ОЙЫ ОЗЫҚ, ҚОЛЫ ЖЕҢІЛ ОТАШЫ

%d1%85%d0%b8%d1%80

Қандай емдеу орны болмасын, барлығы онда қызмет істейтін маман-дәрігерлердің кәсіби дәреже-мүмкіндігіне, ондағы диагностикалық және емдеу жабдықтарына, ұжымның еңбекке деген  қабілетіне байланысты. Әсіресе, көп жерде білімді, білікті дәрігер көп нәрсені шешеді. Халық арасында «қолы алтын шипагер-оташы», «қолы жеңіл дәрігер» атанып жүрген қаншама ақ халатты абзал жандар денсаулық сақтау саласында еңбек етіп, отандық медицинаны барынша өрге сүйреп жүр.

Дәрігер болғандықтан әркез құлағымыз түрік жүреді емес пе. Қай өңірде қандай ағзаларға ота жасауды барынша жақсы меңгерген белгілі хирург қызмет етіп жүргені бізге, дәрігер-хирургтарға аян. Олар туралы халық рахметін төгіп,  аңыз-жыр етіп айтып отырады. Олар жайлы көпшіліктің жақсы пікірін біліп, жүрегің жылып қалады. Сондай «аты аңызға айналған атақты хирургтар әр өңірден шығып жатса, шіркін!» деп кейде  армандайтынымыз да рас.

Алматы қаласындағы академик А.Н.Сызғанов атындағы Хирургия ғылыми орталығында да есімі елге танымал ғалым-дәрігерлер аз емес. Солардың бірі, жоғары санатты хирург, Қазақстан Республи­касы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері, медицина ғылымдарының докторы, профессор Шәкір Шүкірұлы ЖУРАЕВ.

 

Өңеш хирургиясы өрге басты

Онымен көп жылдардан бері әріптес ретінде араласып, ой-пікір бөлісіп, кейбір қиын науқастар жайлы телефон арқылы кеңесіп отырамыз. Өйткені, оның таңдап алған мамандығы хирургияның ең күрделі саласының бірі – өңеш хирургиясы. Расын айтуымыз керек, хирургияның бұл саласы әлі де жұмбағы мол, тәжірибем мол деп кеуде соғып жүрген хирургтің қолы жетпес «биіктігі» немесе толық шешімін таппаған, асқынуы мол, шешуі күрделі  «Гордиев түйіні» болып келеді. Көп облыс орталықтарында өңеш хирургиясы әлі де аяғына тік тұрып, толық шешімін тапқан жоқ.

Бірде елімізде кенжелеп жатқан өңеш хирургиясының проблемалары жайлы әңгіме қозғағанымызда профессор Шәкір Жураев былай деп ой қозғаған болатын:

