ҮКАША ӘУЛИЕНІҢ ҚЫРЫҚ ҚҰЛАШ ҚҰДЫҒЫ

%d1%83%d0%ba%d0%b0%d1%88%d0%b0

Қаратаудың қойнауында бірде су шығып, бірде су шықпайтын тосындау мінезімен құпия сыр бүккен құдық жайлы әңгіме тар­мақтала береді. Құдыққа келіп, шелекті қайта-қайта тастап суға толтыра алмаған күйі таңданып қайтады; құдыққа келіп, қанша ықтияттап тастағанмен, даңғырлап бос шыққан шелекке қапаланған қалпы ренжіп қайтады – адамдар әр түрлі, неге екенін қайдам, шыңырауға түсіп, қайтқан шелек­тегі судың мөлшері де әр түрлі.

Құдай-ау, мен осы Үкаша атаның құдығы жайлы қай жылы естідім, есіме түсіре алмай отырмын.

Ой, ұзақ-сонар ой бәрібір жеткізбей, бәрібір жүк машинасының жүргізушісі айтқан әңгімені естіген жылымды есіме түсіре алсамшы. Одан бері де қара шалды қаншама әңгімеге тарттым. Кейде әңгіме қызып кеп береді. Ондайда қара шалды тоқтатып көр. Қырық құлаш құдық құпиясы жайлы аңыз сан тармаққа тарқатылады. Тыңдай бересің, тыңдай бересің, ертегілер еліне шомғандай елігіп, бас изеген сенің көз алдыңда небір оқиғалар өтеді. Соның арасында өзің жүргендей қиялға да берілесің. Ал аңыз аяқталмақ емес. Содан жолға шыққың келеді. Жолқапшықты иыққа асынған жалғыз жолаушы болып тау кезіп кетіп бара жатасың. Бұл, әрине, қиял ғана, әйт­песе сол Қаратаудың қойнауында тұрып, таяқ тастам жерге жете алмай асығып, жұмысбастылықпен пойызға мінесің, қайран Қаратау мұнартып қала береді.

Күнге шағылысқан ұзын шатырлы тамның қабырғалары қас шебердің қолынан шыққаны белгілі болып тұр. Шатырды қос қапталдап жапқан да бергі басынан үшкірлеп мұнара секілдендіріп көтерген. Оның басына әсемдеп ай қойған. Алдымен ауызғы бөлмеге кіресіз, қарсы алдыңызда өрнектеле жасалған есіктер айқара ашылған. Жалғыз бөлме, ұзыннан-ұзақ созылған бейіт жатыр.  Бейіттің ұзындығы қырық қадам. Ені екі метр.

Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы баба­мыздың «Қазақ шежіресінде» былай жазылған: «Қазақ көсемі Мәліктің әкесінің аты Нәзір екен. Ерте заманда бұрынғы ата-бабаларымыз:

– Біз Ақкөсе сахабадан екенбіз деп жүрді. Біреуден біреу естіп, айтулары бойынша, пайғамбар дүниеден қайтқаннан кейін әзіреті Омар халфе күнінде жетпіс мың сахаба аттандырған екен. Алатау, Қаратауда «Мыстанкөз» деген кәпірдің жұрты бар. Соларды фұсырман қылмай қайтпаңдар деп, содан бытырап, бөлек-бөлек кетіп, төрт мың төрт жүз қырық төрт жыл жасаған Анақбар атанған Бұхараға жиырма төрт шақырым жерде мәйіт болыпты. Қайсысын тауысып сөйлейін, Ақкөсе, Имам, Бабыр, Құт­ты­қожа, Аққояндар Қаратауда мәйіт болып, молалары Қаратауда бұл күнге шейін әлі жоғалмаған. Имам, Бабыр Қарнақта, Ақкөсе Қарнаққа жақын бір сайда. Бұл күндегілер Домбы Ата деседі. Кәпірлер басын кескенде кесілген бас домалап Мекке, Мединеге қашады. Көп ұзамай бір тесікке түсіп кетеді. Сол тесіктен су тасып шығып, кәпірлерді сел қаптап, су ағызып набыт қылады…»

