ҚАЗАҚСТАННЫҢ БЕДЕЛІ АРТЫП КЕЛЕДІ

3126631

ЭКСПО-2017 халықаралық мамандан­дырылған көрмесі аясында Қырғызстан Республикасының Ұлттық күні мерекеленді. Қазіргі кезде Қырғыстанда стратегиялық жобалар негізінде 2018-2040 жылдарға арналған тұрақты дамудың Ұлттық стра­тегиясы әзірленуде. Бұл туралы Қырғыз­стан Республикасының вице-премьері Чол­пан Султанбекова мәлімдеді. Оның айтуын­ша, жаңа Ұлттық стратегияға сәйкес мемле­кет алдында негізгі үш мақсат бар: халықтың экономикалық әл-ауқаты; әлеу­меттік амандығы; азаматтардың қауіпсіз және қолайлы ортасы. Жаһандық жылыну орын алған заманда «Болашақ энергиясы» тақырыбындағы Көрмесінің маңызы зор екенін де тілге тиек етті.

– Қазақстанның 2012 жылы ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге деген өтінімінің жеңісі мемлекеттің халықаралық жоғары беделінің тағы бір дәлелі болды. Экология­ның қайтарымсыз салдарынан құтылу үшін баламалы энергетиканы дамытуымыз қажет. Көрме аясында озық тәжірибемен алмасудың және жаңартылатын энергия көздерін қолдану саласында ынтымақ­тастық орнатудың маңызы зор деп ойлай­мын. Қырғызстан энергетиканың тұрақты дамуы үшін мемлекеттік қолдау бойынша әлемдік бағытты қолдайды. Энергетика – халықтың өмір сүру деңгейіне және эко­номиканың барлық секторларына тікелей әсер ететін стратегиялық сала. Аталған сала ЖІӨ 2,0 пайызын және өнеркәсіптік өндірістің 16 пайызын, республикалық бюджеттің 10 пайыз кірісін құрайды, – деді Қырғызстан вице-премьері.

Өз кезегінде Қазақстан Республи­касы­ның Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынас өзара құрмет пен қызығушылыққа негізделгендігін және Қырғызстанның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы оның айқын дәлелі екенін атап өтті.

– Екі ел арасында жоғары деңгейде келіссөздер мен түрлі жиындар жүргізілуде. Қырғызстанның Ұлттық павильонын құруда айтарлықтай жұмыстар атқарыл­ған­дығы айқын. ҚР Үкіметі атынан және жеке өз атымнан Қырғыстанға қолдау көрсеткені үшін және Астана қаласындағы ЭКСПО-2017 халықаралық маманданды­рылған көрмесіне қатысқаны үшін алғы­сымды білдіремін, – деп қорытындылады ҚР Ұлттық экономика министрі.

Қырғызстан павильоны Жібек жолы плазасында ұсынылған. Павильондағы интерактивті экспозициялар көрме келу­шілеріне Қырғызстан Республикасы туралы ақпарат береді, сондай-ақ елдің экспорт­тық әлеуетін дамытуға, энергетикалық қауіпсіздікпен қамтамасыз етуге бағыттал­ған жобалар мен су энергетикасы салала­рындағы жетістіктерімен таныстырады.