– Біздің Қазақстанда өңеш хирургиясы кенжелеп, өткен жүзжылдықтың 80-жылдарына дейін жоқтың қасы болды деп айтуымызға болады. Республикамыздың сол кездегі бас хирургі, профессор Г.К.Ткаченко өңеш хирургиясының жолын ашты. Мәскеуден профессор А.Ф.Черноусовты арнайы шақырып, Хирургиялық ғылыми-зерттеу институтында алғашқы операция 1977 жылдан бастап жасала бастады. Өкінішке қарай, ол оталардың басым көпшілігі (70-80 пайызы) сәтсіз аяқталатын. Қазақ «өңештің шіңішке ауруы» деп атайтын қатерлі ісіктерге ота жасалмай, барлық кезде сәулемен емдеу тәсілі қолданылды. Ол науқастардың өмірі ұзаққа бармай, шамалы уақыттан кейін-ақ о дүниелік болып жатты. Ол кезде мен институттың жалпы хирургия бөлімінде кіші ғылыми қызметкер болып еңбек ететінмін. Біраз тәжірибе жинап, өзімше зерделеп, өңеш хирургиясының проблемалары жөнінде ой-пікірімді сол кездегі институт директоры, ұстазым академик М.Ә.Әлиевке жайып салдым. Көрегенді басшы емес пе, Мұхтар Әлиұлы менің ұсынысымды дұрыс қабылдады. Сөйтті де, сол кездегі Кеңес Одағының астанасы Мәскеудегі профессор А.Ф.Черноусов басқаратын клиникаға бірнеше айға тәжірибе алмасуға – стажировкаға жіберді. Содан көп уақыт өтпей-ақ, 1980 жылдары өңештің күрделі оталары елімізде біздің қазіргі А.Н.Сызғанов атындағы хирургиялық ғылыми зерттеу институтында профессор М.Әлиевтің басшылығымен жасала бастады. Міне, содан бері өңештің химиялық күйігінен кейінгі ас жүрмей қалуы, өңештің бөгде заттармен (балық қыл­тығымен, майда сүйкпен тесілуі және с.с.)  зақымдауларын емдеуді жөнге қойып, жақсы нәтижелерге қол жеткіздік. Құдайға шүкір, қазір бәрі ретке қойылды. Өңеш хирургиясын біздің Ғылыми хирургия орталығында  жақсы меңгердік және оның нәтижелері де жаман емес. Менің есебімше, өңешке сәтті жасалған ота саны 300-ден асты.

– Бұл жетістіктер мына Шәкірдің таза еңбегі десем, артық айтқандық емес, – деп сөзге араласты профессор М.А.Сей­сенбаев. – Алматы мемлекеттік медицина институтын 1972 жылы тәмамдап, еңбек жолын өзінің туған жері Қызылорда өңіріндегі Төретамда хирург болып бастады. Жұмыстан қолы қалт еткен сәттерде кәсіби білімін тереңдетуге жұмсап, ғылыми монографиялар мен газет-журналдарды оқып, ізденуден жалықпады. Ол түу сонау 1977 жылы өзінің алғашқы ұсынысына Мәсеудегі Патенттік сараптау институтынан авторлық куәлік алып, сол кездегі көлемді қаржы – 700 рубль алғаны, ВДНХ-ның күміс медаліне ие болғаны есімізде. Одан кейін де бірнше рет Одақтық көрмелерге қатысып, дипломдар мен медальдар алып, жүлделі орындарға ие болды. Ғылыми жұмыстары әр түрлі Одақтық, республикалық басылымдардан жарық көре бастады. Сөйтіп, институтымыздың алдыңғы қатарлы ғылыми қызметкеріне айналды. 1981 жылы «Өңештің тесілуінің диагностикасы және емдеуі» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация қорғады. Бұл досымның еңбекқорлығы, білімге деген ынтасы ерекше. Біз оның тындырымды ісіне, қажырлылығына, ізденімпаздығына қарап тәнті болатынбыз. Уақытпен санаспай әрдайым ауыр, күрделі аурудың жанынан табылатын. Операциядан кейінгі ауруларға шын пейілімен, қамқорлықпен қарайтын мінезі барлығымызға ұнайтын. Жастарға үлгі етіп айтып отыратынбыз. Содан ол 1990 жылдан бері өңеш, асқазан және эндокриндік аурулар бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. 1991 жылы докторлық диссертацияны ойдағыдай қорғап, 1998 жылы профессор атағы берілді. Өткен жылдар ол үшін шыңдалу, толығу, жетілу, жаңа хирургиялық тәсілдерді енгізу, өзіне сенімді шәкірттер дайындау жылдары болды. Мезгіл-мезгіл еліміздің түкпір-түкпіріндегі қалаларында республикалық санитарлық авиация шақыруымен болып, ондағы ауыр халдегі ауруларға қажетті медициналық көмек көрсетті, кеңес берді.

