САҒЫНЫШ

(эссе)

%d0%ba%d0%b0%d0%b6%d1%8b%d0%bc

Абай атындағы Қаз ПИ-дің (қазіргі ҚазПҰУ) филология факуль­тетінде соңғы курста оқимын. Бірде үзілісте сыртқа шығып қайта кірсем, жай­шы­лықта абыр-сабыр боп жататын аудитория  жым-жырт. Студенттер лекция жазған қалың дәптерлеріне төне түсіп, үйге берілген тақырыпты пысықтау қамында сияқты. Есіме қалт түсе кетті. Ғалым-ұстаз бүгін семинар сабақ болатынын ескерткен. Отыра қап жалма-жан сөмкедегі дәптерді алып аша бергенімде, қасқа маңдайы жарқырап орта бойлы, сылыңғыр, ат жақты, қыр мұрынды ұстаз ширақ қимылдап кіріп келе жатты.

Бұл – академик Қажым Жұмалиев еді. Қажым ағай заңғар таулар ортасындағы шоқтығы биік найза шыңы көк тіреген Хан-Тәңірі секілді көрінетін.

Қажым  Жұмалыұлы – қазақ әде­биеті теориясын тұңғыш зерттеген, тың­ға түрен салған ғалым. Ол төл  әдебиетіміздің көп­шілікке мәлім емес тұстарын зерттеп, жарыққа шығарған, ғылыми айналымға түсірген әдебиетші. Сол алпысыншы  жыл­дарда ғалымның «XVІ—XІX ғасырлардағы қазақ әде­биеті», «Абайға дейінгі қазақ поэ­зиясы және Абай поэзиясының тілі», «Әдебиет теориясы» еңбектері жоғары оқу орындарында оқулық ретінде оқытылды.

Ұстазымыздың сабақ беру әдісі басқа­ларға ұқсамайтын. Аудиторияға кіре лекция оқуды бастап, сабақ біткенін хабарлаған қоңырау үнімен сөйлемге бір-ақ нүкте қоятын да оқытушылар бар. Ағай сабағын өмірмен байланыстырып өткізіп, жанды мысал­дармен дәлелдеп отыратын. Студент­терді кез-келген уақытта орында­ры­нан тұрғызып, білім деңгейлерінің шама-шарқын байқайтын. Тіпті, лекция оқып тұрып та: «Өткенде қандай мәселелерді қаузадық? Не деп тоқтап едік?»  деген сияқты сұрақтарға жауап алатын. Лек­цияны қағазға қарап оқымайтын. Ауызша айтатын.  Ұстаздың есте сақтау  қабілетінің ерендігі қайран қалдыратын. Жадының мықтылығы, 300-350 беттік ғылыми еңбекті жатқа сөйлеуі бізді де еліктіретін. Ағайдың сұрақ қоюы да өзгеше-тін. Сұрақты оқулықтағы тақырыптың мазмұнына емес, көлемді  тарауда  сөз  болған  негізгі мәсе­ле­лерді қамтитындай күрделендіріп қоятын. Білім тексеру сабақтарында қандай көлемді тақырып болмасын студент­терге тек ауызша жауап беруді талап ететін.

Ісін үлгі тұтып, өзін де, сөзін де құрмет­тейтін адамы Махамбет еді. Кабине­тінің нақ төрінде ақынның суреті ілініп тұратын. М.Өтемісұлының өмірі мен шығармашы­лығын зерттеп, «Махамбет» монографиясын жарыққа шығарды.  Бізге баласының атын Махамбет қойғанын айтқаны бар.

Сол күні де ағай уәдесінде  тұрып, бірнеше студенттен сабақ сұрап үлгерді. Ең соңғы сөйлеген студенттің  (кім  екені есімде қалмапты) жаңғалақтығына  рен­жіп: «Ертең мектепке барғанда бүкіл класты біліміңмен, тіл  шеберлігіңмен үйіріп әкете алмасаң, осылай жаңғалақ­тап, қақалып, шашалып тұрсаң, олар сені де сыйламайды, сабағыңды да оқымайды. Жастықта жарқырай көрін­беген адам одан әрі қою шаңның ішінде бар-жоғы беймәлім боп өте береді», – деді. Ұстазымыз сол жолы аз мүдіріп,  тың әңгіменің  тиегін ағытты. Аңғал­дығымнан  ұяттан өртене жазда­ға­ным күні бүгінге дейін көз алдымда. Жиыр­мадағы кезім. Онда Қазақстанның астанасы – Қызылорда. Шымкенттегі ауыл­шаруашылық техникумының соңғы курсында оқимын. Әулиеата, Сырдария, Қызылорда өңірлерінде сынақ комиссия­сының құра­мында үш айдай жұмыс істеп, Шымкентке қайтып келе жатқан бетім. Мәскеу–Ташкент пойызымен Арыс станса­сынан түсіп қалдым. Осы арадан басқа пойызға отырмақпын. Чемоданымды ұстап кассаға келсем, Шым­кенттен Қызыл­ордаға баратын жолаушылар кезекке тұрып қалыпты. Тізбектің соңындағы жұпыны киінген қараторы кісіге:

