ҚАРА ДОМБЫРАНЫҢ КИЕСІ ҚОНҒАН ӨНЕРПАЗ

Қазақстанда тұңғыш рет жас күйші, композитор Ғаламат Бейсеқожа 50 күй орындады

%d0%b3%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d1%82-2

Тарихтың ұзақ  көшінде қазақ халқы ғана тудыра алатын, ерекше дамыған өнер түрі –  күй өнері. Қазақтың қара домбырасы, оның көмейінен төгілген қоңыр күйі атадан балаға мирас болып қалған Ұлы Даламыздың аманатын, салтын, дәстүрін жеткізуші.

Күні кеше ғана Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының кітапханасында жас күйші, композитор, республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты Ғаламат Бейсеқожаның «Ұлы Дала толғауы» атты күй кеші өтті.

Іс-шараны Елбасы кітапханасы дирек­торының бірінші орынбасары Әмірхан Рахымжанов ашты. Өз сөзінде  Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы кітапханасы талантты  жастарды қолдауға әрқашан мүдделі екенін айтты. Бұл шара қазақстандық қоғамның рухани жаңаруы – үшінші жаңғыру міндеттері барысында ұйымдастырылды. Аталмыш кеш жастарға өнер мен шеберлікті наси­хаттай отырып, әуен мен күйге, руханиятқа толы қазақ өнеріне деген олардың құмарлықтарын арттыруға бағытталатынын жеткізді.

Күй кешіне ҚР еңбек сіңірген қай­раткері, Қазақ ұлттық өнер университе­тінің проректоры, профессор Тұрар Әліп­баев қатысып, өз сөзінде жас өнерпаз Ға­ламат Бейсеқожаға күйші ретінде ақ тіле­гін, ұстаздық жанашырлық ниетін білдірді.

Музыкаға құмар, өнерге құштар Ғаламат композитор Нұрсәт Бейсеқожа ағасына қарап бой түзеп, 6 жасынан бастап қолына домбыра ұстап,  күйлерді үйрене бастаған. 11 жасынан бүгінгі күнге дейін  авторлық туындылары «Жеңіс», «Бабалар арманы», «Үшқоңыр», «Наурыз», «Қас­қарау», «Жазғытұры», «Қосбасар», «Қор­дай», «Жауынгер», «Есдәулет», «Атаға арнау»,  т.б. күйлерін жазды. Қазақтың бас ақыны, ұлы ойшыл, ақын, композитор Абай Құнанбайұлына арнап «Абай тол­ғауын», дауылпаз ақын, қолбасшы батыр Махамбет Өтемісұлына «Махамбет» күйін шығарды. «Атадан мұра» күйі Елбасы Нұрсұлтан  Әбішұлы Назарбаевқа арналған. Тәуелсіздігіміздің туын биік ұстап, елімізді саяси сахна төрінде дамыған  әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде ұстауы, ұлт мақтанышына айналған патшамыздың көрегенділігі жас дарынның шығармашы­лығы­на шабыт қосқаны анық.

Ғаламаттың авторлық шығармала­рындағы домбыра қағысынан батыс төкпе күйлерінің сарынын, шертпе күйлерінен Жетісу дәстүрін байқаймыз. «Атадан мұра», «Жауынгер», «Қосбасар», т.б.  күйі асқақтап келіп төгіліп, асау мінез байқатса, «Бабалар арманы», «Үшқоңыр» күйлері философиялық тереңдігімен, лирикалық күйімен жүрегіңе жол тартады. Күйшінің жеткізбек ойы домбыраның пернесіне басылып, қос ішекте шертіліп, әсем әуенмен тыңдарманның құлақ құрышын қандырады. Әр күй мазмұнынан күйшімен тілдесіп, айтпақ сырын түсінесің. Жас дарынның «түсініп тартпаған күйде жан болмайды» деуінің өзі тегін емес. Қазіргі таңда Ғаламаттың  жиырмадан  астам күйлері бар.

Ғаламат Бейсеқожа республикалық Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы. Республикалық «Жас Дарын» байқауының «Дәстүрлі өнер» номинациясы жүлдегері,  жыл сайын өтетін «Махамбет оқуларының» бас жүлдегері. Сонымен қатар, Семей қаласында өткен республикалық «Абай оқулары» байқауы­ның бас жүлдесі, Ахмет Жұбанов атындағы халықаралық жас орындаушылар бай­қауының «ҚР халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың  лауреаты Қаршыға Ахме­дияров атындағы сый­лықтың» иегері.

Кеш барысында 50 күй шертіліп, аталған авторлық күйлерімен бірге әйгілі қазақ композиторлары:  Тәттімбет Қазан­ғап­ұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Дәу­леткерей Шығайұлы, Дина Нұрпейісова, Ахмет Жұбанов, Қаршыға Ахмедияров, Секен Тұрысбек, т.б. күй өнерінің хас шеберлерінің күйлері орындалды.

Күйді жай ғана музыкалық жанр десек, қателесеміз. Ол идеялық-көркем­дік, маз­мұны мен сипаты  жағынан да сан қырлы күрделі шығарма. Күй – қазақтың жан­серігі, мұңдасы, сырласы. Күйдің ғажап­тығы өзің бастан кешіріп отырған өмірдің мән-маңызын ұқтырады. Күй ойға жете­лейді, жақсылыққа, ізгілікке ұмтыл­дырады. Қазақтың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтің «Жалпы музыка атаулы нәрсе елдің сезім байлығы мен  ішкі жара­тылыс қалпын  білдіретін болса, солардың ішіндегі ең толғаулы, ең терең сырлысы – күй» деген ой-толғамынан күйдің жауапты мін­детін көреміз. Күй өнерінің филосо­фиялық тереңдігін айтпақ ойымен, жеткізбек сырымен бағамдаймыз.

Тарихымыздан бастау алар мәдени мұ­рамызды жеткізудің түп тамыры – ұлттық кодымызды насихаттау. Ұлт руханиятын жаңғыртар, ұлтты ұйыстырар мәдениеті­міздің дамуына тамшыдай  үлес қосу әр азаматтың ұлт алдындағы парызы. Өнерге құлаш ұрып, қанат қаққан, ұлт өнерін ұлықтар  Ғаламат Бейсеқожаға  ақ жол ті­леп, әлем сахнасында қазақтың күй өнерін  күллі әлемге мәшһүр етіп танытсын деген тілектеміз.

 

Арнагүл  ЖАНАТ,

педагогика ғылымдарының  магистрі.