған өркениет тарихын қайта түлету, оны ортақ жүйеге салу, сол тарихи ортақтастық арқылы   ықпалдасу  қазір қажет болып отыр. Түркілер  бүгін    кез-келген,  даму жағынан алға кеткен мемле­кеттердің  өзімен тең дәрежеде мәміле  жасай алады. Тарихтағы ортақтықты қайта қалпына келтірудегі  бүгінгі  бағытымыз дұрыс  жолға түсіп отыр. Бұл   саясатта Қазақстан түрік  әлемінде  жаңашыл, бейбіт­шіл  бастама көтеріп  келеді.