– Ағай, соңы сіз бе? – деп сұрадым.

– Иә, мен, – деді ол.

Билетке белгі соққызғаннан кейін әлгі кісі екеуміз вокзалдың екінші жағын­дағы ұзын орындыққа кеп жайғастық. Серігім зиялы адамға ұқсамайды. Ауылдық кеңес­тің төрағасы шығар деп жорыдым. Ол үстіндегі суқағарын шешіп, чемоданының үстіне қойды да, сары портфелін ашып, қолына ақ парақтар алды. «Біреуге хат жазғысы келген-ау» деп түйдім. Пойыздың келуіне әлі үш-төрт сағат бар. Көшеге шығып келейін деп ойлап, әлденені жазып отырған серігіме қарап:

– Аға, мына менің чемоданыма көз қыры­ңызды сала отырасыз ба, мен көшеге шығып келейін деп едім, – дедім. Сөзімді ол құлағына да ілген жоқ. Бұрын­ғы қал­пын­ша сусылдата жаза берді. Сөзімді екінші рет қайталағанда барып қағазынан басын көтеріп:

– Шырақ, маған бірдеме дедің бе? – деді.

– Мына чемоданымды қарай тұрасыз ба? Көшеге шығып келейін деп едім.

– Жарайды, қарай тұрайын, – деп сәл езу тартты.

Өлең жазамын. Қызылордада болға­нымда «Лениншіл жас» газетіне бір өлеңім шыққан. Газет редакторы Асқар Тоқма­ғанбетов өзінің төңірегіндегілерге ақын жігіт деп таныстыр­ғаннан  бері жерге сыймай жүрген жайым бар. Оның үстіне, үш айлық еңбекақым қолыма тиіп, бастан-аяқ киім сатып алғанмын. Үстімде су жаңа тройка, аяқты басқан сайын сықыр­лайтын хром-бәтіңке, баста қалпақ, қолымда трость. Шыным­ды айтсам, мына жол серігімді менсініп тұрған мен жоқ.

Үш сағаттай серуендеп қайтып келсем, жаңа танысым қағаздарын енді ғана жинас­тыра бастапты. Ол мені сөзге тартты. Арамыз­да әңгіме өрбіді. Әңгіме барысында бұл кісі халқымыздың  даңқ­ты жазушыла­ры­ның бірі Бейімбет Май­лин екен. Қызылордада Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Сәбит, Ғабиттерді іздеп барып,  кездестіре алмағанмын. Иі түс­кен кепка мен көнетоз суқағардың ішінде халқы­мыздың қалаулы жазушы­сы Биекең тұр деп кім ойлаған? Чемо­данымды бақтырып қойған аңғалдығым үшін жерге кірерге тесік таппадым. Ақыры, Биекеңнен кешірім сұра­дым. Ол кетерінде: «Ал Қажым, жақсы ақын, үлкен адам болуыңа тілектеспін. Бірақ, «Ұлық болсаң , кішік бол» деген халық мақалын ұмытпа», – деді.

Қажым ағай әңгімесін бастағанда-ақ, оқиғаның қалай өрбіп, немен аяқта­ларын біліп отырдым. «Ұлық болсаң, кішік бол» естелігін газеттен бе, жур­налдан ба оқыған­мын. Ағай қыдырып жүріп, жақсы көретін дос қызы осы Арыс өңірінің тумасы Айгүл­мен кездесіп, ұзақ әңгімелеседі. Бірін-бірі қия алмай әзер бөлінеді. Ағай бұл туралы ештеме демеді.

