Батыр бабаларға ескерткіш орнатылды

20170901192717

Нұрислам ҚҰСПАНҒАЛИ

Алматы облысы, Қарасай ауданында ерекше сәулетті «Батыр бабалар» ме­мориалы ашылды. Кешен «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасы аясында облыстық әкімдік пен өңір меценат­тарының арқа­сын­да бой көтерген. Оның салтанатты ашылуына арнайы қатысқан облыс әкімі Амандық Баталов жиналған көпшілікті жағымды жаңалықпен құт­тық­тап, Ел­ба­сының «Рухани жаңғыру» бағдарла­ма­сын жүзеге асыру аясында атқарыл­ған маңызды жобалардың бірі екенін айтты.

– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, ел тарихын, батыр бабалары­мыздың есімін жадымызда ұстау ертеңіміз үшін өте маңызды. Бүгінгі ашылып отырған мемо­риалды кешеннің жетісулық өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудегі алар орны ерекше болатындығына сенім білдіремін, – деді облыс әкімі.

20170901192814

Өңір басшысы Амандық Баталов кешеннің лента­сын салтанатты түрде қию рәсіміне қатысты. Жиын барысында меценат, генерал-майор А.Шпекбаев, Қарасай ауданының Құрметті азаматы С.Жылқыбаев пен Ушинский атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Д.Шафхатов өз құттықтауларын жеткізді.

Мемориалды кешен экспозициялары бір үлкен залдан және үш тақырыптық бөліктен тұрады. «Сақ дәуірінен Алашорда үкіметінің құрылуына дейін», «Тәуелсіздікке жетуге елеулі үлес қосқан атақты хандар мен билер» және «Ерлігімен туған жердің даңқын асқақтатқан батырлар» деп аталатын кешен жас ұрпақтың жан-дүниесін жаңарта түсері анық.

7d71dfe92876777a553be2231d8fd48e

Экспозицияда ел мен жердің тағдыры қыл үстінде тұрған алмағайып замандарда өзінің қайсар ерлігімен талай жаудың бетін қайтарып, ұлан-ғайыр атырапты ұрпағына сақтап қалған атақты хандар мен билер, батырлар мен ел тәуелсіздігіне үлес қосқан жандардың суреттері бейнеленген.

Бабалар даңқын ұлықтау, жас ұрпаққа ата-баба ерлігін ұғындыру мақсатында бой көтерген кешеннің құрылысын «Дәулет Серпін 603» ЖШС мердігер құрылыс компаниясы жүр­гізген. Нысанның орналасқан жалпы жер аумағы – 1,04 гектар. Кешеннің айналасына декоративті шыршалар мен көшеттер отыр­ғызылып, толықтай абаттандырылған. Музей ғимараты облыс меценаттарының қаржысына, ал ішкі экспозицияларының құрылысы Алматы облысы әкімдігінің тапсырысы бойынша салыныпты. Енді су жаңа кешенді күтіп-ұстау – облыстық мәдениет, архивтер және құжат­тама басқармасының мойнында.

20170901192709