Ерен еңбегінің, ерекше ғылыми ізденістерінің арқасында Шәкір Шүкірұлына 2000 жылы бір топ әріптестерімен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты  атанды. Басқа да мемлекеттік наградалардан кенде емес. Үш түрлі баспалардан 300-ге жуық ғылыми-практикалық еңбегі, 4 монографиясы жарық көрді, 50-ден астам авторлық куәліктің, патенттің авторы. Әсіресе, оның әріптестері арасындағы беделін ерекше атағанымыз жөн. Ол нағыз қолы жеңіл мейірімді дәрігер-оташы. Біздің ортамызды осындай өз кәсібін терең меңгерген  абзал азаматтың барлығына шүкіршілік етеміз. Артынан ерген шәкірттері аз емес. Олардың біразына ғылыми жетекші болып, білген, меңгерген істерін зерделетіп, сараптама жасауға қолұшын беріп, 7 докторлық, 5 кандидаттық диссертация қорғатты. Қазір олардың бірқатары Алматы, Астана, Шымкент, Қызылорда және де қалалардың клиникаларында, ауруханаларында тындырымды еңбек етіп жүр. Тіпті, жақын-алыс мемлекеттерде де шәкірттері бар. Біздің Шәкір туралы көпшілік арасында ыстық лебіздер мол. Ол сондай абыройлы азамат, – деп Манас Ахмеджарұлы үзеңгілес әріптесі жайлы  жылы лебіз білдіріп еді.

 

«Дәрігерлік тексерулер жөнімен болуы керек»

Тағы бірде Ш.Жураев әріптесіммен қазіргі медицинаның беталысы, соңғы реформалар жайлы ой бөлістік. Сонда ол:

– Әрине, еліміз егемендік алғаннан кейін халық ден­саулығына барынша көңіл бөлініп, мемлекеттік дәрежеде бірнеше басты бағдарламалар қабылданды. Олардың нәтижесі жаман емес. Бұрыннан белгілі, жүрек-тамыр ауруларынан жүздеген науқастар мезгілінен бұрын көз жұмып жататын. Мысалы, миокард инфарктінің өзі қанша өмірді алып кетіп жатты. Бүгіндері сол жүрек, қантамыр ауруларын анықтау жақсарып, медициналық көмектің жаңа тәсілдері енгізілді. Барлық облыс орталықтарында кардиологиялық  диспансерлер ұйымдастырылып, мамандар дайындалды. Тіпті, олардың біразы шетелдердің озық клиникаларында болып, біраз тәжірибе жинап қайтты. Қазір барлық облыс орталықтарында жүрекке сан түрлі оталар жасалуда. Рентгеноваскулярлық хирургия да жақсы бағыт алып,  барынша дамуда. Тамырға енгізілген кішкене ғана зонд арқылы қан тамырын кеңейту мақсатында стенд қойып, ұйыған қанды (тромбты) ерітіп, немесе оны алып тастау мүмкіншілігі кеңейе түсті. Нейрохирургия, травматология саласында да жетістіктер аз емес. Ертеректе ағза алмастыру операциялары (транс­плантация) біз үшін тәтті қиял сияқты немесе айға қол жеткендей болып көрінетін. Енді қазір ол да өз шешімін таба бастады. Астанадағы Ұлттық кардиохирургиялық орталықта жүрек және өкпе алмастыру операциялары сәтті жасалуда. Онкология және трансплантология орталығында, Ұлттық медицина орталығында, біздің А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында бауыр, бүйрек алмастыру оталары ретке қойылды. Тіпті, Шымкент, Ақтөбе қалаларының хирургтары трансплантация жасауды меңгеріп, бауыр және бүйрек алмастыру оталарын жасауда. Осының барлығы біздің еліміздің медицинасының жетістігі, шыққан биігі деп қабылдауымыз керек. Әйтпесе, қатар жатқан Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан дәрігерлері ағза алмастыру операцияларын әлі қолға алған жоқ. Біздің еліміздің басшысы Н.Назарбаев пен Үкіметіміздің көрегендігінің  арқасында біз осындай жетістіктерге қол жеткізіп отырмыз. Алға қойған мақсаттарымыз да айқын. Барлық іс-әрекетіміз еліміздің халқының денсаулығын жақсарту, өмірін ұзарту. Ол мақсатымыздың орындалуына мүмкіншілігіміз мол. Елімізде енгізіліп жатқан Міндетті медициналық сақтандыру ісі жоспарлағандай жұмыс істесе, отандық медицина саласы одан әрі дамитынына сөз жоқ. Менің түсінігімше, бұл өте құптарлық іс. Енді соны көпшілікке барынша жеткізіп, халықтан қолдау тапсақ іс алға басады. Одан халқымыз көп нәрсе ұтады, – деп ойын ортаға салған болатын.