– Ағай, қазір  Айгүл қайда? – дедім кенеттен. Мұндай сұрақты күтпеген ұстаз сәл-пәл аңырғандай үнсіз тұрып қалды да:

– Ой, қу қыз, оны қайдан білесің? – деді.

– Жаздыңыз ғой, оқыдым, – дедім.

– Мен оны көрдім, – деді «Қазбек» темекісінің қуыс жеріне сіріңкенің  талымен аппақ-аппақ мақтаны толтырып тұрып. Айгүл Ташкентте медицина ғылымының докторы екен. Он үш жасар немерем бар. Сол:

– «Сіз неге Айгүлге үйленбедіңіз?» – деп сұрайды, – деді темекісін құшыр­лана сорып тұрып. Өкініштен ағайдың өзегі өртеніп, соны темекінің ащы түтінімен басқысы келгендей көрінді. Немересінің сұрағын біз қойсақ, ағынан жарыларына сенімді едік.

Бірақ әдеп шеңберінен аттап өтуге батылымыз бармаған.

Біздің анық білетініміз, ағайдың зайыбы орыс жұртынан екен. Жаз, күз айларында екеуі қала көшелерінде қыдырып жүрген­дерін жиі көргенбіз. Ұзынқұлақтан естуі­мізше, қазіргі әйеліне ағай көңіл қалауы­мен емес, мәжбүр­ліктен үйленген сияқты.

Соңғы курс студенттері болғандығы­мыздан ба, ағай исі мұрнымызға кел­меген өмірдің беймағлұм тұстары жайлы жиі әңгімелейтін. Қысқаша айтқанда, қателе­суден сақтанды­ратын.

«Өмірді кітап жүзінде ғана білетін­деріңді түсінемін. Бірақ түк те олай емес. Өмір – күрес, – деді ағай бірде. – Сол күресте біресе жығып, біресе, жығылып жүріп  шыңдала­сыңдар. Бірақ… Қандай қиын  жағдайда да  дәрменсіздік танытып, иіліп-еңкеймеңдер. Қиыншылыққа қасқайып қарсы тұра біліңдер».

Өмірге араласқанымызда Қажым ағай­дың ақыл-кеңестерінің пайдасы тиген тұстары да болды. Көзқа­растарының бір нүктеде түйіс­пеуінен, яғни, пікір алшақ­тығынан, мүдделе­рінің кереғарлығынан адамдар қарсыласқа айналып, араларында көзге көрінбейтін күрес жүріп жататынын кім білген.

Алпысыншы жылдарда қыздар ұзын шашты төбелеріне  буынтық-буынтық етіп түйіп, шөмелеге ұқсаған биік шаш үлгісін жасайтын. Осынау шаш үлгісі жарасым­ды­лығымен сырт көзді сұқтандыратындығы рас-ты.

Бірде тақта алдына шығарған қыз­дың жауабына қанағаттанбаған ұстаз оның шашына қарап тұрып: «Мынандай шаш үлгісіне ең кемі жарты сағаттай уақыт шы­ғындайтын шығарсың. Сол жарты сағатта кітаптың оншақты бетін оқып,  білім алуыңа болушы еді», – деді. Ақырын айтса да сөзінің салмағы ауыр соққыдан бетер еді.

Ағайдың әр сабағынан жүрек жылуын, қамқорлығын сезініп, қанат­танып шыға­тынбыз, мақсатымызға жетіп, арман биігіне ту тіккендей марқаятынбыз. Өйткені, ағай жарқын болашаққа сендіретін. «Бақыттың кілті – еңбек», – дейтін.

Оқуды да бітірдік. Еңбекке араластық. Бұл – 1968 жылдың күзі еді. Бірде мектеп кітапха­насында жаңа келген газеттерді оқып отырған­мын. Әдеби газетте Қажым Жұмалиев ағайдың үлкен суреті басылып, қайтыс болға­ны туралы қазанама беріліпті. Шайдай ашық күні төбемнен найзағай ойнағандай әсер етті. «Аға-а-й!» деп дауыстап жылап жібердім. Ойлап қара­сам, ағайдың ең соңғы студенттері біз екенбіз. Энциклопедиялық білімі бар, ұлы­лардың ізбасары, зор тұлға­лардың бірі – акаде­мик Қажым Жұмалиевтің дәрісін тыңдау да бақыт. Ағай небәрі 61 жасында дүние салды.

 

Тұрсынхан ШӘЛДИБЕКҚЫЗЫ,

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.