АБАЙДЫҢ 120 ӨЛЕҢІН ЖАТҚА БІЛЕТІН АРУ

itq8m06djc11xtulsqezw8tksjm370

Абайдың өлеңін оқымайтын қазақ жоқ. Әділдік іздесек те, шындық іздеп шарқ ұрсақ та, Абайға жүгінеміз. Абайды та­нып-білмейінше өзімізді танымайтынымыз анық. Сол даныш­пан Абайдың бір емес, 120 өлеңін жатқа білетін жанды білесіз бе? Ол – Қазақ-Америка университетінің 3-курс сту­денті Айза­да Аяшева. Айзаданың өнеріне тәнті болғыңыз келсе, 9 қыркүйек күні сағат 15.00-де Жазушылар ода­ғын­да өтетін «Дара оқырман» байқауына асығыңыз.

Рая ЕСКЕНДІР

Абайдың өлеңін кие тұтқан қалың оқырманның ең дарасы­мен танысасыз. Біз «Дара оқыр­ман» байқауының ең алғашқы жеңім­пазы болған, қара сөздің қадірін білетін, ұлт жанашыры, қоғам қай­раткері Әділ Несіп­баевқа хабарла­сып, байқаудың бағыты, оның маңызы туралы сұраған едік.

– Ең алғаш рет «Дара оқыр­ман» байқауы Ұлы Жеңістің 70 жыл­дығына арналып, «Ұрпақтар сабақ­тастығы» деген жоба аясында өткен еді. Бұл байқауды Қазақстан Жазушылар одағы мен республи­калық «AR SІSTEM» қоғамдық бірлестігі ұйым­дастырып, жобаға Ғалым Жайлыбай басшылық еткен еді. Жобаның сценарийін Т.Жүр­ге­нов атындағы Өнер академия­сының 4-курс студенттері өздері жазып, оның мазмұнын ашып, кештің керемет өтуіне көп еңбек сіңірді.

img-20170904-wa0002

Сол алғашқы байқауда мен «Дара оқырман» атандым. Кеш бойы ұлы Абайдан бастап, арқа­лы ақын Маралтайға дейінгі ақын­дардың өлеңдері оқылды. Биылғы шара сөз зергері Мұхтар Әуезовтің 120 жылдығы мен Қазақ-Америка университетінің 20 жылдығы аясында өткелі отыр. Ең басты мақсатымыз – Елбасымыздың «Бо­лашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дарламасының маңыздылығын жастарға терең түсіндіру. Халқы­мыздың құндылығын тағы да таныстыру, – дейді Әділ Сағын­бекұлы.

Биылғы «Дара оқырманға» қатысқалы отырған үміткер қызымыз Айзада Аяшева – Қазақ-Америка университетінің «Радио­тех­ника, электроника және теле­коммуникациялар бойынша маман­дығының» қол­данбалы ғылым факультетінің 3-курсында орыс бөлімінде оқиды. Мамандығы техникалық бағытта болғанымен, Айзаданың жүрегі өлеңді қалайды екен. Сонау Қарағандының Сәт­баев қала­сын­дағы Абай атындағы №4 лицей-мектебінде оқып жүрген кезінде алғаш рет Абай өлең­дерін жаттап, сол өлеңді өміріне мұра тұтқанын Айзада былайша еске алады:

– Мектепте оқып жүрген кезімде «Абай оқуларына» қаты­сатын болдым. Ол кезде 70-ке жуық Абай өлеңін жатқа білетін едім. Сол жолы жеңімпаз ата­нып, Қарағандыға жолдама алдым. Абай­дың өлеңдерін үш тілде оқыған едім. Абай өлеңіне деген құштарлығым Алматыға келген соң арта түскендей. Сту­денттік жылдар небір керемет кештерге толы болып келеді емес пе? Осы көктемде «Университет аруы» байқауына қатысып, ұлты­мыздың құндылықтарын дәріптеуге атса­лыстым. Байқау шартына сай өз өнеріңді көрсету керек болды. Мен Абайдың кіта­бының кез-келген бетін ашып, бір өлеңді бастауын ұсындым. Әрі қарай өзім іліп әкетіп отырдым.

%d0%b0%d0%b1%d0%b0%d0%b9

Абайдың өлеңін жатқа айту да өнер ғой. Сондықтан әділқа­зылар­дың да, көпшіліктің де көңілде­рінен шықтым-ау деймін. «Абай мен Мұхтар дара тұлғалар ғой. Биылғы Әуезовтің 120 жылды­ғына шашу болсын, оның үстіне, Абай­дың 120 өлеңін жатқа білесің, «Дара оқыр­манға» қатыс­саң қай­теді?» деген еді Әділ аға. Сәтін салса, байқауға қаты­сып, бағымды сы­нағалы отыр­мын, – дейді Айзада.

Қазақ-Америка универ­сите­тінің деканы Дүрия Даниярова Абай өлеңдерін өзіне серік еткен Айзада Аяшеваның оқуда үздік, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатын, Елбасы­мыз үміт еткен жастардың бірі де бірегейі екенін мақтанышпен айтты.