Одан әрі әңгіме желісі қазіргі қоғамдағы дәрігерге деген көзқарастың жөнді еместігі, дәрігерлердің беделі мектеп мұғалімдері тәрізді жыл өткен сайын төмендеп бара жатқанына ауды.

– Әрине, оның да белгілі себептері бар екенін көпшілік біледі. Атап айтсақ, басты себептердің бірі – жас дәрігерлердің білімінің таяздығы, тәжірибелерінің кемістігі, ауру алдындағы жауапкершілігінің кемуі, қоғамымызға қажетті этиканың жоғалуы деп білеміз. Тіпті, өз жұмысына салақ қарайтын, алдына келген аурумен жөнді сөйлесе алмайтын дәрігерлер бар екені жасырын емес. Кейде алдына қиналып келген ауруды бір кабинеттен екінші кабинетке қуып немесе бір аурухананың қабылдау бөлімінен екінші ауруханаға жіберіп әбден жүйкесін тоздыратын дәрігерлер бар. Оның барлығы дәрігердің сауатсыздығынан деп қабылдауымыз керек. Ауруды анықтау үшін көптеген қажетсіз тексерудің жөні бар ма?

Халық арасында денсаулық және оның сақшылары дәрігерлер мен   медбикелер  жайлы әңгіме жеткілікті. Кейде, тіпті, сенің көп жылдық тәжірибең бар дәрігер екеніңді біле тұра, ақыл айтып, кеңес беретіндер де табылады. Кім не айтпайды, нені ұсынбайды? Ондайда ішіңнен күлесің де қоясың.  Қазір ел арасында тәуіп те, емші де, балгер де көп. Адам өмірі мен денсаулығы мына жарық дүниеде ең қымбат дүние болғандықтан науқастанған адам жанына шипа іздеп кімге бармайды, не істемейді? Бәрін біле тұра дәрігерге барудың орнына әулиелерді аралап, емшілердің есігін тоздырып,   бірте-бірте олардан  жеріп, ауруларын әбден асқындырып, уақытын өткізіп барып дәрігердің көмегіне жүгінетіндері қаншама?!  Ондайлар ертең бір жағдай болып кетсе барлық жаланы дәрігерге жабады, оңды-солды арыз жазып дәрігердің жүйкесін тоздырады. Тіпті, кейде дәрігерді сотқа беріп, берекесін алады. Ауру мен дәрігерлер арасындағы түсініспеушілік сөйтіп өрши түседі. Оған кейде базбір журналист ағайындар әлі де дәлелденбеген, толық анықталмаған істі іліп алып,  отқа май құйғандай «дәрігерлердің қателігінен осындай да осындай болды» деп көпшілікке жариялап жібереді. Сөйтіп, анықталмаған жағдайдың ушығуына себепкер болады, дәрігерлер туралы кері пікір тудырады. Жамандық дегенің қамысқа тиген оттай тез тарайды. Сөйтіп, дәрігердің жүз рет, мың рет жасаған жақсылығы, адал еңбегі  бір сәтте күл-талқан болады. Біреуді кінәлаудан бұрын оның ақ-қарасына жетіп, анықтап алған жөн емес пе? Қазіргі кезде дәрігерлердің қателігін анықтау үшін  құжаттарды (науқаснама, анықтама және де с.с.) жеке бір тәуелсіз эксперт-сарапшыға жібереді. Ол сауатты, білікті клиницист  болса бір жөн. Негізінен олардың басым көпшілігі өзінің білімі мен біліктілігін көрсете алмаған, кезінде стационарда  жұмыс істей алмай кеткендер. Олар жұмыстан шеттетілгеннен соң 1 айлық білімін көтеру курсын тәмамдап, қолдарына тәуелсіз эксперт куәлігін алған орта дәрежедегі мамандар. Әлгілер тергеушілерге ойына келген шешімді шығарып береді.  Сот жаңағы шешім бойынша дәрігерді кінәлап, статья  қойып, оны жауыз етіп  пәленбай жылға немесе жүз мыңдаған теңгелік айыппұлды мойнына іліп, жөн-жосықсыз «кесіп» жібереді. Сондықтан ондай келеңсіз мәселені білікті мамандардан құрылған арнайы комиссия шешкен жөн. Әйтпесе кім қателеспейді, кім аяғын қиғаш баспайды? Осы жағын қазіргі қоғам дұрыс түсінген жөн…