%d1%83%d0%ba%d0%b0%d1%88%d0%b0-2

1904 жылы Қазанда басылған «Хисасұл Әнбия» кітабында Әкаша сахаба туралы мынадай жәйт қызықты әңгімеленеді. Онымен біз Әшім Әріп­байұлының аудар­масында таныс­тық: Хазреті Мұхаммед Әлеиһиссалам ауы­рып жүрген күндерінің бірінде  намазға шықты. Қайыра тағы бір халайықтан сұрады: – әй халайық менде біреу­леріңнің даулайтын мал, дүние істерің бар ма? Ешкім жауап бермеді. Расул Алла үш рет солай сұрады. Үшіншісінде Әкаша деген сахаба орнынан тұрып: – я, Расул Алла, менің дауым бар деді. – Кәне айтқын деді Расул Алла сыпайылықпен. Әкаша: – бір рет ұрыста, ұрыс уағында мені қамшымен бір ұрған едіңіз, сол қамшының тиген жерінің ауруы әлі күнге дейін денемнен кеткен жоқ, соны сұраймын деді. Хазреті Расул Алла сол қамшы үйде тұр, біреуің барып алып келіңдер деді. Салман парсы барып қамшыға келгендігін айтқанда, Фатима таң қалып сұрады: – не қыласың? Салман парсы болған жағдайды баян қылды. Фатима қиналып көзіне жас алып әкемнің кеселі өте ауыр, Әкашаға айтсын, бұл өшін маған берсін, егер бұл сөзімді қабыл қылмаса әкемде қаншалық өші болса соның бәрін менен алсын деді. Салман парсы келіп бұл сөздерді Әкашаға айтты, тағы жалынды. Бірақ Әкаша келіспеді, тағы айтты: – мені Расул Алла өзі ұрған, өшімді өзінен аламын деді. Мұхаммед Әлеиһиссалам Әкашаның бір мақсаты бар екенін білді де, біреулерді қамшыға қайта жіберді. Қамшыны әкеліп Әкашаға берді. Әкаша айтты: – я, Расул Алла сіз мені қамшымен ұрғанда мен жалаңаш едім. Хазреті Расул Алла көйлегін түріп жотасын ашып дайындады. Сол кезде періштелер келіп қарап тұрды. Жауырын­дағы мөрі барлығына аян болды. Әкаша қолындағы қамшыны тастай салды да, өзі жетіп барып мөрді тауап қылды. Тағы жылап тұрып кешірім сұрап былай деді: – я, Расул Алла, мені кешіргін, менің мақ­сатым жотаңдағы мөрді тауап қылып алу еді. Мұратыма жеттім. Мұхаммед Әлеиһис­салам сахабаларға бұйырды: бұл меһир нәубатты бәрің жазып алыңдар деді. Бұл меһир нәубетте ысма ағзамдар жазылған еді. Сахабалар оны жазып алып, «шымайыл нама» деп атап қойды. Әкашаның бұл ісіне алғаш ызасы келген сахабалар да кейін қатты қуанды.

Ал қара шал айтатын аңыз былай тармақталады:

«Үкаша деген кісі сахаба екен. Серттің жоғарғы жағында тұрыпты. Жаулары әбден аңдиды. Өзі де үлкен, алғыр, батыр болыпты. Бетпе-бет келуге қаймыққан кәпірлер оқ атса өтпейтінін, суға салса батпайтынын біледі. Өлтірудің амалын іздейді, таппайды. Cөйтіп, әбден сілесі қатып жол таба алмай жүргенде, бір жансыз көп дүние ұсынып тоқалынан сыр тартады. Алтын-күмісті көрген тоқал сахабаны сатып кетеді. Жауға оның киелі кісі екенін, тек таңғы намаз кезінде ғана мойнына қылыш салса ғана орып түсуін айтып, бар сырды жайып салады. Сөйтіп, құпияның кілтін білген жау ешкімге көрінбей тайып тұрады. Тоқалдың айт­қаны рас екен, құлқын сәріден қылышын сүйретіп, жеткен жау сахабаны намазға тұрған жерінде көреді. Барлық қимыл-қозғалысқа алдын-ала дайындалған қалпы байқатпай келеді де, қылышты мойын тұсынан сілтеп кеп қалады. Сахаба еңкейе бергені сол, етпет­теген күйі құлайды. Қылыш қиып түскен бас құбылаға қарай домалай жөнеледі…»

%d1%83%d0%ba%d0%b0%d1%88%d0%b0-3

Үлкен тас бетінде түп-түзу сызық жатыр. Мәдіхан ақсақал жаудың қылы­шының ізі екенін түсіндірді. Сахабаның басын шапқан қылыш ізі қара тастың бетінде сайрап тұр. Бейіттің осыншама ұзындығының сырын білгіміз келген. Қырық кездік бейіттің еш құпиясы жоқ болып шықты. Оның бар себебі сахабаның басы шабылғанда осынша жерге қаны шашыраған деседі. Сондықтан ұзын ғып көмген.

Қара шалдың аңызын тағы еске алдым:

«Баласының үш қайтара жаңғырыққан «Ата… ата… ата!»  деген даусы шыққанда Үкаша әулиенің басы бұрыла қарағандай болып бір сәтте тұрып қалыпты. Артынша қайта қозғалыпты да, өз-өзінен жоқ болып кетіпті. Әйелі мен баласы жүгіре келіп қараса, құдықтың түбіндегі таста әкесінің басының ізі қалыпты. Ал сахабаның басы құдыққа түсіп кетіп, Меккеден шыққан деседі».

Үкаша атаның құдығынан бұл жолы да бірде толып, бірде орталай, бірде шелектің түбінде ғана шалпылдай шыққан суға таңданыстық.

Көп естігеннен бір көрген жақсы. Құдыққа келіп, шелекті толтыра су алып қуанып қайтады; құдыққа келіп, шелекті қайта-қайта тастап суға толтыра алмаған күйі таңданып қайтады; құдыққа келіп, қанша ықтияттап тастағанымен даңғырап бос шыққан шелекке қапаланған қалпы ренжіп қайтады – адамдар әр түрлі, неге екенін қайдам, шыңырауға түсіп-қайтқан шелектегі судың мөлшері де әртүрлі.

Қаратаудың қойнауында бірде су шығып, бірде су шықпайтын тосындау мінезімен құпия сыр бүккен құдық жайлы әңгіме тармақтала береді.

Үкаша әулие… қыр басындағы қылықты құдық…

Үкаша әулиенің қырық құлаш құдығы…