Мектепке Қасыл Қатықбаева есімі берілді

_mg_7904

Медеу ауданындағы Көктөбе баурайына орналасқан №168 мектеп-гимназия ұжымы мен оқушылар қауымы жаңа оқу жылын жаңалықпен бастады. Аталмыш мектепке ҚР Үкіметінің қау­лы­сымен Қасыл (Нұрғылқасыл) Қасқарбай­қызы Қатықбаеваның есімі беріліп отыр. Осынау айтулы оқиғамен басталған Білім күніне арналған жиынға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев, Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев, қалалық мәслихат депутаты Мұрат Әділханов қатысты. 

Аталмыш мектептің ашылуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп қатысқан еді. Өздеріне үлкен сенім жүктелген мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы білім бәйгелерінен оза шауып,  алдыңғы қатардан көрініп келеді. Жаңа оқу жылында мектепке ардақты ана, тыл ардагері, 10 бала тәрбиелеп өсірген Қасыл Қатықбаева есімінің берілуіне арналған салтанатты жиында қала әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев бүгінгі күннің басты міндеті мен талабы білім сапасын жақсарту екенін айта келе, Б.Момышұлының «өмірге ұрпақ әкелетін аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздарды да соншалықты ардақтауға міндеттіміз» деп келетін сөзімен қорытындылады.

Өз сөзінде Медеу ауданының әкімі Ержан Жылқыбаев елімізді өркениетке жеткізер, бар ғылымның бастауы болып табылатын білім ұясы, мектептің алар орнының ерек­ше екендігіне тоқталды. Мектептің жүрегі болып табылатын мұғалімдерге зор табыс тіледі. Ал осынау мек­тептің салынуына демеушілік еткен жомарт жан Мұрат Әділханұлы ардақты аналарға тағы да тағзым етті.

– Біздің еліміздің ертеңі осы балалардың қолында. Олар сабақты жақсы оқып, бәсекеге қабілеті болып өсулері керек. Мектеп құрылысының сәтті салынып бітуі, ең алдымен, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының арқасы дер едім. Қаншама қара домалақтар осы үйге күліп келіп, кеу­делеріне білім нәрін құйып кетіп жатса, менің азаматтық парызымның ақталғаны дер едім. Анамыз осыдан он жыл бұрын дүниеден өтті. Ақ жаулықты аналарға қарап, кеудемді сағыныш кернеді. Анамның бір көзқарасын, күлкісін сезінгендей болып, сөзімнен жаңылып қалдым, – деді Мұрат Әділханұлы.

Осыдан соң оқушылар абзал ананың өмір жолына шолу жасап, еліміздің дамуына қосқан үлесі туралы баяндады. Барлық жағдай жасалған білім шаңырағының тағы бір ерекшелігі – мұнда үлкен кісілердің жүріп-тұруы үшін лифт жұмыс жасайды. Салтанатты жиыннан соң оқушылар «Мен өз елімнің патриотымын» деп аталатын тәрбие сағатына қатысты.