АСТАНА АСПАНЫНА 200 БАТПЫРАУЫҚ ҰШЫРЫЛДЫ

Қазақстанның Конституция күніне және Малайзияның тәуелсіздік күніне орай Астананың аспанында жүздеген «көбелектер» қалықтады

079d8dcbb812ff2be42b8edd5b3058b5_resize_w_520_h_

Астана қаласының Триатлон саябағында жүздеген малайзиялықтар мен қазақстан­дықтар My Butterfly Effect Kіte Flyіng  шарасына жиналып, Қазақстан Республи­касының Конституция Күні мен Малайзия­ның тәуелсіздік күні мерекелеріне орай аспанға батпырауықтарды ұшырды.

Көбелек пішініндегі батпырауықтарды аспанға ұшыру шарасын Малайзия павиль­оны Астана қаласы әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды. Мерекеге келген барлық қонақтар батпырауықтарды ұшы­рып, ашық аспан астында пикник жасап, жақсы демалып қайтты.

Қазақстандағы Малайзия елшісі Сайед Мохаммад Бакри Сайед Абдул Рахман мырза Астана қаласының әкімдігіне малайзиялықтарға ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде көрсеткен қонақжайлық үшін алғыс айтты. Сонымен қатар, Сайед Мохам­мад Бакри Сайед Абдул Рахман мырза Триатлон саябағы осындай мереке­лік шаралар үшін өте ыңғайлы орын екенін атап өтті.

– Триатлон саябағында болашақ энер­гиясына деген үміт символын аспанға көте­ру біз үшін өте маңызды. Триатлон жарысына спортшылар орасан зор күш жұмсап, дайындалады. Еңбектің ауырлығы жарыс аяқталғаннан кейін жақсы бағала­нады. Сол сияқты, біздің елдеріміздің де бүгінгі таңдағы мемлекет дәрежесіне жету­лері қажырлы еңбектің арқасы, – деді елші.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Малика Бектурова ханым Малайзия еліне Елорданың мәдени және әлеуметтік өміріне белсенді қатысқаны үшін алғысын білдіріп, батпырауықтарды аспанға ұшыру – Астанада өткен ең әсерлі шаралардың бірі болғанын атап өтті.

– ЭКСПО-2017 көрмесі басталғалы бері Малайзия қала өміріне белсенді қатысты. Атап айтқанда, малайзиялық әріптестер астаналық 17 мектептің 407 оқушысы үшін қолөнер бойынша семинар өткізіп, бауыр­лас халықтың мәдениетімен таныстырды. Осындай шаралар халықтар арасындағы достықты нығайтып, елдеріміз арасындағы серіктестікті дамытады, – деді Бектурова ханым.

Астаналық қонақ 19 жасар Манас Жұмаш мерекеден алған әсерімен былай деп бөлісті: «Бұл кеш әдемі музыкаға, көте­ріңкі көңіл-күйге, тағам түрлеріне толы болды. Ерекше әсерлі, әрине, батпы­рауықтарды ұшыру болды. Астананың аспанында әдемі көбелектер қалықтады. Бірігіп ұйымдастырылған мереке арқылы біз ұлттық тағамдар мен бір-біріміздің тарихымызбен жақынырақ таныстық».