Расын айтқанымыз дұрыс болар. Дәрігерлер арасында да менменшіл, дөрекі сөйлейтіндер жоқ емес. Базбір дәрігерлер ауру алдында әріптесін мұқатып, жамандап жатады. Қазақ «Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле» деп дұрыс айтқан. Орынсыз  айтылған  сөзден кейде «от» шығып кететінін естен шығармағанымыз жөн.

Бүгінгі таңда медициналық университеттерде этика және деонтология мәселесіне көбірек көңіл бөлінгені керек. Дәрігер алдына келген науқасты тек таблеткамен немесе қандауырмен ғана емдемей, сөзбен де емдей білгені дұрыс. Алдыңа келген сырқаттың сөзін тыңдап, жылы қабылдап, ауру жөнінде түсіндіріп, сеніміне кірген дұрыс. Әйтпесе, қағаз жазудан бас көтермей, қолы тимей, аурудың бет-жүзіне қарамай-ақ, одан тезірек құтылмақ болып, ойланбастан басқа бір маман кабинетіне немесе зертханаға, рентгенге, УЗИ-ге жібереді. Оған науқастың көңілі көншімей, ойын күдік ұялайды, дәрігерге деген сенімсіздік туындайды. Кейін «дәрігердің қателігінен осындай халге жеттім» деп шағым жазады. Әрі қарай барлығы белгілі.

 

Мектеп көрмегеннің

менмендігі қалмайды

Тағы бір көңіл аударарлық мәселе – қазіргі жастар арасында етек алып келе жатқан менмендік, қуыс кеуделік, мақтангершілік. Түймені түйедей етіп, кеуде қағып сөйлегенді жандары сүйеді. Кейде, келе-келе, алдындағы жасы үлкен, тәжірибесі де мол әріптесін менсінбей, этикаға жат мінезге жол беретіндері бар. Әрине, ол кімді болмасын жақсылыққа апармайды. Менмендік ерте ме, кеш пе, орға жығады. Осы бір көлеңкелі жайға көңіл аударғанымыз жөн. Және реті де келген сияқты. Дәрігердің қателікке ұрынбасы үшін қасындағы әріптестерімен ой бөлісіп, дұрыс шешім қабылдағаны артық болмайды. Ота жасайтын жас хирургтардың қасында біраз жылға дейін біліктілігі жоғары, тәжірибесі мол маманның болғанын құптаймын. Ертеде көп ұжымдарда тәлімгерлік (наставничество) деген жақсы дәстүр бар еді. Жас маманға біраз жылға дейін бір тәжірибелі дәрігерді тәлімгер-ұстаз етіп бекітіп беретін де, одан жауапкершілік талап ететін. Қазір сол игілікті іс ұмыт қалды. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» дегендей, әркім өзімен болып кетті. Бұрындары тәжірибелері мол  белгілі, атақты хирургтарының төңірегінде пәленбай жас мамандар шоғырланып, тәлім алып, ғылым мен практиканы байланыстырып еңбек етті және  көптеген мамандар әлгі «мектептен» қанаттанып, отандық медицинаның дамуына өз үлестерін қосты. Сол айтулы мектептер (мысалы, хирургия саласы бойынша академиктер М.Әлиевтің, К.Ормантаевтың, Н.Ізімбергеновтың, проф. С.В.Лохвицкийдің, травматоло­гияда проф. Мақажановтың мектептері) қәзір көзден бұл-бұл ұшты. Сабақтастық, байланыс, талпыныс үзілді. Ізденімпаз аспи­ранттар, докторанттар болмағаннан кейін ғылым қожырады. Біздердің орнымызды болашақта кім басарын айта алмаймын. Жақсы, жақсы деген, қалыптасқан, дайын, білгір маман­дарымыз айлығы жоғары жекеменшік клиникаларға ауысып жатыр. Сол өкінішті.., – деп ойын түйді профессор Шәкір Шүкірұлы.

– Қазір раухани жаңғыру мәселесі көпшілік алдында өткір тұр. Ол жайында ойыңызды білгіміз келеді, – деген сұрағы­мызға Шәкір Жураев:

– Көшбасшымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің бас газеті «Егеменде» жарияланған рухани жаңғыру жайлы мақаласын мұқият оқып шықтым. Түсінген адамға бағыт-бағдар беретін, жол көрсететін тартымды мақала. Шындық қой, «экономика», «саясат» деп жүріп рухани дүниемізді қожыратып  алдық. Жастар арасында тәрбие жұмысы көмескіленіп, рухани кедейшілік  көрініс бере бастады. Тіпті, еліміздің тарихын, мәдениетін, ұлттық салт-дәстүрімізді білмейтін жас ұрпақ қалыптасуда десем, артық емес.  Тілін білмесе, халқының тари­хын білмесе – одан қандай патриот шығады. Ұлтжандылық отбасындағы тәрбиеден бастау алу керек. Түрлі діни ағымдарға ілесіп, сақал қойып, шалбарларының балақтарын кескен  жастарды, хиджап киіп, басынан тобығына дейін  оранып алған қыздарымыз бен келіншектерді  көріп,  иманым төбеме шыға­ды. Олар кімнің  айдауына көніп, кімнің жетегінде жүр? Ата-баба дәстүрімізде ондай бар ма еді? Неге ауытқып кеттік? Міне, мені және де түйсігі түзу замандас­тарымызды осы сұрақтар қатты алаңдатады. Жастардың болашағы көмескіленіп, жат-жұрттықтардың қолжаулығына айналып кетпесе  екен деп толғанамыз. Жастар арасында әлі де болса көбірек рухани жұмыстарды жандандыра түсуіміз керек-ақ. Идеология дегенің, біле-білсек, өте нәтижелі, адамға зор әсер ететін күшті қару. Тәрбие қажет. Әйтпесе  толқып тұрған  жас шыбықтай майысып, басқа бір бағытқа, теріс ағымға ілесіп кетуі  әбден мүмкін. Әрине, бір мезгіл пайданы да ойлаған артық емес болар. Алайда, тойымсыздыққа бой ұрғызып, дүниенің артын қумай, адамгершілік қалпымыздан айнымай, үлкенге ізет, кішіге жол көрсетіп, ой-санамыз  бен арымыз таза болғанын құптаймын, – деп ол салихалы  жауап берді.

Халық денсаулығын сақтау қызметіне саналы өмірінің 45 жылын сарп еткен, оның ең бір күрделі саласы хирургияны жанына серік еткен абзал жан Шәкір Жураевпен сұхбаттаса отырып, көңіліміз бір желпініп қалды. Әр саланың азаматы осы Шәкеңдей ойлап, оны іске асыра білсе қандай ғажап!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.